Екінші дүниежүзілік соғыс туралы бүгінде ала–құла пікір болғанымен, сол соғысқа қатысқан Кеңес жауынгерлерінің ерлігіне ешкім шүбә келтіре алмасы хақ. Тіпті, соғыстың аяқталғанына 70 жылдан астам уақыт өтсе де аға буынның қаһармандық қасиеті кім–кімді де бейжай қалдырмасы тағы белгілі. Біз бұл жолы сол соғыста жанқиярлық ерлік көрсеткен батырлар болмысын суреттейтін тақырыпқа өз әріптестеріміздің қалай қалам тартқаны жөнінде әңгімелемекпіз.
1.Берілмеген бекініс туралы кітап
Брест қамалы туралы қалам тербеген журналист Сергей Смирнов әу басында түртінектеп бекініс туралы жазып жүргенімен, төрткүл дүниені дүр сілкіндірген шығарманы дүниеге әкелемін деп ойлады дейсіз бе? Қарапайым қызығушылықтан басталған тақырып арқылы бертінге дейін беймәлім болып келген ерлікке толы тарихтың жаңа беттерін қопарып, журналист қамалды қорғаған жауынгерлердің ерлік шежіресін хронологиялық тұрғыдан бүге-шігесіне дейін баяндап, соғыстың ақтаңдақ тұстарын жеріне жеткізе жазды.
Әуелі Брест қамалын қорғаушылардың ерлігі жайында аңыз майдан шебін аралап кеткен-ді. Аңыз жауынгерлерге қуат беріп, «біз де бекіністі қорғаған батырлар сияқты қасық қанымыз қалғанша жауға қарсы күресеміз» деп, олардың бойындағы сенім шоғын үрлей түсті.
1944 жылдың жазында Брест жаудан азат етілді де, қамал қабырғалары сайрап қоя берді, қабырғадағы тастарға да тіл бітті. Ерен ерліктің ізі жайында бекіністің әрбір бөлшегі мұңлы сарынмен «менмұндалап» тұрушы еді…
Мәскеулік мұражайдың бір қызметкері 1950 жылы қамалдағы батыс казармаларының бірінен қабырғаға жазылған: «Я умираю, но не сдаюсь. Прощай, Родина!» деген жазуға көзі түсті. Жазған кісінің есімі беймәлім, бірақ жазылған күні айқын – «1941 жылдың 20-сыншы шілдесі». Осылайша, қамалдың жауға қарсы жанкештілікпен соғысқандығы туралы нақты дәлел табылды. Бекініс соғыстың 29-ыншы күнінде де қарсылықты жалғастырғаны анықталды.
Журналист Сергей Смирнов: «1954 жылы Брест қамалы туралы кітап жазу туралы ой келді. Бұл тақырыпқа баруыма заңдылық пен белгілі бір кездейсоқтық та себепші болған еді, – деп жазады естелігінде. – Заңдылық дегенім, Ұлы Отан соғысындағы оқиғалар туралы үзбей жазып келемін.
Батыр қалалар Одесса мен Севастополь жайында қалам тербесем бе деп ойлай бастап едім, кездейсоқ әңгіме жоспарларымды түбегейлі өзгертіп жіберді».
Сөйтіп, атын төрткүл дүниеге танытқан шығарманың жазылуына түрткі болған кездейсоқ жағдайға тоқталады.
«Бір күні жолдасым, жазушы Герман Нагаев келді. Ол алдағы уақытта немен айналысатынымды сұрастыра келіп, кенет былай деді:
Брест қорғанысы туралы кітап жазғаның дұрыс болар еді. Бұл дегенің соғыстың мүлдем бір бөлек ерлікке толы шежіресі ғой!»
Есіме бір-екі жыл бұрын оқыған жазушы М.Златогоровтың Брест қамалы туралы жазған очеркі түсті. Ол «Огонек» журналында жарияланып, содан кейін Қорғаныс министрлігінің әскери баспасы шығарған жинаққа кірген-ді. Нагаевпен әңгімеден соң, әлгі жинақты тауып алдым да, Златогоровтың очеркін қайта парақтадым.
Брест қамалы туралы тақырып бірден баурап алды. Онда әлі ашылмаған қалың құпия жатқан тәрізді көрінді, ұлан-ғайыр зерттеу жұмыстарының күтіп тұрғанын да іштей сездім. Аталған тақырып ерлікке толы екендігін, онда біздің халқымыздың, біздің армияның қандайда бір батырлық рухы барын байқадым. Сөйтіп, жұмысты бастап кеттім».
Соғыстың басталғанына да тоғыз ай өткен. 1942 жылы ақпанда Кеңес әскері Орел ауданында немістің 45-інші жаяу әскер дивизиясын талқандап, дивизия штабының архивін қолға түсіреді. Кеңес офицерлері сондағы бір қызықты дерекке назар аударады. Онда «Брест-Литовскіні алу туралы әскери ақпар» деп аталған құжатта Брест қорғанысы үшін соғыс барысы баяндалыпты. «…батыл қорғаушылар бекінген қамал үшін шайқас күшті шабуылға қарамастан қантөгіске ұласты, – деп жазады неміс штабының офицерлері. – Брест-Литовскідегі орыстар жан аямай соғысты, олар жаяу әскердің асқан ерлігін және қарсыласуға деген ерік-жігерінің мықтылығын дәлелдеді».
Құжат орыс тіліне тәржімаланып, оның үзіндісі 1942 жылы «Красная звезда» газетінде жарияланды. Осылайша, аңыз ақиқатқа айнала бастады.
