Тарбағатай – Ақсуат

Атақты Үмбетей жыраудың Бөгем­бай батыр өлгенде айтқан толғауында мынандай жолдар бар:

Баянауыл, Қызылтау,

Абыралы, Шыңғыстау,

Қозы Маңырақ, Қой Маңырақ,

Арасы толған көп қалмақ,

Қалмақты қуып қашырдық

Қара Ертістен өткізіп,

Алтай тауға асырдық!..

Бала кездегі пәк қиялдың отты ұшқындары оқыған, тоқығаныңмен қиюласып жатса алған ілім-біліміңнің ешқашан ұмытылмайтыны хақ қой. Сондықтан болар, бүгінгі жеткіншек жерлестерімнің бәріне «Тарбағатайдың әр тасында тарих жазылған. Соны оқыңдар, зерттеңдер» дегім келіп тұрады. Мәселен, осы Шығыс Қазақстан облысындағы бір-бірімен қол ұстасып, қолтықтасып жатқан Алтай, Тарбағатай, Шыңғыстау деген үш таудың сонау Шыңғыс хан жорықтарынан басталатын тарихнамаларын біліп алғанның өзіне не жетеді?! «Тарбиған Тарбағатай – жердің құты» деп Ілияс Жансүгіров айтқандай, бұл тау – «жердің құты» ғана емес, тасы тарғыл, табиғаты тәкаппар, тарихы тұманды тау. Бұл тау, бейнелі түрде айтсақ, өзіне тиесілі қазақ деген халықтың қасиеті мен қасіретін қос қомына бірдей теңдеп алып, Алакөл мен Зайсан арасында, мойнын соза түсіп шөгіп жатқан қара нар. Қара нардың бергі жақ қомында өзінің тәуелсіз бейбіт алтын бесігінде бір қазақ баласы мамыражай күй кешіп жатыр. Бұл – қара нардың қасиетті қомдығы! Ал мұның арғы жақ қомдығында, Қытай елінде, қол созым жерден Ұлы Отанына жете алмай, сағыныштан сарғайып, жат елге жаутаңдап тағы бір қазақ баласы қамығып жатыр. Бұл – қара нардың қасіретті қомдығы!

Тарбағатай тауының түпкі тарихына үңіле түссек, оның басынан өткен алмағайып замандардың Шыңғыс хан әулеттерімен байланысты екенін байқаймыз. Шыңғыс хан 1206 жылы Найман хандығын талқандап, қалың елді өз мекендерінен ығыстырып, Күшлік хан Ертіс даласына, Жетісу аумағына ауа қашып кеткеннен кейін, 1207 жылы жаулап алған жерлерін балаларына үлестіріп бергені белгілі. Сол кезде Шыңғыс ханның екінші ұлы Үгедейдің ұлысына енген Зайсан көлі мен Тарбағатай және Жетісу аумағы болатын. Міне, сол кезеңдерден бастап, Моңғол қағанатының құрамына енген өлкелер талай тарихи оқиғаларды басынан өткерді.

Шыңғыс хан қайтыс болғаннан кейін оның тағына Үгедей отырды. Ал оның әулеттері ұлы таққа таласып, бірі мен бірінің соғысуы қара халықты әбден қажытып, жүдетіп жіберді. Көп жылдарға созылған тақ таласының ең ақыры 1269 жылы Шыңғыс хан империясының ресми түрде таратылуымен аяқталды. Бұл ресми шешім бақталас, тақталас туыстарының бетін қайтарған Құбылай ханның мойындалмаған жеңісінен кейін өткізілген Талас құрылтайында қабылданды.

Бұдан кейін батыстағы ұлыстар жеке мемлекеттерге айналды да, оларды Шыңғыс хан әулеттері билеп, сол кезде Тарбағатай аймағы Жошы ұлысының қарамағына кірді. Өз дәуірінде шегіне жете дүрілдеген Алтын Орданың ыдырауы жеке ұлттардың дербес мемлекет болып қалыптасуына жақындатып әкелген соң, Шыңғыс ханның тұқымы Орыс хан Ақ Орданың шаңырағын көтерді. Ал оның шөберелері Керей мен Жәнібек хандар Қазақ хандығының негізін салды.

