«Акушер» болған ағаларымыз

Бостандық ауылында Серікбай Жапақов есімді ардагер аға тұрады. Бұл ағамыз ұзақ жыл ұстаз болған адам. Сонымен қатар, өмірде көргені де, түйгені де мол ақсақал деуге бола­ды. Былайша айтқанда, бұл аға­мыз әдемі қартая білгендердің қатарында. Жетпістің бесеуіне келсе де Серікбай аға қоғамдық жұмыстардан қалып көрген жоқ. Ол әрдайым да пендешіліктің иықтан жоғары өрлеп, періштеліктің төмендеп бара жатқан уақытында жастарға ой салатын өрелі істердің арасында жүреді. Сонымен қатар, өткен өмір жолындағы қызық жайттар да аз емес. Соның айғағы ретіндегі бір әңгімесін Серікбай аға былай бастады:

– 1972 жылдың қазан айының іші болатын. Совхоз комсомол ұйымы жетекшісі міндетін және автокөлік жүргізушісі қызметін қатар атқарып жүрген едім. Бір күні Алғай жанармай базасынан кеңшардың бөлімшесіне жанармай апарып, кештеу келдім де, көлікті гаражға апармай, үйдің қасына қойып, ұйықтап қалдым. Ол кезде жұмыстың тәртібі бойынша жанармай таситын шопырларға таңертең ерте тұрып, стансадан бір рейс жанармай әкеліп, кеңшар орталығындағы үлкен цистернаға құйып, жол қағазын сосын алушы едік. Содан кейін қайтадан Алғайға екінші рейске барып, әкелген жанармайды бөлімшелерге, бригадаларға апарушы едік.

Түнгі сағат 3-тер шамасында біреу терезе қаққан соң сыртқа шықсам, кеңшардың маңдайалды шопаны Павел деген азамат екен. Өзі менімен замандас болатын. 7-сыныпты бірге бітірген едік. (Ол қазір арамызда жоқ).

– Жайшылық па? Қош келдің! – деп жатырмын. Ол болса, – Жоқ, жәй емес, қырдағы үйде жұбайым Жа­ңыл толғатып жатыр, орталыққа перзент­ханаға тез алып барайық, – деді.

Өзі атпен келген екен. Атын шар­­баққа байладық та, ауылдан 7-8 шақырым жердегі шопан ауылына тездетіп жеттік. Жұбайын көлік кабинасына жайғастырып жатып, ішімнен: «Аман-есен жеткізе алсақ» – деген ой болды. Артық болмас деп жаюлы тұрған шүберектердің үлкендеу біреуін кабинаға салып алдым. Ал, Павелді көліктің май құятын цистернасына отырғыздым. Орталыққа 1-2 шақырым қалғанда Жаңыл, тезірек тоқта, енді төзе алар жайым жоқ, – деді. Кабинаның жарығын жағып бергенім сол еді, сәбидің де үні естілді. Әлгі ала шыққан шүберекті әйелдің қолына беріп үлгердім. Сыртқа шығып Павелге, – тез жұбайыңның қасына бар, мен қазір сөмкеден пышақ алып беремін. Сәбидің кіндігін 10-15 см шамасында өзің кес, – десем, ол, – сен бар, мен әйел бо­сан­дырып көрген жоқпын, – деп қарап тұр, сабазың… Әйтеуір, әрең дегенде түсіндіріп, әзер көндірдім. Осыла­йша, асып-сасып жүріп, екі ер адам айда­лада, машина кабинасында «акушерлік» қызметті атқарғанымыз есімде қалыпты.

Қазіргі күнде бұл отбасы Орал қала­сында тұрады. Ал біз кіндігін кес­кен атқамінер бұл күнде өзі де әке болған болар, көптен хабарсызбын  – деп ағамыз әңгімесін аяқтады.

Серікбай ағаның әңгімесін тыңдай отырып, айлы жаздың кешінде далада дүние есігін ашқан сәбидің іңгәлап жылаған дауысы құлағыма келгендей болды. Қайран біздің аналар!.. Мемлекеттің бір қора қойын бағам деп, өз денсаулықтарына да қарамаған ғой. Бірақ, сол аналардың барлығын да батыр демеске амалың жоқ…

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ.

Батыс Қазақстан облысы,

Қазталов ауданы.

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*