Жаңаның жаңалығы қандай?

школа

Заман дамуы, қоғамдағы өзгерістер кешегі тамсандырған жақсы жаңалықты бүгін қатарға түсіріп, қарабайыр етуде. Әсіресе, білім саласындағы эксперименттер естен тандырарлықтай болып бара жатқанын несін жасырамыз. Әлемнің жылт еткені Қазақ еліне жетіп келетінді шығарды. Одан ұрпақ не алып, не қойды, ұтты ма, ұтылды ма – сөз жүзінде ұттық дегенмен, біліктілік мәселесінде олай дей алмасақ керек. Бір кездері жегі құрттай жемқорлықтың тамырына балта шабады деген Ұлттық бірыңғай тестілеудің де ақауы айтыла бастады. Осы бір емтихан түрі іске қосылғанда бүкіл өмірін білім саласына арнаған ұлт жақсылары, әсіресе, айбыны мықты, абыройлы ұстаздар – бұл буыны бекімеген, қабырғасы қатпаған ұл мен қызды ойлау жүйесінен айырып, тілден залал шегеді, бірте-бірте роботқа айналып кетуі мүмкін деген күмәндарын ортаға салған. Бірақ ҰБТ-ны насихаттаушылар оларды уақыт үдерісінен артта қалған, ескі көзқарастағы адамдар деген бір деммен.

Енді, міне, сол олқылықты жойсақ деген ниетте белгілі ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынбек Шәріпбай мен біраз жылдан бері білім саласында зерделі зерттеулер жүргізіп жүрген Болат Кенішбаев «Білім беру мен білімді бағалаудың интеллектуалдық жүйесі» атты технологияның жобасын жасаған екен. Ұлттық менталитетті жоғалтып алмау, білімді тиянақты бағалау жолындағы ізденістері жайлы оларды әңгімеге тартқан едік.

– Болат Рақымұлы, Алтынбек Әмір­ұлы, қазақта «Ел құлағы елу» деген сөз бар, Сіздер жасанды интеллектің негі­зінде «Білім беру мен білімді баға­лаудың интел­лектуалдық жүйесі» атты технология түзіпсіздер, сол туралы айтып берсеңіздер.

Болат Кенішбаев: – Осыдан он жыл бұрын елімізде білімді бағалаудың тестік жүйесі жаппай енгізіліп жатқан кезде мен көптеген информатика саласындағы мамандармен кездесіп емтихандарды компьютермен алуды ұсындым. Оны Алекең суырылып шығып қолдады. Жобаны іске асыруға болатынын айтты. Бұл жобаның басты ерекшелігі кез келген адам білімінің деңгейін компьютерге тест тапсыру арқылы емес, электрондық билет алып, оған жауап беру ар­қылы анықтау болып табылады. Компьютер жауаптың мағынасын түсініп баға береді. Яғни, компьютерге толыққанды емтихан тапсырылады да білім бірден бағаланады. Емтиханды ауызша да, жазбаша да жүргізуге болады.

– Тестік жүйе әлемнің көптеген елде­рінде қолданылады. Білім және ғылым министрлігі ҰБТ-ны дамытудамыз дейді. Кеңес заманында білім сапасын емтихан арқылы анықтаған еді. Сонда сіздердің тех­нологияларыңыз артқа шегіну болмай ма?

Болат Кенішбаев: – Жоқ. Ұлттық бірың­ғай тестілеу өтпелі кезеңде мемлекетіміздің дамуына өз деңгейінде пайдасын тигізді. Біздің пайымдауымыз бойынша, бұл жүйе жуық болашақта еліміздің, тіпті бүкіл адамзаттың өркендеуіне кедергі бола бас­тайтыны анық. Өйткені, қазіргі ұрпақ тест тапсыруға үйреніп алды. Келесі ұрпақ тестке ыңғайланып алады. Үшінші ұрпақ кез келген сұрақты тест арқылы шешу прин­циптерін жүзеге асырды. Сөйтіп, тесті пайдаланып өмір сүру адам болмысына сіңіп, тұқым қуалау белгілеріне ауысып, адам баласының келесі ұрпағы өзіндік ойлау қабілеті төмендеп, олар алдында тұрған мәселенің шешімін тест арқылы шешпесе, яғни сұрақтың жауабы көрініп тұрмаса өздігінен таба алмайтын халге жетеді. Тестік жүйе білімнің олқы екенін, тіпті жоқ­тығын ғана дәлелдейді. Егер сұраққа дұрыс жауап берілмесе бітті дей беріңіз. Міне, ойсыздық деген осы. Иә, сұраққа дұрыс жауап берілді дейік. Бірақ ол білімнің толықтығын дәлелдей ме? Жоқ. Өйткені, дұрыс жауап «тисе терекке, тимесе бұтаққа» әдісімен табылуы да мүмкін ғой. Ендеше бұл тәсіл адам баласының ойлау қабілетін біртіндеп жоюға апармай қоймайды.

