Қарыз

қарызСауал мен зауал

Расында, қарыздың қай түрі де оңай емес. Оның ішінде, фәниден бақиға аттанғанда қарыз жүгін арқалап кетуден Алла сақтасын дейсің, әрине. Осыдан біршама жыл бұрын болған оқиғаны ортаға сала кетейік.

Ел ішінде ауыл үйі қатар қонған қоңсы жұрт бір-бірінен қарызды ақшамен де, малмен де алып жатады. Сондай бір көрші қарызға тұтына тұруға жылқы сұрап пайдаланып, оны уақыты келгенде қайтармай, сіңіріп кетеді. Кейін қарыз алушының баласы жоғары қызмет атқарып, жағдайлары жақсарған тұста жылқы иесі баяғы қарызын қайтаруды өтінеді. Бірақ не керек, қарыз орнына келмей, сол бойында кете барады. Күндердің бір күнінде қарыз алушының демі таусылып, Аллаға жанын тапсырады. Ел-жұрт жиналып, ағайын-туғаны, жоғарыда айтылған лауазым иесінің сыйластары, әріптестері, не керек қарақұрым, жер қайысқан халық жиылады. Жаназасын шығарушы имам, халыққа: «Мына кісі жақсы адам ба еді?» деп үш рет сұрап, егер сіздердің бұл кісіде қарыздарыңыз болса, артында қалған ұрпағы өтеуге әзір, ондайлар бар ма дейді. Сонда: «Жоқ, жоқ», деген көптің дауысын жалғыз үн бұзған.

– Маған қарызы бар, – дегенде жұрт жапа-тармағай әлгі жалқы дауысқа бұрылып, үрейлене көз тікті. Апыр-ай, соңғы сапарға аттанып бара жатқанда бұл сорлының атын соншама қорлайтындай не жазығы бар еді? Өмір бойы жүз шайыспай келгенде мынадай қаралы сәттің үстінде ашуын жимай, өкпе-назын жайып салған неткен қаныпезер, тасжүрек жан еді деп кейіген кейіптегі көпшілікті түсінуге де болар. «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» демекші, о, несі екен-ай, ел ішін іркіттей ірітер мынадай бүлікшіл неменің бақилыққа аттанған бейбаққа соншама несі өтіп кетіп еді? Жоқ-жітік, ештеңеге жарымаған бір кембағал жан жылап сұраса бір сәрі? Мынаған не қат, дерсің? Жоғалтқанын, өзгеге өтіп кеткен дүниесін, қарызын, жылқысын» дауласып, әділдікке жүгінетін тұсы нақ осы қазаның үсті ме еді?» деген сұрақ көмекейге кептеліп тұрып қалды.

– Бірақ маған ол жылқыны қайтарып бер демеймін. Тек осы жаназаға сойылған жылқылар менің малым деп айтылсын,–деді әлгі мығым дауыс үнін одан сайын зорайтып. Жиналған жұрт есеңгіреп қалды. Адамдардағы мейірім, шапағат неге мұншалық азып-тозып, пенде біткен тек қарақан басының қамын күйттеп кеткен? Қазақ қаза шыққан жерге қарайласып, қабырғасы сөгіле қаймықпаушы ма еді? Қазанын қалмай көтерісіп, қайғының шайын халық болып атқарысатын тату-тәтті тіршіліктің, ауызбірліктің арнасы неге мұншалық тарылып кеткен? Сойылдай сөз өлім құшқан тағдырды таспен ұрғандай селт еткізді. Еріндер күбірледі. Сыбыр-сыпсың сөз гулей жөнелді. Әркім ертеңгі сұм ажалдың сұрамай келетін сұғынан тіксінді. «Кімге қарызбын, болмаса кімнің менде қарызы бар?» деп адам өз-өзінен арагідік сұрамаса, мұндай пәлекеттің кісіні халықтың алдында қадірсіз ете салуы түк емес екен-ау дес-ті. Біреуде қарызы барлар мына жағдайдан кейін қатты ойланып қалды… Бәрінен бұрын қарызы жоқ адамдарға қызығасың, олар не туралы ойлайды екен, деп.

