ОБАЛ мен САУАП

Кусок_хлеба

Ашаршылық жайлаған жылдарды басынан өткеріп, Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі таршылықты көру маңдайына жазылған аға буын өкілдерінің қатары тым селдіреп кеткендіктен бе, ас-судың қадірін түсіндіріп, қоғамға ой салар жамағаттың қарасы бүгінде аз. Атам қазақтың «Бір тоқтықтың – бір аштығы, бір аштықтың – бір тоқтығы болады» деген ескертпесін көпшілігіміз білгенімізбен, оның ішкі мәніне тереңдеп бойлай бермейтіндейміз. Жарықтық тоқшылық тоңмойынымызды жан-жаққа бұрдырар түрі жоқ. Мелдектеп тойған қарнымызды баппен сипап, аяғымыздың астындағы нанды шіміркпестен мыжып өте шығу үйреншікті жайтқа айналғандай.

Осыдан біраз бұрын бір танысым көшеде ұшыраса кетіп, ол асығыс екенімді айтқаныма қарамай, «Түскі ас ішетін уақыт болып қалды, үйге кіресіз» деп, қояр да қоймай шаңырағына бас­тады. Менің ойда жоқта қонақ болып келетінімнен хабарсыз таны­сымның әйелі дастарқан мәзі­рін жасай жүріп, «Қалтаңда теле­фоның бар. Үйге қонақ ертіп келе жат­қаның­ды алдын ала ескерте салсаң нең кетеді? Дүкеннен оны-мұны әкелу­ге бала-шағаны жүгіртіп жібе­ретін едім ғой», – деп күйеуіне өкпе-назын білдіргенсіп қояды.

Дастарқан басына жайғастық. Алдымызға аппақ нан, сары май, қант, халуа, кешегіден қалған болар, тәбетіңді ашар иісі бұрқыраған, еті мол бір леген макарон қойылды. Бәріміз ас ішуге кірісе бергенімізде танысымның 11 жасар баласы дастарқанға біршама үңіліп отырды да, «Ту-у, дастарқанда сүйсініп жейтін ештеңе жоқ», деп орнынан тұрып кетті. Басқамыз үнсіз қалдық. Баласына сынай қараған үй иесі: «Е, е-е, тоқшылық не дегізбейді» деп жеңіл күрсінді. Мен де оны қостадым.

Бірде аялдама маңында 13-14 жасар ұл баланың аяқасты болып жатқан нан бөліктерін теріп алып, қолындағы пакетке салып алғанын байқап қалдым. Ішім жылып, оны сөзге тарттым.

– Өзің тәрбиелі, әдепті бала екенсің. Нанды қадірлеу керектігін кім үйретті?

Ол ересек адамдарша салмақпен:

– Маған көкем мен апам нанның қадірін үнемі айтып отырады. Көкемнің айтуынша, біздің көптеген туысқандарымыз кезінде бір түйір дәнге зар болып, аштан қырылып қалған екен. Бір тілім нан таппай өзегі талып өмірден озудан артық азап жоқ шығар. Сондықтан, нанды барынша қастерлеуіміз керек», – деді.

Қазіргі таңда қалалардағы қоқыс жәшіктерінің іші, айналасы қалтаға салынған, тіпті, ашық түрде шашылып жатқан наннан аяғыңызды алып жүре алмайсыз. Ішің ашиды, жаның ауырады. Осындайда әлемнің басқа өңірлерінде өзек жалғарлық бір түйір нан таппай, аштықтың азабын тартып отырған халықтардың бар екені жадыңда жаңғырып, әрі-сәрі күй кешесің. Ал біз нанды таңдап жеп, сәл қатыңқырағанын қоқысқа лақтырып, шіренеміз.

Ауылдық жерлерде жуындыны малына азық етіп, әжетке жаратады. Ал қалалардағы көпқабатты үйлердің тұр­ғындары нан және өзге де тағам қал­­дықтарын амалсыздан қоқыс жәшік­теріне тастауға мәжбүр. Осы орай­да, басқасын былай қойғанда, ұн өнім­дерінің қалдықтарын тастайтын арнайы жәшіктер орнатылса дұрыс болар еді. Сонда обал-сауапты ойлайтын тұрғындар ас атасын өзге қоқыстарға қоспай, бөлек жинап, әлгіндей арнайы жәшікке салып кетер еді. Бұдан кейін, әлгі жәшікке салынған нан қалдықтарын қала маңындағы мал шаруашылықтарына пайдалану ұсынылар болса, қанеки. Егер осындай жұмыстар бір жүйеге келтірілсе, нанның обалына қалмас едік. Жалпы, обал ұғымы пайдалы заттың қадірін білмесең, түбінде соның зардабын тартасың деген мағынаны білдіретінін айта кетейік.

Жалпы, мамандардың сөзіне қарағанда, «обал» ұғымы Ислам шариғатында кездеседі екен. Дәлірегі, шариғат бойынша «обал» деген сөз «артында өте ауыр азабы бар іс-әрекет, күнә, қылмыс, азғындық» деп түсіндіріледі. Құранның «Хашыр» сүресіндегі 15-аятта: «Олар жасаған істерінің обалын тартады», делінген. Ислам ғалымдары мұны «Адамдар жасаған күнәлі істерінің жазасын бұл дүниеде де, ақиретте де тартады» деп ескертеді. Сондықтан да, баба­ларымыз ұрпақтарына «обал» ұғымының мән-маңызын барын­ша жеткізген. Мәселен, нанның қоқы­мын шашу, көк шөпті жұлу, мал­ды ұрып-соғу және басқа да көптеген жат қылықтар жасау обал болатынын әркез еске салып отырған. Сол сияқты сауаптың да Ислам дінінде маңызды ұғымдар қатарына жататыны белгілі. Бұл шариғатта «жасалған жақсылық үшін Алла тарапынан берілетін қарымта сый» деген мағынада қолданылады екен. Яғни, Алла разылығы үшін жасалған әрбір жақсы іс сауап саналады.

Тағы бір айта кетер жайт, ұрпақ тәрбиелеуде обал мен сауаптың не екенін ұғындыратын шараларға басымдық беру қажет секілді. Бұл орайда әдебиетіміздің көрнекті тұлғаларының шығармаларына иек артсақ та жетіп жатыр. Мәселен, Бейімбет Майлин, Шерхан Мұр­таза, Смағұл Елубай және басқа да көптеген жазушылардың бір үзім нанның қадірін тереңнен қоз­ғар еңбектері жас ұрпақтың жан дүние­сіне, санасына оңтайлы әсер етер еді. Мұны да ойлайық.

Иә, нанның да киесі бар. Бүгінде әлемде апаттар көбейіп, кедейшіліктің азабын тартқан адамдар саны артып келе жатқанын статистикалық деректер жоққа шығармайды. Ислам дінінің білгірлері мұны адамзаттың даңғазалыққа, ысырапшылдыққа кеңінен бой алдырып, обал мен сауапқа көз жұма қараудың кесірі деп түсіндіріп жүр. Келіспеске лажың жоқ. Мәселен, Құран Кәрім­де: «Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырап қыл­маңдар, шындығында Алла таға­ла ысырап қылушыларды сүй­мейді» («Ағраф» сүресі, 31-аят) делінген. Сондай-ақ, Құранда: «Ысы­рап етпе, сөзсіз ысырап етушілер шайтанға бауыр болмақ. Ал шайтан болса, Раббысына тым күпірлік етуші» («Исра» сүресінің 27-аятында) – деп айтылған екен. Ендеше, Алланың осынау асыл сөздерін қапері­мізден шығармайық, ағайын.

Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*