Майдановтың майданы

Кайыргелди-2Төрткіл дүние қашан тыныштық тауып еді?  Дөңгеленген Жер-Ананың кіндігіне байланған жұмыр басты пенде шіркіннің маңдайына  атам заманнан  қырғи-қабақ соғыс, алысып-жұлысу, қан төгу,  шайқасу жазылып қойғандай…  Бәрін бастайтын – саясаттың отын көсеушілер, отқа түсетін – қарапайым халықтан шыққан жауынгерлер… 

Бір кездері КСРО-ның Ауғанстанға басып кіруі,  Қап тауындағы «чешен соғысы» атанған қанды қырғындардың    қай-қайсысы да  тарих бетінде қаралы атымен жазылып қалды.  Кім үшін, не үшін соғысып жүргенін санасында қорытып үлгермеген сан боздақ  қыршынынан қиылды.

  Солардың бірі – Қайыргелді Сайынұлы МАЙДАНОВ.
Екі соғыста да асқан батырлық көрсетіп,  әуе шайқасының ғаламат қас шебері болған алаштың ақиық азаматы Кеңес Одағының Батыры және Ресей Федерациясының Батыры атанды.

Батыр әулеттің батыл ұланы

Батыс Қазақстанның Жымпиты ауданына қарасты Тасқұдық ауылы – түгін тартса, майы шығады дейтін құнарлы өңір. Сағынғали ақсақал кезінде Тасқұдықтың ауыл шаруашылығын дамытуға бір кісідей үлес қосқан кісі. Ағайындарымен ауылы аралас, қойы қоралас ынтымақты тіршілік кешкен қарапайым еңбек адамы, қазақ даласына келген өзгерістердің бел ортасында жүрді. Қазан төңкерісін көрді. Кеңес өкіметінің бесжылдық жоспарларын орындауға атсалысты. Мал бақты, егін өсірді. Әкеден қалған қара шаңырақтың түтінін түтетіп, Сайын, Науан, Шернияз атты үш ұл сүйді.

Елді дәл индустрияландыру жылы дүниеге келген үлкені Сайын ширақ қимылдайтын, сергек, алымды жігіт болып өсті. Техникаға үйірлеу ол соғыс жылдарында және одан кейін де сан салалы шаруашылық жұмыстарына қатысып, ауыл­да алғашқылардың бірі болып мәшине руліне отырды.

Сол кездерде Ресейден бері қарай күшпен көшірілген неміс ұлтының өкілдері келе бастаған. Тасқұдыққа да ондаған отбасы көшіп келді. Неміс халқы ашық, тез тіл табысатын жұрт қой. Жергілікті қазақтармен емен-жарқын араласып, жұмыстың көрігін қыздырып әкетті. Жастар жағын табыстыратын ортақ дүниелер аз емес. Кешке серуендеп шығады, киноға барады.

– Сондай күндердің бірінде Сайын ағамыз немістің әдемі бір қызымен көңіл жарастырып, үйленетін ойы барын білдірді, – дейді Ақжайық ауданының орталығы – Чапаев ауылында тұратын Шернияз ақсақал. – Сөйтіп, той өткізіп, Галина жеңгемізді үйге түсірдік.

Сыйластығы жарасқан Сайын мен Галина Сағынғали әулетіне құт әкелді. Тамырын тереңге жайып, жапырағы жайқалған бәйтеректей үлкен отбасы бақыттың базарына айналды. Сайынның кіндігінен сегіз бала өрбіді. Сол сегіздің бірі – Қайыргелді. Бала кезінен әкесіне тартқан өжет, тез қимылдайтын әбжіл және төзімді болып өсті.

Шернияз ақсақал былай деп еске алады: «Ол кішкене кезінде біздің үйде, атасы мен әжесінің қолында тәрбиеленді. Ол уақытта мен үйленбегенмін, әке-шешем «Шернияздың артынан ерген інісі» деп отырушы еді. Қайыргелдінің былдырлап сөйлегенін қызық көріп, мәз болып отыратын жарықтықтар».