Журналист Сергей Смирновтың Брест бекінісі туралы шығармасының жазылуына дәнекер болған алғашқы ақпарат осы еді. Ерлікпен өрілген аңыздың Смирновты арбап алғаны соншалық, ол қамал тақырыбын зерттеуге біржолата кірісті. Әу басында Смирнов қамалдың қорғаушыларымен бірге бір үстел басында отырып тарихи эпопеяның жылнамасын – күнін, сағатына дейін қалпына келтіреміз деп ойлады дейсің бе?! Журналистік қызығушылық, табандылық Смирновтың Брест тақырыбын он жылға жуық зерттеп, оны қорғаушылар туралы толыққанды туынды жазуына әкелді.
Бресті қорғаған 42-інші атқыштар дивизиясының құрамында 44-інші атқыштар полкінің командирі майор Петр Гавриловтың ерлігі Сергей Смирновтың арқасында баршаға мәлім болды. Ол 1941 жылдың 23 шілдесінде ғана ауыр жарақаттан соң, жау тұтқынына түседі. Оған дейін бір ай бойы немістерге қарсы ерлікпен шайқасады. Гаврилов 1945 жылдың жазында жау тұтқынынан босатылды. 44-інші полктің бұрынғы командирі неміс тұтқынында қаншама қиындықты бастан өткізіп, елге оралғаннан кейін қауіпсіздік органдарының тексерісінен мінсіз өтіп, майор атағы қалпына келтіріліп, 1945 жылы жаңа қызметке тағайындалады.
1957 жылдың қаңтарында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Петр Михайлович Гавриловқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Алтын Жұлдызбен қоса, екі бірдей Ленин ордені тапсырылды. Екінші Ленин орденімен Кеңес армиясы қатарындағы ұзақ жылдар бойы қалтқысыз қызметі үшін марапатталды. Осылайша, Сергей Смирновтың арқасында әділеттілік қалпына келтірілді.
Әділеттілік демекші, жазушының ұлы Константин Смирнов өз естелігінде: «Әкем Брест қамалы үшін жан аямай соғысқандардың әділеттілікке деген сенімін оятты. Бұл дегеніңіз өмірдің өзіне деген сенім-тұғын» деп жазады.
Амалдың жоқтығынан жау тұтқынына түскендердің, қамалды қорғаған ерлердің тағдырына Смирнов ендігі жерде өзі арашашы бола жүріп, бүкіл құжаттарды жинап Бас прокуратураның құзырына ұсынды. Ұзақ-сонар тексерістен кейін Александр Филь ақталып, 1957 жылы Брест қорғанысындағы көрсеткен ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды.
Айтпақшы, «Брест қамалы» кітабында қазақ оғыланы Нұрым Сыдықов туралы да жазылған. «Тап осы кезде Шиканов өзіне бағынышты адамдардың бірі, соғысқа дейін өзінің пулемет ротасында болған Нұрым Садықовпен ерекше қадірмен дос болып кетті. Бой бітімі шағын, дөңгелек бет, қолды-аяққа тұрмайтын, ептейлі қазақ жігіті Нұрым Садықовтың басынан солдатқа тән ең жақсы деген қасиеттерді түгел табуға болатын еді – ержүректілік пен табандылық, шаршаудың не екенін білмейтін төзімділік, мою дегенді білмейтін жайдарылылық, оның дөңгелене біткен бет әлпеті ылғи күліп тұратын, тек ұрыс кезінде, Нұрым винтовканың немесе пулеметтің дүмін иығына қыса түскенде бет жүзі сұстанып, ыза кернеп, ен даланың мерген ұлына біткен қысықтау көздері гитлершіл солдаттардың жасыл киімін нысанаға алып дәл тіге ататын. Қалған уақыттың бәрінде де ол әрдайым көңілді жүретін, жұртты күлдіріп, тіпті жеңіліс тапқан күндердің өзінде де жолдастарының көңілін көтеріп, бойын сергітіп тастауға шебер еді…».
Смирновтың шығармасында қазақ батырының аты-жөні Нұрым Садықов деп жүр, бірақ кейінгі зерттеулерде Сыдықов тегімен әйгілі. Сол себепті біз қазақ баспасөзінде жазылған нұсқаға сүйендік. Нұрым Сыдықов соғыстағы ерлігі үшін «Қызыл Ту», ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендері және бірнеше медальмен марапатталған. Кейін Брест қамалының батыры кітап авторы Сергей Смирновтың өзімен де кездесті.
«Рахымжан бұл кездесуге «Брест қамалының» Қазақстандағы бір кейіпкері Нұрым Сыдықовты әйелімен, қанды көйлек досы Жанша Жанасовты әйелімен шақырыпты.
– Бұл күнді көре аламыз дедік пе? – Нұрым көзіне жас алып, қайта-қайта Сергей Сергеевичті құшақтай берді». Кәкімжан Қазыбаев «Найзағайдай жарқылдап…» атты шығармасында батырлардың басқосуын осылайша суреттейді. 1973 жылы Алматыға келген сапарында Сергей Смирнов өзінің кейіпкерімен Рахымжанның шаңырағында бас қосыпты.
Ұйқысыз түндерді, ұзақ күнді жол үстінде өткізіп, жүздеген жанмен жүздесіп, қамалдың беймәлім қаһармандарын тауып, олардың ерлігі жайында жазылған шығарма журналистің ерлікке пара-пар еңбегіне айналды. Еңбек мемлекеттік марапат тарапынан да кенде қалған жоқ. 1957 және 1965 жылдары (екінші басылымы мейлінше толықтырылған және кеңейтілген) – екі мәрте жарық көрген «Брест қамалы» кітабы үшін С.Смирнов 1965 жылы Лениндік сыйлықтың лауреаты атанды.
