Шоманды «жаман»  қылу кімге қажет?

Шоман-2Баянауыл ауданы Күркелі ауылдық округінде Шоман атты ауыл бар. Ауылдың өте ертеден келе жатқан, кеңес дәуірі де өзгерте алмаған бұл атауы осы өңірдің атақты тұлғасы, «қара қылды қақ жарған» қазыналы биі, бабамыз Шоман Қазанұлының есімімен байланысты.

Шоман Қазанұлы 1751 жылы Баянауылда туған. Баянауыл округінде старшина, кейін би болған. Баянауыл округінен алғашқылардың бірі болып қажылыққа барған адам. 1848 жылы дүниеден озған. Бұл деректерді Екібастұз қаласының тұрғыны, өлкетанушы-этнограф, экономика ғылымдарының кандидаты Серік Жақсыбаев кезінде Омбы қаласының архивінен алдырған болатын.

Шоман ауылының дәл іргесінде Шоманкөл атты айдыны шағын, суы тұнық көл бар. Аққу ұшып, қаз қонып жататын осынау шалқар көл осы уақытқа дейінгі тарихи ресми құжаттарда, аудан, облыс әкімдерінің қаулыларында да дәл осылай аталады. В.Урываеваның 1959 жылы Ленинградтағы гидрометерология баспасынан жарық көрген «Ресурсы поверхностных вод районов освоения целинных и залежных земель» атты кітабының 422-бетінде Шоманкөл атауы тайға таңба басқандай жазылған.

Сонымен бірге, В.Попованың 1994 жылы басылып шыққан «Қазақстандағы көлдердің географиялық атауларының сөздігі. Павлодар облысы» атты кітабының 149-бетінде де көл атауы «Шоманкөл» деп дұрыс жазылған.

«Бақсам бақа екен» демекші, тек 2000 жылдан бері қарай жарық көре бастаған ресми құжаттар мен мәліметтерде бұл көлдің тарихи атауы кенет күрт бұрмаланып, өзгертіле бастады. Мәселен, жоғарыда айтылған В.Попованың «Қазақстандағы көлдердің географиялық атауларының сөздігі» атты кітабының 2001 жылы жарық көрген келесі шығарылымының 139-бетінде Шоманкөл атауы Шаманкөл болып өзгеріп кеткен. Және көлдің Баянауыл ауданы «Южный» кеңшарының №1 бөлімшесінде орналасқаны анық жазылған.

Ал 2002 жылы Павлодар қаласында «Павлодар облысының атласы» жарыққа шықты. Оның 33-бетінде Шоманкөл атауы «Жаманкөлге» айналып кете барды. Бұл жерде оқырманның көкейінде «Жаманкөл деген басқа да көл бар шығар?» деген сұрақ туындауы заңдылық. Бірақ, бұл көлдің де «Южный» кеңшарының №1 бөлімшесі аумағында орналасқаны тайға таңба басқандай көрсетіліпті.

Ендігі кітап – 2014 жылы Павлодар қаласынан басылып шыққан «Павлодар облысының әкімшілік-аумақтық бірліктері мен физикалық-географиялық атауларының көрсеткіш анықтамалығы». Авторы – Т. Сапаров. Бұл кітапта Шоманкөл енді «Шомақкөл» болып бұрмаланған.

Қарап отырсаңыздар, көлдің тарихи ­атауы ­бірнеше рет бұрмаланған. Бір қарағанда жай ғана әріп қатесі сияқты көрінгенімен, бұл – өрескел қателік әрі сөз мағынасын толықтай өзгертіп жібереді. Мәселен, шаман деген бақсы деген сөзбен мәндес болса, шомақ түйелі арба, түйелі кіре деген мағынаға ие. Сонымен бірге, осы өңір шежіресінде Шомақ деген қанжығалы руынан шыққан белгілі тұлға болған. Осы ретте «Шоманкөл атауының біресе «Шаманкөл», біресе «Жаманкөл» болып өзгертілуі, түбінде «Шомақкөл» қылу үшін әдейі жасалған ба?» деген де ой келеді. Сондықтан, жер-су атауының бұлайша қолдан өзгертілуі келешекте ұрпақты шатастыруы және ел арасында дау-дамайға арқау болуы әбден мүмкін.

Шоман, Шоманкөл атауларына сол елді мекеннің тұрғындары әлмисақтан ерекше ілтипат, сүйіспеншілікпен қарайды, жастары сол ауылда туып-өскендігін мақтан тұтады. Осындай сүйіспеншіліктің куәсі ретінде ауыл жастары өз араларында Шоман күні деген арнайы күн белгілеп, жыл сайын атап өтеді. Ел осылайша құрметтеп, тәуелсіздік дәуіріне мызғымай жеткен тарихи атаудың түрлі еңбектерде бұрмалануы, шынымызды айтсақ, көңілімізге үлкен күмән кіргізді. Бүйте берсе бара-бара бастапқы ­атауы біржола жойылып, өзге бағыт алып кетуі де мүмкін ғой.

Сөйтіп, мәселенің байыбына әбден барып алайық деген ниетпен екі рет Баянауыл ауданы әкімінің атына хат жолдап, тамыз айында мынадай жауап алдық: «2008 жылғы 1 қыркүйекке жасалған жер учаскелері мен жер пайдаланушыларын көрсететін аэрофототүсірім материалдары бойынша құрастырылған Күркелі ауылдық округінің картасында Шоманкөл елді мекені жанында орналасқан көл атауы «Жаманкөл көлі» деп жазылған. Ауданда географиялық нысандар, елді мекендер мен әлеуметтік нысандар атауларын анықтауға қатысты жұмыстар жүргізілуде. Аталмыш мәселе әкімнің дербес қадағалауында».

Байқасаңыздар, біздің алаңдауымыз бекер емес екен. Біреудің Шоманкөл атауын картаға бұрмалап енгізгеніне енді шүбәміз жоқ. Осы мәселеге қатысты тамыз айында Шоманкөл ауылының бір топ тұрғыны жиын өткізіп, ол жиынға аудандық мәслихаттың депутаты Теміртай Әбиев те қатысты. Жиылғандар Шоманкөл атауының бұрмалануына жаппай наразылық білдірді. Біз енді мәселеге жауапты органдар араласып, жер-су атаулары картасы мен географиялық анықтамалықтарда жіберілген ағаттықтарға түзету енгізуін сұраймыз.

Шоман ауылының тұрғындары: Балта­бай, Балғабай Әлкеновтер, Әбләш Сабденбеков, Болат Сланов. (Барлығы 15 адам қол қойған).

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы.

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*