Әлсіздер тұтылып, әлділер құтылды. Неге? | Етжеңді

Әлсіздер тұтылып, әлділер құтылды. Неге?

Untууitled-1 «Заң дегеніміз – өрмекшінің торы: әлсіздер тұтылып, әлділер құты­­лып кете береді». Қоғам қайраткері, халық жазушысы Шер­хан Мұртаза «Бір кем дүние» кітабында осылай деп толғаныпты. Әрине, заңда тұрған не бар? Тәуелсіз еліміздің заңдары тайға таңба басқандай ап-анық, рет-ретімен, бапқа, тармаққа бөлініп жазылған. Тек соны бұзып, бұрмалайтын кімдер? Шер-ағаңның да тұспалдап айтып отырғаны осы ғой. Өмір болған соң түрлі-түрлі жағдайлар кездеседі. Қайбір жылы Жамбылда тауық ұрлаған төрт адамның 3-4 жылдан сотталып кеткенін көргенде, сот тым артық кеткен жоқ па деп ойланғанымыз да рас. Бірақ, қайтесіз, қолмен істегенді мойынмен көтеру керек. Заң кімге қатал, бірақ әділетті. Қаратау қаласында 40 мың теңге пара алған қарттар үйінің басшысы да бірнеше жылға темір тордың ар жағына кеткенде кінәлі адамның жазасыз қалмайтынына, бұл жәйт басқаларға сабақ болатынын іштей пайымдағанбыз. Иә, заңның аты – заң. Заң осынысымен құдіретті. Әйтсе де заң бәріне бірдей жүре ме?

Жақында «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы тілшілер қосынына Ғани Рысқұлбек деген азамат бас сұқты. Әділдік таппай, құзырлы мекемелердің есігін тоздырып, тауы шағылып, ақырында тілші ағайындардан араша сұрап келген бұл азаматтың соттасып жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болыпты. Қолында соттың барлық құжаттары бар. Тараз қаласында орналасқан «Жамбыл Құнарлылық» ААҚ өсімдіктерді химиялық баптаумен айналысып, әп-әжептәуір жұмыс істеп жатқан мекеме екен. Алайда, Сағынбай Жұманов деген басшылыққа келгелі бері акционерлік қоғамның мүлкі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, әбден тоналып бітіпті. Содан мекеменің жұмысынан береке кетіп, жұмыс жайына қалған. Соттасудан соттасу. Соттың қағаз­дарына қарап отырсаңыз, Жұманов бұл мекемеге жұмыс істеу үшін емес, тек мекемеге тиесілі дүние-мүлікті оңды-солды шашып, «қолында барда қонышынан басуға» ғана келген сияқты көрінеді.

Сіз мынандай сұмдықты есті­генсіз бе? Біз тек сот анықтаған, солардың қағазына түскен фактілер­мен ғана сөйлеп көрейікші:

Тараз қаласында орналасқан «Жамбыл Құнарлылық» ААҚ-тың президенті Сағынбай Жұманов ешқандай акционерлерге айтпас­тан фирмаға тиесілі «КамАЗ» көлігін өзінің әйелінің атына же­ке­шелендіріп алған. Тағы екі «КамАЗ»-ды өзінің атына аударып алып, біреуін 8 мың АҚШ долларына, екіншісін 80 мың теңгеге сатып жіберген. Акционерлерді шақырып, ақшаны бөліске салса да мейлі-ау, жоқ, өз қалтасына басады. Бастық екенін пайдаланып, тағы бір көлікті баласының досының атына рәсімдеп, оны да 5200 АҚШ долларына сатады. Тағы бір көліктерді бас бухгалтеріне жекешелендіріп берген.

«Ашыққаннан құныққан жаман» деген, рас екен. Аумағы 1, 645 гектарды  құрайтын, сол кездегі бағамен құны 30 млн. теңгеге жуықтайтын Байзақ ауданында орналасқан химия базасын өзінің жүргізушісіне, тағы екі танысына небәрі 300 мың теңгеге сатып, жекешелендіріп жіберген. Бір жыл өтпей жатып бұл базаны үшеуі Тараз қаласындағы «БТА» банкке кепілдікке қойып, 21 млн. теңге алып, несиені қайтармастан, зым-зия жоқ болады. Енді өзіңіз ойлаңызшы, небәрі 300 мың теңгеге сатылған базаны кепілдікке алып, миллиондап ақша беретін банк ақымақ деп отырсыз ба? Осыдан-ақ, о баста базаның бағасы тым-тым төмендетіліп, жекешелендіру пиғылымен сатылғаны анық бай­қалып тұр. Кейін қылмыс­тық іс қозғалып, іздеу салынғанда сыбайластардың бірі З. Шатаева С. Жұмановтан химия базасының жартысын 800 мың теңгеге қолма-қол сатып алғанын мойындапты. Бұл ақшалардың бірде-бір тиыны есеп-шотқа түспеген, акционерлер мүлдем білмейді.

