Құланаян Құлмамбет

Құлманбет ескерткіші

І

Даңқымен қашықты да жақын еткен,

Өмірден не бір жүйрік ақын өткен.

Жыр төгіп көмейінен бұлбұл құстай,

Шарлаған шартарапты аты жеткен.

Сыя алмай бұл жалғанның шеңберіне,

Ақыры орын тепкен ақыреттен.

Құлмамбет Құланаян соның бірі –

Үзіліп орта жолда қапы кеткен.

 

Еске алып артта қалған баяғы істі,

Шолады көз жіберсек ой алысты.

Тәңірі жақ бергенмен бақ бермеген,

Тағдыры Құлмамбеттің аянышты.

 

Баураған топты жерде тілмен көпті,

Бар қазақ танып-білген Құлмамбетті.

Әсеттей аласұрып өлерінде,

Айтарын түгел айтып үлгермепті.

Жалғыз қыз кіндігінен – Арзыханы,

Байқұстың маңдайына ұл бермепті.

Кегенге Шымкенттен келе жатып,

Кенеттен көкірегін мұң кернепті.

 

Түс көріп Қастекке кеп қонған күні,

Жалғанның айқын бопты жалғандығы.

Әкесі аян беріп, білініпті

Үш күндік ғұмырының қалғандығы.

 

Тағдыры тасқын судай үйіріпті,

Құлмамбет қатты шошып күйініпті.

Нышаны көрген түстің аумай келіп,

Түргеннен топырағы бұйырыпты.

Қоштасып өтерінде ел-жұртымен,

Көзінен қанды жасы құйылыпты.

Жете алмай туған жерге, жалғыз қызға,

Еріксіз көрге басы иіліпті.

Хабарын естігендер Түргендегі

Үйіне Әлібектің1 жиылыпты.

 

Қоя ма алды-артыңды ойланғанша,

Сұм ажал қуып жетер қайдан болса.

Бір жүрген жақсыларға сәлем айтып,

Сайрапты қызыл тілі байланғанша.

Не күтіп тұрғандығын кім біліпті,

Дүние артына бір айналғанша.

Дариға, болжаған ғой шын ақындар,

Барлығын күні бұрын пайғамбарша.

 

Марқұмды топырақ тартып елге келген,

Ел-жұрты жылап-сықтап жерге берген.

Үзілген алтын жібін ғұмырының,

Өлеңмен қайран ақын жалғап өлген.

 

Өмірдің айдынында еркін жүзіп,

Көріпті Құлмамбет те сансыз қызық.

Киілген сол қолының саусағына,

Көмілген бірге өзімен алтын жүзік.

 

Сыйлаған Құлмамбетке жүзікті кім,

Айтайын тереңдегі сүзіп түбін.

Бас қосып ас пен тойда қазақ-қырғыз,

Өткізген талай-талай қызық күнін.

 

Ежелден қазақ көрші қырғызбенен,

Туыстай бірін-бірі күнде іздеген.

Құлмамбет Ыстықкөлде айтысыпты,

Қаламқас деген ақын бір қызбенен.

 

Айтыста өлең шалқып төгіліпті,

Қолтығы саңлақтардың сөгіліпті.

Болса да сонша жүйрік, сөзге шебер,

Қаламқас Құлмамбеттен жеңіліпті.

 

Шірімес алтын жүзік жалғанда енді –

Әйгілі сол айтыстан қалған белгі.

Жақсының басқан ізі жоғалмайды,

Асса да өмір көші белден-белді.

 

Қара жер бүтін тұрса, аспан аман,

Адамды құдай қайда бастамаған.

Көзіндей Қаламқастың сол жүзікті

Өлгенше саусағынан тастамаған.

 

Жастықта көңіл көлдей тасып-толды,

Құлмамбет талай жерге көшіп-қонды.

Әркімнің ішкі сыры өзіне аян,

Кім білсін Қаламқасқа ғашық болды.

 

Ұстара бірдей болмас бәкіменен,

Әр нәрсе келеді өзі сәтіменен.

Сол жолы танысыпты деп айтады,

Қосағы қырғыз қызы – Бәпіменен.

 

Сабылып сан жылдардың сарсаңында,

Ел батты содан бері қанша мұңға.

