Медицина майоры

Адилбек Токтыбаев-2

Әділбек Тоқты­баевтың мемлекеттік мара­паттары ұрпақтарын 69 жыл­дан кейін іздеп келіп тапты

Екінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 70 жылдан аса уақыт өтсе де осы соғыста 600 мыңдай боздақтарынан айырылған қазақтың жан жарасы әлі күнге жазылған жоқ. Қазақтар бұл соғыста көрсеткен ерліктерін ерлік деп емес, Отан алдындағы парызым деп санады. Көбісі осы сеніммен өмірден өтті.

Жақында Ресей Феде­рациясы Қорғаныс министрлігі Орталық архивінен Қызылорда облысы Шиелі ауданына хат келді. Ол хатта соғыста әскери дәрігер болған Тоқтыбаев Әділбек Жетібайұлы 1947 жы­лы «Ерлігі үшін» медалі және «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденіне ұсынылғаны, алайда, жауынгердің өз қолына тапсырылмағаны жазылған екен. Енді Әділбек Тоқтыбаев деген кім? Қай жердің тумасы? Осыған кеңірек тоқталайық.

Әділбек Тоқтыбаев 1914 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Төменарық ауылында дүниеге келген. Жастайынан еті тірі, ізденімпаз бала сол кездегі тіршіліктің қиыншылығына қарамастан, Қызылордадағы қазақ-орыс мектебін үздік оқиды. Одан соң 1940 жылы Алматыдағы медициналық институтты бі­тіріп, осы қаладағы емдеу мекемелерінің бірінде дәрігер болып еңбек жолын бастайды. 1941 жылы соғыс басталғанда Алматы қаласының Сталин атындағы әскери комиссариаты арқылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, майдан шебіндегі 422-атқыштар дивизиясының 106 артиллериялық полкіне кіші дәрігер болып бекітіледі.

Ердің ерлігі сыналар майдан шебінде емдеу ісіндегі шеберлігі мен адал қызметінің арқасында аз уақытта полкте үлкен абыройға ие болады. Орта Азиядан барған мұсылман солдаттар Әділбекті пана тұтып «Біздің доктор» атандырады. 1942 жылы жазғытұрым үшінші рангалы әскери дәрігер дәрежесіне көтерілген ол медицина қызметінің майоры шеніне де ие болады. 1942 жылы басқа әскери бөлімге ауыстырылады. Сталинград үшін шайқаста көрсеткен ерлігі мен батылдығы, жаралы жауынгерлерді емдеу мен сауықтырудағы ерен еңбегі үшін әскери хирургтың жанқиярлық еңбегі жайлы бірнеше газеттерде мақалалар жа­рияланып, Әділбек Тоқ­тыбаев «Сталинградты қор­ғағаны үшін» медалімен, «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады. Сол жылдың жаз айында Сталинград үшін болған алапат шайқаста жау ұшағының кезекті бомбалауы кезінде оң аяғының тізеден жоғары тұсынан жарақат алып, 1943 жылдың 24-мамырына дейін Мәскеудің орталық госпиталінде ем қабылдап, оң аяғынан айырылған Әділбек соғысқа жарамсыз болып, ағаш аяқпен туған ауылына оралады.

Соғыс жылдары қолда барын майданға аттандырып, тыр­бана еңбек еткен қазақ ауылдарының жағдайы да мәз емес еді. Өз ісінің мамандары да тапшы болатын. Әділбек Тоқтыбаевты майданнан келе сала Қызылорда облыстық ден­саулық сақтау бөлімінің бұйрығымен Шиелі аудандық ауруханасына бас дәрігер етіп тағайындайды. Осы жерде баса назар аудара кететін бір жағдай, Әділбек Тоқтыбаев Шиелі ауданында бас дәрігер болып жұмыс істеген тұңғыш қазақ азаматы екен.