…Тағы бір мысал. Тірлікте тек баюды көздеп, оның арамнан иә болмаса адалдан жиылғанына мән бермейтіндердің барлығы өкінішті-ақ. Жалғаннан әжептәуір дәулеті бар адам озады. Бірақ ол жиған дүние жылқы ұрлаудан құралған болатын. Шекаралас жатқан облыстармен жең ұшынан жалғасып, ұрлаған малын алысқа жытырып, олардың да ұрлығының бетін жасырып, елді қан қақсатқан баукеспенің жаназасын шығарарда жоғарыдағыдай бір адам орнынан тұрып: «Марқұмның күнәсін Алла кешірсін дейміз, бірақ ол ұрлық жасағанда жетім мен жесірді де, кәрі-құртаң қарияны да аямап еді. Осы отырған жұртшылықтың біразының обалына қалып, ақысын жеп, көз жұмды. Сол жиған дүниесінен өзімен бірге не алып барады? Кебіннен басқа түгі жоқ. Сондықтан, мұндай адамның жаназасында қол жайып, о дүниесін сұрамаймыз», деп орнынан сілкініп тұрғанда, жиналған жұрт әжептәуір қаймығып қалды. Ауыр сөз ауыл-аймақтың құлағына түгел жеткенде, әлгі жаназа өтетін жерде тек молда ғана қалды қалбиып. Әрине, күнә жасаушы адамның күнәсін кешу, кешпеу пенделердің өз құқы, ал бірақ оған төрелік етуге келгенде, кімнің ісі дұрыс, кімнің іс-әрекеті теріс екенін ажыратушы тек жалғыз Жаратушы иеміз екенін бәріміз мойындаймыз. Сонда әлгі қалың топтың ішінен имамға: «Көпшіліктен үлкен емессіз ғой, сіз неге сонда жалғыз қалып қойдыңыз? – деп өкпе айтушылар да болыпты. Бірақ, көкірекке өмірден көрген-түйгені мол жан әлі де бойын ашу қысып тұрған әлгі кісіні сабырға шақыра отырып: «Алла тағала жаратқан құлдың жаназасын шығаруды бізге міндет етті. Мұның жауабын сен де, мен де бере алмаймыз, ол тек Жаратушы иеме ғана аян» деп қысқа ғана жауап қайырыпты. Ал пенденің о дүниеге қарызын арқалап баруы жайында шариғат не дейді. Бұл ретте теолог-ғалымдардың пікірлеріне жүгінуді абзал көрдік.

 Ғалымдар не дейді?

Ризабек Батталұлы: «Адам баласы қарыздар, жұмыр басты пенде осы қарыздарды өтеуге міндетті. Олай болмаған жағдайда Хақ тағаланың алдында жауапқа тартылары сөзсіз. Ең бірінші, пенденің Алла тағала алдындағы қарыздары: пенденің мойнындағы үлкен қарыздарының, міндеттердің бірі– Раббысының алдындағы қарыздар мен міндеттер. Пенде өзін жаратқан әрі өзіне әлемді бағындырып берген Құдай тағаланы тануға міндетті. Сондықтан, адам баласы Раббысын тануы керек. Ал енді Раббысын танымаған әрі оның бұйырған міндеттерін орындамаған адам екі дүниеде қасірет шегеді.

Ақырет күніне иман келтіру де ақида негіздерінің бірін құрайды. Ақырет күні деп адам баласы бұл дүниеде жасаған амалдарының қарымтасы қайтатын күнді айтамыз. Бұл хақында Ұлы Жаратушы Құран Кәрімде: «Адамзат еңбегіне қарай ғана табысқа ие болады. Сөз жоқ, енбегінің нәтижесін жедел көреді. Сосын оған еңбегінің бодауы толық беріледі. Күдіксіз Раббыңа тиянақтайды», деп бұйырады.

