Қор болған қос кәсіпкер

Касипекер алданган-2Бұл ерлі-зайыпты кісілер «Егеменге» сонау ерте көктемде келген болатын. Біреулерге сеніп, сан соғып қалып, үлкен шығынға батқан қос кәсіпкердің мұңын тыңдап, құжаттарымен танысып, басымызды шайқағанбыз. Сөйтіп, әділдік іздеп келген ақ жаулықты ананың тірлігіне араша түспекке бел байлап, ақшасын алып, үй соғып беремін деп алдап кеткен жанға телефон шалдық. Обалы не керек, телефонның ар жағындағы адам өлердегі сөзін айтты. «Міне, міне… Құрылысты бастайын деп отырмын… Бітіріп беремін… Шын сөзім…» деген жалынышты сөздерден кейін ерлі-зайыпты кісілер: «Тағы да бір мүмкіндік беріп көрейік, бәлкім осы жолы алдамайтын шығар» деп, қағаздарын кері қайтарып алған еді.

Содан кісі сөзіне сеніп, жамандыққа қимай, үлкен үмітпен кеткен қос кәсіпкер күзде қайта келіп отыр. Сөйтсек, «Баяғы жартас бір жартас…», ала жаздай ешқандай тірлік бітпепті. Не ақша жоқ, не біткен құрылыс жоқ. Ал екі кісінің бұл жолғы ашу-ызасында тіптен, шек жоқ. Сондықтан, құрметті оқырман, болған жағдайды басынан бастап түсіндіруді жөн көрдік.

Әлі есінде… Базарға барған сайын қырғыз әйелдері тіккен құрақ көрпешелерді саусағының ұшымен ұстап, тартып көретін. Қаттырақ тартсаң, жібі сөгіліп кеткелі тұр. Барып тұрған көзбояушылық қой. «Бұларың не, жөндеп тікпейсіңдер ме?» деп айтып, сетінеп тұрған жіпті бір-екі мәрте көзге шұқып көрсетіп еді, «Аңқау қазақтарға осы да жетеді» деген жауап естіді. Мұндай намысы келмес…

Шынында ол кез ел тапқанын киетін, көбінесе жылтырағанға жүгіріп, жылуынан гөрі сұлуын таңдайтын заман еді ғой. Көрпе, жастық тігіп, ұлттық өнерді жаңғырту туралы ой осыдан кейін келді. Несі бар? Біз әңгіме еткелі отырған Захира апайдың қолы алтын, ісмер. Кішкентайынан кесте тоқып, анасы Үрзиядан, әжесі Қатайдан құрақ құрауды үйренгені бар. Сол күннен бастап анасынан қалған ескі тігін машинасын алдына алып, түн баласы көз ілмейтінді шығарды. Екі-үш күнде бес-алты құрақ көрпешені құрап, базарға шығарды. Әп-сәтте-ақ саудаланып кетті. Тағы тікті. Тағы да тез өтіп кетті. О баста намыс отынан тұтанып кеткен бұл тірліктің соңы қалай болар екен, уақыт өте келе жалын басылар, адам да жалығар деп ойлаушы еді. Жоқ, қайта көрпешесінің саудасы қызған сайын мұның да бойында бұрын-соңды болмаған құлшыныс пайда болды. Пайда түсе бастаған соң бұл іске енді жан-тәнімен, шын ниетімен кірісті. Кейінірек отағасы Өмірзақ аға екеуі ойласып, сүйікті істерінің тынысын кеңейтіп, қыз жасауын тігуді қолға алды. Әлі есінде… Алғаш рет жасауға тапсырыс берген кісі бәрін ежіктеп сұрап, қызының жасауы қандай болғанын қалайтынын айтып, төлемақының бір бөлігі 10 мың теңгені тастап кетті. Міне, отбасылық бизнес осы 10 мың теңгеден басталды десе де болғандай… Осы ақшаға жасауға қажетті алғашқы майда-шүйде дүниелер алынды. Бұл 2003 жыл болатын.