Тарбағатай тауының Барқытбел деген төл атауының өзгеруі де моңғол тіліндегі суырлы тау (тарбаға – суыр, тай – тау) деген ұғымға байланысты туындаған. Сол сияқты, Шыңғыстаудың да атауы Шыңғыс ханға дейін Найман-күре деп аталған болатын (Күре деген сөз көне түрік-моңғол тілінде ауыл деген мағына білдіреді). Бір қуанатынымыз – осы екі тауымыздың да бұрынғы төл атауы ел есінде әлі сақталып келеді…

Қазақ елін қансыратып кеткен ең сұрапыл соққы Жоңғар шапқыншылығы екені белгілі. 1661 жылдан 1727 жылға дейін созылған бұл заманның Тарбағатай тасына сіңіп кеткен зар мен мұңы бүгінгі күнге дейін ұмытылмайды. Жоңғар шапқыншылығының қысымына шыдамаған Тарбағатай наймандарының көбі Балқаш көлі мен Жетісу, Сыр аумағына қоныс аударуға мәжбүр болды. Олар «Ақтабан шұбырындының» азапты тақсіретін тартудай тартты.

Қазақ халқы қайтадан есін жиып, қалмақ қонтайшысын талқандаған соң, қаптаған қалың жау сүлдесін сүйретіп, Тарбағатайдан асып-сасып адасқаннан кейін ғана, қаңғып кеткен қалың жұрт 1757 жылы атамекендеріне қайтып оралды. Жоңғармен соғыс кезінде атақ-даңқы бүкіл қазаққа тараған Қабанбай батыр, Боранбай би, Орақбай батыр сияқты аты аңызға айналған бабаларымызды, олардан кейінгі бүкіл найманның Шәкісі атанған Шәкі биді, кезінде әулие­лігімен, емшілігімен елдің есінде қалған Ырғызбай (Ырғыз ата) сияқты тарихи тұлғаларды Ақсуат халқы ауыздарынан тастамай, мақтан етеді. Бұл бабаларымыз Найман ішіндегі қаракерей руынан шыққандықтан, қалың Қаракерей жайлап отырған Үржар, Аягөз, Тарбағатай аудандарының, Талдықорған облысындағы Алакөл ауданының меншіктеп алған ұлы тұлғаларына айналып кеткен.

Тарбағатай ауданының Қызылкесік деген ауылынан Ақсуатқа шығатын үлкен жол Қубас асуының үстімен өтеді. Қубас ат – Қабанбай бабамыздың ең аяулы тұлпары болған жылқы. Бұл атты тай күнінде мырзасы Боранбай би туған жиені Қабанбай батырға өз бауы­ры Төлебайдың жылқысының ішінен таңдап мінгізген. Біз бұдан би Боранбай бабамыздың мың жылқының ішінен шын тұлпарды тани білетін ат сыншысы болғанын да анық аңғарамыз.

Қызылкесіктің жерінде Майлышат деген ұзын, кең сай бар. Міне, осы жерде Қабанбай бабамыз Бәсентиін Малайсары батырдың қарындасы Гауһарды алғанда үлкен той жасаған. Сонда су май болып ағыпты. Бұл жер содан бері Майлышат деп аталады.

Осы тұста айта кетуіміз керек, қаракерейдің ішіндегі қыржы руынан шыққан Ырғызбай әулиенің басына көк тіреген күмбез тұрғызылып, үлкен аумақты алып жатқан керемет кешен салынды. Онда әулиеге тәу етіп келушілерге арналған өте жайлы мейманхана да бар. Ырғызбай әулиенің басына алыс-жақыннан, шет елдерден баба аруағына тәу етіп, бас иіп, жыл сайын келіп-кетіп жүретін жұрт та аз емес.