Адам қарызының мынадай түрлері бар. Отан алдындағы қарыздары, елді қорғау, Отанды сатпау болса, ата-ананың балаларының алдында қарызы бар. Ол – баласына жақсы ат қою, оқытып, сауаттандыру, үйлендіріп, жеке отбасын қалыптастыруға көмектесу. Баланың да ата-ана алдындағы қарыздарын айтсақ, оған онда екеуіне қамқорлық жасап, асырап-қағу, беттерінен алмау, тыңдай білу жатады. Ер адамның әйелі алдындағы қарыздарына тоқталсақ, адал ас табу, киіндіру, баспана тауып беру. Ал әйелдің ері алдындағы қарыздары – бойұсыну, арын сақтау. Сол сияқты басшы өзі басқарған елінің алдында қарыздар. Оның қарызы – әділдікпен басқару», деп тұжырымдады өз ойын.

Ал исламтанушы PhD докторы Ершат Оңғаровпен әңгімелескенде, ол жалпы қарыз алу және беруге шариғатта рұқсат барлығын айтып, қарыз бергеннің де, алған адамның да күнәға батып, беделі түспейтініне тоқталды. – Алайда, оның әдептері де бар. Біріншіден, қатты қажет болмаса, орынсыз сұрамау керек, екіншіден, алса уәделі уақытында, не одан ертерек қайтару керек, үшіншіден, қарыз алатын адамды дұрыс таңдау керек. Дүниеқоңыз, сол дәулеттің жолында жақынымен де араздасуға бар аласа адамдардан қарыз алмаған жөн. Хадисте 5 нәрсеге асығыңдар делінген. Ол – қайтыс болған адамды тезірек жерлеуге, кәмелетке толған қызды тезірек ұзатуға, қонақ күтуге, күнәлі ісіңе тезірек тәубе қылуға және қарызды тезірек қайтаруға тырысу. Жалпы, қарызды алушы адам мынаны білуі тиіс. Алда-жалда өліп кетсеңіз, қарыз  кешірілмейді. Пайғамбарымыз с.ә.с. хадисінде айтады: «Пенденің барлық күнәлары кешіріледі, тек қарыздан басқа», деп. Алла тағала қиямет күнінде бұл адамның қарызын сенде қалдырады деп ойладың ба деп, ол пенденің жақсы амалдарын алып, қарыз берген адамға береді. Ал егер оның жақсы амалдары болмаса, онда қарыз берген адамның жаман амалдарын, күнәларын оған жүктейді, деген Тирмизиден жеткен хадис бар. Екінші бір ескеретін жайт: қарыздың көлемін міндетті түрде жазу керек.  Яғни, қарызды алушы мен беруші бір-біріне қолхат беріп кепілдендіруі қажет. Бұл жайлы  Қ??????:ұранда: «Әй мүміндер! Егер белгілі бip мерзімге дейін бip-бipiңe борыштансаңдар, сонда оны жазыңдар. Араларыңда бip хатшы дұрыс жазсын. Сондай-ақ, хатшы Алланың оған үйретуі бойынша жазудан бас тартпасын. Борышты кici жаздырсын. Раббы болған Алладан қорықсын әpi одан еш нәрсе кeмiтпeciн. Сонда егер борышты есалаң не нашар (жас бала я кәpi) немесе жаздыра алмайтын (сақау т.б.) болса, оның иесі тура жаздырсын. Еркектеріңнен екі айғақ қойыңдар. Егер еркек болмаса онда өздерің ұнатқан айғақтардан бip еркек, екi әйел болады. Егер eкeyiнiң бipi жаңылса, екіншісі, оның eciнe салады. Куәлар шақырылған сәтте бас тартпасын. Аз, көп болса да белгілі мерзімге дейін жазудан ерінбеңдер…» деген («Бақара» сүресі, 282-аят). Қарызды жазудың пайдасы біріншіден, Алланың сөзі орындалып тұр, екіншіден,  қарыз алушының қарыз беруші алдында жауапкершілігі пайда болады.

Қарыздың қияметте қалай сұралатыны жөнінде хадисте бар. Қияметте адамнан қандай жақсылығың бар деп сұралады, сонда ол пенде ешқандай жақсылығым жоқ, тек бір амалым бар. Ұдайы адамдарға қарыз беруші едім, егер адамдар бере алмай жатса кешіктіретінмін немесе кешіріп жіберетінмін дейді. Сонда Алла тағала: Мен одан кешірімдімін деп оны кешіріп жібереді. «Ал егер борышты, ауыр жағдайда болса, жақсарғанша қарау керек. Егер де садақа қылсаңдар сендер үшін тағы жақсы. Егер білген болсаңдар» «Бақара» сүресі (280-аят) делінген. Сондықтан, мұсылман баласы қарыз алып, оны қайтармаудан сақтануы тиіс. Себебі, ол міндетті түрде сұралады, дейді.

