Зейнетақы қалай тағайындалады?

Зейнетақы«Қарттыққа дауа жоқ» деседі. Сол себепті де, зейнетақы жүйесі қай кезеңде де барша жұрттың басты назарында. Оның үстіне зейнетақы жүйесі – еліміздегі өзгерістерге ең көп ұшыраған жүйелердің бірі.

Алдағы уақытта базалық зейнетақы төлемін тағайындау тәртібі де өзгереді деген әңгіме бар. Мұндай хабар шыққанда, бұған жастың да, жасамыстың да елең ете қалғаны рас. Өйткені, бүгінде зейнет жасына жеткендер арасында өмір бойы жұмыс жасамаса да, базалық зейнетақы алып, күндерін көріп жүргендер жетіп-артылады. Зейнетақыға қатысты осы және оқырмандар тарапынан жиі қойылатын басқа да сұрақтарға жауап алу үшін жақында Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің БҚО бойынша басқарма басшысының орынбасары Жеңіс БЕРІКОВПЕН жүздесіп, зейнетақы жүйесінде болып жатқан өзгерістер жөнінде әңгімелеп беруін өтіндік.

– Статистикалық есеп бойынша бүгінгі таңда облыстағы зейнетақы алушы адамдардың саны 77865 болса, соның 39623-і ауылда тұрады. Зейнет жасына жеткен адам құрметті демалысқа шығып, өмір бойғы жасаған жұмысының жемісін көреді, зейнетақысын алып, оны өз игілігіне жаратады. Облыс бойынша бүгінде орташа зейнетақы төлемінің мөлшері 36079 теңге, ең төменгі зейнетақының мөлшері 23692 теңге. Ал базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 11182 теңгені құрайды. Көпшілік жұрт базалық зейнетақы дегеннің не екенін білмеуі де мүмкін, сондықтан бұл жөнінде қысқаша айта кеткенім жөн болар.

Бүгінгі таңда елімізде базалық, міндетті және ерікті – көп деңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі дегеніміз, бұл – белгіленген зейнеткерлік жасқа толғанда жеке тұлғаларға уәкілетті ұйымнан берілетін ай сайынғы ақшалай төлем және ол бюджет қаражаты есебiнен беріледі. Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемi зейнетақы төлеу орталығынан, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдерiне, сондай-ақ, мүгедектiгi бо­йынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы алуына қарамастан беріледі. Оның көлемі республикалық бюджет туралы заңға сәйкес ең төменгi күнкөрiс деңгейiне кезең-кезеңiмен жақындатыла отырып, белгiленедi. Қазіргі уақытта базалық зейнетақы зейнеткерлік жасқа жеткен барлық азаматтарға еңбек өтіліне және жалақысына қарамастан, бірдей мөлшерде, яғни 11 182 теңге шамасында төленеді.

Алдағы жылдары бұл тәр­тіп өзгереді. «Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңға сәйкес 2017 жыл­дың 1 шілдесінен бас­тап базалық зей­нетақы азаматтарға зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалатын болады. Мысалы, азаматтардың зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі кемінде 10 жыл болған жағдайда, жүйеде оларға ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 %-ына тең болатын әлеуметтік зейнетақы берілетін болады. Азаматтардың зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылдан асқан болса, онда әрбiр жылға оның мөлшерi 2%-ға ұлғайтылады. Ал қатысу өтiлi 35 жыл және одан да көп болған жағдайда, ол адамға төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы көлемі ең төменгi күнкөрiс деңгейiне тең болады.