Атақ-даңқтары Алты Алашқа тараған ата-бабаларымызды ауызға алып отырып, осы тұста Мұрын анамызды айтпай кету үлкен айып болар, сірә. Ол үшін Найман шежіресінің Мұрын анаға дейінгі бастапқы тарауын қысқаша бір қайырмасқа болмайды.

Найманнан – Белгібай, Белгібайдан Сүгірші туған. Сүгіршіден – Төлегетай, Төлегетайдан – Қытай, Қытайдан төрт ұл – Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл. Қаракерейден – Байторы, Байторыдан – Мейрам, Мейрамнан – Байыс, Байыстан – Сарымырза туады.

Міне, Мұрын анамыз – осы Сарымырза бабамыздың бәйбішесі. Ол кісінің ақылды, парасаттылығы жайында, бүкіл елге ұйытқы, қормал болғандығы туралы аңыздар мен өзінен қалған ғибратты сөздер, тіпті, өлеңдер де бар.

Мұрын анамыздың азан шақырып қойған аты – Жүзей. Ол кісінің мұрны үлкен болғандықтан Сарымырза бабамыз Мұрын атап жіберген. Бабамыз Мұрын анамызды өте жақсы көріп, ақылы мен парасатына бас иген екен. Сондықтан болар, өзі өмірден ертерек озып бара жатқан шағында, балаларын шақырып алып: «Сендердің әулеттерің Мұрын аналарыңның атымен аталсын» деген өсиет қалдырыпты. Міне, содан бері бүкіл Сарымырза әулеті өздерін «Мұрынбыз» дейді. Қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданындағы елдің көпшілігі – Мұрын әулеттері. Аягөз, Үржар, Мақаншы өңірінде де мұрындар жетерлік.

Мұрын анамыз – Үйсін табына кіретін Албан, Суан, Дулат, Сарыүйсін, Шапырашты, Ысты, Ошақты деп аталатын рулардың түпкі атасы Бәйдібектің қызы.

Бәйдібек әулетінің өскен, өнген ұрпақтарының үш тармағы оның үшінші әйелі Домалақ анадан (Нұрила) тараған. Анықтап айтқанда, Домалақ ананың жалғыз ұлы Жарықшақтан (Тілеуберді) туған Албан, Суан, Дулат ұрпақтары – қазір кемеліне келген үлкен рулар. Домалақ ананың екі қызы Қызай мен Жүзей (Мұрын анамыз) Найман еліне ұзатылған.

Мұрын анамыздың қадір-қасиетінің зор болғандығы соншалық: «Мол болсаң, Мұрындай бол, Мұрынның ұлындай бол», деген насихат сөз ел ішінде әлі айтылып жүр…

Ақсуат аймағының Семей облысына қарауы тым ерте кезден, 1868 жылы Ресей императоры Александр ІІ «Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарын басқару жайлы Уақытша Ереже» Жарлығына қол қойған сәттен бастау алады. Міне, сол уақыттан бастап, кейінгі тәуелсіздік дәуірінің алғашқы жылдарына дейін Ақсуат аймағы Семей облысына қарасты болып келді. Солтүстігі Ресеймен, шығысы мен оңтүстік-шығысы қытаймен шектесіп жатқан қазіргі Шығыс Қазақстан облысына қарасты Тарбағатай ауданы 1997 жылы бұрынғы Семей облысының Ақсуат ауданы мен Шығыс Қазақстан облысына қарасты Тарбағатай ауданының бірігуі негізінде құрылған, тарихы да, табиғаты да тым ерекше аймақ.

Аудан орталығы – бұрынғы Ақсуат ауданының орталығы Ақсуат ауылы. Бұл елді мекен Тарбағатайдың орта тұсындағы еңістік етегіне қарай орналасқан.

