Жомартқа жарнаманың керегі жоқ! | Етжеңді

Жомартқа жарнаманың керегі жоқ!

400Жақында nur.kz сайтынан мәрттіктің мәртебесін асқақтатып, іріліктің үлгісін көрсеткен өнеге туралы оқыған едік. Есімі белгісіз алматылық бір кәсіпкер 240 науқас балаға тегін мүгедек арбасын сыйлапты. Бұл туралы өзінің атын айтудан бас тартқан кәсіпкердің көмекшісі хабарлаған.

 «Балаларға арналған мүгедек арбасын тарату жұмысы маған тапсырылды. 1 ай ішінде Алматы қаласы мен Алматы облысының ауруханаларын, емдеу мекемелерін аралап, мұқтаж жандарға арба тарту еттік. Ата-аналар мен балалардың қуанғанын көрсеңіз, сөз жетпейді. Біз басында 240 арбаны республика бойынша тара­тамыз деп ойлағанбыз. Шын мәнісінде, науқас балалар елімізде өте көп екеніне енді көзім жетті. Барлық арба тек Алматыдан артылмай қалды. Бұл істі біз жарнама үшін жасамадық. Сондықтан да, кәсіпкердің атын атамай-ақ қояйын. Ол қарапайым құрылысшы», – дейді кәсіпкердің көмекшісі.

Беймәлім кәсіпкердің қанша отбасына көл-көсір қуаныш сыйлағанын айтпай-ақ қоялық, бірақ, өзінің сауапты ісін жарнамалаудан бас тартқандығы бізге кәдімгідей ой салды. Дәулеттілердің ішінде де иманға ұйыған, қайырымдылықтың жөн-жосығын жақсы білетін жандардың бар екендігіне көз жеткіздік. Интернет арқылы іздестіру барысында да осыған әбден куә болдық.

Жуырда Атырау облысының Доссор кентіндегі Ізімовтер отбасындағы ерекше қуаныш туралы тағы бір ақпарат жарияланыпты. Үш балалы жалғызбасты анаға ел-жұрт болып көмек қолын созыпты. Әуелі аты-жөнін айтуды қош көрмеген атыраулық кәсіпкер 1 миллион 600 мың теңгеге үй сатып әперіпті. Өңі түгілі түсіне кірмеген осындай мереке сыйлаған жандарға Ізімовтердің алғыстан басқа айтары жоқ. Өйткені, олар бұрын жартылай шатыры жоқ, терезесіндегі әйнектің орнына картон қағылған үйде тұрып келген-ді. Аналары ауыр науқастан бірнеше ай бойы төсек тартып жатқан. Үлкен қызы да мүгедек. Кіші қызы туабітті саңырау. Ал үйдің асыраушысы жалғыз ұл да жұмыссыз қалған еді. КТК телеарнасынан көрсеткеннен кейін Ізімовтердің ауыр ахуалына алаңдағандар еліміздің түкпір-түкпірінен қол ұшын беруге ұмтылды. Жүрегі мейірімге толы жандар Тараздан, Шымкенттен, Астанадан хабарласты. Көптің көмегінің арқасында үйге қажетті тұрмыстық техника мен азық-түлік сатып алынды.

1 600 000 теңгені сыйлай салу – иманы бар адамның ғана қолынан келетін іс. Атыраулық кәсіпкердің әрекеті осыған саяды. Әйтпесе, бүгінгі күні 100 мың теңгеге демеушілік танытқандардың өзі атын күллі Қазақстанға жарнамалап, «біздерде мынандай бар, мынандай бар» деп ұрандатады емес пе.

Tengrinews.kz сайтында хабарланғанындай, биылғы жылдың шілде айында тағы бір беймәлім бизнесмен павлодарлық Кирилл Терешконы зағип болудан құтқарды. Терешконың көзіне шұғыл операция жасату үшін 500 мың теңге аударған. Өзінің құтқарушысы туралы мәліметтен Кирилл мүлдем бейхабар.

«Маған өзін Нұржанмын, Астанадан хабарласып тұрмын деген ер азамат қандай ота жасалатыны, бағасы қанша тұратынын сұрады. Келесі күні ақшаның аударылғаны туралы, тезірек сауығып кетуімді тілеген хабарламаны ғана жолдады. Мен банкке қоңырау шалсам, есепшотқа ақшаның түскенін айтты».

Павлодарлық азамат өрт кезінде бір қызды құтқарамын деп көзінен айырылып қала жаздаған. Әйнектің сынығы көзіне зақым келтірген. Операцияны ресейлік дәрігерлер ғана жасайтынын, оған қомақты қаржы керек екендігін интернетті пайдаланушылар сол кезде әлеуметтік желіде жазған-ды.

Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында тұрмысы төмен отбасы­лардың балаларына, жетім балаларға бір сөмке, дәптер, қаламсап бергендерін жарнамалап, күнұзақ теледидардан көрсетіп, радиодан сарнатып, қайта-қайта газетке жаздыртып, құлақты сарсытатын ұйымдар мен кәсіпкерлердің қайырымдылығын қалай бағалауға болады? Тұрмысы төмен балалар құрдастарының алдында төменшіктегені өз алдына, олардың «кембағалдығын» теледидар арқылы күллі елге әйгілеудің қажеті бар ма?

Елге белгілі меценат Исламбек Салжанов «қайырымдылықтың ең үлкені – айтпай істеген жақсылық» дейді. «Өз ойымша, меценаттық – қазақтың қанында бар қасиет. Бұл дүниеде қолында бармен бөлісіп, жылы-жұмсағын қонағының аузына тосып отыратын қазақтан өзге ұлыс бар ма өзі? Басқасын былай қойғанда, кешегі Мәшһүр Жүсіп, Әлихан Бөкейханов сияқты ұлт зиялылары да көкірегі ояу қалталы азаматтардың арқасында сауат ашқан жоқ па?! Менің түсінігімде, меценат та, Атымтай жомарт та бір адам. Аты өзгергенмен, мақсаты сол қалпында – барымен бөлісу, қандас бауырларға қарайласу, дарындыларды демеу деген сияқты… Және соның бәрі қарымтасыз болу керек».

Құран Кәрімде Алла тағала: «(Ей, Мұхаммед!) Оларды тура жолға салуға сен жауапты емессің. Алла қалаған пендесін өзі тура жолға салады. Қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздікке ұшырамайсыңдар (яғни, сауаптарыңды толық аласыңдар)» деген екен.

Ендеше, қайырымдылықтың да қайыры болады деген сөз. Задында жақсылық жасадың екен, оны міндетсімегенге не жетсін. Атымтайлар жасаған жақсылығын айтпай істейді немесе сауапты істі саудаға салуға болмайтыны атам заманнан белгілі емес пе. Қысқасы, жомартқа жарнаманың керегі жоқ!

Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*