Қабірі белгісіз боп қалар ма еді,

Болмаса алтын жүзік саусағында.

 

Тереңге үңілмеген не біледі,

Өлеңдей өмір, шіркін, өріледі.

Қайта ашып, жатқан жерін анықтаған,

Жігітек2 деген кісі көрінеді.

 

Жақсылық кеткен емес түбі текке,

Алланың нұры жаусын Жігітекке.

Болмаса арт жағыңда бір жоқтаушы,

Көп нәрсе келешектен үміт етпе.

 

Пендені салған талай азабына,

Таң қалам бұл тағдырдың ғажабына.

Қорғайды сол жүзігі Құлмамбетті,

Түсірмей қияметтің тозағына…

 

Ашпаған құпиясын елге бірден,

Жүрегін ғашықтардың шер кемірген.

Кейінде Естай ақын дәл осылай,

Хорланның жүзігімен көрге кірген.

 

Өткеннің сайрап жатар ізі, міне,

Татымсыз тіршіліктің қызығы не?

Аруағы ақындардың мәңгі разы,

Хорлан мен Қаламқастың жүзігіне!..

 

ІІ

Баяғы жұтқан уақыт Құлмамбетті,

Жүгіріп біздерге де жылдам жетті.

Бүгінгі көрген адам ертең елес,

Кезекпен кімдер кетіп, кім келмепті.

 

Ақылы дариядай данаға тең,

Жан екен жаратылған алабөтен.

Қой көзі қысыңқылау, сарғыш келген,

Жалтыр бас, сида бойлы адам екен.

 

Тұра ма төске өрлемей асқан дарын,

Қондырған зердесіне жастан бәрін.

Ай бойы тапжылмастан жырлайды екен,

«Мың бір түн», «Көрұғлы» дастандарын.

 

Тіл бітіп домбырасы қағып қалса,

Сайрапты ән мен күйді төгіп қанша.

Сыртылдап саусақтары перне бойлап,

Тартыпты бақайымен шабыттанса.

 

Құлмамбет қара өлеңнің ақтаңгері –

Құйғытып оңды-солды соққан желі.

Иманын мәңгі-бақи жолдас қылып,

Марқұмның жарық болсын жатқан жері.

Өшпестей ізін артқа қалдыратын,

Жақсылар шығарады елдің атын.

«Дастанын «Көрұғлы» Құлмамбеттен

Үйрендім» деп кетіпті Жамбыл ақын.

 

Жамбылға жалаң болса құт қона ма,

Қадірлеп, Құлмамбетті тұтқан аға.

Жүйрікке қашқан да бір, қуған да бір,

Тұлпарлар бірін-бірі құтқара ма?!

 

Ақындар дархан көңіл, кең жүректі,

Байрағын парасаттың желбіретті.

Жаздырмай құлашын кең, бауырын еркін,

Амал не, тағдыр дәйім тарлық етті.

 

Айналған бірде көлге, бірде шөлге,

Заманның мінезіне мүлде сенбе.

Үміттің оты жанбас қырсыққанда,

Ышқынып қызыл шоғын үрлесең де.

 

Халқының арман-мұңы тербеткенде,

Ақынның көкейінен зар кеткен бе?

Құлмамбет айтысыпты Жамбылменен,

Тұсында Қапшағайдың – Арбаөткелде.

«Құлмамбет – менің атым, Құланаян,

Менің Құлан екенім тәңірге аян.

Албан, Дулат жиналып бата берсе,

Кеңес айтып жырлайын етіп баян».

 

Айтыстың қызығына шөлдеген ел,

Жамбылды алдырыпты сонда жедел.

Ұйтқыпты екіленіп соққан желдей,

Құлмамбет ойға жүйрік, сөзге кемел.

 

Шалғынды жапырғандай шалғыменен,

Құлмамбет соқтықты өзі алдыменен.

Байлықты, батырлықты салыстырып,

Жалдыны жарыстырды жалдыменен.

 

Айтыстың алды – жарыс, арты – намыс,

Шығаннан шығу керек шалқып алыс.

Опырып, ойып түсер, орып түсер,

Азуы Жамбылдың да алты қарыс.

 

Жамбыл да қарсы шапты салған жерден,

Көкжалдай өзі теңдес арлан көрген.

