Ән тағдыры

С.ОспанулыКірпішті дұрыс қалай білмесе,үй құлайды.

Өлең де сол сияқты…

«Дыбыс герцпен өлшенеді. Пәленбай герцке дейін адам ағзасына жағымды, одан асып кетсе, кері әсер етеді. Соны білген қазақтар қоңыр дауысты қалап, өңеш жыртуға бара бермеген. Эстраданың әулекі әуені қазіргі сахналарды, той-томалақтарды жаулап алды. Айқай-шу, даңғыр-дүңгір, бір-бірімізбен сөйлесіп, сырласуға мұрша бермей, ойын-тойларда бойға рухани азық жинап, дем алудың орнына дел-сал күйге түсіп, шаршап қайтатынымыз сондықтан. Қазіргі тойлардың көбісі құс базарына ұқсап, даңғаза-дарақылыққа айналып бара жатқанын айтып та жүрміз», дейді табиғатты қолына қалам ұстағаннан бері жырлап келе жатқан талантты ақындарымыздың бірі Серікбай ОСПАНҰЛЫ.

Айтқандай, қостанайлық ақын мәтінін жазған «Сағындым Алматымды» әнін білмейтін қазақ некен-саяқ болар. Оның сөзіне жазылған талай ән танымал болды. Бірқатарын белгілі әншілеріміз орындап та жүр. Бұл кісі Қостанай мемлекеттік педагогикалық инсти­туттың профессоры. Сонымен солтүс­тіктен сағындырған Алматысына жолы түскен ақынмен ән жа­йын­да әдемі әңгіме құрудың сәті туған еді.

– Серікбай аға, сіздің тәжіри­беңізде негізі мәтін бірінші туа ма, әлде ән алдымен қанат қаға ма?

– Әлем дыбысқа толы, айналайын. Адам ғана емес, жан-жануарлардың да өз үні бар. Оған миллиардтаған әртүрлі машиналардың гүрілі мен ысқырығын, күннің күркірін, судың сылдыры мен қамыс сыбдырын, дауылды күндердегі ағаштардың шуылын қосыңызшы. Әнші құстар үні жаныңды жадыратып, алпыс екі тамырыңды идірсе, қыранның саңқылы адам рухын көтереді, күннің күркірі, қасқырдың ұлығаны үрей тудырады. Қарғаның қарқылы мен қараторғай үнін салыстыруға келе ме? Сол сияқты диапазоны кең, «биік» әндердің де жүрек түпкіріне жетіп, тұла бойыңды шымырлатып баурап алатын жанға жағымды, әсерлі, әсемі болады.

Ал ән әртүрлі жағдайда туады. Кө­бінесе композиторлар ән шығарады да ақындар сол әуенге лайықтап өлең жазады. Жалпы, әнді дайын мәтінге шығарған дұрыс. Өйткені ән бірінші дайы­н болса, оған шақтап өлең шығару қиын. Тұсалған аттай, немесе тордағы құстай күй кешіп, еркін көсіліп айтар ойыңды айта алмайсың. Кейбір ән мәтіндерінің көркемдігі кемшін соғып жататыны да сондықтан. Ән де, ән мәтіні де еленіп, екшеленіп, сан мәрте сұрыптаулардан өтуі тиіс. Ол – ұрпақтан-ұрпаққа берілетін халық қазынасы.

Әнге де, ән мәтініне де редактор ке­рек. Бір әдемі ән мәтінінде:  «Жан шуағым, мерекем, Іздегенім сен екен», – деген жолдар бар. Дұрысы іздегенім сен екен емес, сен екенсің ғой. Бұған редактор, не автордың өзі сын көзбен қайта бір қараса, «Іздегенім сен, еркем» деп жөндеп жіберуге болар еді? Қағыс естуден мағынасы мүлде өзгеріп қазір де дұрыс айтылмай, жазылмай жүрген сөздеріміз жетерлік. Бұл қателік ән мәтіндерінде де жиі ұшырасады.

Реті келіп тұрғанда айтайын, «Қа­зақ әндері» мәтіндері жинақ­тарындағы жазылып, өзіміз тыңдап, айтып та жүрген «Илигай» әнінің аты мағынасыз. Дұрысына келсек, «Еңлік-ай» – Сегіз Сері Бахрамұлының әні:

Шақырған соң жаныңа келіп тұрмын,

Екі етпейін сөзіңді дедім, құрбым.

Достық жайда сен тұрсаң

Еңлік жан,

Ұмытпасқа уағда беріп тұрмын…

 

Таудағы ерке бөкенсің, бейне елік,

Қарындас деп жүрейін сені Еңлік.