Дәл осындай жасырын жолмен тағы да біраз сау­далар жасалған. Байзақ ауданында орналасқан жер телімі 10,6 гектарды құрайтын, құны 22 994 462 теңгеге бағаланған «Ақ шолақ» химия базасын С. Жұманов ешқандай акционерлермен ақылдаспай, «ML-Коммерц» ЖШС-не 500 мың теңгеге сатып жібереді. Арада 9 ай өткенде бұл ЖШС химия базасын «ВТ-ГАЗ» ЖШС-не 11 млн. теңгеге, ол артынша «ГАЗ ТРЕЙД-Е» ЖШС-не 17 млн. теңгеге сатады. Сөйтіп, бұл базаның жұмысы тоқтайды.

2002 жылы Байзақ ауданы Диқан ауылындағы шошқа асырайтын базаны да ешкімге айтпастан сол жылдары лауазымды қызмет істейтін бір шенеунікке 2 млн. теңгеге сатып, қаржыны жеке басына жаратып жіберген. Ал, Меркі ауданындағы ғимаратты өзінің танысына болмайтын қаржыға сатып, бүгінде ол танысы ғимаратты Меркі аудандық ішкі істер бөліміне жалға беріп отыр екен.

Енді не істеп жатқанын ешкімге айтпай, өте құпия жұмыс істеудің нағыз шебері Жұманов қандай жазаға тартылды деп ойлайсыздар, құрметті оқырман? Рас, С. Жұмановтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, 2013 жылғы 8 сәуірде Тараз қаласының №2 сотының судьясы Н. Ариповтың үкімімен  жеті жылға  сотталып, жеке мүлкі тәркіленіп, екі жылға дейін коммерциялық ұйымдарда басшылық қызметкер болу құқығынан айырылған болатын. Алайда, 2013 жылғы 10 маусымда Жамбыл облыстық  қылмыстық істерді қарау апелляциялық сотының судьясы А. Тлепов С. Жұмановқа қатысты ауыр дәрежедегі   ҚК-нің 176-бабының 3-бөлігін  жеңіл дәрежедегі  ҚК-нің  228-бабына ауыстырып, қарау мерзімі өтіп кеткен деген сылтаумен,  қылмыстық істі қысқартып, бостандыққа шығарып жібереді.

Яғни, Шер-ағаң айтпақшы, Жұманов мықты боп шығып, заң деген өрмекшінің торын бұзып, құтылып кетті. Мықтыны қашанда мойындау керек. Дәл осы іс бойынша Жамбыл облысының прокуроры Е. Сыбанқұловтың өзі «Айыпкер С. Жұмановтың қылмыс жасағаны 100 пайыз дәлелін тауып тұр» деп, судья А. Тлеповтың шығарған қаулысына наразылық білдірген-ді. Бірақ кассациялық сот алқасының судьясы У. Жаржанова облыс прокурорының жазған наразылығын елеместен сот алқасының шығарған қаулысын өзгеріссіз қалдырды. Шынында да мықтының аты мықты екен ғой, шіркін. Дәл осы іс бойынша еліміздің Бас прокуроры А. Дауылбаев та наразылық білдіріп, осы іске алаңдаған Жамбыл облыстық мәслихатының бірқатар депутаттары да құзырлы органдарға хат жолдаған. Бірақ, соттың аты  сот дегендей, біздің сотқа шыбын шаққан құрлы әсері болмапты.

– ҚР Жоғары соты С. Жұманов­қа істеген қыл­мыстарының дә­лел­денгенін айтып, «Жамбыл-Құнарлылық» ААҚ-тың акцио­нерлерінен кешірім сұрап, қоғамға келтірілген қаражатты қайтаруын, орындамаған жағдайда, іс қайта Жоғары сотқа келсе оның қатаң түрде қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескерткен болатын. Алайда С. Жұманов болса кешірім сұраудың орнына Жамбыл облысында болған сот отырысынан шыға сала, сыртта жиналып тұрған акционерлерге қарап: «Көздерің жетті ме, бәрібір маған ештеңе істей алмайсыңдар», деп мұқатып кетті. Ал соңғы сот отырысы бас­талар алдында С. Жұмановтың балалары акционерлердің заңды өкілі болып жүрген маған артық ауыз ешнәрсе сөйлемеуді ескертіп, қоқан-лоқы көрсетті. Олардың талабына көнбеген едім, соттан шыққан соң сот ғимаратының алдында жағамнан алып, әбден балағаттады. С. Жұмановтың қорғаушысы Ғ. Пірмағанбетов пен сол жерде тұрған басқа жандар араша түсіп, бұзақыны сабасына түсірді, – дейді бұл жөнінде «Жамбыл Құнарлылық» ААҚ акционерлерінің заңды өкілі Ғани Рысқұлбек.