Селдетіп, сарқыратып төкті өлеңді,

Тасқындай нөсерден соң таудан келген.

 

Бұтарлап, бөлшектемей сөз бүтінін,

Жамбыл да Құлмамбеттің қазды түбін.

Екеуі екі жақтан жарқылдады,

Найзағай ойнағандай жазғытұрым.

 

Біреулер жақтырмаған ыңыранды,

Жымыңдап біреулердің қыбы қанды.

Ешнәрсе айтылмаған қалмаған соң,

Әйтеуір сөз атасы тірі қалды.

 

Маңайын қызыл өрттей шарпып өткен,

Алысқа осы айтыстың даңқы жеткен.

Тәңірі Құлмамбетке қырын қарап,

Жамбылға абыройды тарту еткен.

 

Қос жүйрік сүрінбеген сан күдірден,

Жері жоқ бір-бірінен кем жүгірген.

Тиегі домбыраның тайып кетіп,

Құлмамбет кібіртіктеп сәл кідірген.

 

Тарихтың тереңіне барып шөккен,

Бұл жайды жыр қылады халық көптен.

Тиектің тайғандығын сылтау етіп,

Жамбылды көтермелеп алып кеткен.

 

Айтыста талас-тартыс, болған егес,

Көңілге оны ақындар алмаған еш.

Құлмамбет шындығында жеңілмеген,

«Жеңдім!» деп Жамбыл да айтып көрген емес.

 

Ақынды сөйлететін ел намысы,

Бұлбұлдың сайрай алмас тордағысы.

Кім білсін Құлмамбетке елестеді,

Жамбылдың қызыл шұбар жолбарысы.

 

Тілегі баспаған соң тегіс оңға,

Батыпты жайсаңдардың көбі сорға.

Көп сөзі Құлмамбеттің жиналмаған,

Ең қиын, өкінішті жері сонда.

 

Қырандай қатты серпіп қанатын кең,

Құлмамбет айтысыпты сан ақынмен.

Сүйінбай, Түбек, Тезек, Жамбыл, Майкөт,

Тілдері тиген жерін сара тілген.

 

Бұл жалған мәңгі тұрақ таптырмаған,

Басында бағландардың бақ тұрмаған.

Кешірсін Абай атам аруағы,

Ежелгі ескі ақынды жақтырмаған…

 

Көзбенен көрмесек те тірі қалпын,

Ескінің елес болған сынығы – алтын.

Маржандай асыл сөзін жіпке тізіп,

Жеткізген мына бізге ұлы халқым.

 

Заманның бұзылғанда сыйқы мына,

Сиреттік күлкіні де, ұйқыны да.

Жаңаның бәрі жақсы дей алмаймын,

Көненің зар болдық қой қиқымына…

 

ІІІ

Өлшеніп қас-қағым сәт мезетпенен,

Дүние алмасады кезекпенен.

Ақындар қырғыз бенен қазақтағы,

Сыйласып, жақын жүрген Тезекпенен.

 

Жалт етіп өте шығар жалғандағы,

Таусылмас айтса адамның армандары.

Аузымен құс тістеген өнерпаздың,

Тезектің маңайында болған бәрі.

 

Иіріп бір шыбықпен бай-манапты,

Көк мұзда заман кеше тайғанатты.

Тезекті атқа теріс мінгізгендер,

Тезектей бола білсе қайда қапты?

 

Болған соң қолда билік кере құлаш,

Батырған көпке тізе Тезек рас.

Тірілсе зәбір көрген замандасы,

Еңіреп, жанарынан төгеді жас.

 

Түскенде ел басына қысым жаман,

Жаладан жақсы бар ма ұшынбаған?

Сүйінбай, Түбек, Жамбыл, Құлмамбеттің,

Хан Тезек үстінен құс ұшырмаған.

 

Жан тартар болмаса да жекжаттығы,

Жақсының жайсаңдарға жоқ жаттығы.

Төре де керек жерде тізгін тартқан,

Білінген осыдан-ақ бекзаттығы.

 

Жығылып әділдіктің ыңғайына,

Көтерген батқан сөзді шымбайына.

Өзі де әжептәуір ақын болған,

Тоқыған жас күнінен жырды ойына.

