Қамшыңның сабы сынғаны, сағыңның сынғаны емес пе?!

камшы-1

Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол!..

Абай.

Қазақтың бір мақалы бар. «Қатын өлді, қамшының сабы сынды», – дейді сол мақал. Осы бір ауыз сөзді біреудің өмірлік серігі әрі жан жары, балаларының ең қымбатты адамы, от анасы, бір шаңырақтың шырағы мен қазан-ошағының құты мен ырысы, бір үйдің әйелі қайтыс болып, қайғыдан қабырғасы қайысып отырған ер-азаматты жұбату үшін әлдебіреудің «Жарайды, қатын өлді, қамшының сабы сынды деген бар», – деп жеңіл-желпі көңіл айтып, соның өзін жай бір әзілге айналдыра салғандығын естіп, өн бойымның мұздап сала бергені де болды.

Содан бері ұзақ ойланумен жүрдім. Апыр-ау, сөз құдіретін таныған және де «алпыс еркек толтыра алмаған бір үйді, бір әйел толтырады» деп бір үйдегі әйелдің қасиеті мен қадірін дөп басып таныған және де даналығы мол, кемеңгерлігі кемел, терең ойлы, «ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле» дейтін, шаршы топтың алдында сөз ұстаған қазақ деген ақылды да парасатты халық әйел өліміне «қатын өлді, қамшының сабы сынды» деп бұлайша жеңіл-желпі қарамауы керек еді ғой! Менің бабаларым оғаш сөйлемеуші еді ғой?! Бұл қалай айтыла салған сөз болды екен?!

Жаныма маза бермей жүрген осы бір ойлармен «қатын өлді, қамшының сабы сынды» деген сол мақалдың түп төркінін танып, білмекке деген құштарлығым оянды және де «бабаларым оғаш сөйлемеуші еді ғой» деген іштегі бір өз пікіріме дәлел де таппақшы болдым.

Жаратылысынан зерек те сезімтал халқымыз өзінің қолына ұстаған және де күнбе-күнгі тұрмысы мен өмірінде қолданып, тұтынған әр затының қасиеті мен киесін де әбден жақсы білген. Олай болса халқымыз өз қолына ұстаған қамшының да бір қасиеті мен бір киесін тануы да керек еді ғой. Және де сол қамшыға қазақ тек қана мал бағатын, ат айдайтын қол құралы деп қарамағаны және де қамшыны «ер қаруы – бес қарудың» бірі деп ұстағаны да белгілі жай. Бұл басы ашық та, анық жай.

Қазақ үшін қамшы қайсарлық пен ерен күштің белгісі, ерлік пен ептіліктің нышаны болып саналғаны да бар. Жаугершілік замандардың талайғы небір жан алыс, жан беріс шайқастары кезінде ат үстіндегі ер жігіттің қолындағы қамшысы оның қорғаны да болған, жауын сескендіріп, құтын қашырып, жер жастандырып отырған қол қаруы да болған. Былайша айтқанда, түзде жүрген дала қазағының сенімді серігі де болған осы қамшы еді ғой!

Міне, осы бір жайларды зерделей отырып, қамшының әлдебір қасиеті мен киесі болмаса қазақ сол қамшыны қолда ұстау мен тіпті іліп қоюдың да сандаған амалдарын өмірлік қағида ретінде қалыптастырғандығын аңдауға болар ма еді. Осы күндері жай бір кәдесыйға ғана жарап қалған қамшының сабын ата-бабаларымыз өз замандарында күмістеп, алтындап, жезден ою-әшекей салып, асыл тастармен көмкеріп, барынша сән-салтанатымен ұстағандығы да белгілі жай. Бұл халқымыздың қамшының иесі мен киесі, бір құдіреті мен қасиеті бар екендігін ұғындыра білген даналығы болса керек-ті.

Ежелден ырымшыл да текті халқымыз қамшыда әлдебір қасиет барын білген болғандықтан да сүндетке отырғызылған балаға төрт тұтам тобылғы сапты «сүндет қамшыны» сыйға тартуды өзінің ата дәстүрі етіп қалыптастырып кетті. Қамшыға серт байлау да сол қамшының киесін танығандық еді. Мысалы, есті шабандоз бәйгеге әуелі «шаба алмасам маған серт, шаба алмаса астымдағы атыма серт, шаптыра алмаса қолымдағы қамшыма серт!» деп «бәйге қамшыға» серт байлап, серттесіп барып қана шабатын болған. Өздері соғып алған даланың көкжал қасқырын көкпар қылып тартқан сол көкжал жігіттердің өздері де «атыма – айбат, тақымыма – қуат, қамшыма – жігер бер» деп «көкпар қамшыға» сыйынған дейді. Ел шетіне тиген жауға қарсы шапқан жаужүрек ер жігіттердің де қолдарындағы ауырлығы қорғасындай, мықтылығы емендей «Дойыр қамшыны» сес көріп, «білек күшіме қуат қос, жауым әрдайым құлап жатсын, халқым жеңіске жете берсін!» деп қолындағы сол қамшысына ел тілек қосатын үрдіс болған екен.