- Кездейсоқ кездесуден туған шығарма
«Нағыз адам туралы аңыз» шығармасы есіңізде ме? Борис Полевойдың ше? Бір кездері күллі әлемге адам рухының асқақтығын әйгілеген шығарма. Оның дүниеге келу тарихы да қызық.
Борис Полевой майданға «Правда» газетінің тілшісі ретінде араласады. Ол «нағыз адам» – Алексей Маресьевпен 1943 жылы ұшқыш-гвардияшылар жайында мақала әзірлеуге барғанда танысқан. Брянск майданының гвардиялық ұшқыштар полкі Орел қаласы үшін жан аямай соғысып, тоғыз күнде фашистердің 47 ұшағын атып түсірген. Бұл дегеніңіз үлкен жеңіс болатын сол сәтте.
Маресьев майдан шебіне келген журналисті өзінің жертөлесіне шақырады. Әскери тілші мен ұшқыш түн ауғанша әңгіме тиегін ағытады. Полевойдың әскери күнделігіне төмендегіше жазба түскен екен: «Менің жаңа танысым өзінің жертөлесіне қонуға шақырды. Оның қасындағы ұшқыш сол күні аэродромнан оралмапты. Мен соның төсегіне жатуға келістім, өйткені, қараңғылық қоюланып, қайта ұшып кетуге кеш боп қалған еді. Орман жидегін жей отырып, ұзақ әңгімелестік…
Енді қалғи бастағаным сол еді, еденге салмақты бірдеңенің тарс етіп құлаған дыбысынан оянып кеттім. Жертөле қараңғы, алайда айдың жарығы түсіп тұр. Танысым жатқан төсектің астынан тап-таза офицер етігінен біреудің аяқтары қылтияды. Қолымды жастықтың астына қалай сүңгітіп жібергенімді өзім де байқамай қалдым. Кенет көңілді, ақжарқын күлкі естілді. Өзімді қоярға жер таппадым. Жертөле қожайынының күлкісі. – Бұл протездер ғой, менің протездерім, – деді ол».
«Аяқсыз ұшқыш. Ұшқыш-истребитель! Бүгін ғана 7 мәрте көкке көтеріліп, жаудың 2 ұшағын жойған ұшқыш!..» Журналистің таңғалысына қарап тұрып Маресьев: «…аяқтарыма қатысты оқиғаны сізге айтып берейін бе?» дегені…
Осы бір кездейсоқ кездесу Борис Полевойды ерекше толқытты. Ол ұшқыш туралы әңгіме де, очерк те жазды. Бірақ сол күйінде жарияланбай қалған-ды. Кеңес идеологиясы мүгедек батырды насихаттауға қарсы болып, «Қызыл армия мүгедектеріне дейін соғысқа жегіпті» деген жаудың пікірінен қашқақтады. Соғыс аяқталған соң, Нюрнберг процесі кезінде қаһарман ұшқыштың образы журналистің алдынан тағы шықты.
Нюрнберг процесін жазуға тіркелген әрбір журналиске америкалық оккупациялық билік қызмет көлігін бөлген еді. Жүргізушілердің бәрі де жалдамалы немістер болатын. Полевойға жас шамасы отыз бестердегі бетінде тыртығы бар ұзын бойлы жігітті жіберіпті. Орыс полковнигіне жігіт өзінің бұрынғы ұшқыш-истребитель екенін, орыстарға қарсы Солтүстік майданда соғысқанын, екі ұшақты атып түсіргенін, өзі де отқа оранғанын, алайда ұшақты өз аумағына қондырғанын таныстық барысында ежіктей баяндап берді. Өзінің өткен өмірі Кеңес офицеріне ұнамайды деп ойлады жүргізуші. «Біз сіз екеуміз солдаттармыз», – деді Полевой неміске. Сөйтіп, Куртты өзіне жүргізушілікке бекітуді сұрады.
«Люфтваффе»-нің бұрынғы ұшқышы бір кездері өзі әңгімелескен аяқсыз ұшқыш Маресьевті қайта есіне түсіргені. Ол да Курт сияқты аға лейтенант еді-ау…
Трибунал кеңсесінен бір бума қағазды әкеліп, көп кештің бірінде ол бір жапырақ қағазға «Повесть о настоящем человеке» деп жазды. Бірақ әрі қарай қаламы жүрмей қойғаны. Құдды бірдеңе жетіспейтін секілді…
Журналисті шығарманы жазуға жазу үстеліне біржола отырғызған халықаралық трибуналдың кезекті мәжілісінде нөмірі екінші нацист рейхсмаршал Герман Герингтен алынған жауап еді. Ол «Германияның Кеңес Одағына жасаған шабуылы қылмыс емес, Қызыл Армия әскерінің, танкілер мен ұшақтардың санын, кеңес әскери зауыттарының қуатын білгенімен, кеңес халқының қандай қуатты екендігінен бейхабарлығы нацистік басшылықтың басты қателігі еді деп мәлімдегені» болатын.
«Осындай амалсыз мойындаудан кейін менің есіме тағы да аяқсыз ұшқыш түсті! – деп жазды Борис Полевой. – Бүкіл оғын шығындаған оның ұшағын жаудың төрт истребителі қыспаққа алып, өз аэродромына қондырмақшы болады. Алексей күтпеген маневр арқылы әлгі қыспақтан құтылмақшы еді, алайда жау пулеметінің оғы двигательге дөп тиіпті. Маресьев биіктен құлдилап бара жатқан ұшақты бар күшімен әйтеуір бір ашық алаңға қондыру үшін жанталасты. Ұшақ ағаштардың ұшар басына келіп соғылды… Сосын 18 тәулік бойы аш-жалаңаш, үсік шалған қалпында партизандардың балалары тауып алғанға дейін жер бауырлап жылжыды да отырды… Госпитальдан кейін мүгедек болса да әуеге, соғысқа ұмтылды және жеңді де».
