Алыстағы Америка үндістері туралы не білеміз

Жақында іссапармен Америка Құрама Штаттарына, дәлірек айтқанда Нью-Йорк пен Вашингтон қалаларына барып қайтуға жол түсті. Бұл ғажайып шаһарлар туралы сан айтылып, сан жазылып жүрсе де әркімнің әсері әртүрлі, әрине.

Осы жаққа жүрерде елдің тарихына байланысты бірнеше кітапты парақтаған едік. Сонда соңғы екі жарым ғасырда болмысы мен сипаты күрт өзгерген мемлекеттің ежелгі тұрғындары үндістердің өткенімен танысып-білуге деген аңсарымыз ауған. Мұның да себебі жоқ емес-тін. Басқа-басқа, американистика ғылымының негізін қалаушы, «Америкалық түздіктердің үй-жайы мен үй тұрмысы», «Ирокездер Лигасы», «Туыстық жүйе мен сипаты», «Көне қоғам» атты құнды ғылыми еңбектерімен танымал Льюис Генри Морганның пікірінше, аталған құрлықты алғашқы мекендеушілердің арғы тегі – азиялықтар. Бір жағынан осы болжам қызықтырса, екіншіден, антропологиялық, лингвистикалық, тіпті көне діни ғұрыптық зерттеулерге сүйенетін болжамдар да Алтайдан Аляска асып қоныстанушылардың үндістер болуы ойлантатын.

Н-1-1Бертінгі оқиғаларға орал­сақ, Солтүстік Америкада ша­мамен 1490 жылдар аяғында бірінші рет пайда болған венециандық Себастьян Ка­ботаның басқаруындағы экс­педиция сапарынан соң Англия, Франция, Португалия, Испания саяхатшылары да, тіпті бұлардан қалыспауға тырысқан Голландия мен Швецияның теңіз саяхатшылары да осы елге сапар шегеді. Бірақ Америка олар ойлағандай бос аймақ болмай шығады. Кәрі құрлықтан бірінен соң бірі жарыса аттанушы португалдық Гаспар Кортереал, испандық Понсе де Леон, Франция королі қызметіндегі тағы бір венециандық Джованни Вераззано, ағылшындықтар Фробишер, Гринвилл бас­таған экспедициялар Арк­тика мұздарынан Атлант мұхиты толқындары шайған оңтүстігіне дейін шарлап шығады.

Жаңа әлемдегі тың жер және ұшан-теңіз байлық үшін жылдар бойғы үздік-создық айқас-тартыста Англия­ның жолы оңғарылып, бір­тіндеп ішке дендей енуге мүмкіндігі туады. Бірақ осыған дейін Голландия Еуропаға шығар тұста теңіз жолына ыңғайлы тұстан қоныс жасап, оны Жаңа Амстердам деп атағанымен, азулы бәсекелестеріне төтеп бере алмай орын босатады. Бүгінгі әйгілі Нью-Йоркіңіз міне, отаршылдардың өзара тайталасында осылайша бағы жанған қала.

Бұл төңіректегі үндіс­тердің Манхэттен дейтін аралын голландтардың 200 кронға немесе 24 долларға және жылтырақ заттарға сатып алғанын америкалықтар білмейді дей алмаймыз. Анау бір жылдары әбден назаланған үндістердің бір тобы жанындағы шағын Алькатрас аралын басып алып, кезінде ата-бабаларына сатылған сол бағаға қайтарылып берілуін талап етуі бұл оқиғаның ұмытылмағанын көрсеткен болатын. Тек қаладағы атақ­ты Манхэттен көшесінің атауы бүгінде көзге онша ұшыраса, құлаққа онша ес­тіле қоймайтын жұртты еске салады.

Латын Америкасындағы тағдырластарына қарағанда жоғалуға, жұтылуға ай­налған Солтүстік Амери­кадағы тектестерінің бір­қатар географиялық атау­лары транскрипцияға ұшы­рағанымен, түбірі қай­дан шыққанын бажайлатады. Алконгин тіл тобына жататын үндіс тайпалары тіліндегі Мичиган, Висконсин, Миннесота, Дакота, Небраска, Ореган, Юта, Айдахо, Алабама, Делавэр, Канзас, Оклахома штаттары, Гурон, Эри, Онтарио, Онайда, Сенека, Виннипег, Мичиган көл­дері мен ел астанасы Вашинг­тондағы Ақ Үйдің дәл терезесі алдынан өтетін Пото­мак, әйгілі Миссисипи өзен­дері кезінде жер иесі кімдер болғанын аңғартқандай.