Осы орайда және де бір айтар жай халқымызда қамшыгерлік деген өнер де болғандығын білсек етті. Тұла бойында әлде бір қабілеті мен ептілігі, жігері бар сондай қамшыгерлер қарсы келген жауларын қамшымен-ақ аттан түсіріп кете берген, құтырынған бураны да қамшымен ұрып жыққан деседі. Өріміне қарай қамшының төрт, алты, сегiз, он екi, он алты таспалысы болғандығын да білгеніміз абзал.

Ертедегі әр қазақ ат қамшы, ұзын қамшы, шолақ қамшы, бiлеу қамшы, бала қамшы, шашақты қамшы, дырау қамшы, дойыр қамшы, дүре қамшы, күдерi қамшы, жортуыл қамшы, сарала қамшы, барбас қамшы, орама қамшы, мүйiз сапты қамшы, «сайтан» қамшы, «киелi» қамшы, «қасиеттi» қамшы, жыланбауыр қамшы, өзектi қамшы, тобылғы сапты қамшы, шыбыртқы қамшы сияқты қамшы атауларының көптеген түрлерін де білген және соларды ұстап, пайдаланған да болатын.

Баланы жастайынан қамшыгерлікке баулудың өзі ерлікке баулудың бір амалы болғандығын да айтқан ләзім. Бала демекші, біздің қазақ сол балаға қамшының қадірі мен қасиетін, киесі мен құдіретін жастайынан санасына сіңіре білген-ді. Бесіктегі сәби бала шошымасын деген оймен оның бас жағына немесе жастығының астына қамшы қойып отыру әлі де бар. Бұл орайда бабаларымыз қамшыны баланың жастығының астына бүктеп қоймаған, «балаға қамшы тиеді» деп қамшының өрімін жастықтың астынан жерге салбыратып қояды екен. «Ырымға жаман», – деп аталарымыз қамшыны ешқашан сүйретпеген және де қамшымен жер сабамаған да, сабатпаған да еді. Және де қамшының ұшын жинап ұстаған, қамшыны кестірмегендігін де білгеніміз абзал. Халқымыздан шыққан не бір тәуіптер қамшының емдік қасиетін де тәуір білген және әлі де болса қамшымен емдеп жүрген емшілер ел ішінен жоғалып кете қойған жоқ, бар.

Міне, халқымыз өзінің асыл бұйымы, киелі дүниесі санап, қастерлеп ұстаған қамшының қасиеттерін өз білгенімізше айта отырып, кейде үйдегі бар қамшы атаулыны қолға ұстап ойланған кездерім де аз болмады. Бірде сондай бір сәтте «егер де қолыма ұстап отырған мына қамшының сабы сынып қалса не болар еді?!», – деген бір ойдың келе қалғаны да болды. Ойланып қалдым. Расында да, өз қолыңа қаруың мен қорғаның, сесің мен серігің есебінде ұстап жүрген қамшыңыздың сабы сынып қалса не қылар едіңіз?! Әрине, қамшының сынған сабын айырбастау да керек болар. Алайда, қолыңыздағы енді ғана сабы сынған мына қамшымен сол сәтте не астыңдағы атыңды да айдай алмай, не жауға да, не аңға да сілтей алмай, не оларға сес көрсете алмай жігеріңнің құм болып, қор болғаның емес пе бұл? Қайратыңның қайтқаны да, күшіңнің азайғаны да, шарасыз күйге түскенің де осы ара!

Осы тұрғыдан келгенде «қатын өлді, қамшының сабы сынды» деген қазақ айтқан осы бір ауыз сөз аталы үлкен сөз екен! Мәні мен төркініне тереңдей қарасақ, бұл сөз таныған және де көкейіңді тесіп, айта білген дана қазақтың бір үйдегі бір әйелдің қазасын «ер-азаматтың қатыны өліп, қамшысының сабы сынып» басы қаңғырып отырған шарасыз күйін дөп танып, асқан бір кемеңгерлікпен айтқандығы деп ұғынғанымыз жөн болар. Бір үйдегі бір әйелдің өлімі ауыр қаза, жан күйзелтер қайғы. «Қатыны өліп, қамшысының сабы сынғандық» ер-азаматтың сағының сынғаны, күлкісі мен қызығының азайғаны, дәулетінің шашылып, ырысының ортайғаны, жаны күйзеліп мұқалғаны, жағасы кірлеп, жүдегені, басындағы бағы мен шаңырағының бір қасиетінің қайтқаны мен бір киесінің кемігендігі болса керек. Осы бір жан күйзелтер ауыр қайғы мен қасіретті халқымыз қолындағы қамшысының сабымен ұғындыра білген ғой! Не деген даналық десеңізші?!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенат депутаты.

АСТАНА.

1 пікір жазылған

  1. Керемет мағлұмат

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*