Болашақ батырдың жерлестері мен достарының қай-қайсысы да Қайыргелдінің осындай жақсы қасиеттерін жыр қылып айтады. Онымен бір сыныпта оқыған Евгений Митрясов қазір Ақжайық ауданының Чапаев ауылында орманшы. Бала кезінен бірге өсіп, бірге ержеткен Қайыргелді ол үшін нағыз хас батыр әрі ең қарапайым жандардың бірі. Аспаған, таспаған, мақтау сүймейтін азамат болды.

– Біз Шағатай ауылының өкпе тұсындағы Жезбұға көліне жиі баратынбыз (Бұл кезде Сайынның отбасы Тасқұдықтан Шағатайға көшіп келген). Жазда суға шомылсақ, қыста коньки тебеміз. Хоккей ойнаймыз. Әйтеуір таңертеңнен кешке дейін ақ тер, көк тер болып көлде жүреміз. Бесінші сыныпта жүрген кезіміз. Әдеттегідей, конькиімізді, шанамызды алып көлге бардық. Мұз енді-енді қата бастаған. Сырғанақ тепкіміз келіп аңсап жеткен басымыз, оның қауіптілігін естен шығарғанбыз. Әсіресе, мен өзгелерден оқ бойы алға кетіп едім. Сол «ұшқырлығым» өзіме пәле болды. Жалтыр мұзбен сырғанап алып жөнелдім, кенет, қабыршақ мұз сытырлап, аяғымның асты ойылып бара жатты. Әу деуге шамам келмей, суға түстім де кеттім. Жанталаса қарманып, аяғым жерге тимей, бар дауысыммен айқайлап жатырмын. Малмандай су болған киімім төмен тартып барады. Бірге келген балалар үрпиісіп кейін қарай қашты. Дәл сол сәтте «өлдім» деген қорқынышты ой миымды тілгілеп өтіп, санамды билеген үрейден есім шығып кетті. Тек, біреу қолыма жармасып, өзіне қарай тартып жатқанын сезген сәтте ғана алға қарай ұмтыла бердім. Аяғым жерге тигенде барып, ажал құрығынан құтылғанымды түсіндім. Сөйтсем, басын бәйгеге тігіп мені құтқарып алған Қайыргелді екен. Оның үсті де су болды. Екеуміз алды-артымызға қарамай ауылға қарай жүгірдік сосын, – дейді Е.Митрясов.

«Болар бала – жасынан» деген. Сайынның Қайыргелдісі туралы Тасқұдық, Шағатай ауылына бара қалсаңыз, осындай сан түрлі әңгіме естисіз. Атасы Сағынғали мен әжесі Қанияштың тәрбиесін көріп, әкесі Сайынның ер мінезді тұлғасын танып өскен батырдың бойында мұндай қасиеттердің болуы заңды еді.

«Қиын… бірақ бәріне үлгеремін»

Мектеп бітірген соң Қайыргелді досы Алексей Шурихин екеуі Ақтөбедегі авиа­ция училищесіне оқуға құжат тапсырды. Леша сынақтан сүрініп, Қайыргелді оқуға түсті. Бірақ екеуі ауылға бірге келді. «Оқысақ, екеуміз бірге оқимыз, оқуға біреуміз түспесек, ауылға бірге қайтамыз», деген алдын ала жасалған достық сертті ол осылайша орындады. Ауылда жүргізушінің оқуын оқып, өндірістік комбинатқа шопыр болып орналасты. Сосын әскер қатарына аттанды. Екі жылдан соң Қайыргелді әскери бөлімнің жолдамасын алып оралды. Жолдамамен оқуға барған Қайыргелді Майданов енді Саратовтағы жоғары әскери авиация училищесіне оқуға түсті.

