«Әкем  болсаң  қайтейін?!.»

Жангыпык-1 1

Дәл осы жанға жайсыз, мұңлы оқиғаны жазуды көп ойландым. Жазсам – қазағымның намысына тиеді-ау, деп бұлқындым. Алпыс жетіге қараған шағымда, менде әлсіреп, қуаты қайтып бара жатқан жүрек, шаршап жорғасынан таюға тақау қалам, жиырма бірінші ғасырдың аламан бәйгесінде  талай сыннан аман қалған Қазақстан мемлекетінен басқа ешнәрсе жоқ еді.

Бұл менің үш тамырлы терең қасиеттерім болатын.

Отан.

Жүрек.

Қалам.

Алла тағала маған осы үш қасиетті жанымнан артық ар­дақтауды аманат қылыпты.

Алла тағала маған, өзімнің де, тұрмыс-тіршілік қамына бой алдырып кетпеуімді ерекше ескертіпті.

Алла тағаланың сол аманатына қылдай қиянат жасамай осы жасқа жеттік. Ал маған жасалған қияметтің түбі көрінбейтін. Бұл талант трагедиясы болатын.

Бірақ, Алла тағаланың көзі маған қашанда түзу болғанын бүкіл жан-жүрегіммен жақсы сезінуші едім.

Дәл осы жанға жайсыз, мұңлы оқиғаны жазбасам, ұзақ түндерде тамырлармен жалғанған жүректі алақаныммен демей басып орнымнан тұрып алып, ұйықтай алмай бөлме кезіп кететінімді есіме түсіргенде, қорлық пен қайғыдан сана езілді.

Рух пен намыс қарс айырылды.

Тірліктен мән қашты.

Ақиқат деген алып ұғым да өзекті өртеуін бір тоқтатпады. Бүгін сол жан қинаған уақиғаны қазаққа айтуға бекіндім.

Төреші де, айыпкер де, сот та өзіңсің, қара халық.

Менің жүрегіме екінші операция жасағанына қырық күн өткенде, тілеулес, қимас дос-жаран үйіме көңіл сұрап келе бас­тады. Туған бауыр-қарындасың халіңді сұраудан қалған кер заманда, қазақ ортасында тірі қалған жалғыз дәстүр, достық көңіл ғана еді. Осы жолы бұған менің көзім әбден жетті.

Кеңес кезіндегі атақты бір академик, бір профессор, ауған соғысының ардагері, батыр ма­йор, майталман хирург және мен далаға шықтық. Маған күніне бір екі сағат жүру керек болатын. Достарды машинаға отырғызып салу да парыз еді. Біздер біраз көше кезіп жүрдік. Ғылымы өл­ген,­ әдебиеті көмусіз қалған ел­дің­ текті шалдарының көңілі күп­ті болатын. Бұлардың бәрі де кезінде спорт шебері болған – бок­сер, самбист – айтулы батырлар еді. Әрине енді жан да, тән де уақыттың мүжуіне түскен. Бірақ қайсар мінез, текті тұлға, намысшыл жүрек бұлқынысын қоймаған.

 3

Көшеде жүрген ығы-жығы адам азайған уақ. Күнде кешке ағылып жататын машиналар да саябыр тартыпты.

– Реке, сен бізді тоспа, жүре бер. Біз сау, сіз ауру адамсыз. Жүрегін тамырлармен жалғатқан адам қайдан сау болсын?!. — деді академик. Ұзын бойлы, қапсағай денелі жетпістің үшеуіне шыққан нағыз ғалым әлі де қарулы көрінді. Дауысы да гүрілдеп шығады. Адамға бет қаратып сөйлетпейді. Академикті тек тыңдау керек. Сөзіне құлақ асу керек. Ақылын алу керек. Әйтпесе мінезі шатақ.

– Мен сіздерді машинаға отырғызып жіберейін, – дедім.

Жапалақтап қар жауды. Ақпан айы болса да кеш жылы еді.