Таудан төмен қарай ат шаптырым қашықтыққа дейін құлай созылып жатқан құла қыр біркелкі деуге келерлік дәрежеде қалың шилі, қара шеңгелді, шалқар шабындықты ұлан-ғайыр кең алқапқа келіп тұмсық тірейді. Тарбағатай ауданының оңтүстік-батысына қарай орналасқан Ойшілік, Құлбабас, Қарғыба, Ақсуат, Көкжыра, Екпін, Сәтбаев, Жәнтікей ауылдық округтерінің барлығы дерлік қыр мен ойдың шектескен тұсында орналасқан. Төменгі ойда Тана мырза ауылы тұр. Тау аңғарында тұрған жалғыз Қызылкесік пен Кіндікті ауылдық округтері ғана. Солтүстік-шығысқа қарай Қарасу, Тұғыл, Ақжар, Жетіарал, Шілікті ауылдық округтері бар.

Ақсуат өңіріндегі табиғи-тарихи ескерткіш Бөрітостаған жартасы талай рет зерттелсе де, оның нақты құпиясы ашылмай келеді. Ал, Қырықоба, Төртоба, Қараоба және Шарбақбейіт деп аталатын төбешіктерге археологтардың күрегі әлі тимей келе жатыр.

Тарбағатай ауданының батысы – Аягөз және Жарма, солтүстігі – Көкпекті және Күршім, оңтүстік-батысы – Үржар, Шығысы Зайсан аудандарымен шектеседі. Ал оңтүстік-шығысы Қытай шекарасымен тұйықталып жатыр.

Тарбағатай ауданына қарасты Ақсуат аймағында үлкен-үлкен үш өзен бар. Оңтүстіктен солтүстікке қарайғы ретімен қарастырсақ, ең бірінші Қарғыба өзенінен бастауымыз керек. Қарғыба өзені Тарбағатай тауының орта шеніндегі Қызасу биігінен бастау алып, Базар өзеніне құяды. Ал Тарбағатайдың тас бұлақтарынан жіңішкеленіп басталатын Базар өзені Қарғыба, Талдыбұлақ, Құлынбұлақ, Рахметбұлақ сияқты өзен-бұлақтардан суы молая түсіп, Зайсан көлінің көгілдір толқындарымен араласып кетеді. Тарбағатай тауының солтүстігіндегі Өкпетіден басталатын Боғас өзені 80 шақырымнан астам қашықтыққа созылып барып, Боғас бекетінің тұсында сарқылып тынады. Көктемде қар суымен қатты тасығаны болмаса, өзіне құятын қосымша сулардың аздығынан болар, жауынсыз жаздарда бұл өзеннің аяққы арнасы мүлдем құрғап қалатыны бар.

Үш өзеннің де тым ерте замандардан келе жатқан «кәрі өзендер» екендігін өте кең, үлкен арналарынан, тым терең, қатпарлы жар қабақтарынан анық тануға болады. Көнекөздердің айтуы бойынша, Жоңғар шапқыншылығы кезінде бұл өзендерден өткел таба алмаған дұшпанның қалың қолдары сан рет сансырап қалған көрінеді.

Өзен сулары мол, жер жағдайы егін егуге қолайлы болғандықтан, Ақсуат өңірінің ойдағы елінің біразы отырықшыланып, диханшылықпен де ерте кезден-ақ айналысқан екен. Зерттеуші ғалымдардың айтуынша, бұл өңірдің қырлауыт тұстарындағы терең арықтар мен тарапталған танаптардың, тоғандардың бүгінге жеткен сорап іздері, кейбір жер, су атаулары бұл өңірде егіншіліктің тым ерте дәуірлерде-ақ дамып, жетілгендігін дәлелдейді.

Енді тау суларына келетін болсақ, олар – Қайрақты, Нарын, Аршалы, Тебіске, Тақиякеткен. Осы тау өзендерінің бір ерекшелігі – сай сайды аралап, иретіліп, бұлаңдап ағатындығы. Бұл өзендерде біз «патшабалық» деп атап жүрген форель балығы өте көп. Бірақ балықтың басқа түрі мүлде кездеспейді. Судың өте суықтығынан болса керек…

Тарбағатай тауы Сарыарқаның бел-белесті аласалау шоқыларынан басталып, қытай жеріндегі Сауыр-Сайқан тауларына дейін 300 шақырымға созылып жатыр. Жалпақтығы 50 шақырымнан астам. Тастаудың тұсындағы биіктігі – 2991 метр. Ең биік шыңы Жалаулы. Таудың биік тұстарын мәңгі мұзарттар мекендеген. Тау өзендері осы мұзарт­тардан бастау алады.