– Айналайынды сол училищеге мен апарып едім, – дейді Қайыргелдінің әкесінің інісі Шернияз ақсақал кемсеңдеп. – Осы жол оның көкті аңсаған биігіне бастады ғой…

Қайыргелді оқу орнының дәуірлеп тұрған кезінде білім алды. Аэродинамика, жоғары математика, физика, тактика, экология, социология, конструкция және авиациялық техниканы пайдалану, инженерлік графика сияқты көптеген пәндер оңай шағыла қоятын жаңғақ емес. Оны былай қойғанда, болашақ ұшқыштардың шыныққан шымыр болуына баса назар аударылды. Сондай-ақ, ұдайы вестибулярлық аппаратпен жаттығып, әрі тез әрі жиі қайталанатын түрлі ауытқулар мен бас айналдыратын жаттығуларда төзімділік таныту қажеттігі және бар. Мұны шыдаған адам ғана жеңіп шығады.

Қайыргелді бәрін басынан өткерді. «Бізде темірдей тәртіп. Оқу жағынан да, дене тәрбиесі жағынан да, тәжірибе жинақтау жағынан да өте қатаң. Пәндердің біреуінен бір тақырыпты мүлт жіберсең, оны екінші қайтара оқып түсіну үшін уақыт бөлінбейді. Келесі пәнмен қабаттастыра өзің оқып, меңгеріп алуың керек. Қиын… бірақ бәріне де үлгеруге тырысып жүрмін», деп жазатын ол досы Е.Митрясовқа.

Қайыргелді 1980 жылы авиация училищесін ойдағыдай тәмамдады. Әскери ұшқыш атанған соң алдымен Одессада, Венгрияда қызмет етті. Сосын әскери бөлімдерде жиі болып жататын орын ауыс­тыру шараларының бірінде Забайкалье әскери округіндегі тікұшақ полкіне жіберілді. Бірер жыл шыңдалған соң жолы Түркістан әскери округіне түсті. «Ми-24» тікұшағының штурвалында отырды.

«Вертушканың» қас шебері

Ауған соғысы басталмас бұрын алдымен соғыс жағдайына келтірілген бөлімдердің бірі Жамбылда орналасқан 181-ші жеке тікұшақ полкі болды. Негізі ол 1973 жылы Теміртау қаласында құрылған, содан кейін елдің оңтүстігіне көшірілді. Ал полк тарихына үңілер болсаңыз, Ауғанстандағы соғыс басталар алдында, алғаш 1979 жылы 11 желтоқсанда дабыл қағылып, полк тікұшақтары Шыршық қаласына жеткізілген. Сол желтоқсан айының 23-інде жекелеген тікұшақтар Ауғанстан аумағына өтіп, барлау жасаған. Ал 1980 жылы 15 қаңтарда «Ми-6» ауыр көлік және «Ми-8» тікұшақ эскдарильясы құрамында Ауғанстанға ұшып өтіп, Құндыз және Файзабад төңірегіне орналасады. Бұл кезде полк командирі полковник Владислав Рушинский еді.

– Біз Шыршық – Қарши – Кокойта арқылы өттік. Полк командирі өте мейірбан, адал кісі еді, – деп еске алады тікұшақ ұшқышы, ауған соғысының ардагері Мұхаметжан Қазамбаев. – Алғашқы болып полк командирінің орынбасары Вячеслав Гайнутдинов әскери тапсырмасын орындап қайтты. Осыдан кейін басталды бәрі…

Негізі, 181-ші жеке тікұшақ полкін әр жылдары әртүрлі командир басқарды. Мәселен, 1981-1982 жылдары полковник Евгений Варюхин, 1982-1983 жылдары полковник Геннадий Сергеев, 1983-1984 жылдары полковник Марсель Бигеев, 1984-1985 жылдары полковник Вячеслав Письменный жауапты істің тізгініне ие болды. Ал Қайыргелді Майданов тура осы болашақ Кеңес Одағының Батыры Вячеслав Письменный полк басқарған жылы, яғни 1984 жылы келді.

– Қайыргелдімен Венгрия жерінде бір эскадрильяда болғанбыз. Батыл, өз ісін жетік білетін азамат еді. Тағдыр ауған жерінде тағы да жолымызды түйістірді, – дейді Мұхаметжан Қабылбекұлы.