Өмірзақ аға мен Захира апайдың қолынан шыққан өнімдердің бәрі ұлттық нақышқа бай әрі сапалы, әрі көздің жауын алатындай көркем. Содан болар бірте-бірте тапсырыстар көбейіп, Өмірзақ аға Өзбекстан, Қы­тай, басқа да алыс-жақын елдерді шарлап, қымбат та сапалы маталар мен жіптерді жеткізумен болды. «Берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тіле» деген, бизнестері бірте-бірте қанат жайып, бірнеше қыз-келіншектерді жұмысқа қабылдады. Аллаға шүкір, аз ғана уақыттың ішінде аймаққа танылып, бәсекелестері арасында дараланып, ел-жұрттың ыстық ықыласына бөленді. Қолдарынан іс келетінін дәлелдеді. Ендігі бар армандары – несие алып, тірлікті әрмен қарай өрістету болды. Бірақ, несие алу оңайға соқпады. Соның әуресімен бұл төңі­рек­те есігін ашпаған банк қалмаған шығар, сірә… Бәрінің ақша бергісі келеді, бірақ, сенбейді. Банк қызметкерлері бірнеше мәрте тігін цехына келіп, жұмыстарымен танысты. Сауданы да көрді. Алайда, көкейлерінде не күдік бар екенін қайдам, ешқайсысы ақша беруге тәуекел ете алмады. Ашығын айтқанда, сенбеді.

Захира апай да шаршамады. Хат жазды, өзі барып әңгімелесті, әйтеуір, шапқылаудан тынбады. Ақырында арада бірнеше жыл өткенде Тараз қаласындағы «Делта Банк» бұлардың кәсібінің табысты екеніне көз жеткізіп, 2013 жылы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 10 миллион теңге несие беруге келісті. Әрине, бұған ерлі-зайыпты кәсіпкерлер қатты қуанды. Ол қаржыға этномәдени орталығын ашуды көздеп, лайықты жер учаскесін іздеді. Облыс басшылары да бұл іске қолдау білдіріп, көшіп кеткен орталық базардың орнынан жер учаскесін ұсынды. Бірақ, Өмірзақ аға Тараздағы құт мекені Кенен Әзірбаев көшесінің бойындағы үйінің қасынан бір жер учаскесін сатып алып, еңселі ғимаратты сол жерден тұрғызуды қалады. Өйткені, осы жылдар ішінде тапсырыс берушілердің бәрі осы мекенжайды жаттап, үйреніп қалған еді.

Сонымен, қиын да азапты күндер артта қалды, алда тек үлкен бизнес, көл-көсір табыс, жетістік күтіп тұр деп алдарына нақты мақсат қойған ерлі-зайыпты кәсіпкерлерге банктің бұл қолдауы күш-қуат беріп, іске де ынты-шынтысымен кіріседі. Банктің талабы бойынша ақшаны қолға бергенімен құрылысты өзің жүргізуге құқың жоқ. Оны міндетті түрде лицензия­сы бар құрылыс мекемесі жүргізуі тиіс. Ол үшін алдымен жобалық-смета жасалуы керек. Өмірзақ аға зайыбы екеуі ақылдасып, талай жобаларды сараптап көріп, ақырында жалпы соммасы 16,5 млн. теңгені құрайтын бір жобаға жіп тағады. Қазір не көп, құрылыс мекемесі көп емес пе? Оны да табу қиынға соқпайды. Газет беттерінен іздеп тауып, бұлар «Южное ворота» құрылыс компаниясы» ЖШС-нің директоры Ерлан Садимен кездесіп, сөйлесіп, құрылысты жүргізу үшін келісімшартқа қол қояды.

