Ойындар олимпінің оғыланы

МайклАдамзат баласының кейбір есімінің өзінде алапат аура, қуатты күш, отты ой бар сияқты көрінеді. Қазақтың атақты тұлғаларының атын ырымдап ұрпағына қоятыны сондықтан да болар. Басқаны қайдам, АҚШ-та Майкл аттастардың даңқы дәуірлеп тұр. Әсіресе, спорт әлеміндегілердің еңсесі тым биік. Шағын мақалада барлығының жетістігін жазу әсте мүмкін емес, оның үстіне, ол біздің мақсатымыз да емес. Әңгіменің әлқиссасында әдіптеп айтып жатқанымыз болмаса.

Майкл демекші, кәсіпқой бокста шойын жұдырығымен күллі дүниеге танылған Майк Тайсонды білмейтін жан жоқ шығар, сірә. «Нокаут королі» ауыр салмақтағы ең жас әлем чем­пионы (20 жас 144 күн), ең жас абсолютті чемпион (21 жас). Кәсіпқой бокста 58 кездесу өткізіп, 50 рет жеңіске жетіп, соның 44-інде қарсыласын сұлатып түсірген. 6 мәрте ғана жеңіліс тауып, жоспарланған 2 ойыны өтпей қалыпты. Тентек Тайсонның, яғни Майктың рингтегі жетістігінің бір парасы осындай.

Ал ұзынтұра Джорданның бас­кетбол алаңындағы жетістігі өз алдына бір төбе. Баскетбол добын қарсыластар «кәрзеңкесіне» тынымсыз тоғытатын Майклды айтамыз-дағы. Ол НБА тарихын­дағы 50 ұлы ойыншының тізіміне енген, 2 дүркін олимпиа­да чемпионы, 6 мәрте НБА чемпионы атанып, 14 мәрте НБА жұл­дыздарының ойынына қатысқан. Баскетболшы Майклдың жеңістер шежіресі боксшы Майклдан әсте кем соқпай­тынын осыдан-ақ па­йымдай беріңіз.

Жеңіл атлет, спринтер Джон­сон­ның жөні тіптен бөлек. 200 және 400 метрге жүгіруден алдына қара салмайтын желаяқ Барселона, Атланта, Сидней олимпиадаларында АҚШ-тың әнұранын шырқатты. 4 мәрте. 8 рет әлем чемпионатында топ жар­­ды. Зымырандай зулаған Майклдың жеңіс жылнамасында осындай жетістіктері бар.

«Бәрін айт та бірін айт, Майкл Фелпстің жырын айт». Біздің бүгінгі мақаламыздың басты қаһарманы. Атақ-дәрежесі ал­дыңғы Майклдардан бір мысқал кем емес, қайта оны әлі де толық­тыра түсуге мүмкіндігі мол. Аме­­­рикалық жүзгіш Лондон олим­пиадасынан кейін спорт­пен біржола қоштасқан-тұғын. Ол кезде 27 жаста еді. Алайда, Майкл 2014 жылы жүзу бассейніне қайта оралып, келесі төртжылдықтың аламанына әзірлікті бастап кетті.

Өткен жылы тамыз айында Сан-Антониода өткен сайыста Майкл 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде 50,45 секунд, 200 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде 1 минут 25,54 секунд көрсетіп, өзінің бабына келе бастағандығын байқатты. Ендігі мақсат – Рио олимпиадасы.

Майкл Фелпс кішкентай кезінде өте тынышсыз, беймаза бала болыпты. Тіпті, бала­бақ­шадағы тәрбиешісі Майклдың анасына шағым айтқан кезі де көп: «Балаңыз бір орнында тағат та­уып отыра алмайды. Жыбырлақ. Қабілеті жоқ. Ұлыңыз ешқашан белгілі бір нәрсеге толыққанды кірісіп, аяғына дейін жеткізе алмайды», – дейді.

Тәртібіне көңілі толмаған тәрбиешінің әулиелігін Майкл біржола теріске шығарды. Оның күш-қуатының тасып-толғаны соншалық, суда жүзуден алдына жан салмай жүр бүгінге шейін. Тынышсыз Майкл әуелі әпкесінің ықпалымен жеті жасында суға жүзуге үйірсектеп, бассейнді жағалады. Бүкіл энергиясын суға жүзуге бағыттаған бала 10 жасында өз қатарластарының арасында ұлттық рекордты жаңартқаны бар. Сөйтіп, Боб Боуманның бас­шылығымен біржола жат­тығуға ден қойды. 15 жасында Сиднейде өткен Олимпиадаға алғашқы рет қатысып, 200 метрге баттер­фляй әдісімен жүзуде 5-орынға тұрақтады. Қола медаль қол созым жерде қалғаны өкіндірді, аралықты бар болғаны 0,33 секунд қана бөліп тұрды.

Ал Афина олимпиадасының жөні бөлек енді. 19 жастағы Фелпс 8 медаль жеңіп алса, оның 6-уы алтын, 2-уі қола. Эллада елінде үш олимпиялық және бір әлемдік рекорд жаңартқаны та­ғы бар. Ширек ғасырға жуық уа­қыт бойы жетістіктер жылнамасында шегеленген рекорд – бір Олимпиадада 8 медаль алған кеңес гимнасшысы Александр Ди­тя­­тиннің 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасындағы рекордын қайталады.

