Социализмнің түбіне жеткен…

Социализмсоғыстар және әлемдік соғыс қаупі

Президент Н.Назарбаевтың Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте жариялаған манифесіне бүгінгі күні күллі әлем құлақ түріп, қызу талқылауда. Өйткені, ХХІ ғасырдағы жоғары саналы адамзат енді әлемдік соғыс болса, онда жеңімпаз болмайтынына көзі әбден жетіп, ядролық қарудан бейбіт жолмен құтылудың жолын айтқан пікірге ден қойып отыр. Осыған орай 24 жыл бойы КСРО-ның АҚШ-тағы елшісі болған, атақты дип­ломат А.Добрыниннің кітабынан бір мысал келтіре кеткенді жөн көрдік.

Бірде КСРО-ның АҚШ-тағы елшісі А.Добрынин АҚШ-тың КСРО-да елшісі болған әріптесі Т.Уотсонмен әңгімелеседі. Уотсон оған америкалық ең жоғары шенді әскерилердің айтуына қарағанда АҚШ бірінші соғыс бастап, құрлықаралық зымырандармен ядролық бомбалар тастаса КСРО-ның 100 млн. адамы бірден өліп, қалғаны радиоактивті заттармен уланудан қырылатынын айтыпты. Ал КСРО жағының ядролық зымырандары түгел атыла алмай, тек біршамасы ғана жеткеннің өзінде АҚШ-тың 80 млн. адамын қыра алатын көрінеді. Бұл дипломатты қатты шошынтып, сонда кім жеңімпаз болады өзі, осынша қырғыннан кейін ар жағында өмір бола ма дегенге әскерилер жауап бере алмаған екен… («Совершенно секретно» газеті, мамыр, 2016 жыл).

 Бұл барынша білікті, жан-жақты ақ­­параты мол адамның сөзі. Ядролық соғыста ешкім де жеңімпаз бола алмайды. Соны түсінбейтін кейбір адамдардың үлкен державалардың басында әлі күнге отырғанынан шошисың…

Осы ядролық қаруды жасау, оларды әлемнің түкпір-түкпіріндегі әскери ба­­заларға орналастыру, ол үшін азат­ты­ғын жаңа ғана алған мемлекеттерді казармалық социализм жолына түсіру ар­қылы өз ықпалына тарту, бұл үшін олардың ішкі азаматтық соғыстарына бел­сенді түрде араласу, міне, осының бәрі КСРО экономикасын әбден титықтатып, соғыс болмай-ақ құртып, тындырған еді.

Оның құлдырау жолдарына арналған былтырғы жылғы «Күйреу» атты мақа­ла­мызда («Е.Қ.»., «Күйреу», 25.11.15 ж.) соғыс шығындарының, жаппай қару­ланудың, соның ішінде аса қымбатқа түскен ядролық қаруларды жасау және оларды орбитаға шығарып, орта (1000-5000 шақырым) және құрлықаралық қашықтықтарға жеткізетін баллистикалық зымырандарды шығару ақырында бюджетті ойсыратып, ІЖӨ өсімін тежеу ғана емес, төмен құлдырата бастағанын түрлі деректермен көрсеткен болатынбыз. Сонымен қатар, Ауғанстандағы соғыстың шығындары өлшеусіз зор болғанын және көптеген мамандар дәл осыны КСРО-ны экономикалық тұрғыдан дағдарысқа тіреп, ақыры жер бетінен жойылуына алып келгенін дәлелдеуге тырысқаны туралы да жазғанбыз.

Алайда… КСРО-ның Брежнев бас­қарған 1964 жылдан 1982 жылдың басына дейін жүргізген соғыстары жалғыз бұл емес еді. Елді өлшеусіз шығындарға батыра отырып, Кеңес басшылары КСРО-ны демократиялық билігі жоқ, ойларына не келсе соны істейтін коммунистердің азғантай тобы басып алған соғысқұмар, агрессор мемлекет ретінде таныта түсті. Осындай қалпын барлық әлем «апат келе жатыр» деген мағынада ұғынатын «орыс­тар келе жатыр» деген құбыжық сөздерге де айналдырған еді. Енді сол соғыстарға тоқталып өтейік.