Ислам банктері және мәжбүрлік

Ешкімнің де қарсы айтатын уәжі табыла қоймас, дауы жоқ қарыз атаулының түбірі – мұқтаждықтан туған мәжбүрлікте жатыр. Біреу баласын оқытамын десе, енді біреу үй-жайын жақсартамын деп ипотека қамытын мойындарына іледі, екінші біреу үйін жөндеуден өткіземін деп, енді біреу тұрмыс-жағдайын жақсартуға, мүлік, жиһаз, көлік алуға банктің есігін тоздырып, олардың пайдаға шығар пайызын белдері қайқайып тұрып көтеруге мәжбүр. Коммерциялық банктер халықтың үстінен тапқан пайдасының арқасында қағанақтары қарқ, сағанақтары сарқ күй кешуде. Сондайда, бірін бірі көрген жақын адамдар амандықтан кейін банк алдындағы қарызының өтелген, өтелмегенін сұрайтын күйге жеткен заманда пайызсыз несие беретін ислам банктері үміт отын жаққан.

Осы мәселе бойынша кеңес сұрағанымызда сарапшылар: «Кард-уль-хасан» (пайызсыз несие) бойынша тұтынушыға қаржы беріп, оны белгіленген мерзімде қайтаруды міндеттейтін ислам банктің өзге әріптестерінен айырмашылығы сонда, қарыз алушы оны қайтарарда, банкке соманы өз еркімен сыйлықақы түрінде төлеуінде. Банк ешқашан үстеме бағаны талап етпейді. Ал банкке салым салушылар қаражатын өткізгенде ол қаражат банк арқылы әртүрлі қаржыландыруға жұмсалады да, түскен пайда алдын ала жасалған шарт бойынша салымшылар мен акционерлер арасында бөліске түседі. Сөйтіп, екі жақ Мудараба тәртібімен пайдаға және шығынға қатысуға құқылы. Бұл жерде екіжақты келісім арқасында бір тарап жобаны қаржыландыру үшін керек капиталды ұсынса, екіншісі, өзінің кәсіпкерлік қабілетін пайдалана отырып, жобаны басқарумен айналысады, деген.

Сонымен бірге банк жобаның күнделікті атқарылуына кедергі жасамай, кәсіпкердің еркіндігіне қол сұқпайтын көрінеді. Шариғат қағидалары мен нормаларына сүйенген осындай банктің елімізде жұмыс жасай бастағаны мәлім. Алайда, ол ірі корпорациялар мен мемлекеттік және квазимемлекеттік жобаларды ғана қаржыландыратындықтан, қарапайым азаматтың одан несие алатын мүмкіндігі жоқ.

Халқымыз: «Құдайдан қорықпағаннан қорық», депті. Алла тағаладан қорқып банктерден үстеме пайызбен несие алудан қаймыққандар, бір тиынын екі ете алмай жүріп, лажсыздан мұқтаж заттарын алу үшін қажетті соманы тірнектеп жинап жүр. Ал көпшілік болса: «Алла кешірер, қалай үй-күйсіз, тоңазытқышсыз, кір жуатын мәшинесіз қаламыз, қысқа тірлікте онсыз да көрген қиындығым аз емес, менікі лажсыздықтан», деп банктерден несие алуда.

Қанша қиналса да, банктен несие алуды күнә санайтын Н. деген бауырымызды әңгімеге тарттық.