Жалпы алғанда еуропалықтар алғаш рет аяқ басқанша Солтүстік Америкада бөлек-бөлек 400-ге тарта үндіс тайпасы бұғысы, елігі, арқары әсіресе, осылардың ең ірісі бизоны өрген шетсіз-шексіз жазирасы қалың орман-тоғай, ғажайып шатқал, тау-құздармен ұласатын, су көздері асып-тө­гілген жан-жануарға аса жайлы өлкеде қамсыз-мұңсыз тіршілік кешкені белгілі. Олар майя немесе инктер тәрізді шаруашылығы, мәдениеті өркендеген мемлекеттер құрмаса да, тұрмыстарына жарасты өзіндік көркем ортаны қалыптастырған. Танымдық мақалада шолып өтуден басқа лаж жоқтан өзіміз болған жоғарыда аталған қалалар аралығында өмір сүрген үндістер жөнінде әңгімеге ғана тоқталмақпыз. Оқып-білгенімізге қоса, Нью-Йорк пен Вашингтонның екеуіндегі де үндістер мұражайын аралап көрудегі көңілге түйгендер бар, шамалап айтуға болатындай.

Ирокездер және делаварлар аталған тайпа ерекше назар аудартады. Өйткені, сол уақытта сан жағынан да, жерге билік жағынан да осы екі тайпаның мерейі үстем болатын. Мәселен, ақ нәсілділердің тұрғылықты жұрт ішінен алғашқы кездесіп жақындасқандары делаварлар екен. Қазіргі Пенсильвания штатына аты телінген Пен атты ағылшындар өкілінің 1682 жылы тайпа көсемдерімен бір-бірі ісіне, тұрмысына араласпау жайлы келісім жасауы кейін саяси айла-шарғыларға, сауда-саттықтағы алдап-арбауға айналған шара­лардың басы болған.

Н-22Айла-шарғы демекші, ирокез үндістерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, бауырласып кеткен атақты ғалым Льюис Генри Морганның адвокат ретінде заң жолымен құқықтарын да қорғап, резервациядағы сенеке тай­пасы­­ның жерін қайтаруға күш салуы шектен асқан қулықтарға қар­сы алғашқы талпыныстардың бі­рі. Бірақ оларға бұлайша жана­ш­­ыр­­лық жасап, көмек көрсету оншалықты қолдау таба қоймаған.

Делаварлар аң қуып, балық аулап, табиғат ризығын жинап күн көруші ғана қауым болмаған, ертеде өз сурет жазуын – пиктографияны құра біліпті. Белгілі бір мәні бар сурет хаттар арқылы әлдебір оқиға мен құбылысты, нанымдар мен түсініктерді, жөн-жораларды баяндауға ты­рысқан. Көбіне шірімейтін ағаш­­­тар жаңқасына таңбаланып, ма­з­мұны жорамалданған пиктографиялар елдің ескі мұраларының қата­рында. Дүниенің жаратылуы және ақырзаманғы топан су жайлы 184 бел­гімен суреттелген « Валам Олум» деген шығарма соған жатады.

Бұл күндегі Огайо штатының, Нью-Йорк қаласының, Онтарио, Эри көлдерінің, Әулие Лаврентий өзенінің айналасы аумағында дәнді дақылдар өсірумен шұғылданумен бірге балық, аң аулауды кәсіп еткен ирокездер жатжерліктер келгенше ононда, кайюга, могауки, онейда және сенеке тайпалары біріккен конфедерациялық құрылымның тірегі болуымен де мәлім. Егер оның нағыз күшею кезіне отаршылдар кедергі жасамағанда, Солтүстік Американың басым бөлігін қамтушы тайпалар одағы болары хақ екен. Алайда, тағдыр жазуы басқаша төтен мәнге бет бұрдырғанын қайтерсіз.

Осындайда еске түседі. Осы­дан біраз жыл бұрын кешегі ГДР-дің «ДЕФА» киностудиясы солтүстік америкалық үндістердің отаршылдарға қарсы шайқастары туралы шым-шытырман хикаялармен ширықтырылған фильмдерді экранға шығарғаны бар. Киноның аты кино. Тым әсірелеу мен қос­пасы көп болса да зобалаң ке­зең­нің кей шындықтары елестеп еді. Гойко Митич бейнелеген сымбатты денелі, құрыш білекті, от жүректі жігіттің кеуде бастырмау, тізе бүкпеу үшін айқасып баққан кезі көшпенді үндістердің өр рухын көрсеткендей еді.