Бейбіт замандағы бір соғыс

Брежнев заманындағы алғашқы соғыс 1968 жылы болды. Сол жылдың басында Чехословакия коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болып Александр Дубчек сайланған. Оның «адамгершілікке бет бұрған социа­лизм» орнатамыз деген ұранын халық хан көтеріп әкетті. Елге көппартиялылық енгізіліп, мемлекет билігі ашық сайлау жүргізу арқылы жеңген партияға беріледі деген шешім де халықты дүр сілкіндірді. Бірақ, бұл шешімдер сөз бостандығы, халықтың құқы мен еркі дегенді ауызбен ғана айтатын КСРО-ға ұнамады. Еркін сайлау болса Чехословакиядағы билік басына социализмді қолдамайтын, демократиялық бағыттағы адамдар келе­тінінен және олар елде ашық жүйе орнататынынан, сөйтіп, бұл ел өзіне тәуелді болудан қалатынынан үріккен КСРО басшылары Дубчектің реформаларына бірден қарсы шықты. Алайда, халық қолдап тұрған басшыны орнынан тайдыру оңай емес еді, сондықтан, қара күшті қолдануға тура келді.

Соның алғашқы сылтауы шіркеуден басталды. Социализм құндылығының ұран­дарымен бүркенген саясат Кеңес қаруының жеткен жеріне түгел жайылған. Словакиядағы грек-католик шіркеуінің 1950 жылы КСРО-ның талабымен жабылып, православие (христиандықтардың орыстар ұстанатын тармағы) шіркеуіне айналдырылғаны соның бір айғағы. А.Дубчек 1968 жылдың 13 маусымында соны католиктерге қайтартқан. Бұл либералдық демократияның алғашқы, нақты қадамдарының бірі еді. Жаңа басшылық бастаған осындай либералдық өзгерістерге ұлттың озық ойлы адамдары тегіс үн қосып, компартияның осы күн­ге дейінгі істерін сынаған үндеулер қаптап кетті. Жазушы Людвик Вацуликтің манифесі де соның бірі. Оған жүздеген бел­гілі қоғам қайраткерлері, атақты адамдар қол қойды. Саяси жүйені демокра­тия­лан­дыруға шақыра отырып бұл құжат кеңестік компартияның идеологиясын да қатты сынаған болатын. КСРО басшы­ла­ры­ның шамына, әсіресе, осы қатты тиеді…

Ақыры саяси бюроның шешімімен КСРО әскерлері төрт жақтан 300 мың қолмен 1968 жылдың 20-21 тамызында шап-шағын Чехословакияға басып кірді. (Тағы бір қанды қырғын бола жаздаған 1991 жылғы Мәскеудегі ТЖМК күндеріне дәл келгені көрініп тұр). Соның ішінде, Варшава шарты бойынша Польшада, ГДР, Венгрияда тұрған әскерлермен қатар мұздай қаруланған дивизиялар КСРО-ның өз аумағынан жеткізілді. А.Дубчек бастаған Чехословакия компартиясы ОК саяси бюросының 11 мүшесінің жетеуі бұл акцияны «оккупация» деп айыптайтын үндеу қабылдады. Алайда, ел әскерлері бас қолбасшы Людвик Свободаның бұй­рығымен кеңес әскерлеріне қарсы оқ атқан жоқ. Шекараны бұзып кірген 24 дивизия Чехословакияның барлық стратегиялық ғимараттарын басып алды. Елдің басшылары тегіс тұтқындалып, ұшақпен Мәскеуге жеткізілді.