 

Ғасырға қарап тұрсақ алыстаған,

Күшті жоқ алыспаған, шалыспаған.

Бай болсын, батыр болсын, төре болсын,

Солар ғой, түптеп келсек, ел ұстаған.

 

Қылыштай өткір тілі қышығанда,

Ақындар арындаған түсіп алға.

Шамданбай, шамырқанбай осы күні,

Тезектей сөз тыңдайтын кісі бар ма?

 

Түрленіп тілдің майын тамызғаннан,

Артқыға алдыңғыдан негіз қалған.

Кезінде Түбек деген ақын өткен,

Арқа мен Жетісуға аңыз болған.

 

Білетін алыс-жақын түгел атын,

Түсірген сөздің түбін Түбек ақын.

Сексенде Жетісуға сапар шеккен,

Іштегі елең қылмай кінәратын.

 

Түбектің жүрген жері жырға мекен,

Қынадай айтысқанын қырған екен.

Жалайыр Асан тәуіп емдеп жазып,

Шемен боп, үш жыл жатып тұрған екен.

 

Аралап қалың елді жол-жөнекей,

Ат басын Тезекке де бұрған екен.

Сұраншы бір жыл бұрын опат болған,

Орнына барып, бата қылмақ екен.

 

Ақбақай астындағы ойнап желмен,

Сұраншы не бір сұмдық ойран көрген.

Қоқанды түре қуып Алатаудан,

Қапыда қоршауда қап, Сайрамда өлген.Айналар есті қазақ батыр ұлдан,

Өшпейтін өмір-бақи аты жырдан.

Асына сексендегі Түбек келген,

Арнайы болмаса да шақырылған.

 

Жылыстап өте шығар бұл бір заман,

Жақсыңды жаныңдағы күнде ұрлаған.

Ерлігін Сұраншыдай сұрапылдың,

Жамбыл мен Сүйінбайдай кім жырлаған?

 

Біз бүгін қаптап өскен ормандаймыз,

Біріміз-бірімізге қорғандаймыз.

Бірақ та кешегі өткен Сұраншыны,

Шығарып жадымыздан алғандаймыз.

 

Сұраншы батыр ма еді ұмытылар?

Білемін, оның да бір күні туар.

Алдында аруағының қарыздармыз,

Қазақтың өлісі бар, тірісі бар…

Түбекті қадір тұтып соншалықты,

Тезек те түстік жерден қарсы алыпты.

«Алтайдың ақиығы келеді!» деп,

Айнала ат шаптырып, жар салыпты.

 

Абырой, несібесін алдан тілеп,

Үстінде көкжайлаудың келген Түбек.

Ат соғып алыс жолдан айлап жүрген,

Ақсақал қалған екен шөлдеңкіреп.

Арнайы үй тіктіріп күткен дейді,

Жақсыға Тезек төре болған тірек.

 

Балуандай айтысқанын атып ұрған,

Түбекті көріп халық жапырылған.

Көк қасқа тай сойылып құрметіне,

Сары қымыз саба-саба сапырылған.

Түбекке түгел келіп сәлем берген,

Ақындар үлкен-кіші шақырылған.

 

Тезекке әр сөзіне құн төлеткен,

Сүйінбай келе алмапты бір себеппен.

Сүйінбай жүйрік ақын депті Түбек,

Шапса озған қатарынан, қуса жеткен!

 

Тезектің ел жиналып ордасына,

Аламан айтыс болған сонда, сірә.

Кездескен Құлмамбеттей хас жүйрігің,

Түбектей қара өлеңнің жорғасына.

 

Айтыста қарсыласын кім аяған,

Бермесе өзі жәрдем құдай оған?

Құлмамбет Түбекпенен сілкілескен,

Сыйынып атасына Құланаян.

 

Атаудың Құланаян баяғыдан,

Ақсап тұр мағынасы аяғынан.

Дегендей бөкен желіс, түлкі бұлаң,

Құланның шыққан болар аяңынан.

 

Белгілі сөз төркіні енді ұққанға,

Дұрысы – Құланаяң сондықтан да.

Жапанда желдей есіп аяңдаса,

Құланның шашасына шаң жұққан ба?!

 

Жүйріктер көтеріліп шабыс алған,

Қиынға ары салған, бері салған.