Арсалаңдаған жас жігіттер көрінді. Олар да машина тоқтату­ды ойлап, көше бойына үйіріле жиналып тұрып қалды. Дабырлай сөйлеп қатты күліп, жерге шырт-шырт түкіріп мәре-сәре. Аздап шарап ішіп қызып алғандары анық сезіліп тұр еді. Бүгінгі күні, Астана мен Алматының көшелері түкірік пен қақырыққа қақалып жатыр.

Алпамсадай қара торы жас жігіт, шегіне беріп академикті қағып кетті.

– Арсалаңдап арақ ішкенді қашан қояды бұл қазақ? — деп академик жігітті сәл ғана итеріп жіберді.

– Сенің арағыңды ішкен жоқпыз, – деді мұртты біреуі.

– Әй, шал-кемпірлер үйде неге отырмайсыңдар? Көше кезген нелеріңді алған? – деді арыда тұрған бірі.

– Қағып түсірейін ба мынасын? – деді әкіреңдеген алпамсадай қараторы жас жігіт.

– Әкесіндей адамды қағып түсірем деуін қара мынаның!.. – деп академик гүж ете түсті.

– Жігітім, адыраңдама. Әкең­дей адамнан кешірім сұра. Әдеп бұзбау керек, – деді профессор.

Алпамсадай қараторы жігіт,  шұғыл бұрылып, профессордың жағасына жармасып сілкіп-сілкіп қалғанда, профессордың көнетоз пальтосының жағасы айырылып түсті.

– Әкем болсаң қайтейін?.. — деді қараторы жігіт. — Сендер әке болып не бітірдіңдер?..

Жастар анталап бізге қарсы дүрсе­ қоя берген. Оларға жауап­ беруге бізде мүмкіндік те қалмаған.

Алпамсадай қараторы жігіт профессорды иектен сол қолмен қағып жібергенде, ол жерге топ етіп құлап түсті.

Төбелестің бар тәсілін білетін әккі спортсмендер екенін біз тү­сіндік. Бірақ бізге жетпістегі шал­дарға шегінер жер қалмап еді…

Жастар төбелесті бастап кетті. Бұл төбелес емес, нағыз ұрыс болатын. Қып-қызыл майдан еді…

Жастар «әкелерін», біз «балаларымызды» аяған жоқпыз. Ел болудан қалған жұртты, ұлт болудан қалған халықты, ер бо­лудан қалған жігітті бір-бір бала­ғаттап алып, біздер жетпіске кел­ген шалдар, жиырмадан асып желіккендерге еріксіз қарсы шықтық.

Жер бетінде атасы мен неме­ресі өзге тілде сөйлейтін жал­ғыз халық бар болса, ол қазақ халқы. Бұ халық, бұ дүниеде қой баққаннан басқа не тындырды? Қай өнерімен әлемді аузына қаратты? Жиырмадағылар бізді тас-талқан қылуға жұдырық күш­терінің жылдамдығы мен қуатын аямады, сіңірі тартылып шал болған жетпістегілерде намыстан басқа түк жоқ еді.

Жұрт бізді орағыта өтіп жатты. Тіптен алыстан көріп қашқандары да бар.

Ал біздің арамызда арсыл-гүрсіл қып-қызыл майдан жүріп жатқан.

Жастар жетеу, шалдар бесеу едік…

4

Академик жас кезінде орта сал­мақта бокстасқан ғой, қара­торы жігітті оң қолы­мен шық­шыттан дәл ұрып құ­ла­тып түсірді. Екінші жігіт, тай боксының шебері болар, ака­демикті сол аяғымен құлақ шекеден теуіп жер құштырып кетті.

Академик ауырлап барып сылқ етіп құлады. Ауған майор әлі құлаған жоқ, әккі қимылмен қозғалып десантша тура соққылар жұмсауда.