Біз сияқты қорғайтын ағаң барда,

Жылап жүрме, жан қалқа, босқа егіліп…

Бас-аяғы алты шумақ бұл өлең 1985 жылы жарық көрген «ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясы» жинағындағы Сегіз серінің «Еңлік-ай» деген әнінің мәтіні. Ал «Қайнар» баспасынан 1988 жылы жарық көрген «Ауыл кеші көңілді» деп аталатын ән жинағында «Еңлік-ай» – «Илигай» болып халық әндері қатарында жүр:

Кел деп едің Илигай, келіп тұрмын,

Отқа түспей өртеніп еріп тұрмын.

Сертке тұрсаң, мен сендік, жаным құрбан,

Сырым осы, сертімді беріп тұрмын.

 

Илигай деп атыңды қойдым таңдап,

Әнге қостым атыңды әдейі арнап.

Еркін таудың еркесі елік болсаң,

Мен де өзіңдей жалғызбын ерке саңылақ.

Міне, бас-аяғы осы екі шумақ, сөздері біраз өзгерген, қысқарған. Бірақ Сегіз серінің шығарған нұс­қасынан әлдеқайда төмен.

Осы секілді халық әні «Дайдидау»  да аты түсініксіз, мағынасыз. Дұрысы «Ай дейді-ау», Ақ жүзіңді ай дейді-ау. Мәтіннің ішінде де «Жүзің бар он төртінші айдай көркем» деп тұр.

– Халық әні «Бір баланы»  «Бір бала» емес, «Бір ғана» деп жүр ғой. Оны кезінде  қазақ әндерінің білгірі Күләнда Бөкешова да газет бетінде жазыпты. Шындығында да «Ән салшы бір бала» дегеннен гөрі, «Ән салшы бір ғана» деген түсінікті де мағыналы емес пе?!

– Сол сияқты халық әні «Ідігайдың» да тақырыбы мағынасыз. Бұл да қағыс естуден кеткен қателік болуы мүмкін. Ән өлеңіндегі «Жүруші ем жас күнімде асу тайдай, Қартайып енді менің сағым сынды» деген тармақтарына қарағанда, дұрысы «Едік-ай» сияқты. Себебі, «Жү­руші ем жас күнімде асау тайдай» деуінің өзі «Кезінде керемет едік» дегені емес пе? Сондықтан да дұрысы: Ой, едік-ай, Әттең, қалқа, қайтейін, күнім-ай-ау, – деген болар деп ойлаймын.

Қазір ән мәтіндерінің біраз жинағы баршылық, жыл сайын шығып жатыр. Алайда кейбір әншілеріміз сол шыққан жинақтардағы ән мәтіндерін алып жаттамай, басқа біреулердің айтып жүрген нұсқасын пайдаланады. Қағыс естуден кеткен қателердің әлі де жалғасып келе жатқанының себебі сол. Мәселен, Шәмші Қалдаяқов пен Ғафу Қайырбековтің бүкіл қазаққа танымал «Ана туралы жырындағы»: Көңіліңді көктемдей, Көзіңнен танимын, деген жолдарды кейбір орындаушылар «Көгілдір көктемдей көзіңнен танимын» деп айтып жүр. Сол сияқты Алтынбек Қоразбаевтың: «Сағындым Алматымды» әнінің: «Еске алу Көктөбені, Жаныма от береді, деген тармақтарын «Еске алсам Көктөбені» деп бұрып алған. Жалпы  мұндай етістікке жалғанған тәуелдік жалғауын өлеңде қолданбаған абзал.

– Ән мәтіндерінің өзіндік ерек­шеліктері, оған қойылатын талаптар бар ғой…

– Әрине! Ән өлеңі тармақтарының буын, бунақ сандары біркелкі болуы керек. Мәтін сөздері негізінен дауысты дыбыстарға құрылып, соңы да дауыс­ты дыбыстармен аяқталса, тіпті жақсы. Ән мәтінінің сөздері «ң», «м», «қ», «т» сияқты құмығып естілетін дыбыстармен аяқталмағаны дұрыс. Абзалы, ән мәтінін іштей әндетіп отырып жазғанға ештеңе жетпейді!

Әсіресе, композиторлар өлеңге тал­ғаммен  қарауы керек. Бұл ән мә­тін­­деріне ғана емес, жалпы өлеңге қой­ылатын талаптар. Кейбір әншілер ән мәтініне онша көңіл бөлмейтін сияқты. Әнші ән мен әннің өлеңі қа­бысып тұр ма, соны жақсы білуі тиіс. Әйтпесе:

Жанарыңа жас толып,

Мені ойладың сүйіктім.