Көшпенді дейтініміз, шығыс­тағы Миссисипи өзені және батыстағы биік тау-құздар аралы­ғындағы кең жазирада миллиондап еркін жайылған бизондардың соңынан қуалап, аңшылықты күнкөріс етуші тайпалар өмірінің алаңсыз бір дәуренді шағы еді бұл. Атқа мінуді тез үйреніп, тіптен түздегі жабайы тарпаңдарды ба­ғындырып, тыныш­тық­тарын бұзушыларға әлек салған жауынгер жұртты сая­хат­шылар мен зерт­теу­шілердің баяғы скифтерді елестетіп жа­зуы сол уақыттағы шығар­маларда жиі кездесуі жайдан-жай еместігі талассыз.

Апырай, деп қалайша өзек өртенбеске, айналасы 50-60 жылда бас көтерер, қол бастар дарабоздары мен ақылман көсемдерін азайтып, соңынан қынадай қырғынға ұшырату мақсатында алдымен 50 миллион бизонды қырып салушылар аш-жалаңаш қалған сиу мен дакот, модок пен апач тайпаларын бірте-бірте тоздырып, тентіретіп шөлейт жерлерге тықсырылуына күш салулары отаршылдыққа ортақ зымияндық екені күні кешегі өз тарихымыздан да аян емес пе.

Дәуірлер шындығы ешқашан құпия болмақ емес. Жергілікті үндістер тарихына арналған мұражайдың екеуінде де ешнәрсе бұқпантайланбай баяндалған. Біріншісі әйгілі «Азаттық» ескерт­кіші мұхитпен келушілерді қарсы алатын бұғаз жағалауындағы классикалық сәулеттік өнердің үздік үлгісіндей зәулім ғимаратта орналасса, екіншісі ел саяси өмірінің қара шаңырағы Капи­толийден таяқ тастам тұста орын теуіпті. Вашингтондағысын іздеп табуға дүйсенбі күні шыққан едік. Жұмыс күні болса да, төрт қабатты мұражай іші бос болмады. Ақ, қара, сары түсті сан жұрт сапырылысып, жәдігерлер алдында иін тіреседі. Әттең, әр тілде арнайы таныстырушы болмауы жанындағы түсіндірме жазбаларды түсінуге қиындық келтіргенмен, көкірегі қарақтылар іштей біліп, көңілге қағып тұрғандай сыңайлы көрінді.

Н-2Отарлаудың зорлық-зомбы­лығы мен төзуге болмайтын қиянат­тар үндістердің заңды наразылықтарын тудырғаны туралы дерек-мәліметтер аз болмай шықты. Басы бірікпеген тайпалардың бірін үркітіп, бірін қулықпен тұқыртып, бірін ашықтан-ашық қуғын-сүргінге салып, орталарына қарай сұғына түсушілерге ең көп қарсыласқан көсемдер мен батырлардың суреттері анадайдан көзге түсті. Семинолдардың, апачтардың, сиулердің, арапахтардың, на­вах­тардың, чироктердің, дакот­тардың серкелері Оцеоланың, Херониманың, Понтиактың, Кинтпуаштың, Винетудің, Текум­зенің бейнелері бір сәт өткен заман сырына жетелегендей еді. Американ зерттеулерінде испанша Херонима есімімен белгілі апачтар көсемі Гойатлайдың басқыншыларға қарсы айқас­тардағы ерліктері ұрпақтан ұрпаққа жеткізілгенін білеміз. Туған топырақтарынан еріксіз тықсырылған тайпаластарының бастарын бостандыққа тіккен шағын тобын бастаған ол Аризона мен Техас аралығындағы ауқымды жерді жаулап алушылардан тазартады. Көп шайқастардың бірінде генерал Крук басқарған 5 мыңдық әскердің 1 мыңын 100 шақты ғана атты қаруласымен қырғынға ұшыратып, қуып салуы үндістердің соғыс өнерін әлемге әйгілеген оқиға. Бірақ үсті-үстіне қатар толықтырып, мұздай қаруланған тұрақты әскерге қалайша ұзақ төтеп берсін. Қолға түсіп, резервацияға қамалған Гойатлай-Херонимо қайтадан сытылып шығып, бар болғаны 11 серіктесімен Шығыс пен Батыс Америка арасында тағы желдей есіп, жатжерліктердің құтын қашырғанына қайран қалмасқа лажың жоқ. Ал, американ көркем әдебиетінде бейнеленген семинолдар жетекшісі Осеола туралы білмейтіндер сирек. Осындай айқастарда атамекен, ежелгі еркіндік өмірлері үшін қаза тапқандардың есімі мен еркіндік жолындағы ерліктері ұмытылмауы жағымды жай-ақ деуге болады.