Төгіпті кер дөненнің ащы терін,

Келтірмей қапталына кәрі тарлан.

 

Шайнасқан секілді екі кекті құлан,

Алыпты бірін-бірі шоқтығынан.

Төбе би өзі бопты Тезек төре,

Куә ғып қарақұрым көпті бұған.

 

Алған соң көзден көшіп тыным бүгін,

Өзінде өз қызығы бұрынғының.

Айтыстың алыптарын тыңдапты жұрт,

Орданың түріп тастап туырлығын.

 

Өлеңге машық болған бала жастан,

Тезек те бұл айтысқа араласқан.

Айтысты Түбек бастап былай депті,

Төренің бет-жүзіне қарамастан:

 

«…Қылмай ма төре тәубе бір құдайға,

Жаратты ие қылып ақыл-ойға.

Сыртыңнан сені халық ұры дейді,

Осы сөз лайық па Абылайға?».

 

Ұстайтын жерін білер әрқашанда,

Кірісті Құлмамбет те сөзге сонда.

Түбекті алқымынан ала түсті,

Дегендей Тезекті көп тезге салма:

 

«Міндет қып неменеңді келдің, Түбек,

Көтерем секілденіп қотыр үлек.

Дау іздеп, қайыр сұрап жүруменен,

Қалыпсың сұқсырдай боп мұнша жүдеп».

 

Жарқылдап шапқан аттай, атқан оқтай,

Айқасты, қызды шайқас бет қаратпай.

Шын ақын арқаланып арындаса,

Тұра ма көмейінен от боратпай?!

Шарпысты әлмек-сәлмек кезек бере,

Шоқ түсті жүрекке де, өзекке де.

Су сеуіп қызыл өртке лапылдаған,

Тежеді Құлмамбетті Тезек төре.

 

Ақындар тізгін тартты барып-барып,

Сүйсінді жүйріктерді халық танып.

Тезек те біраз жерге жорғалады,

Қомданып, қанаттанып, шабыттанып.

Сөз соңын Түбек өзі түйіндеді,

Қалақтай домбырасын қағып-қағып:

«Қош енді, Абақ, Тарақ, Албан, Суан,

Абылай қай қазаққа болмады ұран.

Матай мен Алтынемел, Шаған анау,

Жошы хан мекендеген, ақсақ құлан.

 

…Хан болсаң, ғаділдік қыл қарашыға,

Аударма табаныңды таласыңа.

Қақ жарған қара қылды әкім болып,

Тең қара атасы мен баласына.

Хан Тезек, сен де аман, ел де аман бол,

Қонақпын бұл үш жүздің арасына!».

 

Бес күндік тіршілікте базарлаған,

Осылай Түбек көпке сөз арнаған.

Қол жайып Құлмамбетке бата берген,

Ізінен ұшқан шаңы тозаңдаған.

Тарасқан игі жақсы мәз болысып,

Дүниеге жалт-жұлт етіп көз алдаған.

Арман жоқ ақындарда бір есептен,

Өлеңмен өмір көркін ажарлаған.

Самсаған самырсындай сол ерлерді,

Жым-жылас жұтып қойды-ау тажал заман.

Кең пішіп, кесек турар мінезімен,

Қалайша бола қалмақ Тезек жаман?

Құлмамбет қырық бестер шамасында,

Кезі екен сақал-мұрты бозармаған.

Түбекті күндік жерге ұзатып сап,

Қарасы үзілгенше көз алмаған…

 

IV

Ән-күймен, өлең-жырмен шаттандырған,

Ақынын қазақ қашан шет қалдырған.

Түбекке разы боп Тезек төре,

Үш тоғыз, бір қыз беріп аттандырған.

Айтыстың жайып Түбек даңқын көпке,

Жол бойы талай жерге ат шалдырған.

Аузының суы құрып естігендер,

Тезектің жомарттығын мақтан қылған.

Абайдан басқа ақындар сол заманда,

Несібе, нәпақасын тапқан жырдан.

 

Жаманға жорып қалма жетесі жоқ,

Ағайын, бұл сөзімнің қатесі жоқ.

Алаңсыз өлең жазып жататұғын,

Олардың Құнанбайдай әкесі жоқ.

 

Жаманды Тезек төре тең қылмаған,

Қасынан Құлмамбетті қалдырмаған.