Ақша жүзің албыртып,

От-жалын боп күйіп тұр, – деген сияқты ұйқассыз, сылдыр сөздер әнге айналмас еді. Сын көтермейтін әлжуаз дүниелер иесі көбіне-көп «Әні мен сөзін жазғандар»

Басты қосты достар бүгін,

Гүлдердің жапырағындай.

Жайнап тұр ақ дастархан,

Алып-ұшып көңіл шіркін жанғандай.

(авт. «Достар үшін». Әні мен сөзі Е.Серікбаевтікі. «Қостанайым» Әндер жинағы. Қостанай ЖШС «Шапақ», 2009 жыл, 21 б.)

Жылдарды салып араға,

Кездеспей кеттік досым-ау,

Олармен өзің қасыңда

Оңаша шақта осынау(?)

(«Досыма» Әні мен сөзі А.Алма­ғанбетовтікі.) Сонда 23 б.

Жүзімнен ұшып кетсең де,

Көңіліңе маза бермедің,

Айқаспай кірпік таң атты,

Аңсаумен сені батты күн.

(«Ләйләға» Сөзі мен әнін жазған Қ. Шағалбаев. Сонда 40 б.)

Жинақта, осылардың тыныс белгілері де дұрыс қойылмаған. «Сөзі мен әнін жазған» дейді, дұрысы өлеңін шығарған.)

– Кейде төгіліп тұрған жырларды оқығанда «Мынау өлең әнге сұранып тұр екен» деп жатамыз…

– «Мынау өлең әнге сұранып тұр екен» дейтініміз автордың сол талаптарды, заңдылықтарды сақтап жазуында! Оны Ахмет Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» еңбегінде соқырға таяқ ұстатқандай етіп егжей- тегжейлі көрсетіп жазған. Соны кейбір ақындарымыз ескере бермейтіні өкінішті. Өлеңнің әуезділігі – ырғағын сақтап жазуда! Мәселен «Елім-ай» өлеңінің екі тармағын алайықшы:

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Үш бунақты, төрт буынды, әніне сай. Енді осы өлеңнің екінші тармағының «бір тайлақ» деген екінші бунағын «Көшкен сайын» тармағының алдына қойып әнге салып айтып көріңізші, айта алмайсыз. Өйткені, өлең жорғағы бұзылды. Кірпішті дұрыс қалай білмесе, үй құлайды. Өлең де сол сияқты.

– Аға, сіз де екі жүзден астам ән мә­тіндерін жазыпсыз. Бүгінде солардың қайсысы айтылып жүр? Буын алмас­ты, тыңдарман да, талғам да өзгеріп жатыр дегендей…

– Бүгінге дейін екi жүзден аса ән мәтiндерiнiң, отыздан астам әндердің авторы болыппын. Мәтінін жазған «Са­ғындым Алматымды» (композиторы – А.Қоразбаев) әнiн Ресей жезтаңдай әншiлерiнiң бiрi Валентина Толкунова орындаса, «Шилi өзенді» (композиторы – М.Сәдiбеков) әншi Айжан Нұрмағамбетова, «Бақытты болыңдар, жұбайлар» (композиторы – М.Сәдiбеков) әнiн ерлі-зайыпты Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер, «Ауылды аңсау» (ком­позиторы – Е.Хасанғалиев) әнiн Қа­зақстанның еңбек сіңірген әншiсі Сұлушаш Нұрмағамбетова, «Аққу ұшып барады», «Айлы түнде» (компо­зиторы – Қ.Дерiпсалдин) әндерiн Қазақстанның еңбек сіңірген әншiсі Ғазиза Жұмекенова, «Көзiңнен айналайын» (композиторы – Б.Жұмалин) әнiн Бақыт Шадаева, «Ойлап сенi таптым мен» (композиторы – Ж.Сейдолла) әнiн Жеңiс Сейдолла, «Асыл жазым-ай» (композиторы – Ж.Сейдолла) әнiн «МузАРТ» тобы, «Қос­танай жыры» (композиторы – Е.Үсе­нов) әнiн қостанайлық жезтаңдай ән­шiлер Серiк Әбiлев пен Гүлбану Аб­дуллина, «Сарыарқаны» (композиторы – Қ.Жүнiсбеков)  Рамазан Стамғазиев орындап жүр.

Туындыларым халық қазынасына айналып, жұрт сүйiп тыңдайтын әндердің қатарына қосылғанына қуанамын. Өзім әнін шығарған «Ойлап сені таптым менді» енді Қазақстанның еңбек сіңірген әншісі Майра Ілиясова, «Тобыл ағадыны» Елубай Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының әншісі Манапбек Қадыров, «Кездесем ертеңді» Азамат Мұқатов орындап жүр.

– Сізге де шабыт тілейміз. Әң­гіме­ңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

 

АЛМАТЫ.

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*