1942 жылдың қысында ұшағымен құлаған Алексей майдан шебінен 35 шақырым жерге түсіп, қалың орманның ортасынан бір-ақ шықты. Бұрын санитарлық рота орналасқан жерден неміс пышағын тауып алды. Ол талай мәрте қажетке жарады. Бұқтырылған ет банкасы да ашыққан жанға талғажу болды. Көретін жарығы бар кісі қанша қиындық болса да, оны еңсере біледі екен. Бәлкім, ердің ерінің ғана қолынан келетін шығар бұл? Әлде рухы күштілер ғана ма? Жаратушыдан бұйрық келмесе, адам байғұс арпалысумен, өмір үшін жанталасумен тірлік кешетін сияқты ғой. Маресьевтің де өмір үшін арпалысы соның бір айғағы. Күн сайын кездесетін оны-мұны нәрсені аузына тықпалап, жанталаса алға жылжыды. Алексей әрбір мың қадамнан кейін сәл демалып алып, күніне жиырма мың қадам жасауға бел байлады. Әйтеуір ілгері қарай жылжи берді, жылжи берді.
Сегізінші күні ол тіпті жүруден қалды. «Табанын кеміріп бара жатқан» аурудың асқынғаны ма, әлде әлсіздік пе, әйтеуір қос аяқпен қозғалу мүмкін емес. Амал жоқ, төрт аяқтылар тәрізді төрттағандап, сүйретілуге ойысты. Тірі өлікке айналды ұшқыш. Есі кіресілі-шығасылы бүктетіліп алға қарай ұмтыла берді, ұмтыла берді. Партизандардың балалары оны тауып алғанда, кеудесінде өмірдің болар-болмас нышаны ғана бар-тұғын. Одан кейін партизан ұшағы госпитальға жеткізді. Дәрігерлердің үкімі бәрінен қатал болды – ұшқыштың аяғын кесу керек. Ауыр жарақатқа инфекция қосылып, гангрена пайда болған…
Одан арғы тіршілік госпитальдағы тән мен жанды қатар мазалаған күндер мен түндерге ұласты.
Кездейсоқ ештеңе болмайды ғой өмірде. Егер де бір палатада жатқан комиссар Семен Воробьев болмаса, ол Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде аяқсыз-ақ штурвалға отырған поручик Валериан Карпович туралы мақаланы көрсетпегенде, Маресьевтің тағдыры әрі қарай қалай боларын кім білсін?! Сенім шоғын ауруханадағы көршісінің үрлей білгенінің арқасында Алексейдің бойында құштарлық оты оянды. Оятқан Карповичтің жанкештілігі. Оятуға дәнекер болған комиссар Воробьев. Көп уақыт өтпей ауыр жарақаттан палатада жатқан жоғарыдағы әңгімеші көз жұмды. Оның ажалы Маресьевтің қабылдаған шешіміне деген ерік-жігерін күшейте түсті.
«Мені атып түсірген қырық екінші жылдың қысына дейін есебімде төрт фашист ұшағы болды, – дейді ұшқыш өз естелігінде. – Қырық үшінші жылы қатарға қайта қосылғаннан кейін, протезбен жүріп тағы екі «Мессершмитті» о дүниеге аттандырдым, ал Курск шайқасы кезінде бір күнде үш «Фокке-вульфті» құлаттым. Батыр атағын Орелді азат еткеннен кейін алдым. Соғыс кезінде барлығы жаудың 11 ұшағын атып түсірдім».
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Борис Полевой әлемдегі ең танымал қаламгердің біріне айналды. Ол Мәскеуде дүниеге келгенімен, бес жасынан бастап Тверьде тұрған-ды. Сол себепті де оның осы шаһарға деген ықыласы ерекше-тұғын. Ақын Андрей Дементьев өзінің естелігінде біз бүгін әңгіме етіп отырған шығармаға қатысты қызықты бір деректің шетін шығарады.
«– Соғыс аяқталған соң әлі жас жазушы, алайда танымал журналист жерлестерімен кездесуге Калининге (Тверь қаласы 1931-1990 жылдары осылай аталған. – автор) келді, – деп жазады ақын Дементьев. – Кездесу қаланың ең әсем залдарының бірі – Офицерлер үйінде өтті. Әлем халықтары атынан фашизмді соттаған Нюрнбергтен енді ғана оралған адамның әңгімесін тыңдауға калининдіктердің кәрі-жасы түгел дерлік жиналды. Залда өлі тыныштық орнаған. Отырғандардың әрқайсысы кешегі соғыстың қасіретін қайта бастан кешкендей күйге енді.
Ұзақ-сонар әңгімеден кейін Борис Николаевич сахнадан төмен түсті де, шығар есікке қарай беттеді. Сол сәтте оны таныс бірнеше журналист қоршап алып, тағы да сұрақ қою басталды. Бір сауал тікелей жазушының шығармашылығына қатысты болды. «Қазір не жазып жатырсыз?» Борис Полевой сонда тұңғыш рет бірнеше айдан кейін адамдардың жүрегі мен тағдырына ерекше әсер ететін кітабының атауын айтты. «Нағыз адам туралы аңыз»…
Иә, оқушысын ерекше әсерге бөлеген шығарма адамдардың тағдырына да, өмірлік көзқарасына да, ерік-жігеріне де елеулі ықпал еткені анық. Тіпті, шығармадан шығарма дүниеге келіп, өнердің басқа салаларында да «нағыз адам» туралы айшықты туындылар жазылды.