– Компания басшысы Ерлан Сади 5,5 айда құрылысты бітіріп, кілтті қолымызға ұстататын болып, 2013 жылдың тамыз айының аяғында жұмысты бастап та жіберді, – дейді бізбен әңгімесінде Захира Мырзахметова. – Небәрі жарты жылдың көлемінде ғимараттың аяқталып, елге жаңаша кейіпте жұмыс жасайтынымызды ойлап, біз де қатты қуанып қалдық. Бірақ, көп өтпей-ақ қуанышымыз су сепкендей басылды. Қарқынды басталған құрылыс, бірте-бірте саябырсып, қарашаның аяқ жағында мүлдем тоқтады. Бұл кезде ғимараттың небәрі 45 пайызы ғана соғылып біткен болатын. Ал Ерлан Сади 14 млн. теңгені қолма-қол санап алған. Былайша айтқанда, мен құрылысқа қажетті қаражаттың бәрін уақтылы тауып беріп отырдым. Келісімшарт негізінде ең алдымен 4 миллион теңгені бірден ұстатып, қалған ақшаларды бөліп-бөліп, бірде өзіне, бірде әйеліне санап беріп отырдық. Енді тек Ерлан мырза уәде берумен келеді. Алғашында ол біз берген қаржыны Талдықорған жақта қолға алған басқа құрылыстарға салғанын айтып ақталды. Енді тағы ақша түссе, бірінші кезекте менің құрылысымды бітіріп бермек екен. Сонда біздің қаржымызды басқа құрылысқа жұмсауға қандай құқы бар? Сонымен, Ерлан Сади бірнеше мәрте уәде беріп, құрылыстың бітіру мерзімін кейінге шегерді. Бірақ, бірде-біреуінде уәдесінде тұра алмады. Амал жоқ, өткен Жаңа жылдың алдында үйіне бардым. Отбасы және басқа да қонақтар дастарқан басында мерекені тойлап отыр екен. Әйелі қонақтардың көзінше ұятқа қалдырмауымды өтініп, өлердегі сөзін айтып, жалынды. «Мейлі» деп, кері қайттық. Ертеңіне әйелі келіп, Тараз қаласындағы пәтерінің құжаттарын тастап кетті. Осы пәтерді сатып, қарыздан құтылмақ болды. Бірақ, арадағы риэлторлардың әңгімесінен ол кісі бұл істі созбалақтатып, тек уақыт өткізу үшін ғана істеп жүргенін түсіндім. Яғни, пәтерді сатып, қарыздан құтылуға ешқандай ықылас-ниеті жоқ.

– Ерланның өзімен сөйлестіңіздер ме? Бәлкім, сіздің берген қаржыңыз құрылыс салуға жетпеген шығар.

– О баста мамандар жасап берген жобада бұл құрылыс 16,5 млн. теңгеге жоспарланған. Ерлан Сади мердігер ретінде бұл жобаны алып кетіп, бірнеше күн танысты. Бәрін сараптауға, ойлануға, көз жеткізуге уақыттары болды. Содан кейін барып келісімшартқа қол қойды. Бүгінгі күні біз қаржының бәрін тауып бердік. Бірақ, құрылыс жарым-жартылай бітіп, тоқтап қалды. Иә, жаны қысылған соң адам не істемейді? Ерлан соңғы кездері барлық қаржыны игеріп болдық деген де әңгіме айтып жүр екен. Бұл да уақыт өткізу, әйтеуір ақталу үшін жасап жүрген айласы. Әйтпесе, біздің қолымызда бас-аяғы 16,5 млн. теңгені алдым деген қолхаты, құрылысты пәлен уақытта бітіремін деген қолхаты, бәрі-бәрі бар. Тіпті, үнтаспаға да жазылған. Ақшаны игеріп қойған болса бүйтіп уәде бермес еді ғой. Пәтерін сатып құтылмақ болғанын қалай түсінеміз?

– Бұл жөнінде құқық қорғау органдарына арыздандыңыздар ма?

– Ішкі істер басқармасы, прокуратура, қаржы полициясына да арыздандық. Бірақ, жеме-жемге келгенде бәрі айнып шыға келеді. Бәрі қылмыстық іс қозғаудан бас тартты. Ерлан Сади осы облыстағы ықпалды тұлғаларға жақын туыстығы бар. Солардың екпіні ме, әйтеуір, тергеушілер істі жап-жақсы бас­тайды да кейіннен басқаша сөйлеп шыға келеді. Бәрін кейін біліп жатырмыз ғой. Ерлан Садидің үстінен бұған дейін 5 мәрте қылмыстық іс қозғалған екен. Қаржылық және бухгалтерлік есептердегі заң бұзушылықтар, заңсыз кәсіпкерлік және салық төлеуден жалтару баптары бойынша. Рас, кейінірек оның талабы бойынша бұл баптардың кейбірі алынып тасталған. Бір қызығы, Ерланның бізден ақша алған уақыты мен соттың оның талабы бойынша кейбір баптарды алып тастаған уақыты бір-бірімен сәйкес келеді. Міне, біздің құрылысымыздың біту мерзімінің созылғанына бір жылдан асып кетті. Тек уәде берумен келеді. Соңғы кездері кеңселерін қайта-қайта өзгертіп, телефон шалсақ, тұтқаны көтермей, әбден мазақ қылды. Осының салдарынан шынын айту керек, отбасымызда соңғы кездері береке жоқ. Қаншама жыл банктің соңынан жүгіріп, табанымыздан тозып, әрең қол жеткізген қаржымыз біреудің қалтасында кеткені әрине, жүйкемізді тоздырып, әбден сандалтып жіберді.