Бұл оқиға туралы хабар алған ха­лық шерулерге шығып, қарсылық жиын­дарын өткізіп, баррикадалар тұрғызып, танкілерге жарылғыш заттар лақтырды. Соның нәтижесінде кеңестік 11 әс­кери қаза болып, 87-сі жараланды. Чехо­сло­вакия жағынан 108 адам өлтіріліп, 500-ден астамы түрлі жарақаттар алды. Мәскеуде А.Дубчекті биліктен бас тартуға күшпен көндіріп, орнына Густав Гусакты отырғызып, Чехословакия лаңы аяқталды…

Бүкіл әлем жұртшылығы бұл әре­кетті айыптап, қарсылық акцияларын, митингілерін жасап, петициялар мен манифестер қабылдады. Социалистік Қытайдың өзі КСРО-ны «социалистік империализм» жолына түсті деп айыптады. КСРО аумағында Ресей, Украи­на, Балтық бойы республикалары, Әзер­байжан, Грузия және т.б. қатар бұл істі айыптаған қазақстандықтар да болған. КСРО-ға, соның ішінде, орыстарға деген жеккөрушіліктің шектен шыққаны сондай келесі, 1969 жылы хоккейден Стокгольмде болған әлем чемпионатында чехословактар КСРО-мен екі рет кездескенде де оны қақырата жеңген еді. Стокгольм стадионы тұтасымен чехословактарға жанкүйер болып, олардың жеңісіне қуаныш білдірді. Сөйтіп, бұл – бейбітсүйгіш барлық әлем қауым­дастығының айызын қандырған ха­лық кегінің бір көрінісі секілді оқиға болды…

Идеология құрбандары

Тоқырау заманындағы екінші соғыс Вьетнам қырғыны болды. 1965 жылдан басталған бұл соғыс сол кездегі Министр­лер кеңесінің төрағасы А.Косыгиннің есебі бойынша күніне 1,5 млн. рубльге түсіп тұрған. Ол кездегі рубль бағамы доллардан да салмақтырақ екенін ескерсек, бұл үлкен шығын. Әрине, бұл соғысты ақтайтындар көп. Сондағы айтатын себептері: АҚШ-тың Вьетнамды жаулап алуына жол берілмегенін айтады. Іс жүзінде АҚШ Францияның отары болудан азаттық алған елде демократиялық өзгерістер болғанын қалады, ал КСРО-ның көмегін алған коммунистер онда ка­зармалық социализм жүйесін орнатқысы келді. Сөйтіп, әлемдік екі жүйе бейбіт халықтарды қанды қырғынға салды. Коммунистік жолды ұстанамыз деген Солтүстік Вьетнамға КСРО-дан 18 бригададан тұратын екі зенитті-зымыран корпусы енгізілді. Соғыс жылдарында жеке құрам үш рет ауыстырылып, ұзын саны 30 мыңнан артық кеңес әскері майданға кірді. 1965 жылдан 1973 жылға дейін кең ауқымда жүргізілген осы соғыста Солтүстік Вьетнам 1 млн., Оңтүстік Вьетнам 250 мың адамынан айырылды. Соғыстың негізгі режиссерлері қатарында болған – АҚШ 58, КСРО – 16, Қытай 1 мыңнан артық адамын жоғалтты.

Сол жылдары отарлық тәуелділіктен енді ғана құтылған елдерді басқаруға қол жеткізген кез келген адам, көп білмесе де, маркстік-лениндік идеологияны жақтап сөйлесе болды, оған КСРО тарапынан ағыл-тегіл көмек жеткізілетін. Соның ішінде, әскери техникалар мен қару-жарақтар мүлде тегін, ал қаржылық көмектер тиімсіз өсіммен ұзақ жылдарға берілді. Ешқашан қайтарылмайтын сол қарыздардың есебіне кеңестік әскери базалар салынып, АҚШ-пен арадағы кикілжіңдер күрделене түсті. Осы жолмен барлық Африка елдерінің жартысынан астамына кеңестік әскери техникалар мен қару-жарақтар жеткізілген еді. Тіпті, бертін, 1986 жыл мен 1991 жылдар арасында ғана осы «үшінші әлем» елдеріне 6 мың танк, 10 мың әртүрлі броньды ма­шиналар, 9500 зеңбірек пен жаппай ататын реактивті жүйелер, 2500 әскери ұшақ, 1600 тікұшақ, 50-ден аса ірі және 185 орта дәрежедегі кемелер басыбайлы тегін берілген екен.