– Әрине, – дейді ол, – негізінде қарыздың болмысы берген ақшаны қайтарып алуда жатыр. Ал оның үстіне қосымша ақша талап етілсе, ол қарыз болып есептелмейді, бірақ оның сипаты өзгеріп, өсімге ауысады. Өсім дегеніміз – Алла тағаланың алдындағы ауыр күнә. Өсім беруші сауап алмақ түгілі, күнәға батады. Оның тапқан малы берекесіз күйге ұшырайды. Неге? Себебі, адамның кірісі мен шығысы есептелген. Алла ризықты біреуге өлшеп береді немесе молынан береді деп Құранда айтылған. Молынан береді дегені түсінікті. Ал өлшеп береді дегенге келсек, Жаратушы әр пенденің шығынын азайтып, табысы жететіндей жасап қояды. Ал ол адам өсімге дүние алғанда Алла оның шығынын көбейтіп жібереді. Аяқ астынан ауырады, дүниесін жоғалтады кесе-көлденең бірдеңелерге ұрынып шығын шығады, т.с.с. Және де өсім берген адам сол ақшаны еңбек сіңірмей, арамтамақтық жолмен алады да, өсімді алған адам сенімді түрде болашаққа кепілдік береді, яғни басын тігеді: «Мен міндетті түрде дәл осы күн, осы сағатта қайтарамын» деп кесімді уәде береді. «Өліп қалсам», «Жұмыстан шығып қалсам», демейді. «Бұйырса» немесе «Алла қаласа» деген қағида мүлде қарастырылмайды. Пенденің кірген демінің қайта шығатыны тек Хақ тағалаға ғана мәлім емес пе?! Құдай бетін аулақ қылсын, несие қайтарылмай қалатын күн туса, өсім тағы да еселенеді немесе банкке кепілдікке қойылған заты тартып алынады. Қиын жағдайдың үстіне тағы да қиындық үстемеленеді. Адам, керісінше, мұндай жағдайда көмекке зәру болмай ма?!

Ендігі бір маңызды мәселе, өсім берген адам өмірде жоқ ақшаны алдын ала жұмсап қояды. Өйткені, өсім көрсеткіші шынайы айналымда жоқ ақша. Алайда, осыған орай зат бағасы көтеріледі, есепте ақша көп болғанымен, қорадағы қойдың саны сол қалпында қалып отыр емес пе? Осыдан ақша құнсызданып, бопыр ақша көбейеді, зат қымбаттайды. Сол кезде банк немесе өсім берушілер уақытша өсім беруді тоқтатса, халық қолындағысын қарызына қайтарады да, қарап отырады. Түптеп келгенде, қарыз беріп өсімін алушы да, оны беруші де зиянға шығады. Алдымен бұл Алла қолдамайтын іс, қоғамды іштен жейтін, адымын аштырмайтын дүние. Ал ертеңгі шын дүниесін ойлаған адам банктен өсіммен ақша алмайды. Шариғатта өсім үлкен күнәға жатады. Бұл туралы қасиетті Құран Кәрімде жазылған. «Сондай-ақ, өсім жегендер (қабірлерінен) жын соғып тұрғандай есеңгіреп тұрады. Бұл олардың «Сауда да бейне өсім» дегендіктерінің салдарынан. Негізінде, Алла сауданы халал, өсімді харам еткен. Сонда кім Раббысынан насихат келгенде тыйылса, өткені өтіп кетті. Оның ісі Аллаға тән. Ал және кім қайталаса, міне, солар тозақтық. Олар онда мәңгі қалады», «Алла өсімді жояды да, сауданы арттырады. Әрі Алла барлық қарсы келуші күнәларды жақсы көрмейді» деп Бақара сүресінде жазылған. Сондықтан алушының да, берушінің де тапқан дүниесі берекесізденіп, көкірегі тарылып, жүректен қанағат, жүзінен нұры кетіп, машақаты көбейіп, өмірі күрделене түседі. Өз басым, мына дүниеде қанша қиналсам да, банктен несие алуға Алладан қорыққандықтан саналы түрде бармай жүрмін, – дейді.