Жығылып сөзге тоқтар мәрттігіне,

Сүйсінген Сүйінбай да, Жамбыл да оған.

 

Қол созған қиянаттың құрығына,

Налисың құдай сүймес қылығына.

Айыбын ақын біткен бетке басып,

Айылын жинаттырған ұлығына.

Алайда арпалысқан сұм жалғанда,

Жан бар ма кір жұқпаған жұлығына?

Тезектен суынасың сыйлай тұрып,

Ұстаған қарақшыны, ұрыны да.

Тазарып шыға келер бір қарасаң,

Өлеңнің шомылғанда тұнығына.

Сүттен ақ, судан таза хан болмаған,

Үңілсең ғасырлардың құдығына.

Жемқоры ол заманның жалғыз сол ма,

Жұтқаны жұқ болмаған жұмырына.

Біржақты баға беру қиын шығар,

Қым-қиғаш, көпке жұмбақ ғұмырына…

Көп жайға қазірде де көзің жетер,

Халықтың құлақ түрсең сыбырына.

Тезекті қондыратын мезгіл жетті,

Өзінің тарихтағы тұғырына.

Кешегі болған жемқор бүгін де бар,

Түрі жоқ қой дегенге тіліңді алар.

Борсықтай ұрған сайын семіретін,

Жонданып, жеген сайын күлім қағар.

Айранды солар ішіп шелектегі,

Қашанғы қара халық түбін жалар?

Сүйінбай, Құлмамбетін қазіргінің,

Көрсе де көрмегендей қырын қарар.

Түседі осындайда Тезек еске,

Өнерге орда тігіп, туын қадар.

Тажалдың тойымы жоқ, уайымы жоқ,

Күн бар ма кеңірдегі тығындалар?

 

Түбекке, Құлмамбетке, Сүйінбайға,

Тезектей төр беретін жиын қайда?

Топырлап көк аспаннан тері жауса,

Пақырға қатқан пұшпақ бұйырмай ма?

 

Тірлікте Құлмамбет те жарымаған,

Бірақ та жасымаған, арымаған.

Аяғын тарта басқан оны көрсе,

Құдайын кейбіреулер танымаған.

Өлеңмен ырыздығын ол да тапқан,

Қақтығып, тасқа пышақ жанымаған.

Тәңірі үйіп берген, жиып берген,

Байлықтан басқасының бәрін оған.

 

Жасы үлкен болса-дағы ірісінбей,

Жамбылды көрген туған інісіндей.

Ақ көйлек, аңқылдаған көңіліне,

Өтіпті пенделіктің кірі сіңбей.

 

Шын ақын төмендер ме, мәйпектер ме,

Қағысқан Бақтыбаймен, Майкөтпен де.

Құлмамбет отырғанда топ ішінде,

Өзгелер шығады екен байқап төрге.

 

Бағынған басқаға емес, тек құдайға,

Дариға, сол ақындар кетті қайда?

Құлмамбет Сүйінбайды ұстаз тұтып,

Ілтипат білдіріпті Бақтыбайға.

 

Шіркін-ай, сол сыйластық бар ма бүгін,

Қашанда қадірі жоқ қолдағының.

Жатады үйдей пәле біреулердің,

Астында бүгіп жүрген бармағының.

 

Көрмеген жарасымды жұбын жазып,

Үлгісі бұрынғының бүгінге азық.

Қазақтың бетке ұстары барлығы да,

Қайтеміз жақсылардың түбін қазып…

 

V

Ақынды Алла бекер жаратпаған,

Ол кезде өлең-жырсыз таң атпаған.

Ер туып, ел тізгінін ұстағандар,

Қыранды құзғындарға талатпаған.

Сыйлапты Құлмамбетті қырғыздар да,

Айтыссыз ас пен тойын таратпаған.

 

Тау асып, тасты басып жер шалғанда,

Қадірсіз болсаң қырғыз қарсы алған ба?!

Құлмамбет әдейі арнап шақырған соң,

Барыпты Жамбылды ертіп ер Шабданға.

 

Құлмамбет жырлағанда таңнан-таңға,

Тыңдапты талықпастан Шабдан сонда.

Ай бойы айтқан екен «Мың бір түнді»,

Өзің біл, сенбей бұған шамдансаң да.