– Сіздер айтқандай, бұл проб­лема болып қана қоймай, жұрт­ты, қоғамды қатты ойландыра баста­ғаны да ақиқат.

Алтынбек Шәріпбай: – Өмір кешкен қоғамның мүшелері ретінде аталмыш мәселелер бізді де қатты толғандырды. Сондықтан ғылым мен техниканың жетіс­тіктерін пайдалана отырып, компьютер арқылы оқыту, білім алу мен білім берудің және осы процестерді бақылаудың, білім­нің деңгейін бағалаудың әдіс-тәсілін жасап шығаруды қолға алып едік. Мақсатқа жеткен секілдіміз.

Бұл үлгі компьютер арқылы кез келген уақытта, кез келген жер­де, кез келген адамды оқыта алады. Оқу­шының білімін бірден баға­лайды.

Осы технологияны қолданып заңды тұлғалардың базасында білімді бірден баға­лайтын және жауаптың қатесін бірден көрсететін алғашқыда жазбаша, кейі­нірек ауызша электрондық емтихандар ұйымдастыруға болады. Кез келген жеке тұлға осы арқылы өзінің білім деңгейін біле алады. Жіберген қатесін тайға таңба бас­қандай көреді. Осы арада тағы бір айта кететін жәйт бар. Егер бұл жоба қоғамның барлық салаларына жаппай енгізілсе, елі­міздегі кез келген ата-ана біздің бағдар арқы­лы балаларының білімін үйіндегі компью­термен тексеріп отыруына да мүмкіндік туады.

Бұл модел сараптамадан өткі­зілген интеллектуалдық-элек­трон­дық оқулықтар және элек­трон­дық сұрақтармен толтырып, бар­лық са­лаларға кезең-кезеңімен, тіпті бір­ден енгізуге біздің елдің ғы­лы­ми-техникалық әлеуеті жетеді деп ойлаймыз.

– Қазір Отанымызда, шетелдерде неше түрлі реформалар, жобалар ойлап табылып, іске асырылып жатыр. Өкінішке қарай, олардың көбісі кейде пайда әкелмей жатады. Бұл жоба да солай болып қалмай ма?

Болат Кенішбаев: – Егер осы жүйе енгізілсе, біздің қоғамның, тіпті бүкіл адам­заттың дамуына тө­­мендегі ойластырылған тұжы­рым­дар оң өзгерістер әкеледі деген сенімдеміз.

Біріншіден, жалпы адам бала­сының алғырлығы мен зеректігін арттыруға, әр кісінің ойлау қасие­тін, ойлану ерекшелігін дамытуға, жеке тұлғаның мәселені өздігінен жылдам және тиімді шешуге мүм­кіндіктер ашылады; екінші, білім беру жүйесінде коррупция мүлде жоғалады, үшінші, қазіргі кезде білімнің баға арқылы анықталатын деңгейіне байланысты қалыптасқан әлеуметтік теңсіздік жойылып, әр адам тең құқыққа ие болады; тө­ртінші, электрондық емтихан білім­ді объективті бағалайды, сон­дықтан білім саласында жақсы немесе жаман баға деген ұғым болмайды, бесінші, әр адам өзінің білім деңгейін біліп отырады, бұл арқылы әркім өзін нақты танытатын қоғамдық сана қалыптасады; алтыншы, баға білімнің ағымдағы көрсеткіші болып қалады. Егер білім деңгейін өзгерткісі келгендер осы жүйенің мүмкіндігін пайдалана отырып дайындалады. Сөйтіп, көздеген межесіне көтеріле алады; жетінші, әр адам осы жүйе арқылы өзіне қажет білімді керек уақытында алып, заман сұранысына сай маман болып шыға алады; сегізінші, қашықтан электрондық жүйені пайдаланып өзін-өзі дайындайды, алған білімін бақылайды, оның деңгейіне көз жеткізеді, т.б.