Ауған жерінде Қайыргелді өзін барлық қырынан көрсете білді. Бірінші рет 1984 жылы желтоқсан айында Ауғанстанда әсери тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, қырағылығымен көзге түскенін бүгінде әріптестері жыр қылып айтады. Капитан Майданов ең үздік барлаушы және жердегі нысандарды жоюшы тікұшақ ұшқышы болды. Ол ұшу техникасын да, борт жабдықтарын да бес саусақтай меңгерген «вертушканың» қас шебері еді деседі олар.

Біздің алдымызда Роман Алехиннің «Тайфуны под ударом» деген шығармасы жатыр. Соның бір тұсында ол былай деп жазады: «Жетекші тікұшақтың кабинасында тікұшақ звеносының командирі Николай (Қайыргелді) Майданов отыр. Ол екінші ұшқыш Сергей екеуі қимылдауға ыңғайлы болу үшін шолақ балақ шалбар киген, үстеріндегі ауыр күртешенің қалталарына автоматтың оқтаншайлары, белгі беретін ракеталар, «Комар» радиостансасы, тапанша және аңшы пышағы салынған. Бұлар – тікұшақ атып түсірілген жағдайда моджахедтерден құтылу үшін керек қарулар. Мұндай оқиғалар талай болған, атып түсірілген ұшқыштар оларды іздеп тапқанша екі-үш күн өз бастарын қорғап жүрген. Ал егер моджахедтер бірінші болып кезіксе, ұшқыштар жауға берілгеннен гөрі өлімді артық санайтын…».

«Стингер» сергелдеңі

Қайыргелді қызмет ететін Венгриядағы тікұшақ полкіндегі жігіттерге Ауғанстанда интернационалдық борышты өтеу туралы әңгімелер айтыла бастаған кезде, бас тартқандары да болды. Ондайларға партияның саясатын түсінбегендері үшін сөгіс беріліп жатты. Дегенмен, жауынгерлік тапсырманы орындауға ұшқыштардың көпшілігі әзір еді. Себебі, әскерде бұйрық талқыланбайды, орындалады.

Сол 1984 жылы қыркүйектің 10-ында 10 экипажы бар 30 адамнан тұратын эскадрилья шекарадан өтіп, Құндыз провинциясына орналасып, Ауғанстанның осы солтүстігінде әскери операциялар жүргізе бастаған-ды. Қайыргелді таулы жерде тікұшақпен әуеден соққы жасаудың қыр-сырын жолдастарымен бірге әр ұрыс сайын жетік меңгере түсті. Тікұшақ эскадрильясындағылар күн өткен сайын дұшмандардың қару тасып жатқан керуендерін тауып, оларды жою жөніндегі міндеттерін орындауға ысыла берді.

Ал керуендердің таситындары анау-мынау емес, көбінесе америкалық және ағылшындық «Жер-Әуе» класты зымырандар. Бұлар тікұшақтар мен ұшақтарды атып түсіруге ыңғайлы қарулар еді. «Блоу-пайн» және «Стингер» ракеталарының аты сол кезде кәдімгідей үрей туғызатын. 1983 жылы Ауғанстанда ұрыс қимылдарын жүргізіп жатқан әскерилердің алдына «Стингер» ракетасын қолға түсіруге тапсырма берілгені, оны орындағандар бірден Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылатыны туралы нұсқау жасалғаны да тегіннен-тегін емес.

«Стингерді» моджахедтер иыққа салып алып жүрді. Кез келген жерден соққы беруге қолайлы. Бар-жоғы 30 секундтың ішінде атуға дайын тұрады. Және нысана инфрақызыл сканер арқылы көзделеді. Сағатына 1,5 мың шақырым жылдамдықпен ұшатын ракета кеңестік ұшақтар мен тікұшақтардың сорына айналды. Ресми деректер бойынша, тек 1986 жылы ғана моджахедтер кеңестік «Су-25» жойғыш ұшақтарының 4-еуін атып түсірген екен. Ал 1987 жылы бір эскадрилья құрамындағыдай ұшақтар жойылған. Осының өзінен-ақ кеңес ұшақтары мен тікұшақтарына қырғидай тиген құпия ракетаның қандай қауіпті болғанын байқау қиын емес. Сондықтан да Қайыргелділер қару тасыған кез келген керуенді жоюға батыл кірісті.