Жоғарыда көрсетілген өзгерістер үлкен еңбек өтілі бар, бірақ зейнеткерлікке шығар сәтте табысы жоқ немесе ұсынған табыстары төмен азаматтар үшін өте тиімді. Өйткені, олардың еңбек өтілі мен табысына қарай есептелген зейнетақысына мемлекеттік базалық зейнетақы 100 пайыз қосылатын болады. Сөйтіп, көп жыл жұмыс өтілі бар адамдардың зейнетақысы осы мемлекеттік базалық зейнетақы есебінен көбеймек. Зейнетақы жүйесіндегі бұл өзгеріс ынтымақты және жинақтаушы зейнетақы жүйелеріне қатысушыларға да өз әсерін тигізеді деп күтілуде. Бұл ретте оларға төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы көлемі олардың 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жинақтаған еңбек өтіліне және зейнетақы жарналарын жинақтаушы зейнетақы жүйесіне 1998 жылдан кейін төлеген кезеңіне байланысты тағайындалатын болады. Осыған байланысты жұмыс берушілер өз қарамағындағы қызметкерлеріне міндетті зейнетақы жарналарын бірыңғай зейнетақы қорына ай сайын уақтылы және толық көлемде аударып тұрулары керек. Сол себепті жеке шаруа қожалықтарында, ЖШС-ларда, жеке кәсіпкерлік нысандарында жұмыс жасайтын адамдар ерте бас­тан зейнетақы қорындағы жинақтарын мұқият қадағалауы керек.

Қазіргі таңда көптеген жеке шаруашылық басшылары өз қарамағында жұмыс жасайтын жұмысшылардың 10 пайыздық міндетті зейнетақы жарнасын зейнетақы қорына жылына бір рет аударады. Тіпті, кейбір жеке кәсіпкерлік нысандарының есеп-қисабы «қосарланған» нұсқада жүргізіледі. Мұны бірқатар мекеме басшылары салықты аз мөлшерде төлеу мақсатында әдейі жасайды. Бұл жеке кәсіп қожайыны үшін тиімді болғанымен, кейін ұжым жұмысшыларына кесірін тигізеді. Өйткені, кезінде жалақысын іс жүзінде тым тәуір алғандар, құжаттарда табысы аз көлемде көрсетілгендіктен, зейнет жасына жеткенде оларға зейнетақы аз есептеледі. Сөйтіп, жұмысшы өмірінің соңына дейін алатын нәпақасын дұрыс ала алмайды. Яғни, бейнетінің зейнетін көре алмайды. Сондықтан, бұл мәселеге жұмыс беруші де, жұмысшы да бірдей сергек қарау керек. Ол үшін жұмысшылар басшыларынан орталықтандырылған зейнетақы орталығына зейнетақы жарнасын ай сайын тұрақты аударып тұруды талап етуі керек. Бұл талап жұмысшы мен жұмыс берушілер арасында жасалатын еңбек келісімшартында көрсетілуі тиіс. Ал міндетті деңгейде, яғни ынтымақты (еңбек) зейнетақы мемлекеттік бюджеттен және жинақтаушы – бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорларындағы зейнетақы жинақтары есебінен төленеді. Нақтырақ айтсақ, мемлекеттік бюджеттен ынтымақты зейнетақыны алу үшін азаматтардың 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кем дегенде 6 ай еңбек өтілі болуы керек. Толық зейнетақыны тағайындау үшін әйелдердің еңбек өтілі 20 жыл, ал ер-азаматтардың еңбек өтілі 25 жыл болуы тиіс. Зейнетақы төлеудің тағы бір жолы жинақтаушы зейнетақы қоры арқылы жүзеге асырылады. Яғни, бүгінгі таңда жұмыс істеп жүрген азаматтардың барлығы да жинақтаушы зейнетақы қорына еңбекақысының 10% мөлшерінде міндетті зейнетақы аударымдарын аударып жүр. Олар аударып жүрген бұл қаражаттарының игілігін зейнет жасына жеткенде көретін болады. Сондай-ақ, азаматтардың зейнетақы жинағы ай сайын зейнетақы төлеп тұруға жеткілікті болған жағдайда әйелдерге 50 жастан, ал ерлерге 55 жастан зейнетке шығуға болады. Зейнеткерлікке шығудың бұл нұсқасы сақтандыру компаниялары арқылы зейнетақы аннуитетін сатып алу жолымен жүзеге асырылады. Бұл жөніндегі толық ақпаратты аталмыш жұмыспен айналысатын сақтандыру компанияларынан алуға болады.