– Бұл жүйе іске қосылса, мұға­лім беде­лін тағы да төмен­детіп алмаймыз ба? Компьютерге емтихан тапсыру кезінде білместің орнына білетін кіріп, тағы бір тантық іс орын алып жүрмей ме?

Алтынбек Шәріпбай: – Адами фактор ешқашан жоғалмайды, тек мұғалімнің, емтихан алушының атқаратын міндеттері өзгереді. Қазір­дің өзінде тестілеуді, емти­хан­дық және басқа да кез келген про­цестерді бақылап отыратын тех­нологиялар жеткілікті. Алда айтылды, бұл жоба коррупциясыз қоғамдық сананы қалыптастырады, яғни адамның сана-сезімі жоға­рылаған сайын теріс қылыққа бармайтын болады.

– Құптарлық екен делік, осы техно­логияны енгізу жолдарын ойлас­тыр­дыңыздар ма?

Алтынбек Шәріпбай: – Біздің жос­пар бойынша заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар ен­гізілу қажет. Білім және ғылым ми­нистрлігінің тапсырмасы бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары арқылы түрлі сараптамалар мен сынақтардан өткен, электрондық оқулықтар мен сұрақтар дайындалып біздің электрондық про­граммаларға енгізілу керек. Аталған жұмыстардың мөлшері өте үлкен және күрделі. Оны орындау үшін қазір бізде заңды құқық құзырет және материалдық мүмкіндік жоқ. Сондықтан жобаны атқару кезінде жоба негізінде арнайы мемлекеттік құрылым ашылса, ол қоғамымыздың барлық саласына енгізілсе, мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асса, қане. Осы бағдарламаның нәтижесінде жоба «Электрондық Үкімет» порталы арқылы ақысыз мемлекеттік қызмет қатарлы пайдалануға берілсе нұр үстіне нұр. Сонда ол автоматты және дербес жағдайда, адамның қатысуынсыз әр тұтынушысына ресми емес электрондық емтихан алушы ретінде жүйелі қызмет көрсетеді. Ал, заңды тұлғалар бұл технология қорытындысы бойынша аттес­тат, диплом, басқа да куәліктер беретін мемлекеттік немесе мемлекеттік емес, яғни ресми емтихандар өткізу үшін қолдана алады. Аталған құрылым өмірдің ағымына қарай жинақталған білімді, пайда болған жаңа мамандықтар мен технологияларға сай жұмыс істеуі керек деп білеміз.

– Материалдық мүмкіндік деген бар, бұл технологияны енгізу үшін қыруар қаржы керек болар?

Болат Кенішбаев: – Әрине, қаражатсыз ештеңе шешілмейді. Дегенмен, жобаның бір пайдалы тұсы бюджеттен қосымша қаражат бөлуді қажет етпейді. Өйткені, біз­дің жоба ҰБТ жүйесінің орнын басады. Кітаптар жазуға және басуға кететін шығындар электрондық оқулықтарға жұмсалады. Кітап басуға кететін ақша, қағаз үнем­деледі. Талапкер оқулық іздеп сабылмайды. Репетитор – консультант мұғалімдер қажетсіз болып қалады. ҰБТ өткізу орталықтары жойылады. Жоба авторлары бұл жүйеге коммерциялық сипат беруге қарсы. Осы технологияны енгі­зетін және дамытатын мекемеде заңда белгіленгендей жалақы алып қызмет істеуге әзір. Ал шетелдерге технологияны мемлекеттік-жеке-меншіктік әріптестік жоба түрінде сатуға болады деп пайымдаймыз. Түскен пайданы жүйені дамытуға жұмсамақ ниеттеміз.

– Осындай технология қолда­нысқа неге енгізілмей жатыр деген орынды сұрақ туары анық. Бұ­ған берер жауап­тарыңыз қандай?