 Қасиетті парыз

Айналаңнан түрлі сұмдық оқиғаларды естігенде, қарадай шошисың. Жалпы, «жоқ, жоқ» деп көзіңнен жасыңды сорғалата берсең, сөзсіз жоқшылыққа ұрынасың, қиыншылыққа тап боласың, сондықтан, үнемі «бар» деп, бастағы бақты бағалап жүру керек деген қағиданың жаны бар. Жыламау керек, көздің жасын бұламаған жөн, дегенмен, ара-тұра: «Біз өзі қайда бара жатырмыз?». «Ата-бабаларымыздың асыл қасиеттерін бойымызға сіңірудің орнына неге тасжүректік пен қатыгездікке бой ұрып жүрміз? Оған кім кінәлі, болмаса мұндай күйге қалай түстік?». «Тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай» бағып-қаққан аяулы ата-анасын ұмытқан безбүйрек пенделердің жүрегіндегі қурап қалған жалғыз тал гүл жаңадан қайта көктей ме?» деген тұрғыда, ара-тұра ортаға сауал тастап қойып отырғанның еш айыбы бола қоймас.

О заманда, бұ заман қазақтың баласы туған әке-шешесін Қарттар үйіне тапсырыпты деген жантүршігерлік оқиғаны есту тұрмақ, атының өзі сұмдық әсер қалдыратын. Қазір ондай оқиғаға таңғалмайтын болып барамыз. Өйткені, Қарттар үйінен пана тапқандардың бәрі бірдей бала-шағасы жоқ, жалғызбастылар емес, яғни сұрастыра келсең түрлі жауаптар табылады: бір отбасы жұмысбастылықты сылтауратса, екінші біреулері ата-аналарына көңіл бөлуге бос уақыттары жоқтықтан, өздігінен жүріп тұра-алмайтын болғандықтан деген сияқты қисынсыз уәждерді алға тартады. Ата-ананың алдында әр адам шексіз қарыздар…Тағдыр-талайы ет-жүрегінен жаралған төл перзентінің табаны астында жаншылған ғаріп жандардың жанайқайына құлақ түрсеңіз, өмірде кейде осыған керағар жағдайлар кездеседі. Қарттар үйінің тұрғыны, Ж.есімді әжей ә дегеннен, әңгімесін шешіле сөйлей жөнелді. «Бала-шағамды өсірдім, бақтым, қақтым. Бүгінде ешнәрсеге мұқтаждық көріп жатқан жайлары жоқ. Бастарында баспаналары, лайықты қызметтері тағы бар. Қатарларынан кем емес, әйтеуір. Бәрі балалы-шағалы.

Арадағы дау осыған байланысты туды. «Осы балаларды бағып-қағып үйде отыратын боласыз. Біздің бұлардың жағдайына қарайтын уақытымыз жоқ. Жұмыстан қолымыз босамайды. Ал сіз боссыз. Тамақтарын ішкізу, үсті-бастарына қарап, олармен серуендеу сіздің мойныңызда», деп, онсыз да сырқаттанып жүрген денсаулығымның ушығуына әкеліп соқтыратын талаптарын үйіп-төкті. Олармен бірге бір шатырдың астында мұнан артық шыдап тұра алмайтынымды сездім де, осылай шешім қабылдадым.

Ал, мына жерде, керісінше, өзгелер менің қас-қабағыма қарайды. Таза төсек, тамақ тоқ. Улап-шулап, миымды жегідей жейтін ешкім жоқ», деп үйінен өзі қашып құтылғанын алға тартады. Ендеше, біржақты кетіп қалмауымыз керек екен. Кейде кінә екі жақтан да туып, мәселенің ақ-қарасын дұрыс бағамдай алмай жататынымыз рас. Ол түгілі қарызыңды уақтылы қайтара алмай қалған кісіңнің алдында өзіңді соншалық ыңғайсыз сезінесіз. Өйткені, ақшалай қарызға қарағанда, ата-ананың алдындағы қарыздың жөн-жосығы мүлде бөлек, ол – қасиетті парыз. Қасиетті болатын себебі, «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызыңнан құтыла алмайсың», деген қағида бар халқымызда. Сол айтпақшы, көбіміз ауылдың тәрбиесін көріп өстік. Ал онда бір-бірінен күнделікті тұтынатын заттарды, тіпті қант пен шайға дейін қарызға сұрамайтын көршілердің тату-тәтті тіршілігін көрген көзімізде жазық жоқ. Әрине, мұның бәрін қазақы тәрбиенің қаймағы бұзылмауының арқасы деп түсініп келдік. Ал бүгінде осыған керағар фактілерге кезігесіз. Әкесі баласымен, немересі атасымен, сол сияқты анасы мен қызы дүние-байлық үшін қырқысып, дауласып, бет жыртысып, іс насырға шапқаны соншалық, соңғы сөз, сотқа барып тірелетін сәттер жоқ емес. Мұның бәрі әдет-ғұрыптан қол үзіп кетудің салдарынан. Сосын сырттан неше түрлі дерттің дендеп енуінен. Тілдің шұбарлануы сияқты, қазақы салт-дәстүрдің ала-құла күйге түсуінен.