Тарбағатай тауы шығысқа қарай Сарышоқы, Маңырақ, Жақсы Арғанаты, Жаман Арғанаты болып бөлініп барып, Алтай Сауырымен шектеседі. Биік тау жазыққа қарай аласара береді де, Жон және Қаратау деген екі бөлек атаумен енші алысады. Жон дегені – биіктігі 2000-2500 метр болатын тұстары. Ал енді Қаратау деген атауына келетін болсақ, бұлар – аласа таулар. Биіктігі, шамамен, 800-1000 метр. Бұған Долаңқара, Қызылтас, Кішкенетау, Ақтүбек, Құсмұрын, Түйемойнақ, Ботамойнақ таулары жатады. Бұл таулар, негізінен, қыстаулық жерлер.

Жалаулы шыңының шығыс жағына қарай орналасқан, шамамен, 1500-2000 метр биіктікте тұрған көздің аясындай ғана екі көл – әлемдік ғайыптардың қатарына қосуға татитындай тосын, құпиялы құбылыс. Бұларды кейде Жасылкөл, кейде Қосжасыл деп те атайды. Суы жап-жасыл. Түбіне қарасаң, балдыр немесе басқадай су түбінде өсетін шөп түрлері көрінбейді. Тағы бір ғажабы – жағасы айнадай теп-тегіс. Жалаулы басындағы алып мұздақтардан еріп аққан су осы екі көлге келіп құяды. Бірақ осы су асып-төгіліп ешқайда ағып шықпайды. Судың қайда кетіп жатқаны да беймәлім. Осы Жасылкөл маңында Қараайрық, Қызылбастау деген жерлер бар. Бір ерекшелігі, суыр індерінен ылғи көмір шығып жатады. Бұрын сол көмірлерді жаз жайлауда отырған шопан-бақташылар қапқа жиып алып, отынға пайдаланушы еді.

Аршалы өзенінің бас жағындағы биіктен құлай ағып жатқан бұлақтың суын жергілікті тұрғындар емге пайдаланады. Оның суына аршаны араластырып қайнатып, сал, құяң, сарық сияқты дерттерге қарсы дәру ретінде қолданады.

Тағы бір ғажайып қоныс – Елеке сазы. Мұның атауы Мұрын ішіндегі қыдыр руының Елеке деген байының есіміне байланысты қойылған.

Елеке сазы – екі таудың ортасына орналасқан жазық. Саз десе – саз. Басқан аяғыңыздың асты былқ-былқ етіп, қалың түкті қалы кілемнің үстінде жүргендей рахаттанасыз. Бұл жерді «қой бүлдіргеннің отаны» деуге болады. Мұнда жаз бойы жайылған малдың тұяғынан қып-қызыл түс әсте арылмайды. «Ат тұяғын бояған» деген – сол.

Тарбағатайда өсетін ағаш-бұталар – тал, қайың, терек, қаратал, шілік, ырғай, сарыағаш, арша.

Жеміс ағаштары – алма (ранет), долана, қарамойыл.

Жеміс, жидектер – бүлдірген, қарақат, тошала, зирек (барбарис).

Сәуір айынан бастап – таусарымсақ, мамырда – рауғаш, маусым-шілдеде – бүлдірген, тамызда – қарақат, тошала, қыркүйекте зирек пісіп жетіледі. Әсірелеп айтқанда, бұл тауда жүрген адамның көктемнен қара күзге дейін жемістен аузы кеппейді деуге әбден болады.