Борис Полевойдың «Нағыз адам туралы аңыз» шығармасы 1948 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Одан кейін фильм экранға жол тартып, ондаған театрда аяқсыз ұшқыш жайында пьеса сахналанды. Тіпті, Сергей Прокофьев опера да жазып шықты.
Аталған шығарманың толағай табысы туралы Борис Полевойдың биографы, белгілі сыншы және әдебиеттанушы Надежда Железнова кітаптың кезекті басылымына жазған алғысөзінде өз ойын төмендегіше жеткізеді: «…Біздің әдебиетімізге соғыстан кейінгі жылдары келген кейіпкер Алексей Мересьев шын мәнінде мыңдаған соғыс мүгедегінің өмірге қайта оралуына, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне орасан зор көмегін тигізді. Сол жылдары адамдардың тағдырына осыншалықты әсер еткен басқа кітапты айту қиын. Мересьевтің тағдыры халық тағдырының бір бөлшегіне айналды…»
Әдебиеттанушының жоғарыдағы айтқанын деректер де шегелей түседі. Бүкілодақтық кітап палатасының 1990 жылдың 1 қаңтарына дейін Борис Полевойдың «Нағыз адам туралы аңыз» кітабы әлем халықтарының 52 тілінде 229 мәрте басылып, жалпы тиражы 36 миллионнан асты. Қысқасы, қаламгер Борис Полевойдың ұшқыш Алексей Маресьевтің нақты өмірбаяндық деректеріне негізделген повесі көптеген адам үшін шынында да «өмір кітабына» айналды.
- Роман-диалогқа
айналған сұхбат
Кейде тақырып кездейсоқ туады. Аяқ асты басқа арнаға бұрылып, әу басындағыдан әлдеқайда ауқымды шығармаға айналып шыға келетін сәттер де аз емес. Әйтпесе, Әзілхан Нұршайықов Бауыржан Момышұлына арнайы роман-диалог жазамын деп барды дейсіз бе? «Жұлдыз» журналының тапсырмасына орай мерейтойлық мақала әзірлеу үшін барған ғой. Алайда, Әзекең журналистік ізденісінің арқасында жеке шығармашылығында үлкен жетістікке жетіп қана қоймай, оқырмандарына да қомақты олжа сыйлады.
Әзағаңның Баукеңмен алғашқы кездесу сәтіндегі көріністі журналистің өзі жазған қалпында қайтадан көз алдымызға елестетіп көрелік.
«Ал «Жұлдыз» саған не жаз деп отыр? – Оларға сіздің алпысқа толуыңызға орай бір нәрсе керек сияқты. Атап айтқанда, жазушының мүшел мерекесіне байланысты жазылатын дәстүрлі мақала қажет көрінеді, – дедім мен. – Ондай мақала жазуға мен әдебиет зерттеушісі, сыншы емеспін. Ал сіздің творчествоңызды талдауға жай сыншы емес, әскер психологиясын білетін өзгеше сыншы керек. Сіз туралы очерк жазу да қиын. Өйткені, сіздің ерліктеріңіз жайында Александр Бектің, Бауыржан Момышұлының кітаптарында толық баяндалған. Сол қалың кітаптар арқылы халықтың сүйікті кейіпкеріне айналған адам жайында он беттік очеркте мен не айта аламын, Бауке? Олар не айтсаң да сен айт, сен де соғыста болған адамсың ғой деп менің түп етегімнен ұстап отыр. Мен оларға өзімнің әскери, әдеби атағым сізден әлдеқайда кіші болғандықтан сізбен тілдеспей, сізден рұқсат алмай ештеңе жаза алмайтынымды айтып, өзіңіздің елден келуіңізді тостым. Міне, бүгін қалың оқушы қауымға сіз туралы не айтуға болады деп ақылдасуға келдім.
Бауыржан біраз үнсіз отырды, дәлірек айтқанда төсекте үнсіз шалқалап жатты. Содан соң қаһар шақырғандай қабағын түйіп алды. Бірақ жауабын жай бастады. – Мен туралы менен рұқсатсыз ештеңе жазбаймын дегенің дұрыс, – деп бастады сөзін. – Бірақ, қарағым, сен өкпелемегін, мен өзім туралы ешкімге мақала диктовать етпеймін!».
Осы аралықта батырдың қарсы алдында отырған журналист таңдаған «тактикасына» сай, мойнын төмен салып отыратын тұсы бар. Бұл да Әзекеңнің өзіндік тапқырлығы. Одан әрі қарай батыр мен журналист арасындағы көрініс төмендегіше өрбиді.
«Баукең сабасына түссін деп біраз үнсіз отырдым да, содан соң барып басымды көтердім. – Онда қалай болады? Менің не істеуім керек? – дедім мен әдейі абыржыған болып, Бауыржан не дер екен деп. – Осы тойғаныңмен қайта бергін, қарағым. Бауыржан сенімен сөз бітті дегендей, мойнын есік жаққа бұрып әкетті».
Журналистің табандылығы да кейде үлкен рөл атқарады ғой. Оның үстіне Момышұлы тәрізді батырмен бетпе-бет жүздесуге мүмкіндік туып, орайы келсе сұхбаттасуға сәті түсіп тұрса ше. Айрықша табандылық керек-ақ. Баукеңнің «осы тойғаныңмен қайта бергін, қарағым» деп айтқанынан кейін қарымта сұрақ қоюға қай журналистің тәуекелі бара қояр дейсің. Ал Әзекең болса ойындағысын ақтарып қалуға ұмтылады.
«Тойып қайтсам арманым не, тоймай тұрмын ғой, Бауке, – дедім мен күліп, – онда сізге біраз сұрақ қойсам қайтеді?