Мысалы, кешегі 90-шы жылдарға дейін Қарттар күні деген мерекені атап өтпеген халық едік. Тек 1990 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 1 қазанды Халықаралық қарттар күні деп бекітті. Бұл әуелі Еуропада, Америкада, ал кейін 80-ші жылдардың соңына қарай мұны дүниежүзінің халқы кәдімгі мерекеге айналдырды. Жалпы, идеясы мен түпкі мақсат-мұраты адамгершілік қасиеттерімен үндес болғандықтан онда тұрған соншалық бір сөкеттік, бөтен ой жоқ сияқты. Аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты ардагерлер мен мүгедек қарияларға қамқорлық көрсету мақсатында бір күнді қарттарымызға арнап жатсақ, оның несі айып деген ойға тірелесіз.

Қарттар үйінің терезесінен телмірген жандардың жанарындағы мұңды сейілтіп, сыр шертпек болған әңгіме барысында ұққанымыз, онда тек жан дегендегі жалғыз перзенті жанын жаралаған мұңлықты ғана емес, жасы егде тартқанына қарамастан өмірде әлі де адасып жүрген қартты кезіктірдік.

Тасбауыр ұл мен қыздың тақсыреті таяққа сүйенуге мәжбүрлеген оның сезімі селдіреп, кенет кілт тоқтай қалды. Қарттардың жанайқайы туралы жазуға келгенімізді естігенде, өңсіз шүберектей қуарған жүзіне аздап күлкі үйірілді. Бәлкім сарыла күткен сағынышы құлақтарына жетіп, мейірімі қайта оянар деген үмітке иек артты ма екен? Не де болса бір тәтті қиялдың құшағында қала тұрғысы келгендей кейіп танытты, біздің кейіпкеріміз. «Олар мені ұмытқан жоқ, – деді жасы 80-ді алқымдаған қария. – Мұнда сізді ұзақ қалдырмаймыз деген. Немерелерімді әкеліп көрсетуге уәде еткен. Қатты сағынып кеттім, өздерін. Солар үшін өмір сүріп, солардың бақытты болуы үшін не істемедік… Қойшы түге, қайда жүрсе де мейлі, аман болсыншы, әйтеуір. Бақытты ғұмыр кешсінші. Біздің тағдырымызды бастарына бермесінші».

Қарияның жанарынан үміт оты жылт етті… Адам тағдыры ағаштарға ұқсайды. Ол да балауса балғын шақты, жасыл-жастықты, күз бен қысты бастан кешеді. Ал мына саулаған сарыала жапырақтарды ағаш-тағдырдың күзде үгілген жаңқасы не көз жасы ма дерсің?! Сыртқы пішініне дейін адамның жүрегіне ұқсайды. Табан астындағы сондай сансыз жапырақтарды басуға аяп тұрдық.

 Атаңа не істесең,  алдыңнан сол шығады

Ақ самайлы ананың әңгімесіне құлақ түрсеңіз, дүниедегі ең ауыр күнә қартайғанда ата-анасын іздеп, аңсамау, әке-шешені сүймеу, қадірлемеу. Мұны егде тартқан шағында сезінген өзін кейде жерден алып, жерге салып сөге ғайбаттайтын оның өмірінің өзі ащы сабаққа ұқсап кеткен.