«Бірде Бараки ауданындағы елді мекен тұсынан ірі керуенді жойдық. Сол жолы дұшмандардан «Жер-Әуе» класты 56 «Стрела» ракетасын қолға түсірдік. Осы ракеталармен олар Пәкістан жерінде тұрып біздің ұшақтарды атып түсіретін. 70-тей дұшман жер жастанды. Осыдан екі ай өткенде тағы бір керуеннің көзі құртылды. Сөйтіп, төрт бірдей америкалық «Стингер» мен ағылшындық «Блоу-пайн» қолға түсірілді», дейді журналистерге берген сұхбатында Қайыргелді Сайынұлы.

Сол жолы Майдановтың тобындағы бір экипажға ракета тиіп, еріксіз қонуға мәжбүр болды. Бірақ Қайыргелді Сайынұлы дұшмандар келгенше жігіттерін қауіпсіз жерге шығарып үлгерген еді.

Ауғанстандағы соғыс психологиялық тұрғыда да ауыр болды. «Қара қызғалдақ», яғни мырыш табытты тасымалдайтын ұшақ күнделікті ұшып келеді, күнделікті ауыр жағдай орнайды. Тек бір жұбанарлық нәрсе – кейде пошта ұшағы қатар жетеді. Ондайда жігіттер елдің хабарын есітіп, мәре-сәре болып жатады.

Қайыргелді де Татьянадан жиі хат алып тұрды. Айтатыны – ауылдың күнделікті тірлігі, үйішілік жаңалықтар. Екі баласының өсіп келе жатқандығы. Туған елінің тынысын сезініп, сондай сәтте ол бір масайрап қалады. Жайық өзенінің жағасында қыдырған бақытты күндерін көз алдына келтіреді. Дәл соғысқа аттанарда Татьяна кішкене қалтаға туған жерінің бір уыс топырағын салып, тігіп берген. Тұмары – сол. Атқан оқтан, жарылған снарядтан сақтайды деп ырым етеді.

Татьяна – Чапаев ауылында тұрған корей азаматының қызы. Екеуі көңіл жарас­тырып, отау құрған алаңсыз сәттері кеше ғана сияқты еді. Енді, міне, Қайыргелді болса, екі сәбиін мейірленіп иіскей алмай, от кешіп жүр…

«Не бәріміз кетеміз, не бәріміз қаламыз!»

1988 жылы 29 шілдеде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Интернационалдық жауынгерлік парызын өтеу кезінде көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін Николай (Қайыргелді) Сайынұлы Майдановқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі (№11582) қоса тапсырылсын» деген Жарлығы шықты. Кеңес Одағының бас газеттері «Правда», «Известия» және «Красная Звезданың» бірінші бетінде осы жарлық жарық көрді.

Бұл Қ.Майдановтың Ауғанстанға екінші рет 1987 жылы барған кезінде болған жайт. Он бес айдың ішінде Майдановтың есебіне қару тасыған ондаған керуенді жойғаны, «Ми-8» тікұшағымен 1250 рет жауынгерлік тапсырмаларды орындау үшін ұшып шыққаны, жеке өзі соғыс жүріп жатқан аумақтан 85 жараланған солдат пен офицерді құтқарғаны, 100 тоннадай жүк тасып, жүздеген десантшыны жеткізгені жазылған еді.