– Жеңіс Жоламанұлы, тоқсаныншы жылдары қоғамның өзгеруіне байланысты көптеген мекемелер жабылып, біраз адамның жұмыссыз қалғаны белгілі. Осыған байланысты бірқатар жұрттың жұмыс өтілінде үзіліс болды. Кейін олардың бірқатары жұмыс тауып жұмыс өтілін жалғастырғанымен, тағы бірсыпыра адам әлі күнге дейін жұмыссыз жүр. Зейнет жасына жеткенде олардың жағдайы не болмақ? Яғни, еңбек өтілі үзік-үзік адамдарға зейнетақы қалай есептеледі?

– Тоқсаныншы жылдары жұмыс істеген адамдардың сол кезеңге дейін үлкенді-кішілі еңбек өтілі болатыны белгілі. Сондықтан олардың мемлекеттік бюджеттен ынтымақты зейнетақы алуға құқы бар. Азаматтардың жасына байланысты тағайындалатын зейнетақы төлемінің мөлшері олардың 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтіліне қарай есептеледі. Зейнет жасына толған кезде олардың табысы төмен болса немесе мүлдем табыссыз болса, яғни жұмыс істемеген болса, онда зейнетақы оларға ең төменгі мөлшерде, яғни 23692 теңгеге жеткізіліп тағайындалады. Толық емес көлемдегі зейнетақы төлемі толық зейнетақыдан 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтіліне үлес ретінде есептеледі. Сондай-ақ, жұмыс өтілінде үзіліс бар адамдар да зейнетақысыз қалмайды. Қазіргі әрекет етіп тұрған заң бойынша 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс өтілі бар азаматтарға жұмыстағы үзiлiстерге қарамастан, қатарынан кез келген үш жыл iшiндегi орташа айлық табысы негізінде есептеледі. Басқаша айтқанда, азаматтардың зейнетақы мөлшері оның қатарынан тұрған үш жылғы табысын есептеу арқылы, яғни 36 ай бойы жұмыстан түскен табыстың жалпы сомасы 36 айға бөлу арқылы есептелінеді. Нақтырақ айтқанда, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін қажетті еңбек өтілі (ер адамдарға 25 жыл, әйел адамдарға 20 жыл) болған жағдайда, зейнетақыны есептеу орташа айлық кірістің 60 пайызы есебінен жүргізіледі. Ал 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі қажетті еңбек өтілінен артық жұмыс істеген адамға әрбір толық жыл үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1 пайызға өсіріледі, бірақ ол зейнетақы есептеу үшін ескерілетін табыстың 75 пайызынан аспауы керек. Зейнетақы мөлшерін есептеуге арналған табыс республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептiк көрсеткiштің 41 еселенген мөлшерімен шектеледі. Мысалы, 2015 жылға айлық есептiк көрсеткiштің мөлшері 1982 теңге х 41 = 81262 теңге. Осыған орай қазіргі таңдағы ең жоғары зейнетақының мөлшері 60947 теңге, ал ең төменгі зейнетақы көлемі 23692 теңгені құрайды. Бүгінгі күні барлық зейнеткерлер, еңбек өтіліне қарамастан, 11 182 теңге шамасында бірдей базалық зейнетақы алады.

– Заман ағымына сай бүгінде халықтың көпшілігі жеке кәсіп­керлікпен айналысуда. Олардың жеке кәсібін дамытуға жұмсаған жылдары еңбек өтілі болып есептеле ме? Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлердің жұмысын істеп жүргендерге болашақта зейнетақы алу үшін не істеу керек? Өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың жұмыс өтілі не болмақ, жасы жеткенде олардың зейнетақы алуға құқы бар ма?