– Ал сұрағың болса, сұрағын, – деді ол енді мойнын бері бұрып маған тура қарап.
– Оған жауап беруге болады.
Әрі қарай екеуара әңгіменің өзегі тарқатылып, үйлесімін тауып жүре береді…
Әзілхан Нұршайықовтың журналистік ізденімпаздығы, ұтқырлығы жөнінде әңгіменің жөні бөлек. Ізденімпаздығы емей немене, он күн бойы Момышұлының барлық шығармаларын қайталап оқып шықса. Батыр жайындағы ел арасындағы аңыз біткеннің бәрін саралап, қайта сүзгіден өткізсе. Кездесуге дейін-ақ өмірі ақиқат пен аңызға толы адам туралы әңгіме-интервью жазамын деген байлам жасайды. Сөйтіп, үш күн бойы толғанып жүріп Момышұлына қоятын сұрақтарды іріктеп алады. Ізденісінің арқасында іріктелген сауалдар арқылы Баукеңнің жүрегіне жол табады журналист.
Бұл туралы Әзілхан Нұршайықов «Мен журналиспін» атты кітабында төмендегіше жазады. «Өзімнің интервьюді ұнататынымды мына мысалмен де дәлелдеуіме болады. 1970 жылы «Жұлдыз» журналы маған Бауыржан Момышұлының алпыс жасқа толуына байланысты алты беттік мақала жазып беруді сұрады. Алғашында мен бұл мақаланы Баукеңмен интервью ретінде жазуды ұйғардым. Осылай етсем оқушыға қызық болады деп есептедім. Оған оншақты күн әзірленіп, Баукеңнің барлық кітаптарын қайталап оқып шықтым. Оқып шықтым да, оның өмірінің өз кітаптарына да, Бек кітаптарына да ілінбеген, әлі оқырман қауымға мәлімсіз деген тұстарын қағазға тіздім. Сонда менің Баукеңе қоятын сұрақтарымның жалпы саны отыздан асып кетті. Сол тізімді машинкаға басып, қалтама салдым да, Баукеңе бардым».
Нөмірі бірінші Бауыржанның шаңырағына ойындағы жоспары орындалар-орындалмас күйде барған Әзілхан Нұршайықов өзінің журналистік біліктілігінің, табандылығының арқасында батырдың өнегеге толы өмірінен сыр ақтарып, алғашқы күні он екі сағат әңгімелесіп, үйіне олжалы оралған еді. Әу басында «Жұлдыз» редакциясы мерейтойлық мақала ретінде жоспарлаған дүние іс жүзінде роман-диалогқа ұласып, онда да жартысы журналдың желтоқсандағы санында емес, келер жылдың ақпанында жарияланды.
Сұхбат жанрында өрбіген роман-диалог оқырманның көңілінен шыққандығы соншалық, шығарма туралы пікір жоғары болды. Журналист бұл жөнінде үлкен толқыныспен еске алады. «Осы интервью жайында мен оқырмандардан бірсыпыра хат алдым. Сол хаттарға қарап жұртшылықтың бұл туындыны қызығып, құптап қабылдағанын аңғардым. Бұл туындының оқырманға ұнағандығының бір себебі, оның интервью түрінде жазылғандығы деп білемін».
Басқаларды қайдам, мен Әзілхан Нұршайықовтың жазушылығынан гөрі журналистігін жоғары қоямын. Қаламынан туған деректі дүниелер ғой Әзекеңнің қаламгерлік қуатын жан-жақты ашып берген. Нағыз журналиске тән тактика мен психологиялық пайым болмаса, алғырлық пен ізденіс болмаса, «Ақиқат пен аңыз» романының дүниеге келуі де неғайбыл еді-ау.
Кезінде өзі де: «Бойыңыздағы журналистік, жазушылық қасиеттердің қайсысы басым?» деген сұраққа: «Ең алдымен өзімді журналиспін деп есептеймін. Оның үстіне жақсы журналист жазушы ғой», деп жауап берген екен. Журналист мәртебесін асқақтатып тұрған да осы байлам.
Қаламгерді шырқау биікке көтерген шығармасы оқырман тарапынан ғана емес, мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Роман-диалог үшін Әзілхан Нұршайықовқа 1980 жылы Қазақ КСР-нің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді. Сондай-ақ, «Ақиқат пен аңыз» кітабы орыс (1980, 1982), украин (1984) және чех (1985) тілдеріне аударылып, жарияланды.
«Александр Бек Баукеңнің соғыстағы бейнесін жасаса, Әзілхан Нұршайықов соғыстан кейінгі, бейбіт уақыттағы бейнесін жасады. Бұл екі кітаптың арасында тұтастық бар. Ол Бауыржан Момышұлының тұтастығы. Бұл тұлға жөнінде қан көргендердің, қанды көйлек майдандастардың алдымен жазғаны дұрыс. Олардың қабылдауы, түйсіну сезімі біздікінен өткірірек, тереңірек. Баукең жайында жайдақ жазуға болмайды. Уақыт ол кісінің сом тұлғасын әлі ажарлай түседі. Емен ағашты өңдеуге де емендей берік шебер керек», – деп жазғаны бар Кәкімжан Қазыбаевтың өзінің «Найзағайдай жарқылдап…» атты шығармасында.
…«Ақиқат пен аңыз» кітабы авторының «емендей берік шебер» екендігіне кітапты қайта оқи отырып, тағы да бір мәрте көз жеткіздік.