60-шы жылдардың ортасынан осын­ша қару-жарақ пен әскери техника жеткізілген соң оны қолдана алатын адамдарды да дайындау керек қой. Сондықтан, мыңдаған кеңестік нұсқаушылар мен аудармашылар Африканың азаттық алған елдеріне қаптап кетті. 60 жылдар­дың басында ашылып, Конгоның ал­ғаш­­қы премьер-министрі Патрис Лумум­баның атын алған Мәскеудің Халықтар достығы университеті нақ осы Азия мен Африканың елдеріне мамандар дайындау үшін ашылған еді. Онда ғылыми бағыттары үйлеспейтін инженер, мұғалім, заңгер, дәрігер, экономист, ауыл шаруашылығы мамандарының қатар дайындалуының сыры сонда.

Жалпы алғанда, Брежнев жылдарында Африканың Алжир, Ангола, Ливия, Мысыр, Мали, Гвинея, Гвинея-Биссау, Бенин, Нигерия, Сейшель аралдары, Сомали, Эфиопия, Мозамбик және т.б. елдерінде кеңестік мамандар жылдап жатып жұмыс істеген. Осының үстіне олардың мыңдаған адамдары кеңестік мектептер мен ЖОО-ларынан өткізілді. Ал кеңестік идеология азаттық алған шетелдіктерге құрмет көрсетуді мемлекеттік ресми саясаттың деңгейіне дейін көтерді. Егер КСРО-ның 15 одақтас республикаларындағы министрлер кеңесі төрағаларының есімін арнаулы мамандардан басқа ешкім білмейтін болса, ешкім білмейтін африкалық елдің социалистік жолды қолдаған премьер-министрінің есімі барлық бала­ның аузында, пионерлердің ұранында, комсомолдардың айғайында, ақындардың жырларында жүрді. Конгода жарты жыл премьер-министр болған Патрис Лумумба да соның бірі. Ол өлтірілгенде КСРО-ның 40-қа жуық қалалары мен кенттерінің көшелеріне есімі берілді. Соның ішінде Қазақстанның Алматы, Шымкент, Өске­мен, Тараз сияқты қалалары да бар. Бұл не деген шексіз құрмет десеңізші?

Шетелдіктерге тек жақсыларымызды көрсетіп, жаманды жасыру да барлық деңгейдегі қызметкерлердің міндеті бол­ды. Мұндайларды көріп жүретін халық олардың ісін күлкілі әңгімелерге айналдырып, мысқылмен күліп жүретін. Сондайдың бірін ғана еске сала кетейік… Аудандық партия комитетінің хатшысы шетелдік деле­гацияға колхоз базарын көрсетіп, жетіс­тіктерді оңды-солды мақтап жүреді. Бір кезде шетелдіктер сиыр сатып тұрған бір адамның жанына келіп, оны қаншаға сататынын сұрайды. Хатшы қонақтардың көзін ала беріп мұжыққа «арзандат, арзандат» дейді ысылдап. Ұға қойған мұжық «үш рубль» деп тақ ете қалады. Шетелдіктер таңырқап, риза болады. Бірақ, мына бағаны естіген өтіп бара жатқан біреу маған сатшы деп жабыса кетеді. Хатшы оған жұдырығын көрсетіп, көзін алайтады. Анау да жағдайды түсіне қойып, жоқ мен сиыр алмаймын, одан да бір рубль қосып тауық алайын деп бұрылып кетіпті…

Халық мұндай анекдоттың неше ата­сын айтып, өкіметтің жасанды қылық­тарын айызы қанғанша әжуалап, күлетін. Сондықтан, шынайы өмір бір басқа да, кеңестік идеологияның жауынгерлері тарататын өмір салты бөлек болатын. Әрине, мұндайға кеңестік кезеңді көрмеген жас­тар күлмеуі де мүмкін, олардың анекдоты қазір басқа…

