Шайырдан шыққан ұшқыш

20160609_173650_002Жауынгерлік қасиет қанында бар қазақ халқының ұлдары мен қыздары екінші дүниежүзілік соғыста ерліктің ерен үлгісін көрсете білді. Олар өзен мен батпақ кешіп, қар жамылып, мұз жастанып, ең қиын деген әскери тапсырмаларда жүрді. Жаудың әрбір қимылын қалт жібермей, қырағылық­пен қағып түсетін «сұр мергендеріміз» де аз болған жоқ. Оғы таусылған сәтте тікелей қолма-қол жағаласып жүріп, каскамен ұрып, бірнеше фашисті бір өзі жер жастандырған ерлеріміз де, ажал оғын сепкен от-қаруды кеудесімен жапқан батырларымыз да бар. Партизандарымызды, төзімді жылқыларымызды өз алдына мақтан ете аламыз. Соғысты аяқтап, Рейхстагқа ту тігу бақытының қазақ баласына бұйыруы кездейсоқтық емес.

Көк жүзінде темір-қыранмен қалық­тап, соғысқа әуеден атсалысқан ерлер – ел мақтанышы. Маңғыстау өңірі екі бірдей ұшқыш ерлерімен мақтана алады. Оның бірі – Берлинді тұңғыш бомбалаушы қазақ, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып тұрып, қайтыс болуына байланысты ала алмай қалған Біләл Қалиев болса, екіншісі – Бас қолбасшыдан 13 рет алғыс хат алған батыр, I, II дәрежелі Отан соғысы орденінің, III дәрежелі «Даңқ» және «Қызыл Жұлдыз» ордендерінің, «Ерлігі үшін», Ленинградты, Кавказды, Сталинградты қорғағаны үшін, Польшаны, Румы­нияны, Болгарияны, Чехослова­кия­ны, Венгрияны азат еткені үшін, Бер­линді алғаны үшін сынды бірнеше жауын­герлік медальдардың иегері, ұшқыш Бегейбай Ахметов.

Заманында 40 жылға тарта болыс болған, сөзі өтімді, аузы дуалы Өсербай болыстың немересі Бегейбай 1939 жылы өзі сұранып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтемек болып әскерге аттанады. Каспий теңізін кесіп өтіп, одан әрі теміржолмен бір ай жүріп отырып, Чита облысының Забайкалье әскери округіне түседі. Еті тірі, бойында жастықтың жігерлі қаны тулаған жігіт әскери қызметте бірден көзге түсіп, өзінің оң беделін қалыптастырып үлгереді. Жастығы болар, 1939 жылғы фин соғысына сұранып қиғылық салады. «Есің дұрыс па? Әлде өмір сүргің келмей ме?» деген рота командирі жас қазақтың арызын жыртып, майданға баруына қарсы тұрады. Бірақ, ізденімпаз жігіт әскери міндетін өтеумен қатар, арнайы жолдамамен ұшқыш мамандар дайындайтын бір жылдық курста оқиды. Бұл – Чита қаласындағы кіші әуе командирлерін дайындайтын авиация училищесі болатын. Алғашында қиын соққанмен, орыс тілін жетік меңгеріп алуы себепті бұл оқу орнын «өте жақсы» бітіріп шығады. Талай жігіттер шыдамаған қиындыққа шыдап, небір азаматтар тапсыра алмаған ауыр сынды айдаладан келген қазақ баласының ойдағыдай тапсырғанының өзі зор жетістік болатын. Сол кездің өлшемімен алғанда, 3000-5000 метр биіктікке көтеріліп, дыбыстық сигнал беру және оның шуылына шыдау ең қиын тапсырма екен, бірқатар курстас­тары осы сыннан сүрінеді де, Б.Ахметов «ұшқыш-бомбалаушы, атқыш-радист» мамандығын алып шығады.