- Нүктесі 40 жылдан кейін қойылған туынды
Бүгінде Рахымжан Қошқарбаевты білмейтін қазақ кемде-кем шығар. Бірақ, оның есімі бертінге дейін, 50-ші жылдардың аяғына шейін қалың қазаққа беймәлім болып келген-ді. Батырдың ерлігін батыр ғана бағалай білсе керек-ті. Рахымжанның халқымен батыр ретінде қауышуына Баукеңнің түрткі болғандығы мәлім.
Рахымжан 1958 жылдың басында батыр ағасының үйіне сәлем бере барады. Екеуі ұзақ әңгімелесіп, Баукең інісінің майдандағы мән-жайына толықтай қанығады, ерлігіне сүйсінеді бір жағынан. Екінші жағынан Рахымжанның қаһармандығынан былайғы жұрттың бейхабар екендігіне әбден күйінеді. Сөйтеді де, іле-шала Кәкімжан Қазыбаевқа хабарласып: «Тез жет!» дейді қатаң түрде. Кәкімжан Қазыбаев ол кезде «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш» газеті») газетінде еңбек ететін.
Кәкімжан келген соң Баукең:
– Журналиспін дейсің! Дипломым бар деп мақтанасың. Журналиске, ең алдымен, сезгір жүрек, көреген көз керек. Соғыс біткелі бері он үш жыл өтті, Рахымжандай тарихи адамды күні бүгінге дейін көрмей жүрген неғылған журналиссіңдер?! Адам ерлік жасауды жоспарламайды. Ерлікті туғызатын сәт болады. Рахымжан – сондай қиын-қыстау сәтте асыл қырынан көрінген азамат. Ол қыры – жасаған ерлігі. Тағдыр оның өмірбаянын сол сәтте жазды. Оның өмірбаяны – отпен жазылған өмірбаян. Мен де соғыстың небір қияметін көрген жанмын. Бірақ, фашизмнің соңғы бекінісіне айналған Берлинді алғандағы соғыс, Рейхстагқа ту тігердегі сұрапыл соғыс – ол нағыз жойқын қырғын! Рахымжан Жеңіс жалауын желбіретіп, Рейхстагқа ту тіккен батыр. Осыдан артық сендерге – журналистерге атаңның басы керек пе?! – деп тағысын тағы «тұзды» сөздерді айтып, «қара баласын» қара терге түсіреді. Бұл туралы жазушы Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабында нақты жазылған (283-284-беттер).
Баукеңнің тапсырмасынан кейін Кәкімжан Қазыбаевтың көп ұзамай, 1958 жылы 21 ақпанда «Лениншіл жас» газетінде «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» деген очеркі жарияланды. Оқырман батырдың өмірбаянымен алғаш рет осылай, журналист Қазыбаевтың мақаласы арқылы танысты. Қай жағынан да бұлтартпас дәлел-дәйектер арқылы бекемделген, Рейхстаг қабырғасына Жеңіс туын тұңғыш желбіреткен басқалар емес, қазақтың 21 жастағы өр оғыланы Рахымжан Қошқарбаев пен 18 жастағы Григорий Булатов екендігі әйгілі болды. Тарихи шындықтың бұрмаланғанын көзі қарақты жұрт кеңінен пайымдады.
Кәкімжан Қазыбаев Жеңістің нүктесін қойған батыр ағасы туралы деректерді үзбей іздестіре жүріп, мақалалар сериясын жалғастыра берді. Рахымжан кейіпкеріне айналған «Кернеген кек», «Найзағайдай жарқылдап…» атты деректі шығармалар дүниеге келді журналистің қаламынан. Алайда, Жеңіс туын тіккен батырдың нағыз жеңіске жетуіне, яғни, батырдың ерлігіне лайықты баға беретін күнге дейін әлі біраз жыл бар еді…
Қазыбаевтың қолтаңбасы арқылы халыққа таныстырылып, Қошқарбаевтың ерлігі паш етілгенімен, батырдың ресми түрде мойындалуы 41 жылға созылды. Тіпті, екі арада бұл тақырып аға ұрпақтан ізбасар ініге табысталды. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы болған Жанболат Аупбаевтың «Солай болған» атты жинаққа енгізілген «Аманат» атты мақаласында жан-жақты баяндалған.
Сөйтсе, Кәкімжан ағамыз Рахымжан туралы тақырыптың тағдырын тереңнен ойластырып жүрген екен. 1989 жылдың наурызында Талдықорған облысының Ақсу ауданында өтетін «Қазақстан коммунисі» журналының «дөңгелек үстеліне» бөлім меңгерушісі Жанболат Аупбаевты жолсерік етіп ала шығады. Ұзақ жол үстінде Кәкең әңгіме тиегін біртіндеп тарқата отырып, Ақсуға жетем дегенше Рахымжан туралы тақырыптың қилы тағдырын баяндап береді. Өзіне Баукеңнің Рахымжан туралы жазуға тапсырма бергенінен бастап, кейінгі Қошқарбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы Жеңістің 15 жылдығы қарсаңында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы Жұмабек Тәшеновтің маршал И.Коневпен тартысы, Жеңістің 20 жылдығы қарсаңында осы мәселеге қатысты Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, И.Шухов, Ә.Тәжібаевтың Мәскеуге жолдаған хаты, Жеңістің 25 жылдығы қарсаңында Бауыржан Момышұлы өзі бастап, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Сергей Луганский мен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, ақын Жұбан Молдағалиев қостап, 12 адам қол қойған қазақстандық қайраткерлердің Мәскеуге жазған хаттарының тағдыр-талайы туралы кеңінен әңгімелейді. Кәкең ақыр аяғында 1980 жылы тамызда Қазақ КСР-нің 60 жылдығына орай салтанатты жиын қарсаңында республиканың билік иелері тарапынан Бас хатшы Л.Брежневке алдымен Рахымжан Қошқарбаев, содан соң Бауыржан Момышұлы туралы мәселені құлаққағыс еткенде, оған Леонид Ильич: «Тарихты қайта қарап қайтеміз», деп жауап бергендігін де айтады. Қысқасы, өз әңгімесінде Кәкең Жанболат інісіне мәселенің әлі нүктесі қойылмағанын меңзейді.