Ұзақ жылдар бойы бір толас­тамаған азаттық қозғалыстары бертін келе Текумзе сынды көкірегі ояу, уақыт ағымына орай әрекет етуге талпынған азаматтардың бейбіт күресіне ұласады. Тек біріккенде ғана жеңіске жету мүмкіндігіне жерлестерін үндеген Текумзе Солтүстік америкалық үндістер бірлестігін құруға күш салады. 1807 жылы Шығыстың барлық тайпа өкілдерінің конгресі өткізіліп, АҚШ үкіметіне егер жаңа жерлерді иемдену қажет болса, келісімді жекелеген тайпалармен емес, бүткілімен жүргізуге талап қоюға шақырған да осы кісі. Үндістер федерациясын құруға арналған мақсатына жете алмай, ағылшындар жағында Канада әскерімен шайқаста қаза табуы тілеуқорлардың үмітін үзеді.

Осы тақырыпқа байланысты әңгімені түйіндерде мына бір жайды айтпай кетпеске болмайды. Өз жерлерінде өгей жұрттай тұқыртылып келген үндістерге екі ғасырға жуық бойғы қуғын-сүргіннен соң 1901 жылы ғана американ азаматтығын алуға құқық берілсе, соның өзінде бес тайпамен шектелгені және бар. 1933 жылы Франклин Делано Рузвельттің президент болып сайлануы құқықтарын кеңейтіп, қоғамдағы жағдайлары біршама жақсаруына ақыры жол ашады.

Елдің жаңа тарихы беттерінде үндістер туралы жарқын жолдар да көп. Екінші дүниежүзілік соғыста жерлестерімен бірге қоян-қолтықтаса шайқасқан 25 мың жауынгердің ішінен крик, чирок, пима тайпаларының өкілдері Эрнест Чилдерс, Джек Монтгомери, Айра Хейес АҚШ-тың ұлттық батырлары атануы сенімге лайықтығын айғақтаса, Тынық мұхит майданына жібе­рілген наваха тайпасының 3600 сарбазы байланыс бөлімшелеріне әскери құпия бұйрықтарды, жасырын мәліметтерді ана тілдерінде жеткізіп, соғыс аяқталғанша жапон барлаушылары не тіл екенін білмей, қарсы шара қолдана алмапты.

Президент Джон Ф. Кеннеди билігінің тұсын да үндістер өміріне елеулі өзгерістер әкелген кез деуге болады. Ол АҚШ үкіметтерінің құрлықтың байырғы халқы тарапына жүргізіп келген солақай саясатын бірінші рет айыптап, тым ұзаққа созылған қиянаттарды жоюға қолдау жасайды. Сондай-ақ, оның қол­дауымен ұйымдастырылған Америка үндістері Ұлттық конгресінің Чикаго конференциясында үндістердің қайда тұратынына қарамастан, өзінің мәдени-әлеуметтік мүдделерін қамта­масыз ете алатын қатынастар қалыптастыруға байланыс­ты бағдарлама қабылдауы зәрезаптан көз аспаушыларға қоғамдық оң көзқарас қалып­тасуына үлкен қозғау салған айтулы жай.