Болат Кенішбаев: – Біз осы техно­логияның мәні мен маңы­зы және қысқаша сипаттамасы туралы тиісті орындарға хат жол­дағанбыз. Ол хатымыз Білім және ғылым министрлігіне қарауға жі­берілген еді. Сол уақыттан бері министрліктің тап­сырмасы бойынша мемлекеттік қыз­мет­керлердің, мұғалімдердің, информатика саласы мамандарының алдында бір­неше рет жоба тұсаукесерін өткіздік. Бізге көмектеседі-ау деген депутаттарға, лауазым иелеріне, мамандарға жоба туралы ақпараттар жіберіп жатырмыз. Тұсаукесерге қатысқандар да, бізден мәлімет алғандар да: «Бәре­келді!», деп таң қалады. Ауызша түрде қолдайды, бірақ өкінішке қарай, ресми түр­де әлі ешқандай шешім қабылданбай отыр.

– Соншалықты күрделі мәселе емес секілді…

Алтынбек Шәріпбай: – Иә, бұл технологиядан қазір дүниежүзінің оқымыстылары хабардар. Түркі тілдес елдерден сұраныс көп болып тұр. Себебі, түркі тілдерінің негізі қазақ тілі болып есептеледі емес пе? Құлшыныс содан туындап жатқан секілді. Осы технологияға арналып әуелі қазақша жасалған электрондық оқулықтар мен элек­трондық сұрақтарды орыс, ағыл­шын және басқа да тілдерге аударып пайдалануға болатынына біраз жұрттың көзі жетті. Қызы­ғушылықтың бір ұшы осында жатыр. Бұл да отандық өнім ғой. Біз бірінші өз Отанымызға пайда келтірсек деп есептейміз. Мысалы, Жапония ашылған жаңа­лықтарының қызығын алдымен өздері көреді. Оны хакерлерден үкімет қорғап отырады. Бізде де солай болу керек. Өйткені, біз бұл технологияның негізін қазақы қалып­пен жасап шықтық.

– Сонда, жоба қолданысқа дайын тұр ма?

Алтынбек Шәріпбай: – Әрине. Мәселен, министрлік қызметкерлері мен мамандарынан біздің жобаны пайдаланып емтихан алған кезде компьютер жауаптың мағынасын түсініп, оған дұрыс баға бере алатынын бірнеше рет дәлелдедік. Бұған сенімсіздік танытсаңыздар шетелдерден сарапшылар шақырсаңыздар қарсы емеспіз деген ұсыныс та жасадық.

Егер министрлік қолдаса бұл тех­нологияны шартты түрде айт­қанда 10 кезең­мен енгізуге болады.

Қолданыстағы оқулықтар негі­зінде электрондық жазбаша емти­хан тапсырудың электрондық базасы бірінші кезеңде мектептерде, екінші кезеңде колледждерде, үшінші кезеңде жоғары оқу орындарында, төртінші кезеңде басқа да оқу орындары үшін жасалып, пайдалануға болар еді.

Қолданыстағы оқулықтар негі­зін­де электрондық ауызша емтихан тапсырудың электрондық базасы бесінші кезеңде мектептерде, алтыншы кезеңде колледждерде, жетінші кезеңде жоғары оқу орындарында, сегізінші кезеңде басқа да оқу мекемелерінде жүзеге асыруға болады. Тоғызыншы кезеңде жаңа ғылыми теориялар, тәжірибелік материалдар негізінде мектептер, колледждер, жоғары және басқа да оқу орындары үшін жаңадан электрондық оқулықтарды жасауға мүмкіндік туады. Оныншы кезеңде жаңадан жасалған электрондық оқулықтар негізінде электрондық жазбаша және ауызша емтихан тапсырудың электрондық базасы жасалып, оны пайдалану іске асырылады. Бұған біздің еліміздің ғылыми-техникалық әлеуеті, әлеу­меттік-экономикалық жағдайы жетеді деп ойлаймын.

– Болашағы туралы байлам­дарыңыз қандай?

Болат Кенішбаев: – Бұл тех­но­логия­ның болашағы өте зор. Қоғамның кез келген саласында пайдалануға болады. Өмірдің ағымына қарай өзін өзі дамытып отырады. Соңғы ақпараттарға қарағанда министрлік мек­теп­тердегі тестке тың тұжырымдар ойластырып жатқан көрінеді. Білімді емтихан арқылы бағалау ниеті бар болса керек. Байқасаңыз біздің технологияның негізгі функциясы емтиханды компьютермен өткізу. Мұны тек қана мектептерде емес, университеттерде, басқа да кез келген оқу орнында ұйымдастыруға болады. Тек көңіл аударса болғаны.

Әңгімелескен
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*