…Енді, міне, биылғы жылдың 15 шілдесінде аға тергеуші К.Есілбаев құрылысқа кешенді сараптама тағайындайды. Яғни, «Южные ворота» ЖШС-нің құрылысқа қанша қаржы жұмсағанын мамандар есептеуге кіріскен. Нәтижесінде мамандар 9 700 943 теңге жұмсалды деген қорытынды беріпті. Міне, осының өзі-ақ «Южные ворота» ЖШС-нің алаяқтық жасап, қаржыны жымқырғанын дәлелдеп отыр емес пе? Этномәдени орталық о баста 16,5 млн. теңгеге жобаланып, қос кәсіпкер құрылыс фирмасының иесіне қажетті қаржының бәрін дерлік беріп қойған. Кей-кездері Е. Садидің «Мен барлық ақшаны осы құрылысқа жұмсадым. Қаржысы жетпей қалды, мен қарызымнан құтылдым» деп, айтып жүргені де жасырын емес. Енді, міне, сараптама бұл құрылысқа 10 миллионға жетер-жетпес теңге ғана жұмсалғанын дәлелдеп отыр. Сонда қалған ақша қайда? Қазір Ерлан Садидің үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотқа жолданыпты. Әйтсе де, бұл іс те сиырқұйымшақтанып жоғалып, еш нәтиже шықпай қала ма деген күдік жоқ емес. Өйткені, облыстық прокуратурадан үстіміздегі жылдың 2 қыркүйегінде жолданған іс Тараз қалалық ішкі істер басқармасына 2 қазан күні бір-ақ жетіпті. Онда да жәбірленушілер қайта-қайта іздеп барып, ақырында табандап тұрып талап етуінің арқасында құжаттар әрең табылыпты. Осыдан кейін әрине, бір қалада орналасқан мекемелердің арасындағы хаттың бір ай жол жүріп, әрең жеткені де көңілге күдік ұялатқаны рас.

Дәл қазір ерлі-зайыпты кәсіпкерлердің басындағы қиын жағдайды адам баласына бермесін. Банк дегенің танк сияқты ғой. Әй-шайыңа қарамай, таптап өтіп кетеді. Банк екі мәрте мүмкіндік берген, енді үшінші мәрте «тек ақшаны қайтар» деп, қадалып отыр. Кешіктіріп төлейтін болғандықтан несиенің пайыздары тіптен аспандап кетіпті. Тапқан-таянғанын осы іске жұмсағандықтан жасау тігу бизнесі қанатын жаза алмай, баяғы қарқынын жоғалтып алған. Ең қиыны, құрылысы бітпеген үйдің әлі төбесі жөндеп жабылмағандықтан жаңбырлы күндері жертөлеге дейін су өтіп, қоймадағы мата-мақта бұйымдарын бүлдіруде. Ит рәсуа болған дүниесі, біреудің қалтасында кеткен ақ-адал несібесі, маңдай тері, табыс, бәрі-бәрі… ақ жаулықты ананы ақыры аурухана төсегіне жалп еткізді. Қайбір күні Захира Мырзахметованың қан қысымы көтеріліп, аурухананың реанимация бөлімінен бір-ақ шықты.

Елбасы Н. Назарбаев еліміздегі кәсіпкерлерге дем беріп, сәт сайын қолдау жасап отыр. Тараздық бұл кәсіпкерлер де біреуге алақан жаймай, өздері кәсіп игеріп, жанкешті еңбектерінің арқасында шаруаларын дөңгелетіп, мемлекет қолдауымен енді төбеміз көкке жете ме деп отырғанда осындай жағдайға тап болып отыр. Ендеше, бұл дауға араша түсіп, жанашырлық танытып, әділдігін айтар құзырлы органдар бар ма өзі?

Оралхан ДӘУІТ,

«Егемен Қазақстан».

Жамбыл облысы.

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*