Соның ықпалын бүгінде ежелгі тұрғындардың ұрпақ­тарының тыныс-тіршілігі, өмірдегі өзіндік орны айғақ­тайды. Құқықтарын қорғайтын, талап-тілектерін жеткізетін қоғамдық ұйымдардың белсенді ісі назар аударарлық әрі көңіл бұрарлық. Ең үлкен топ қата­рындағы 200 мыңға жуық навахтар қазір жаппай сауатты жұрт саналады. Американдық этнографтар Лафарж бен Хар­рингтонның осы тайпа үшін латын әрпімен арнайы жасап берген алфавит бойынша шығарылатын өз басылымдары баршылық. Жеткіншектерінің білім тереңдетуге, мамандық меңгеруге ұмтылысына кедергі жоқ. Бұл ретте навахтардың әсіресе, металл өңдеу кәсіп­орындарында еңбектенуге бейімділігі жұмыс берушілерді тартады. Бейімділік демекші, айта кету керек, Нью-Йорктің көкке шаншылған 120-130 қабатты үйлерін тұрғызған да, одан асырып салуды жалғастырушылар да негізінен могаук аталатын тайпадан шыққан құрылысшылар еке­нін біле бермеуіміз мүмкін. Не кереметінің барын кім білсін, өзгелердің басы айналар, көзі жұмылар заңғар биіктікте ештеңені елең етпей жеңіл қимылдауға дағдылы могауктықтар әлемнің әр түкпіріндегі осындай ғажайып құрылыстарға қалап әкетіліп жататын да көрінеді. Осыны естігенде Нью-Йоркте салы­нып жатқан тағы бір аса биік ғимаратты көруге бардық. Топырлаған туристер тө­меннен қарағанда көзге әзер ілігер құрылысшыларға таңданып, сүйсініп жатты…

Айқын НЕСІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Астана – НЬЮ-ЙОРК – ВАШИНГТОН – ҚАРАҒАНДЫ.

Суреттерде:

Наваха тайпасынан шыққан суретші Техоменнің бизон аулауды бейнелеген картинасы.

Солтүстік америкалық үндістердің балалары өз “бесігімен” сапарлап жүр.

Үндістердің ортада отырып кезекпе-кезек темекі шегетін әйгілі қорқоры.

2 пікір

  1. Ілесбек Байжанов

    Ия, бұлар фараондар мен олардың одақтастары адам жейтін тайпалардың соңғы әскерлерін жоюға Талас өзені бойынан аттанған Сақ Бабаларымыздың патшасы Күрең Алаш Сақ Аб Қаһанның (шамамен 5,5 мың жыл бұрын болған уақиға. Кейін ғаламдық мұхит сулары көтеріліп кетіп қайта алмай қалған) әскерлерінен тараған ұрпақтары ғой. Күрең Алаш бас киімін қыранның және қарлығаштың қауырсындарымен сәндеуді ұнатқан деп жазады ежелгі “Бес таңба” шежіресі. Әкесі жорыққа аттанғанда бесікте қалған Ысқазы Ертек Сақ Аб Қаһан 14 жасқа келгенде әкесінің тағына отырып, соңына әскерлерін алып, 18 жыл бойы ғаламдағы құрлық бар жерлерді түгел шарлайды. Алайда көрдік – білдік деген жан болмайды. Ол елге оралып, әкесіне деген үрбу сағыныштың құрметіне Талас өзенінің бойынан “Үш Аб” – деген шаһар салдырады. Кейін Ислам діні ғаламға қанат жайғанда, әділетті таразыдай билер көп шыққан деп, бұл шаһар Тараз деп аталып кетеді. Ысқазы Ертек “науша жастан” (53 жас) екі киелі сан артқанда, екі 7 саны, қосқанда 14 жыл, яғни 67 жасқа жеткенде Ұлы Бабалар салтымен өз орнына әділетті патшаны сайлатып, өзі киелі бабалар жүрген жолдармен зиярат жасап, 21 жылдан соң елге оралады. Кейін ұзақ ғұмыр кешкен Ұлы Бабамыз “Әулие Ата” – деп аталып кетеді. Бұл азамат Бес Әулиенің (Әулие Ата, Дулығалы Ата, Ұзын Ата, Жылаған Ата, Қоңыр Ата) бірі. Оны кейінгі заман ғалымдары атақты Тұран патшасы (астанасы Тараз) Ислам дінін: “Біздің Тәңір дініміздің” жеңілдетілген нұсқасы екен!” – деп, тік тұрып қабылдаған Сары Оғлан Қарахан патшамен шатастырып жүр. Халқымыздағы ертек деген сөздің өзі осы ғұмырында небір ғажайып уақиғаларды басынан өткізген Ұлы Баба Ысқазы Ертектің атынан қалған… “Ұлы Бабалар насияты” кітабынан.

  2. Олар қандай нəсілге жатады

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*