Әскери мерзімін бітіріп, енді ауылға кеткелі жүргенінде, 1941 жылы соғыс басталып кетеді. Дипломды жас сарбаз әуе соғысында алыста әрекет ететін авиациялық корпус құрамында құрылған 250-ші әуе полкы сапында Украина майданына жіберіледі. Көп ұзамай-ақ Бегейбай соғыстың алғашқы жылдары «Юнкерс-88», «Дорнье-215», «Хэйнкель-111» сынды әйгілі соғыс ұшақтарымен әуе авиациялық күші жағынан басымдау болған фашистерге қарсы көк жүзінде төрт моторлы «ТБ-3» ұшағымен сұрапылға араласып кетеді. Соғыстың сұрапыл суреттерін: «Жау ілгері ентелеп келе жатты. Кеңес әскерлері шегіне соғысып ұрыс салды. Осы кездерде аспандағы арпалыс та осал болған жоқ. Қарсы кездескен жау истребительдерімен талай рет қиян-кескі ұрыса жүріп, өз аэродромымызға аман-есен қонып отырдық. Жау тылындағы бекіністерге бомба жаудырып, танктер колоннасын өртке орап, жау шебінен өтіп, қару-жарақ, жанармай қоймаларының күлін көкке ұшырып келіп жүрдік. Өз шығындарымыз да аз болмады. Бір­де Мәскеу маңындағы әуе кеңістігінің бел­гілі бір бөлігін бақылауға тапсырма алдық. Сүттей ұйып, ай жарығы жерге төгілген әдемі түнде кенет айдың бетін көлеңкелеп, ағып өткен ұшақты байқап қалдық. Жанұшыра заулап бара жатқан ұшақтың қос бүйіріндегі қара айқыш пен фашистік свастикасы да байқалып, оның екі моторлы «Хэйнкель-111» ұшағы екенін бірден білдік. Мен көздей отырып, дереу ұшақты басқаратын тетіктегі түймешені басып жібердім. Алғашқы оқтан жау ұшағының моторы түтіндеп, қанатының астынан жалын шыға бастаған болатын, алайда тез бұрылған ұшақ қашып құтылуға тырысты. Біз оған жақындай түстік. Олар да бізге қарай оқ жаудырды, нәтижесін­де біздің де ұшағымыз отқа оранды. Екі ұшақ та төмен құлдилады, абырой болғанда парашютпен секірген біз – үш адам өз адамдарымыз тұрған жерге келіп түстік. 1941 жылдың желтоқсан айында жерде, әуеде жағаласа жүріп, Мәскеу түбіндегі Крюков, Кашира, Клин, Истра, Волоколамск, Наро-фоминск қалалары азат етілді», – деп еске алады екен Б.Ахметов кейін.

Сталинград қаласы үшін болған шайқаста бұлар көк жүзінде немістердің «МЕ-110» истребителімен ұшырасып, шайқасқа түседі. Отқа оранған ұшақта командир Казаков оққа ұшып қаза тапса, штурман Шумаков екеуі секіріп түсіп, өз әскеріне аман қосылады. Соғыс жылдарындағы жан алып, жан беріскен батылдығымен бірге, маңызды ерліктер көрсете білгендіктен кейіннен маршал атағына ие болған Голованов, Новиков басқарған, ішінде қазақтың Бегейбайы бар, 250-ші полк ең құрметті, ең абыройлы атаққа қол жеткізіп, «гвардиялық полк» атанады. «Сталинград шайқасында жау жағы 3000 ұшағынан айырылды», –  деп отырады екен Бекең. Оның айтуынша, ұшақтардың шығыны қаншалықты көп болса, есесіне адам сенбестей жыл­дамдықпен ұшақтардың жаңа түрлері шығарылып жатыпты. Мысалы,1943 жылдары 4 тонналық ауыр ұшақтардың орнына келген салмағы 2,5 тонналық «ПО-2» соғыс ұшағы аэродром таңдамай кез-келген жерге қона алатындығымен, бақылау жасауда дәлдігімен, ұшып-қонудағы ыңғайлылығымен ерекшеленген. Алайда, асығыс жасалған дүниенің осал тұстары да болмай қалмайды екен. Бірде барлауға шыққан сапарларында жаңа ұшақтың бір моторы жұмыс істемей қалып, орманның алақандай ғана ашық алаңына келіп қонады. Моторын ашып, үзілген сымын жалғап, қайта ұшып кеткен кездері де болыпты.

Әуеде атойлап жүрген Ахметовке бірде ойламаған жерден генерал Беловпен кездесудің сәті түседі. 1943 жылдың жаз айында төрт экипаж мүшесі болып түнгі барлауға шығады. Кенет соңынан қуып келе жатып атқылаған неміс ұшағын байқайды, алайда кеңестіктердің ұшағы өртене бастайды. Екі ұшқыш секіріп кетеді де, экипаждың жасы да, шені де үлкені майор Бегейбайға: «Секір!» деп айқайлайды. «Бірінші сіз секіріңіз» дейді бұл. «Секір, әйтпесе атам!» деп пистолетін кезенеді майор. Кабинадан шығып, ұшақтың артқы қанатының үстінен қарғып кетеді. Қысылтаяң шақта тілі: «Бекет!» деуге ғана жетеді. Абырой болғанда, кеңес әскерлерінің аумағына түседі. Бірақ, бұл қоршауда қалған әскерилер екен. Ахметов осы жерде генерал Беловпен кездеседі, құрметті қонағы болады. Бегейбайдың қазақ екенін естіген Белов: «Қазақтан ұшқышты бірінші рет көріп тұрмын», деп таңғалған екен. Мәскеуге қарай жолға шыққан қоршаудағылар немістермен бетпе-бет келіп, 100-ге жуық жауынгерінен айрыла жүріп, қоршауды бұзып, діттеген жерлеріне жетеді. Киімін ауыстырып жатқан Бегейбайға комендант: «Гимнастеркаңның оқ тимеген жері жоқ, шұрқ тесік. Өзің жолың болғыш жан екенсің», депті. Ал Бегейбай болса әрдайым Бекет атаға сыйынып жүретіндіктен, оқ пен оттың ортасынан тірі қалуын да осы ата әруағының қолдауынан деп біледі.