Мұның бәрі айтқанға ғана оңай. Әйтпесе, жанын шүберекке түйіп, кейде, тіпті, адам қолынан келуі мүмкін еместей көрінетін тәуекелге барып, әрекет еткен ұшқыш тағдырының қанша мәрте қыл үстінде тұрғанын сол кезде біреу білсе, біреудің білмеуі де мүмкін еді. Тек оны көзімен көрген майдандас жолдастары аңыз ғып айтып жүрді.

1987 жылы 12 мамыр күні Қайыргелді Майданов пен Юрий Кузнецовтың экипажы кезекті қару тасыған керуен байқалған тау шатқалына арнайы мақсаттағы десант жасағын түсірген. Енді кері қайтар тұста, қып-қызыл шайқас басталып кетеді. Бұлар ойлағандай емес, моджахедтердің саны басым болып, десантшыларды айнала қоршап, қыспаққа алады. Оттың аузына келіп түскендерін сонда бір-ақ сезінген десантшылар командирі Корчагин тікұшақтардан дереу көмек сұрайды. Бұл кезде тікұшақтар ұзап кеткен еді әрі жанармай да шегіне тақап қалған. Еріксіз десантшылар тобын құтқару үшін қайта бұрылып келіп, күйіп тұрған ажал апанынан жігіттерді дін аман алып шығады. Бұл кезде базадағылар тікұшақтармен байланыс жоғалғаны туралы Кабулға хабарлап үлгерген екен. Тікелей командирінің бұйрығын орындамағаны үшін Майдановты кінәлап, ұшуға тыйым салады. Ертеңінде базаға келген эскадрилья командирінің орынбасары ұшқыштар әрекетінің дұрыстығына көз жеткізеді.

Ал Қайыргелді Сайынұлына батыр атағы берілген оқиға былай болған. Сол кезеңдерде Жалалабадпен шекаралас Пәкістан жерінде дұшмандардың «Қара ләйлек» деген атаумен белгілі элиталық қарулы тобы құрылған еді. Физикалық жағынан ерекше даярлықтан өткен, мұздай қаруланған арнайы содырлар жасағын ол уақытта әлі атағы шыға қоймаған, кейін әлемдегі №1 лаңкес Усама бен Ладен басқарған. Олардың мақсаты кеңес тікұшақтарын түрлі әдістермен өздеріне жақындатып, «Стингермен» атып түсіру еді. Сол содырлар тобы шекарадан бері өтті деген барлаушылар хабары келісімен, екі күн даярлық жасалып, әскери басшылықтың бұйрығымен биік таудағы Газний тікұшақ алаңынан Алексей Радаев пен Александр Евдокимов басқаратын екі «Ми-24» тікұшағы ұшып шықты. Екеуінде арнайы мақсаттағы 30-дай сарбаз-десантшы бар. Олар ұшып кеткен соң 56 минут өткенде командалық пункттен эскадрилья командирінің бұйрығы естілді: «Десанттық-іздестіру тобы дереу ұшып шықсын!»

Бұл кезде «МИ-8» бортында дайын отырған Майдановтың экипажы Радаев-Евдокимов тобы қиын жағдайда қалғанын бірден сезді. Расында, «Қара ләйлектер» екі «Ми-24-ті» бір мезгілде «Стингердің» құрбандығына айналдырған. Радаев та, Евдокимов та тікұшақтарын әрең басқарып, бір-біріне жақындап келіп, жер сүзе құлайды. Отыз адамның бесеуі бірден қаза табады. Тірі қалғандары ауыр жараланғандар мен өлгендерді өртеніп жатқан тікұшақтардан жанталаса шығарып, айнала қорғаныс жасайды. Бұл кезде моджахедтер оқты қарша боратып, десантшылардың көзін жоюға кіріскен. Кейін белгілі болғандай, жағдайдың қиындағаны соншалық, топ жетекшісі Евдокимов 50 минуттың ішінде қосымша күш келмесе, қолға түспей, гранаталармен өздерін өздері жаруға дайын тұруға бұйрық береді.