Ал енді мұнда өсетін шөптерге келетін болсақ, олар – көк бетеге, тарлау, бидайық, раң оты, тау жалбыз, су жалбыз, селеу, көк қияқ, айғыр қияқ, бірсалар, қараңдыз, бетеге, ақ жусан, қара жусан, өгей шөп, алтын тамыр, у қорғасын, күшәлә, шәй шөп, адыраспан, қышыма (қалақай), ермен, құмсағыз, майсасыр, бөлтірік, ебелек және т.б. шөптер.

Аңдары – таулы аймақта аю, қасқыр, сілеусін, мәлін, түлкі, суыр, ор қоян, марал, қарсақ, елік, арқар, тау ешкі.

Құстары – бүркіт, лашын, ақ сұңқар, қаршыға, ителгі, күйкентай, шәуқарға, ұлар, кекілік, шіл, үкі, жапалақ және т.б. құстар. Өзен бойларында үйрек, қызғыш, балықшы, зымыран кездеседі…

Жергілікті жұрттың айтуынша, Тарбағатай тауының таңбалы тастарына әлі де болса ғылыми тұрғыда назар аударылмай келеді. Мысалы, Тарақты жайлауындағы Таңбалытасты көрсеңіз, бүтіндей бір галереяны қызықтағандай боласыз. Найзалы жауынгер, Ай мен Күн, ит ерткен аңшы, бұғы, марал сияқты аңдардың бейнелері. Ал, Тіленші жайлауындағы, қайдан келгені белгісіз құпия сырлы қой тастардың да бітім болмысы әлі зерттелген жоқ. Бұл қой тастардың кереметі – күн сәулесі түсе қалса болды, жалт-жұлт етіп жарқылдап, алуан түрге құбылады. Осы қой тастардың табиғи құрамы зерттелсе ғой, шіркін!..

Аудан орталығы Ақсуат ауылының қазіргі кезде көркейіп кеткендігі туралы айтпай тұрып, мына бір мөлтек оқиғаны еске ала кетейін.

Ақсуатқа тым алыс жақтан кештете келген бір жаңа құдаларымыз самаладай жарқыраған көшелерді, сәнді-салтанатты ғимараттарды, үлкен мешітті, тіпті, Астанада атойлап тұрған Бәйтеректің кішірек «інісін», орталық алаңқайдағы жылқылар мүсінін, көше бойын қуалай егілген шыршаларды көріп, көліктерінен түсе салысымен күтіп алушыларға: «Ақсуат деген өзі… тым әдемі қала екен-ау!» депті. Сол құдалардың осы бір «әдемі қала екен-ау!» деген сөзі біздің ауылдың дабырашыл жұртына тез тарап, біраз масайратып тастаған.

Тарбағатай ауданына әкім болып Ділдәбек Оразбаев келгелі Ақсуат ауылына шуақты, шұғылалы жаңалықтар көптеп келді. Көшелердің бәрі жарықтанып, көгалдандырылып, асфальтталды. Сырт сипаттары жасылды-қызылды ғимараттар мен тұрғын үйлер көптеп салынып, Ақсуат ауылының аумағы да үлкейіп кетті. Ауыл ортасындағы Жеңіс бағы – ең жақсы демалыс орны. Мұнда балаларға арналған неше түрлі қозғалмалы, айналмалы ойын орындары бар. Үлкендерге арналған демалыс мүйістері де жетерлік. Ауыл халқы мешіт пен қатымхананың да, заманауи сәнмен салынған мейрамханалар мен тойханалардың да рахатын көріп отыр. Айтпақшы, бұл игіліктер қатарында құрылысы салынып болып, енді халық игілігіне салтанатты түрде тапсырылуы ғана қалып тұрған өте үлкен, аумақты, еңселі жаңа мешіт пен заманауи спорт кешені де бар екенін айта кетуіміз керек.

Туған жердің тұла бойы көркейгенге не жетсін!

Туған елдің думан-тойы көбейгенге не жетсін!

Әбубәкір ҚАЙРАН,

ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.

АЛМАТЫ.

 

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*