Ал, содан соттасудан соттасу… Бұлар сотқа болса беруден, соттар істі қысқартудан жалықпайды. Жалпы алғанда бұл қылмыстық істі қараған барлық деңгейдегі судья­лар Жұмановтың  көптеген ауыр дәрежедегі қылмыстар жасағанын байқап, қылмыстық істегі жиналған дәлел құжаттармен толық танысса да, неге екенін қайдам, оған жанашырлық танытып, кассациялық сотта шартты түрде босатып жібере жаздап барып, әйтеуір әрең дегенде орта дәрежелі қылмыстық бапқа түсіріп, бес жылға бас бостандығынан айыру жөнінде үкім шығарыпты.

Енді бұл шешімге келіспей С. Жұманов наразылық арызын жазады. Алайда, Жамбыл облыстық сотының кассациялық сот алқасы қаулыны  өзгеріссіз қалдырады. Бірақ, қолдан-қолға өткен бұл істің ақырында Жамбыл облыстық сотының бұрынғы төрағасы Бектұрғанов С. Жұмановтың қоғамға келтірілген материалдық шығынды қайтармағанына, заңсыз қаржы операциялар жасап, бухгалтерлік құжаттарды кіріске алмай, мемлекетке төленетін салықты төлемегеніне көз жұма қарап, оны 2 жыл мерзімге шартты түрде соттап, бостандыққа  шығарады.

– Бостандыққа шыға салып С. Жұманов құпия тірліктерін қайта жалғастырды. «Жамбыл-Құнарлылық» ААҚ-тың иелігіндегі 6 500 000 теңгеге сатып алынған су жаңа «TOYОTA CAMRY-50» және  4 жүк көлігін құжаттарымен қоса жасырып тығып тастап, «сатып жібердім» деп отыр. Автокөліктерге Жамбыл облыстық ІІД-мен  іздеу салынған. Бірақ ешқандай қылмыстық іс қозғалған жоқ.  Бұған дейін «Жамбыл-Құнарлылық» ААҚ-тың жарғысын, мөрін және бухгалтерлік құжаттарын тығып тас­тап, бермегені бойынша қылмыстық іс қозғалып, аталған мөрдің күші жойылып, іздеу салынған-ды. Бұл бойынша да Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті ешқандай шара қолданбауда. Енді осы іс бойынша жоғарыдан арнайы комиссия құрылып, қайтадан тексеріп, сараптаса деген үмітіміз бар, – дейді Ғани Рысқұлбек.

Жалпы алғанда С. Жұмановтың үстінен 5 эпизодты қылмыстық әрекеттері үшін қылмыстық іс қозғалып, айып тағылып, жәбір­ленушілер сотқа жолдануға дайын тұрған іспен танысып, соңғы нүктесін қойған болатын. Алайда, С. Жұманов шартты түрде жазаға тартылған соң, іс өзгеріп шыға келіпті. Сотқа жолдануға дайын тұрған қылмыстық істі Жамбыл облыстық ІІД ТБ-ның тергеушісі Б. Бейісбаев қысқартып тастайды. Бас прокуратураның араласуымен қылмыстық іс қайтадан Жамбыл облыстық ІІД-не жолданып, облыстық прокуратураның бақылауына берілген. Тіпті, заңсыз шешім қабылдап келген тергеуші Б. Бейісбаев және бірқатар басшылар қадағалауды әлсіреткені үшін тәртіптік  жауапкершілікке  тартылады. Бірақ, бәрібір тергеуші Б. Бейісбаев алған бетінен қайтпай, қылмыстық істі бас-аяғы 4 мәрте қысқартыпты. Төртеуінде де прокуратурамен бұзылып, тергеушінің заңсыз әрекеттері үшін шара қолданған. Бірақ бәрібір ешқандай нәтиже жоқ.

Осыдан кейін заң дегенді өрмек­шінің торына айналдырып, әлсіздер тұтылып, әлділер құтылып кете береді деуге осындай жағдайлар себеп болады екен-ау деген ой келеді. «Мықтының арты диірмен тартады» дегенді де дана халқымыз тегін айтпаған ғой. Бұдан кейін сотқа қалай сенеміз енді?

Оралхан ДӘУІТ,

«Егемен Қазақстан».

Жамбыл облысы.

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*