Сол алақаныммен тамырлары жалғаулы жүрегімді қысып ұстап, маған қарсы шапқан ұзынтұра жігіттің ұзын қолынан бұғып құтылдым. Еңкейгенде жамаулы жүрегім зірк ете түсті. Тамырмен ше­геленген жүрек  қазір үзіліп түссе, тіл тартпай өлетініме сөз жоқ болатын.

«Динамоның» самбосынан үйренген, кісі өлтіретін нүкте ұрысты сынап көру керек еді. Оған қуат пен жылдамдық қажет.  Жүрегіне қырық күн бұрын ғана екінші операция жасатқан, алпыс алты жастағы шалдың бойынан жылдамдық қайдан табылсын?..

Оң қолдың сұқ саусағымен ұзынтұраны тамақтың астынан ұрып үлгердім. Ол құлаған жоқ. Ал мен өзімнің етпеттей құлап бара жатқанымды аңғарғандай болдым. Маңдайыммен аппақ суық қарды сүзіп барып тыншы­ғанымды сезгем де жоқ.

 5

Абылай хан мен Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысында, аппақ қардың үстінде шала жансар алпыс пен жетпіс аралығындағы шалдар жер жастанып жатыр еді. Мен есіме келгенде, хирург досымның дауысын естідім. Ол бізден жастау болатын.

– Біз өлмеспіз, Рекеңді, ауруханаға жылдам жеткізу керек, – деді хирург.

– Танауым бұзылыпты, – деді академик.

– Менің шықшытым сынып, тістерім ұшып кетіпті. Алтын тіс қой. Қараңдаршы, бәлкім табылып қалар, – деді профессор, көзімен қар сүзгілеп.

– Танауың, шықшытың түк емес. Онан да жақсыларын жасап беремін, – деген хирург қарқылдап күліп алды. – Машина тоқтатыңдар. Ауруханаға барып екі жүз грамм таза спиртті ұрып жіберейік, шықшыт пен танаудың сынғанын кейін көреміз.

Мен көзімді аша алмай, ап­пақ қар үстінде етпетімнен жатыр­мын. Ал достарымның  жол жиегінде шоқалақтап отыр­ғандарын көргем жоқ.

Мен үш күн, үш түн реанимацияда ессіз жаттым.

 6 

– «Әкем болсаң қайтейін?!» – деп алпамсадай қараторы жас жігіт маған қарсы тұра ұмтылды. Иә тірі, иә өлі екенімді білмей ақ төсекке таңылып мен жатырмын.Қасымда мені қорғайтын жан жоқ еді.

Біріне бірі сөз бермей, туған Отанын жерден алып жерге сал­ған бір топ алаөкпе жастардың даурыққан дауыстары палата ішін дүр сілкіндірді. Иә тірі емес, иә өлі емес боп, сол палата ішінде мен жатырмын…

 7

Шындық өлген сол түні:

– Әкем болсаң қайтейін?.. – деп Алатаудан алып байғызы сұңқылдап қоя берді.

Бір аптадан соң академик жүректен кетті. Ал біз неге екені белгісіз әлі тіріміз?..

– Әкелер, сендер тірі өліксің­дер!.. – деп тар эстрада сахнасында сол бір баяғы қараторы жас жігіт қоңыр даусымен қоңыр әнді қоңыраулатып секіріп жүр.

– Қазақтың еркектерінің бойы­нан мәрттік кеткен, кісілік кеткен, ірілік кеткен. Әкесіне баласы ақырған, еркегін әйелі басынған ұлт көрдің бе, оқырман?..

– Көргеміз жоқ. Көргеміз жоқ. Көргеміз жоқ… Музыка қатайған сайын, сөз жоғалып бара жатты.

Ал Алатаудың байғызы қай­та­дан сұңқылдағанда тас қараңғы түн еді.

Қыр арқаммен қап-қара суық тер жөңки ағып қоя берді…

Роллан СЕЙСЕНБАЕВ.

1 пікір жазылған

  1. Атаның жағасынан, ананың бетінен алған азғын ұрпақтар заманы. Қай жерден қателік кетті екен?

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*