 

Жырауды тірі көрген бұл жалғанда,

Шабданда арман жоқ қой білген жанға.

«Аяғы мұның қашан бітеді?» деп,

Сұрапты он жетінші күн болғанда.

 

«Тақсыр-ау, саусағымның әлі кетті,

Жырлаймын он алты күн әлі!»депті.

Шабданның жалғыз өзі отыр дейді,

Құлмамбет көзбен шолса төңіректі.

 

«Тыңдаса жырды Шабдан тыңдасын!» деп,

«Жырласа Құлмамбеттей жырласын!» деп,

Айтады қазақ-қырғыз әлі күнге,

Кетсе де содан бері бір ғасыр боп.

 

Таңдайға тәңір берсе несібені,

Ақынның мәртебесін өсіреді.

«Мың бір түн», «Көрұғлы» дастандарын,

Үйреніп қайтқан Жамбыл осы жолы.

 

Сақтаймыз жыр болмаса немізді ойға,

Жас толқын тілдің майын тамызбай ма?

Айдыны ақ көбік боп шалқып жатқан,

Дариға, Құлмамбеттей теңіз қайда?

 

VI

Таяқ жеп тар кезеңде тағдырдан көп,

Халқымның төккен жасы жаңбырдан көп.

Сырқырап құмға сіңген судай болып,

Сұраусыз кетті емес пе сан Құлмамбет.

 

Қызылдың желі соғып азынаған,

Айырылдық қаншама асыл қазынадан.

Меңіреу, мылқау тарих мелшиеді,

Өтпейді айтқанменен сөзім оған.

 

Қым-қуыт басымыздан күндер өткен,

Қызығы қысқа өмірдің кімге жеткен?

Қазына Құлмамбетпен кетті қанша,

Жүзіктей саусағында бірге кеткен.

 

Келмеске кеткен дүние қанша бізде,

Іздесең соны, халқым, шаршап ізде!

Сары аяз сақылдаған қыстың қамын,

Жасаған ата-бабаң ерте күзде.

 

Тоналған тарихымыз, тіліміз де,

Түгендеу парыз оны тірімізге.

Жоғалтқан алтын киген аруақтарын,

Қорымдар ескертеді мұны бізге.

 

Өзгеше тұрқы бөлек, үні дара,

Жоқтайды арыстарын ұлы дала.

Құлаған ата қыстау – ескі жұрттың

Орнында жатыр төккен күлі ғана.

 

Бұл күнде Тезек қайда, Шабдан қайда,

Үзілген ұлы дәстүр жалғанбай ма?

Адасқан соқыр болсаң өз ұлтыңнан,

Қаңғырған тас тиеді сор маңдайға.

 

Сөгетін тар қолтығын кең құлашы,

Қайда екен Құлмамбеттің домбырасы?

Қамқорсыз қариядай күрсінеді,

Қазақтың күй мұрасы, ән мұрасы…

 

Азаттық алтын нұрын таңдай құйып,

Тұрғанда төмендесең қандай күйік?

Еңсесі туған елдің биіктемес,

Тұғыры төл өнердің болмай биік.

 

Халықтың жаны – ұлттық өнерінде,

Құлмамбет айтып кеткен өлерінде.

Жұртының керегіне жарамаса,

Құны жоқ қараның да, төренің де.

 

Алдыда күдік қанша, үміт қанша,

Өткенді өмір өтер ұмытқанша.

Түбінде Көк байрақтың түзу тұрсын,

Халқының қамын ойлар жігіт болса!

Жын-шайтан баса-көктеп кіре алмайды,

Есігі періштенің құлыпталса.

Құдайым, ұлтпен көрсет не көрсетсең,

Күшіктей көштен қалған ұлытқанша.

 

Ызадан, өкініштен ішім жанар,

Айтар сөз өткір тілдің ұшында бар.

Қазақ боп қала алмасаң жібі түзу,

Шайнаған бармағыңда тісің қалар…

1. Әлібек – Құлмамбет Түргенде қайтыс болған үйдің иесі.

2. Жігітек – Құлмамбеттің мұрасына жанашыр ағайыны, ақынның қабірін тапқан кісі.

Несіпбек АЙТҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

 

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*