Дегенмен, бір «Ми-8» және 10 «Ми-24» дер кезінде келіп жеткен еді. Өзге тікұшақтар дұшмандарды атқылап жатқанда, Қайыргелді өртенген «Ми-24-тердің» жанындағы алақандай жерге қонуға тәуекел етеді. Хайракот тауының қиын шатқалындағы осы шайқас нағыз тозақтың отындай еді. «Қара ләйлектің» арнайы мақсаттағы тобы жанталаса атқылап, өздері аңдып жүрген, басына миллион афгани тігілген №011 борттың ұшқышын құтқармауға тырысқандай өршеленді. Тікұшақтың сау жері жоқ, оқ тесіп өтіп жатыр. Қайыргелді түтін мен шаңның ішінде «Ми-8-ін» әр тұсқа ыңғайлап жылжытып, десантшылар жылдам отыруға жағдай жасайды. Бірақ түгендеу кезінде бір десантшының жоғы анықталады. Құтқару тобын басқарып келген, «Батя» атанып кеткен Блаженко моджахедтерді соққының астына ала жүріп, «№011, жүгіңмен тез көтеріл де, соңымыздан ер», деп команда беріп, жанталасқан кезде Қайыргелдінің: «Не бәріміз кетеміз, не бәріміз қаламыз!» деп, салқынқандылықпен жауап бергенін десантшылар көпке дейін аңыз қылып айтып жүрді. Ақыры Ауғанстанға келгеніне бір жыл да бола қоймаған, әбден абдырап, есі шыққан жас сарбазды тауып әкеледі. Бортта 35 адам! «Ми-8» орнынан тіке көтеріле алмайтын ауыр салмақ. Қайыргелді амалдап, тар жерде тікұшақты кәдімгі ұшақша жүгіртті. Екі жағы жартас, шыр айналып тұрған қалақша тиіп кетсе болды, быт-шыты шығады. Құзға құлдилап түсіп бара жатып, қалақша айналымы тиісті деңгейіне жеткен кезде «Ми-8» әрең дегенде еңсе түзеп, біртіндеп көтеріліп, алыстап ұзай берді. Оқиғаны көрген «Қара ләйлектердің» өздері таңданып, оқ атпай тұрып қалған еді» деп жазады. Десантшылар құтқарылды.

Қайыргелді Майданов бірінші болып қолданған осы жауынгерлік әдіс кейін КСРО Қарулы Күштері тікұшақтары бөлімдеріне тәжірибе ретінде тарап кетті.

Қыран қазасы қияда

Кеңес Одағы тараған кезде Қайыргелді Майданов Қазақстанға келіп, Тараздағы 157-ші тікұшақ полкін басқарды. Бұл кезде біздің жас авиация әлі серпіле алмай тұрған. Одақ тарағаннан кейінгі қиындықтар салдарынан авиациялық жанармай жоқ, ұшақтар мүлде ұшпайтын кез еді. Өстіп жүргенде майдангер ұшқыш қарулас жолдастарының шақыруымен Ресейге қоныс аударып, онда Санкт-Петербург түбіндегі полктің командирі болады. Көп ұзамай ол Чешенстандағы соғысқа жіберіледі. Бұл жерде батыр өз заманының, саясаттың құрбанына айналды деуге толық негіз бар. Сөйтіп, ол борт нөмірі 600-ші тікұшақты басқарады. Ауғанстандағы сияқты мұнда да содырлар оның «қолтаңбасын» тез танып алады. Майдановтың басына жарты миллион доллар тігіледі.

1993 жылы 13 желтоқсан күні Аргун шатқалының көмейінде атып түсірілген үш бірдей тікұшақтың экипажын құтқару кезінде Майданов тағы бір өлім аузынан қалады. Оған қарсы содырлар өздері бекінген 40 оқпаннан оқ жаудырып, тікұшағы 15 жерден шұрқ-тесік болады. Соған қарамастан, Қайыргелді қаруластарын құрсаудан аман алып шығады. Осыдан кейін екі апта өткенде Солтүстік Кавказ әскер тобының қолбасшысы Виктор Казанцев пен бір топ журналисті құтқарады.

