Сарғайған суреттің сыры

сарғайған суреттің сыры Ол туралы Көкжелек ауы­лын­дағы еңбек ардагері Мұқан Сартов ақсақал айтып берді.

– Өзім өнерді жақсы көрген соң өнер адамдары туралы айтылған әңгіме, жазылған мақалаларға құлақ түріп жүремін. «Егемен Қазақстан» газетінде Амангелді Сембин туралы жазылған мақала ойыма осыдан 54 жыл бұрын болған бір оқиғаны оралтып отыр.

Біздің Амангелді атындағы сов­хоз мал шаруашылығымен айна­лысты. Малға қажетті азық ре­тінде 2 мың гектарға дейін жү­гері өсіріп жүрдік. 1962 жылы қыр­­күйек айында Жамбыл мәде­ни-ағарту училищесінен бір топ ­студенттер жүгері жинау науқанына көмекке келді. Олардың арасында әнші Амангелді Сембин де бар еді. Ауылда фельдшер болып жұмыс істейтін маған совхоз басшылары студенттердің денсаулығын күнделікті бақылап тұруды тапсырды. Күнде олар жұмыстан келгеннен соң жатақханаға барып, жағдайларын біліп тұрдым. Ауыл жастары студенттермен тез тіл табысып, клубта би кешін өткізе бастадық. Мен бұл кезде совхоз көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі болатынмын. Ауыл жастарының басын қосып, күнде кешкісін концертке дайындық жасап жүрдік. Студент жастарды да тарттық. Сонда байқағаным, Амангелдінің өнерге деген құштарлығы, әнді әсем орындайтыны маған ерекше әсер етті. Бір күні Амангелдіге ауыл жастары мен студенттер бірігіп концерт қою туралы ұсыныс айттым. Ол оған қуана келісті. Бір апта дайындалып, ауылға үлкен концерт қойдық. Ауыл тұрғындары Амангелді Сембиннің ән орындау шеберлігіне, дауыс диапазонына риза болып, таңдай қағысты. Өнерден хабары барлар «Мына бала түбі бір жерден шығады» деген ойларын да жасырмады. Совхоз басшылары концертімізді көріп, ризашылықтарын білдірді. Келесі аптада совхоздың №2 бөлімшесіне (қазіргі Күшаман ауылы) барып, концерт қойдық. Мұнда да өнерпаздарға алғыстар айтылып жатса, солардың ішінде Амангелдінің шоқтығы биік болғанын мойындауымыз керек.

Студенттерді совхозға бас­тап келген сазгер Күнсайын Қуат­баев еді. Концерттерде оның да бір­неше әндері орындалды. Студент­тер ауылдағы мәдени іс-шара­ларға үзбей қатысумен бірге, совхоз­дағы жүгері жинау, тазалау жұмыс­тарын да абыройлы атқарып жүрді.

Амангелді кенеттен жұмыста жүріп аяғын жарақаттап алыпты, оны ешкімге айтпаған. Бір күні Амангелді ауырып қалды дегенді естіп барсам, аяғы күп болып ісіп кеткен. Байқауымша, ауылда емдеуге болмайтын тәрізді. Дереу өзімнің жеңіл-желпі көмегімді көрсеттім. Алдымен өзіне, содан соң совхоз басшыларына айтып, оның Жамбылда емделуі керектігін жеткіздім. Ал оны қалаға жалғыз жіберуге тағы болмайды. Сосын басшыларға айтып, ауылдық клубтың меңгерушісі Шотынбай Айдарқұловты қасына қосып жібердім. Оған Амангелдінің аяғы тәуір болғанша қасында болу­ды табыстадым. Себебі, біз Аман­гел­дімен жақын араласып кеткен едік.

Екі-үш аптадан кейін Шотын­бай ауылға келіп маған бар жай­ды мәлім етті. Жамбылда дәрігер­лер Амангелдінің аяғына ота жа­­сапты. Аяғы тәуір болған соң екеуі суретке түсіп, кейін Аман­гелді сол суреттің сыртына: «Ескерт­кіш Мұқанға Амангелді мен Шотын­байдан. 21/ХІ-1962 ж. Жамбыл қаласы», деп жазып, ескерткіш ретінде маған хатпен жіберген еді. (Суретте Амангелді сол жақта).