Сұраусыз кеткен миллиардтар

Енді Африка елдеріндегі кейбір соғыс­тарға тоқтала кетейік. Орташа есеппен алғанда тоқырау кезеңінде Африка елдерінде 100 мыңнан астам кеңестік нұсқаушылар қызмет етіп, олар әскери ұрыстарға да қатысып отырған. Соның бірі Анголада болған соғыс. Бұл ел ұзақ жылдар Португалияның отары болып, 1970-ші жылдардың басында ғана өз тәуелсіздігін алған. Елдегі билікті қолға алуға Анголаның марксистік партиясы (МПЛА) мен ұлтшылдар (УНИТА) таласады. 1971 жылы МПЛА-ның көшбасшысы Агостиньо Нетоның «мақсатымыз – социа­лизм мұраттары» деген уәдесін алғаннан кейін-ақ Кремль оларға қару-жарақты үйіп-төгіп береді. Төрт жылға созылған азаматтық соғыста марксистер партиясы КСРО-дан 50 мыңнан артық автомат, 1500 зеңбірек, 100 танк пен броньды машиналарды тегін алыпты. Бұлардың үстіне мыңдаған командирлер, нұсқаушылар мен үйретушілердің, медицина қызметкерлері мен дәрігерлер­дің жоғары еңбекақысы және оларды ұстаудың (тамақ, киім-кешек, жатын орындар және т.б.) шығындарын қосыңыз. Сонда Қазақстан сияқты рес­­пуб­ликаның бірнеше ауданының бір жылдық бюджетінің шығындары артығымен шыға келеді…

Бірақ осынша шығынның өзімен КСРО Анголада социализм орната алмады. Ұлттық мүддені қолдаған партияны халық көбірек қолдап, азамат соғысы жалғаса берді.

Кремльдік көсемдер бұл мәселені түпкілікті шешуді көздеп 1975 жылдың жазында кеңестік ұшақтармен КСРО қару-жарағымен мұздай болып қаруланған 42 мыңдық Куба әскерлерін Анголаға енгізді. Қара түсті болғандықтан оларды жергілікті халық кеңестіктер секілді жат көрген жоқ. «Заир мен Оңтүстік Африка республикасының (ОАР) интервенциясынан Анголаны қорғау үшін кіргізілді» десе де, бұл бір мемлекеттің ішкі ісіне араласып, іс жүзінде басып алу еді. Әскердің барлық командирлері кеңес офицерлері, ал бас қолбасшы кейін КСРО қорғаныс министрінің орынбасары болған генерал Юрий Максимов болды. Сондықтан, бұл Кубаның емес іс жүзінде КСРО интервенциясы еді. Азамат соғысының нәтижесінде социалистік мұраттағы марк­стік МПЛА партиясы өкімет басына келді. Ал Куба әскерлері Анголадан ұзақ жылғы интервенциядан соң тек КСРО тараған 1992 жылы ғана шығарылды.

16 жылға созылған осы Ангола соғысы да КСРО бюджетіне миллиардтаған доллар шығын әкелді. Айта кететін жәйт, осында соғысқан ұлтшылдар мен ОАР-ға қару-жарақ бермек болған АҚШ пре­зиденті Д.Фордтың шешімін сенат өткізбей тастаған екен. Қанша бай ел болса да артық шығыннан олар бас тартқан.

Мозамбиктегі жағдай да дәл осы сце­нариймен жүргізілді. Елдің астанасы Мапутоны басып алған С.Машел бастаған марксшілдер алайда билікті ұстап тұра алмады. Сондықтан мұнда да кеңестік қару-жарақ, әскери техникамен мұздай қаруланған кеңес әскерилерінің басқаруындағы Куба әскерлері енгізіліп, елдегі азамат соғысына араласты. Бірақ мұн­дағы соғыс әлі күнге аяқталмай, жалғасып келеді. Ал кеңес халқы 1970-ші жылдардың ортасынан 1991-ші жылға дейін осы соғыстың миллиардтаған доллар шығынын көтерді.

Маркстік бағытты ұстануға уәде берген подполковник Менгисту Хайле Мариам бастаған Эфиопиядағы хунтаны 1970-ші жылдардың аяғынан 80-ші жылдардың ортасына дейін КСРО қолдап, миллиардтаған доллардың соғыс, әскери-техникалық, азық-түліктік, медициналық, ауылшаруашылық, оқу-білім, құрылыс және т.б. көмектерін жеткізіп тұрды. Мыңдаған әскери және азаматтық маман­­дардың шығындарының өзі де миллиардтардың үстіне шығып кеткен. Соның бәрі хунтаның кеңестік казармалық социалистік жолын ұстана­мыз деген уәдесі үшін ғана жасал­ған жәр­дем­дер. Бірақ бәрібір 1980-ші жылдардың ортасында сыбайлас жемқорлықтың барынша өрістеуінің нәтижесінде өз елін қайыршылық халге жеткізген М.Х.Мариам билігі құлап, Эфиопия КСРО-ның жолымен жүруден бас тартты.