Қыран қазасы қияда. Көк жүзін аңсаған қазақтың батыр оғыланы, полковник Қайыргелді Майданов 2000 жылы 29 қаңтар күні кезекті әскери тапсырманы орындау кезінде қаза тапты. Оған уахабистер жанталаса әрекет етіп жүрген қиын тау шатқалдарының біріне десант түсіруге тапсырма берілген. Бұл өлімге өз еркіңмен бару деген сөз еді. Бірақ қайтуды, қаймығуды білмейтін тікұшақ полкінің командирі бұл қиын тапсырманы өзі орындауға бел байлайды.

«Ол жастарды үнемі қорғап жүретін. Осындай қиын тапсырмаларға баруға тілек білдірсең, «сосын, сосын… әлі үлгересің» деп қамқор болатын», – дейді Ресей батыры, ұшқыш А.Макаренко.

Расында, сол жолы командир жауапкершілікті өзі көтергісі келеді. Десантты межелі жеріне жеткізіп, қайта көтерілген кезде, содырлардың тосқауыл құрғанын, олардың қарасы тым көп екенін, жігіттерге қауіп төнгенін байқап, қайтадан қонады. Десантты алып кету керек еді. Жігіттер түгел отырып болып, көтеріліп бара жатқанда тікұшақ жаңбырдай жауған оқтың астында қалады. Бұл жолы содырлар мергенінің оғы тура тікұшақ кабинасындағы приборлар тақтайшасына тиіп, қайта серпіліп Қайыргелдінің жүрек тұсын жаралайды. Соған қарамастан, штурвалдан айырылмай, қауіпті тұстан «вертушкасын» алып шығып, тиісті биіктікке көтерілер кезде тағы бір оқ желке тұсынан тиіп, мойын сүйегін жаралап, күретамырын қиып кетеді. Сонда да штурвалды тастамай, тікұшақты базаға дейін жақындатып, содан кейін ғана тікұшақты басқаруды екінші ұшқышқа тапсырған батыр бортмеханиктің қолында көз жұмады.

Соңғы шайқасына екі-үш күн қалғанда жоғарыға оның шенін генерал-майор дәрежесіне көтеру туралы ұсыныс жасалған екен. Ерлікпен қаза тапқаннан кейін Қайыргелді Майдановқа Ресей Батыры атағы берілді. Бұл награданы Ленинград әскери округінің қолбасшысы генерал-полковник Валентин Бобрышев батырдың жесірі Татьяна Павловнаға өзі келіп табыс етті. Ал Ресей жерінде Қайыргелді соңғы рет қызмет еткен Агалатовадағы орта мектепке батырдың есімі берілді. Ол басқарған Касимовтағы гарнизон штабы үйіне мемориалдық тақта орнатылды. Көшелер Майдановтың есімімен аталады. Қаншама кітап шығарылды. «Летчик от бога» атты деректі фильм түсірілді.

Дерек көздеріне үңілсек, Ауғанстандағы соғыста Кеңес Одағының Батыры атанған 96 адамның қатарында қазақ ұлтынан жалғыз Қайыргелді Майданов қана! Бүкіл ТМД елдері ішінде Кеңес Одағының және Ресейдің Батыры атанған бір-ақ адам болса, ол – қазақ Қайыргелді Майданов!

* * *

Атаға тартып туған осындай арда ұландарын еліміз орынды мақтаныш етеді, өскелең ұрпаққа үлгі тұтады. Қайыргелді Майдановтың есімін мәңгілік есте қалдыру үшін туған жерінде жылда сан түрлі шаралар ұйымдастырылады. Оның атында көше бар. Жақында ғана Орал қаласында батырға бюст орнатылды. Батырлар бейнесі жанып тұрған алаудай уақыт өткен сайын жарқырай түседі ғой. Ендеше, Қайыргелді Сайынұлының тұлғасы да елімен бірге биіктей бермек.

Ғабдул-Ғазиз ЕСЕМБАЕВ,

журналист.

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*