«Біз қартайдық. Бір жылдан соң Баукең айтқандай «дерпен», яғни дербес пенсионер боламыз. Сөйтіп, қоғамның қыз-қыз қайнап жатқан өмірінен алыстаймыз. Ал бұл деген тіліңді біреу алып, біреуі алмай, пұшайман күй кешесің деген сөз. Сонда Рейхстаг қаһарманы туралы жиып-терген дүние не болады? Жеңістің 15, 20, 25, 30 жылдығындағы бастамалар жағдайы қайда қалмақ? Оны келешекте кім жалғастырады? Осыны ойлай келе мен мынадай шешім қабылдадым. Ол – қалаға оралған соң Рахаң туралы 30 жыл бойы жинаған архив деректерімнің көшірмесін саған беру… Алда Жеңістің 45 жылдығы келе жатыр. Одан кейін 50 жылдық та бой көрсетпек. Сондай кезде үнсіз қалмасаңдар болғаны да», – деп әңгіменің түйінін қайырады Кәкең.
Кәкімжан Қазыбаев Рахымжан туралы деректерді, архив құжаттарының көшірмесін қайтыс боларынан жеті ай бұрын осылайша журналист Жанболат Аупбаевқа аманаттаған еді. Аға өсиетіне адалдық танытқан журналистің қаламынан Қошқарбаев туралы талай мақала жазылды да. Олардың бәрі Жеңіс туын тіккен батыр туралы мәселенің жеңісіне бастайтын жарияланымдар еді. Жеңіске бастайтын демекші, Жанболат Аупбаевтың «Халық ала алмаған қамал» атты мақаласы 1999 жылдың 1 қаңтарында «Егемен Қазақстанда» жарық көрді. Аталған мақаланың соңғы жолдары кім-кімді де бей-жай қалдырмайды. «Халық алмайтын қамал жоқ», дейді қазақ даналығы. Әділеттілік қалпына келсін десек, ел екенімізді білдіргіміз келсе, Рахаң туралы 60-70-жылдардағы қоғамдық пікір негізінде бір дүмпіп басылған ұмтылысты тағы бір қайталап көрсек қайтеді? Сөйтейік, жарандар! Пікір білдірейік. Ұсыныс айтайық. Халық ала алмай келе жатқан қамалға тағы бір рет шабуыл жасап көрейік. Нәтижесі болып қалар…»
Шынында да мақала жарияланысымен редакцияға қолдау білдірген хаттар легі қаптайды. Батыр партизан Қасым Қайсенов, Социалистік Еңбек Ері Михаил Яровой бастап, қалың оқырмандар қостаған хаттар Рахымжан Қошқарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын беру туралы мәселені шешудің кезі келгенін жеткізеді. «Халқы қаласа, хан түйесін сояды» демекші, халықтың пікірін билік те қалыс қалдырмаған болу керек, көп ұзамай Ақорда жақтан сүйінші хабар да жетті.
Рахымжан Қошқарбаевқа «Халық қаһарманы» атағының берілгендігі туралы Елбасы Жарлығы жарияланысымен, журналист ел-жұрттан сүйінші сұраған мақаласын, яғни, батырдың немере інісі Кәртай Мұсабеков пен әпкесі Гүлшен Жұмағожинамен болған сұхбатты 1999 жылы 11 мамыр күні «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде «Халық алған қамал» атты тақырыппен жариялады. Сөйтіп, қаламгер Жанболат Аупбаев бір жағынан Кәкімжан ағасының аманатын орындап, екінші жағынан 40 жылдан астам уақытқа созылған мәселенің түйінін тарқатып, Рахымжан Қошқарбаевқа батыр атағын беру жөніндегі тақырыптың нүктесін қойды.
Соңғы сөз орнына
Бір қызығы, біз жоғарыда әңгіме етіп отырған авторлардың бәрі дерлік журналистер, журналистиканың көрігінде шыңдалғандар. Әрбір журналистің еңбегін асқақтататын бірегей туындылар болады өзі. Сергей Смирновтың қаламынан қаншама туынды дүниеге келгенімен, он жыл өмірін сарп еткен «Брест қамалы» шығармасының шоқтығы биік. Борис Полевой да «Нағыз адам туралы аңызға» дейін де, одан кейін де талай-талай тақырыпқа қалам сілтеді. Әйтсе де, «Нағыз адамның» орны оқшау, дара. Әзілхан Нұршайықов еңбекқор қаламгер екені белгілі. Соның дәлеліндей, 2005 жылы 10 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Махаббат жайында жұртшылықтың жүрегін баураған әңгімелері тағы бар. Бәрібір оның есімі қазақ руханиятында ең алдымен «Ақиқат пен аңыздың» авторы ретінде ауызға алынатыны анық. Ал ағаның аманатын жеріне жеткізе жазып, қашан нүктесін қойғанша тыным таппаған журналист Жанболат Аупбаевтың қаламынан да талай кесек-кесек тұлғалар туралы тамаша жарияланымдар дүниеге келді. Әйтсе де, алдыңғы буын ағалардың ерлігіне деген, аманатына деген адалдықты ту еткен осы Рахымжан Қошқарбаев туралы жазған туындысы қазақ журналистикасына қосылған қомақты үлес деп айтар едік.
Ғабит ІСКЕНДІРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»