Осы күндері араб әлемін Кеңес Одағы қолдамаса Израиль түгел басып алған болар еді деген тұрғыда әңгіме таратылады. Керісінше, Израильді алдымен Кеңес Одағы, одан кейін АҚШ қолдаған соң ғана араб елдері оны жер бетінен жоқ қыла алмады. Израильдің өзі де тек «алты күндік соғыстан» кейін ғана КСРО-ның Мысырда түпкілікті орнағанын айтады. Шын мәнінде, КСРО Мысырда Абдель Насер билік құрған жылдары ғана болған. Жойғыш авиациялық дивизия да осында қоныстанып, Мысыр аспанын күзеткен. 1960-1970 жылдар аралығында өмірге келген Асуан плотинасы да сол кезде салынды. Экономиканың барлық саласындағы кеңестік көмек үлкен болғанымен оның тиімділігі жоғары болмады. Мысырдың өз экономикасы бұл жылдарда дамудың орнына кеңестік бұғауға белшесінен бата берді. Ал А.Насер өлген 70-ші жылдардан бастап оның орнына тұрған Анвар Садат елді кедейшілікке ұшыратқан КСРО-ның социалистік жолынан бойын бірден аулақ салып, АҚШ-тың даму жолына бет алып кетті. Ұзамай Мысырда тұр­­ған КСРО әскери күштері мен «мамандары» еш нәтижеге қол жеткізбей шығарылды.

Араб әлеміндегі КСРО-ның сенімді серіктерінің бірі Сирия болды. Елді 1963 жылдан бері кеңестік құрылысқа бағдар алған Арабтың социалистік өрлеу партия­сы (БААС) басқарып келеді. Сирияның билігінде отыз жыл отырған президент Ха­физ Асадтың тұсында бұл ел Кеңес Одағының 16-шы республикасындай болды. Кейбір деректерге қарағанда, КСРО мұнда 19 млрд. доллардың экономикалық көмектері және қару-жарағы мен әскери техникаларын тегін берген. Тек 1992 жылғы дерекке қарағанда, кеңестік төрт мыңнан астам әскери контингент тұрақты түрде қоныстанған. Қазір олар Ресей туының астында әлі де тұрып жатқанын білеміз.

Ирак пен Никарагуаға да осындай әдіс­термен көмектер жеткізілді. Ау­ған­­стандағы жағдай туралы бұрынғы ма­қа­­ла­мызда айтқандықтан оны қазір қайталамадық.

Бір қызығы «Отан бұйрығымен» осындай қанды қырғындарға қатысқан кеңестік әскерилер мен мамандарға ешкім де ешқандай жеңілдіктер беріп, қолдаған емес. Кремльдегі қасқалардың бұйрығымен өз Отанына шығыннан басқа пайда әкелмейтін тропикалық елдердің ыстығына күйіп, ауруларына ұшырап, зардап шеккен, кейбіреулері тіпті, мүгедек болып қалғандар да ешқандай жақсылық көрмей өмірден өтті. Олардың арасында бірлі-жарым қазақтар да кездесіп қалады. Былтыр Қызылордада өмір сүріп жатқан сондай адамдардың бірі туралы әріптесіміз Ержан Байтілес «Егеменге» жазды. («Е.Қ», «Вьетнам соғысына қатысқан қазақ», 23.06.2014 жыл). Ондайлар әлі де болуы мүмкін. Әскерден кетерінде кейбіреулерінен «бұл әскери құпияға жатады, ешкімге айтушы болма» деген қолхат алып, қорқытып тастағандар да болады. Сондықтан, ондайлардың көбі аман келгенін басына сауға тұтып, үн-түнсіз жүре берген…

Ресейде Борис Ельцин президент болған 1995 жылдың 12 қаңтарында жұрт­шылықтың қалауымен Алжир, Ангола, Ауғанстан, Бангладеш, Вьетнам, Лаос, Ливан, Камбоджа, Сирия, Мозамбик, Эфи­о­пия және Йемен елдерінде болып, сондағы азамат соғыстарына қатысқан әс­керилер мен нұсқаушылардың бәріне «со­ғыс ардагері» деген құрметті атақ бері­­ліп, олар тиісті жеңілдіктерге қол жеткізді.