– «Бәлкім осы тағдырыма өзім кінәлі шығармын. Өйткені, жоқтықты, қиындықты көп тартқан сорлы басым «егер бала-шағалы болсам, мен оларға өзімнің басымнан кешкен осыншама ауыр-азаптың бірде-біреуін көрсетпеймін, үлде мен бүлдеге көмкеріп өсіремін», деп серт бердім. Аспан үнемі шайдай ашық болып тұра бермейтіні сияқты өмір жолы да неше түрлі бұралаң-бұлтарыстан құралған десек, адамның біреуге жасаған жақсылығы да, төккен мейірімі де текке кетпейді деп ойлаймын. Кісіге не істесең, сол міндетті түрде өзіңнің алдыңнан шығатыны – заңдылық. Қателіктің бәрі демек, өзімнен ғана екеніне енді көзім айқын жете бастады. Олар маған емес, қайта мен олардың алдында қарыздар шығармын» – деген қарияны соңынан ұл-қыздары бір айда бір рет іздеп келмепті.

– Жолдасым қайтыс болғаннан кейін бүкіл дүние өзгеріп сала берді. Бірақ тағдырыма тарыдай өкпем жоқ. Бес баламды бағып-қағып, енді қызығын көретін жасқа жеткенімде жолдасымнан көз жазып қалдым. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Құлдыраңдап өсіп келе жатқан немерелерім тағы бар. Бірақ сол ботақандарымның маңдайынан иіскеу бақытынан айырған қатал тағдырға не істеп қойып едім соншалық? – деп кемсеңдеген иектің ар жағында бір тамшы мұң мөлт етті.

«Жас кезімізде жұмысбастылықтан балала­рымыздың қалай өскенін байқамай қалыппыз. Сол себепті, олар аналық мейірімге қанып өсті деп айта алмаймын. Бірақ жалғыз біз бе екен, мұндай жағдайды бастан кешкен? Барлық ата-ана тапқан-таянғанын тек балалары үшін жинайды. Солар бақытты болса екен, солар қиыншылық көрмесе екен деп тілейді. Біз де сол сияқты ұл-қыздарымыздың қатардан қалмауын ойлап, өздері қалаған оқуларына түсірдік. Не ішемін, не киемін дегізгеніміз жоқ. Бірақ адамға бұлар жеткіліксіз екен. Ең бастысын ұмытыппыз. Бұл – мейірім. Негізі мейірімсіздіктен, көзінде нұры жоқ адамдардан қорқу керек екен, дүниеде. Енді кеш. Өкінгенмен не пайда?» деп қамыққан қария балаларына өзі қарыздар екеніне жасыды.

Ата-ананың алдындағы қарыз қымбат па, әлде баланың алдындағы қарыз ба? Қайсысын кешіруге болады, қайсысы кешірімсіз? Екі оттың ортасында қалып қойған сияқтандық. Сірә, қарызды өмір бойы арқалап өтудің өзі ауыр болса керек. Өйткені, қарттың жанары жоғары көтерілмей, жер шұқи берді. Нені жоғалтты, болмаса нені іздеп жабықты екен? Енді бәрі кеш екенін ұққан ол ғұмыры уыстан бір сәтте сусып түскен құм сияқты еңсесі езілді.

Ал перзенттік қарыз ше? Мейірім ошағынан нәр татпаған пендені сөгудің өзі қисынсыз. Мойнына қарыздың тасын байлап жүрген мұндай шіркіндердің нақты санын білуге болар ма екен? Осындай статистикалық зерттеу біздің елімізде жасала ма екен? Қарыз қалай өлшенеді. Оның көп, аз екенін қалай білуге болады? Жалпы, қайтарылмаған қарыз адамға қайта айналып соғатын көрінеді. Бумеранг заңы. Қарақан бастарының қамы үшін анасынан тірідей безген әлгі кісінің балаларының алдынан ертең дәл сондай тағдыр тәлкегі күтіп тұрмасына кім кепіл?

Мойында қарыздың жүргені қандай ауыр?! Біз осы қарыз туралы ойланып көрдік пе? Сіз, кімнің алдында қарыздарсыз?

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

 

1 пікір жазылған

  1. Біз бір күндік қарызды төмен пайыздық ставка бойынша ұсынамыз. Бүгінгі несиеіңізге бізбен хабарласыңыз және сіздің несие қаражатын бірнеше сағаттық интервалда алыңыз.

    Электрондық пошта: chrisbarry@financier.com
    Телефон: +393313695692

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*