2008 жылғы Бейжің олимпиадасында Майкл өзі бәсекеге түскен қашықтықтың барлығында жеңіске жетіп, 8 рет АҚШ-тың ән­ұра­нын аспандатты. Мюнхен олимпиадасындағы Марк Спитц­тің (7 алтын) жетістігін 36 жылдан кейін жаңартты. Сөйтіп, қос Олимпиаданың нәтижесінде 14 дүркін олимпиада чемпионы атанды. Осылайша, «ұшқыр финн» Пааво Нурмиді, америкалық жел­аяқ Карл Льюисті және өзі­нің әріптесі америкалық Марк Спитц­­ті артқа тастап, заманауи Олимпия ойындары тарихындағы ең көп жеңіске жеткен спортшыға айналды.

Тұманды Альбион төріндегі жеңісі оны олимпиадаларда жеңіп алған жалпы медальдарының саны жағынан барлық спорт түріндегі бүкіл атлеттерді арт­­қа тастауға себепші болды. 22 медаль. Сөйтіп, 48 жыл бо­йы ешкім қайталай алмаған Ла­риса Латынинаның рекордын қайталап, 18 мәрте олимпиада чемпионы атанды.

Суда еркін жүзуге берілгені сон­шалық, төрткіл дүниеге таңдай қақтырған спортшыға айналды. «Суда мен өзімді үй­де жүргендей сезінемін. Сөз жоқ, бұл менің меке­нім». Рас, Майкл суда өз үйінде жүргендей сезінбесе, керемет жетістіктерге қол жеткізе алар ма еді!

Қазіргі кезде Майкл Фелпс бесінші Олимпиадасына, Рио­ға әзірленіп жатыр. Майкл сияқ­ты бір марқасқа спортшысы болатын болса, біздің қазаққа мазасызданудың да жөні жоқ-ау. Суда жүзуден алдына жан салмаған Балтимордан шыққан оғыланның осынау жеңіс­теріне бастайтын өз тұжырымы бар. «Қалыпты өмірдің формуласы спортсыз болуы мүмкін емес». Осылайша Майкл Фелпс өмірін спортсыз елестете алмайтынын сездіреді. Жеңіске деген жігер оның: «Рекорд дегеніңіз оны орнату үшін керек қой», деген желпініс-тұжырымынан айқын аң­ғарылады.

«Шексіздік деген атымен жоқ – сен қандайда бір мақсатқа көбірек ұмтылсаң, соншалықты ілгері жылжи беретін боласың», дейтін де осы Майкл. Олимп биі­гіне көтерілу үшін де адамның ру­хы биік болуы керек, ал рухты шыңдайтын – ішкі ой иірімдері. Фелпстің жоғарыдағы ой орамдары оның жеңісті жолының бас­тауы емес деп кім айта алады!

Майкл Фелпс – әзірге әлем спортындағы 18 мәрте олимпиа­да чемпионы, 26 рет әлем чемпионы атанған жалғыз спортшы. Осының өзі-ақ оның ой олимпінің қаншалықты қуатты екенін айғақтайды. Ой – Ойындар олимпінің шыңына бастайтын бірден-бір соқпақ!

Кезінде бір журналистің жаз­ғаны бар екен. Егер де Май­кл Фелпсті жеке ел ретін­де есеп­тей­тін болса, үш Олимпиа­дадағы бейресми есеп бойынша ол 12-орын­ды иемденген болар еді. Бір өзі бір құрамаға пара-пар болып тұр ғой сонда Балтимордың оғыланы.

Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан бері бес Олимпия ойындарына қатысыпты. Отандық спортшылар барлығы – 16 алтын, 17 күміс, 19 қола медальды қоржынға салды. Ал үш Олимпиадада олжа салған «су перісі» Майкл Фелпстің көр­сеткіші жоғарыдағыдай: 18 алтын, 2 күміс, 2 қола! Осыдан кейін Фелпске таңдай қағып, қол соқпағанда қайтерсің!

«Балтимордың жебесі» Брази­лияда да ұшқырлық танытып жатса, таңғалмаймыз. Риода ре­кордтарды жаңартып, Майкл Фелпс орда бұзып жатса, онысын заңдылық деп қабылдайтынымыз анық. Өйткені, ол – ой олимпін­де алған олжасын Ойындар олим­пінде жалғастырған жан.

Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Арақашықтық 2000

(Сидней), алған орны

2004

(Афина), алған орны

2008

(Бейжің),

алған орны

2012

(Лондон), алған орны

200 метрге еркін жүзу  – 3 1
100 метрге

баттерфляй

әдісімен жүзу

 – 1 1 1
200 метрге баттерфляй әдісімен жүзу 5-орын 1 1 2
200 метрге кешенді жүзу  – 1 1 1
400 метрге кешенді жүзу  – 1 1 4
4х100 м эстафеталық еркін жүзу  – 3 1 2
4х200 м эстафе­талық еркін жүзу  – 1 1 1
4х100 м аралас

эстафета

 – 1 1 1
Барлығы  – 6 алтын, 2 қола 8 алтын 4 алтын, 2 күміс

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*