Иық сүйер ер-азаматтарынан айырылып қана қоймай, асыра орындалатын еңбек сағаты мен ашқұрсақ өмір ауыл тұр­ғындарын да титықтатып тұрған жылдар. Жерлестерінің тәні мен жанын сауықтыруда Әділбек Тоқтыбаев тағы да аянбай еңбек етеді. Әділбектің көзін көрген Сыр өңіріндегі қариялар оның еңбекқорлығын, адамгершілігін әлі күнге аңыз қылып айтады.

Медицина майоры Әділбек Тоқтыбаев 1945 жылдың қаңтар айында Қызыл Армия қатарына қайта шақыртылады да, Ақмола облыстық әскери гарнизонына дәрігер етіп жіберіледі. Әскери гарнизонда атақты дәрігер Розен­бергтің қарамағында орди­наторлық қызметпен бірге Ақ­мола тубдиспансерінде фтизиатр-рентгенолог қызметін қоса атқарады.

1946 жылдың шілде айында әскери қызметтен босатылысымен Шиелі аудандық ауруханасының бас дәрігері болып қайта тағайындалады. Кадр жетіспеушілігі себепті ол әрі хирург, әрі рентгенолог міндеттерін де қоса атқарады. Көптеген науқастарды қа­тарға қосып, жабырқаған жан­дардың жанына жалау болам деп жүріп өз денсаулығына қарауға мұршасы да келмейді. Оған дүние-мүлік, даңғаза-дақпырт қажет емес еді, тек өзі сүйген кәсібі – дәрігерлік қызметін адал атқару болатын. ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысының мүгедегі деп танылса да Әділбек Тоқтыбаев бұл қызметін ағаш аяғын сүйрете жүріп елінің алдында адал атқарған. Қиындыққа мойымай қажырлы еңбегін сіңірді.

Соғыс салған жара, ауыр тіршілік, тынымсыз еңбек, шала ұйқы кім-кімді де болса жықпай қоймас. Елінің сүйікті перзенті, қадірменді Әділбек Тоқтыбаев 1948 жылдың қыркүйек айында небәрі 35 жасында көз жұмады. Қаншама мүгедек, жарымжан адамдарды ажалдан арашалап қалғанмен абзал азаматтың өзінің ауруын жазып, ажалдан аман алып қалатын жан табылмайды. Аудан тұрғындары қиын кезеңде қаншама кісінің өміріне себепші болған аяулы азаматын, білікті дәрігерін үрмелі аспаптар оркестрімен соңғы сапарға шығарып салады.

Шиелі жұрты да жанкешті ардагерінің рухының алдында қарыздар болып қалмай, жақында ардагердің атына көше берген екен. Әрине, қуаныштымыз. Шиелі аудандық әкімшілігі мен аудандық ономастикалық комиссияға алғысымыз шексіз. Алайда, көше атымен ғана шектеліп қалмай, өзі еңбек еткен, бас дәрігерлік қызмет атқарған Шиелі аудандық ауруханасынан Әділбек Тоқтыбаев атындағы бір кабинет берілсе, қабырғасына суретті-тақта қойылып, өмірбаяны жазулы тұрса дәрігерлермен қа­тар емделушілер де аудан көлеміндегі алғашқы дәрі­герінің есімін еске ала жүрер еді. Аудан, облыс көлемінде Әділбек Тоқтыбаев атындағы спорттық шаралар өткізілсе де ардагердің аты мен қызметі олқылық жасай қоймас.

1947 жылы марапатталған «Ерлігі үшін» медалі мен «ІІ дәрежелі Отан соғысы» ор­дені де жақында Әділбек Тоқ­тыбаевтың ұрпағының қолына табыс етілмек. Алайда, қанша жерден орден-медальдармен марапатталса да, қанша жерден батыр болса да кісі өмірден өткен соң оның атын өшірмей ұрпа­қтарға жеткізу тірілер – біздің борыш.

Гүлзат ШОЙБЕКОВА,
журналист
 Қызылорда облысы,
Шиелі ауданы

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*