Жарты ғасырдан астам уақыт сақталып, сарғайған суреттің сыры осындай. Бұл суреттегі күміс көмей тенор әнші Амангелді Сембин де, ауылдағы клубтың меңгерушісі болған өнерлі жан Шотынбай Айдарқұлов та бүгінде өмірден өтіп кетті. Екі досымның да жатқан жерлері жайлы болсын демекпін.

Мен Амангелдімен бір айға жуық бірге болғанымда оның адамгершілік қасиетінің жоғары екенін байқадым. Сол кезде ол бар болғаны 17 жаста екен. Соған қарамастан, үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлай білетін, тәрбиелі ортадан тәлім алған әдепті жан екені көрініп тұрды. Ал өнер десе ішкен асын жерге қоятын. Өзінің көсілте шырқайтын әсем дауысымен қоса, оның бойынан ұйымдастырушылық қабілетті де байқағаным бар. Газет, журнал, кітапты көп оқып, өз білімін көтеріп отыруды әдетке айналдырған.

Амангелді туралы белгілі қалам­герлер Бейбіт Қойшыбаев, Қали Сәрсенбай, Жанарбек Әшім­жанның газеттерге жазған­дарын оқып, әсем әндерін радио, теледидардан тыңдап жүрдім. Әсіресе, 1973-1981 жылдар аралы­ғында оның «Біржан-Сара» операсында Біржан, «Қыз Жібек» операсында Төлеген, «Абай» операсында Айдар, «Айсұлу» операсында Әубәкір, ал әлемдік репертуардан «Евгении Онегин» операсынан Ленский, «Князь Игорь» операсынан Владимир Игорович, «Фауст» операсынан Фауст, «Богема» операсынан Рудольф, тағы басқа опералардағы партияларды жақсы орындағанын да білемін. Қайталанбас бояуға қанық әсем дауысы мен биік орын­даушылық шеберлігі оны опера сүйер қауымның, барша жұртшы­лықтың сүйіспеншілігіне бөледі. Аман­гелдінің «Ақбақай», «Бал­қурай», «Ай­намкөз», «Қор­ған», «Шәпибаяу», тағы басқа қа­­зақтың халық әндерін төгілте, ша­­бытпен, нақышына келтіре шыр­­қағанын естігенім бар. Міне, осын­­дай үлкен өнер иесі А.Сембин 1976 жылы «Қазақстанның еңбек сіңір­­ген артисі» деген атаққа қол жет­­­кізді. Әттең, өмірі қысқа болды.

Шындығында да оның дауысы ерекше, сирек кездесетін дауыс болатын. Алайда, ауылымыздағы кішкене сахнадан басталған оның өнердегі жолы үлкен сахнаға ұла­сып, Италияның атақты «Ла Скаласында» әуелете ән шыр­қайтынын ол кезде біле қойға­ны­мыз жоқ. Міне, осындай өнердің шыңына шыққан, дауысы ерекше, сирек кездесетін хас талант Амангелді Сембиннің ізі бір кез­дері Амангелді атындағы совхоз атанған бүгінгі біздің Көкжелек ауылында да сайрап жатыр.

Ең өкініштісі сол, оның үлкен сахнада небәрі сегіз жыл ғана тер төгіп, бәйшешектей ерте солғаны. Тұла тойы тұнып тұрған талант егер тірі болғанда талай-талай биіктерді бағындырар еді. Қазақта: «Адам өлген күні өлмейді, ұмыт болған күні өледі», – деген сөз бар. Ендеше, өнердің шыңына шыққан шын талант Амангелді Сембин ешуақытта ұмытылмайды.

«Кезінде сондай бір әнші болған, сондай бір жұлдыз жарқырап туған, сол жұлдызды жабылып жүріп өшіргенбіз», – деген еді бірде белгілі жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза ағамыз Амангелді Сембин туралы. Ал бұған біздің алып, қосарымыз жоқ. Тек өкінгеннен басқа.

Әңгімені жазып алған

Сүндетулла ӘБІЛОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Жамбыл облысы,

Мойынқұм ауданы

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*