«ПИ-2» ұшағымен Константин Гладихтың басшылығымен Сталин­град, Ленинград, Кавказ, Курск, Белгород, Донбасс, Керчь, Анапа, Днепр, Киев, Беларусь, Прибалтика даласын басып өтіп, Румынияны, Болгарияны, Чехословакияны, Венгрияны, Польшаны азат етуге, Берлинді алуға қатысқан Бегейбай Ахметов ерлігі үшін ауылға бір айға демалысқа жіберіледі. Демалысқа кетер алдында Никополь, Каховка, Красное село жерлерінде болған шайқаста көрсеткен ерлігі үшін III дәрежелі «Даңқ» орденін омырауына тағады. Бір айдан соң майданға оралып, соғыс ұшағының тізгінін қайта қолына алады. Қан майданда жараланып, әскери госпитальде ем қабылдап, жағдайы жақсарған соң, соғысқа қайта кіріседі. Бүкіл Еуопаны басып өтіп, талай қиын сәттерді бастан кешіп, Берлинге соғыса жүріп жетеді. Жеңіс туы желбіреген соң, ауылға кетуге асыққан жігітті власовшылар мен бандеровшыларға қарсы күрес әрекеті салдарынан босатпай қояды. 1946 жылдың желтоқсан айында ғана босаған Б.Ахметовке командирі әскерде қалып, соғысқа бастан-аяқ қатысып, осы жылдар ішінде 300 реттен астам көк аспанға көтеріліп, ұрысқа қатынасқан соғыстағы тәжірибесіне сүйене отырып, әуежай басшысының орнына қызметке қалуды ұсынады. Ауылда жеті жыл бойы анасының күтіп отырғанын айтқан Бегейбай елге оралып, бейбіт еңбекке араласады. Алдымен «Уполминзаг» мекемесінде бастықтың орынбасары болса, 1947-1956 жылдары аудандық жоспарлау бөлімінің бастығы, 1956-1958 жылдары аудандық атқару комитеті төрағасы­ның орынбасары, Сталин колхозының төраға­сы, аудандық тұтынушылар одағының басқарма төрағасы, «Қазсельхозтехника» мекемесінің бастығы, аудандық қамсыз­дандыру инспекциясы бастығы, өзге де орындарда басшылық қызметтерде болады. Бірнеше рет аудандық кеңеске депутат болып, аудандық партия комитетінің мүшелігі­не сайланады. Еңбекте де үлгілі ісімен та­ныл­ған Бегейбай жары Набатпен бірге 7 ұл-қыз өсіріп, оларды құтты ұя­лары­на қондырады. Халқының ыстық ықы­ласына бөленген ұшқыш-майдангер 1991 жылы 74 жасында өмірден өтеді.

Соғыс жылдарында Б.Ахметов құра­мында болған гвардиялық әуе полкі­нен 19 ұшқыш Кеңес Одағының батыры атанады. Майдангер 1941 жылы ұшақтары отқа оранып, жерге секірген сәтте жау қолына түскен өзінің қарулас таныс­тары – ағайынды екі орыс жігітінің концлагерьде болғандығын, 1945 жылы лагерь­ден босап келіп, кейін жеңіс шеруіне қатысқандығын және Кеңес Одағы­ның Батыры атанғандығын айтады екен. Ал, 1939 жылдан 1946 жылдың желтоқсанына дейін, табандаған жеті жыл бойына қан майданда болып, жауынгерлік тапсырмаларды табыс­ты орындаған, жауды талқандаудың небір үлгісін көрсеткен қазақ жігіті­нің ерлігі неге екені белгісіз, соғыстан кейінгі жылдары да толыққанды айтылып жарыған жоқ. «Войной опаленные», «Сражающемуся Сталинграду» кітап­тарына енген ол туралы жергілікті басы­лымдарда аз-маз мақалалар жарық көр­ді. Маңғыстаулықтар өз араларынан беріде, яғни 1991 жылы мәңгіге кет­кен Бекеңнің – Бегейбай Ахметовтің шын мәніндегі батыр екендігін ерлікке толы өмір жолдары мен марапаттарына қарап ұғын­ды. Бұған Бекеңнің «кейінгі ұрпақ­тары­мыз соғыс туралы естімесін, соғыс қай­та­лан­басын» деп майдан әңгі­ме­лерін айту­ды қаламайтындығы себеп болған болар деген ой бар.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы

Суретте: ақиық ұшқыш (сол жақта) соғыс кезінде және бейбіт өмірде

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*