Тобықтай түйін…

Өз халқын азық-түлікпен, сапалы тұтыну тауарларымен, дәрі-дәрмекпен, жақсы қызмет көрсетулермен қамтамасыз ете алмай жатқан КСРО-ға осынша со­ғыстың, осынша шығынның керегі бар ма еді? Дүниенің бәрі тапшы болып, сау­да саласында таныс-білістерің болмаса күнделікті шәйдің өзін қоюырақ ішу мұң болып жатқанда біреуге бәленбай миллиард доллардың көмегін жасау немізді алған еді?

Егер тәуелсіздігін алған кейбір елдер­дегі демократиялық қозғалыстарды қол­­да­­ғысы келсе, АҚШ-тың байлығы емін-еркін жетіп, тіпті, артылып тұрған шылқыған бай ел. Ал кеңестердің онымен жарысып әлемнің жартысына өзіміздің социалистік құрылысымызды таратамыз деуінің өзі «аттымен жарысамын деп жаяудың таңы айырылыпты» дегенге сай келеді емес пе?

Қорғаныс… қауіпсіздік үшін жасалды ғой соның бәрі дер еді скептик. Сол кездің өзінде бүкіл әлем бойынша ядролық арсеналы ең үлкен деп саналған КСРО-ға қарсы АҚШ-тың соғыс ашуы екіталай. Бүгінгі күні де ядролық қаруға енді ғана қол жеткізген Солтүстік Кореяның өзіне жасаған қоқан-лоқысының бәріне төзіп, басып кіруден бас тартып отыр емес пе? Өйткені, ядролық қаруы бар елге қарсы соғыс зардабының қандай боларына АҚШ-тың көзі анық жетіп отыр. Сондықтан, тек экономикалық қысымды зорайта береді. Кремльдегі көсемдердің, саясаткерлер мен дипломаттардың сөзін елемей, қару-жарақ өндірушілер мен дүниенің бәрінен тек жау іздейтін әскерилердің үркітуімен қаруды қаптатып, бүкіл әлемді әскери базаларға айналдыра бергенін өз басым құптай қоймас едім.

Айта кететін жайт, КСРО-ның құрған қоғамдық-экономикалық формациясының өзі, көптеген ғалымдардың айтуынша, клас­сикалық үлгідегі социализм емес, «номенклатуралық-бюрократиялық ка­зар­малық социализм» деген ерекше жүйе. Ондайлар тек күшпен енгізіліп, тоқпақпен ғана басқарылып тұруға тиісті көрінеді. Бұл пікірдің шындығына Кеңес Одағы либерализмге есік ашқанда бәріміздің көзіміз жетті. Шығыс Еуропа­дағы туыс, бауыр, бір мұраттағы, бір мақсаттағы елдерміз деген Польша, Чехословакия, Венгрия, Болгария тағы басқаларының бәрі одан тұра қашты… Тек күшпен ғана тұрған екен ғой. Қазір солар­дың бәрі НАТО-ға құшағын ашып жатыр.

Түрлі елдерде болып жататын азамат­­­тық соғыстарды тоқтату, ішкі кикіл­жіңдерді реттеу, араағайындық қызмет көрсету халықаралық ұйымдар­дың жұмысы. Онда әскер енгізу (тіпті заңды өкіметі шақырса да) осы ұйымдардың рұқсатымен болады емес пе? Осыны көзге ілгісі келмей немесе өздері ғана білетін басқа бір мақсатпен, қара күшпен араласқысы келетіндерден шошынасың… Қазір есікте ХХІ ғасыр тұр емес пе, қанды қасаптардың жойылатын кезі болды ғой. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев та осыны айтып, әлемге үн қатты. Прогресшіл адамзат, әрине, оны қолдайды. Әділетті қолдамасқа әддің жоқ.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*