– Кәсiпкерлiк қызметпен айналысатындар мен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар зейнет жасына жеткен кезде облыстық зейнетақы орта­лығына жолығулары керек. Егер олар тиісті орындарға 2013 жылдың 21 маусымындағы «Қазақстан Респуб­ликасындағы зейнетақымен қамсыз­дандыру туралы» №105 заңының 14-бабы 3-тармағына сәйкес Қазақстан Рес­публикасының Зейнетақы қорына 1998 жылдың 1 қаңтарына дейiн сақтандыру жарналарын төлегенi туралы және салық органына тапсырған құжаттары арқылы жұмыс жасаған уақыты мен тапқан табысын растайтын құжаттарын тапсырған жағдайда, сондай-ақ, олар Жинақтаушы зейнетақы қорына өздерінің тапқан табысынан 10% мөлшерінде міндетті зейнетақы аударымдарын аударып отырған болса, онда оларға да жұмыс істеп жүрген барша азаматтар секілді еңбек өтілі есептеліп, зейнетақы тағайын­далады.

– Тағы бір сұрақ. Мүлдем жұмыс істемеген адамдар да қартайғанда зейнетақы ала ма?

– Мүлдем жұмыс істемеген адамдарға зейнет жасына жеткенде қалауы бо­йынша мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі (биылғы мөлшері – 11182 теңге)) тағайындалады. Аталған төлем жыл сайын әр жылға арналған республикалық бюджетте белгіленген көрсеткіштерге сәйкес өсіріліп отырылады.

– Ал бала күтімімен үй шаруасында болғандарға ше, оларға зейнетақы қалай есептеледі?

– Жұмыс iстемейтiн аналардың 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн балаларды бағып-күткен уақыты еңбек өтілі болып есептеледі. Мынаны ескеру керек, әрбiр баланы босанғаннан кейінгі тек 3 жылға дейінгі уақыт қана жұмыс өтілі болып есептеледі. Заң бойынша бала күтімі бойынша есептелетін жұмыс өтілінің жалпы жиынтығы 12 жылдан аспауы керек. Мысалы, жас әйел әр үш жыл сайын босанып, 4 баланы дүниеге әкелген жағдайда, ол үйде бала тәрбиесімен айналысып отырып-ақ, өзіне 12 жыл жұмыс өтілін жасап алады. Бұл заңдылық еліміздің демографиялық жағдайын оңалтуға оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын.

– Оралмандардың зейнетақы мәселесі қалай шешілуде? Мысалы, зей­нетке Моңғолия немесе Қытайда жү­ріп шыққандар арасында зейнетақы алу мә­селесі бойынша түйткілдер бар ма?

– Жоқ, бұл бағытта түйткілді мәселе болуы мүмкін емес. Өйткені, «Қа­зақ­­стан Республикасындағы зейнет­­ақы­мен қам­сыздандыру туралы» Қа­зақ­стан Рес­публикасының 2013 жыл­ғы 21 маусымдағы №105 заңының 2-ба­бы 2-тармағына сәйкес Қазақстан Рес­пуб­ликасының аумағында тұрақты тұратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар, егер заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, зейнет­ақымен қамсыздандырылу құқығын Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей пайдаланады. Егер Қа­зақстан аумағынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен және ол жақтан қайтып келген адамдар зейнетақылары мен жәрдемақыларын ол жерден ала алмаса, бұл жөніндегі анықтама қағазды кеткен елінің уәкілетті органдарынан алып келген жағдайда зейнетақы төлемі Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге кету сәтінде белгіленген мөлшерде қалпына келтіріледі. Егер кету кезеңінде зейнетақыны арттыру жүргізілген болса, оның мөлшерін тағайындау кезінде осы арттырулар ескеріледі. Бұл жөніндегі толығырақ ақпаратты қажет еткен адамдар облыстық зейнетақы орталығына арнайы барып, мамандардан алуына болады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Айша ӨТЕБӘЛІ,

журналист.

Батыс Қазақстан облысы.

1 пікір жазылған

  1. Ибатов Шарипхан

    мен 05.12.2016ж.зейнеткерлікке шықтым. 1971-1975 жоғары оқу орнында оқыдым 1975-2016 жылдары мектепте үзіліссіз еңбек еттім. Енді маған зейнет ақы молшері қанша болар екен?

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*