«…Өмір жолында – жарқын жүріп өт»

Камира Сламбеккызы

Өз басым өмірдің мәнін түсінуді газетке үңілуден бастаған жанмын. Өйткені, сонау кеңестік кезеңнен бері «Социалистік Қазақстан», қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті біздің Өмірбаевтар отбасының асыға күтетін басылымының бірі болып саналатын. Марқұм әкем Сламбек Өмірбаев Киров аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы, аудандық атқару комитетінің жоспарлау бөлімінің басшысы, халықтық бақылау комитетінің бас инспекторы қызметтерін атқарған еді, 1959 жылдан 1994 жылдарға дейін аудандық «Коммунистік еңбек», «Шұғыла», облыстық «Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казахстан» газеттерінің штаттан тыс тілшісі қызметін қоса атқарғаны біз үшін үлкен мерей болып табылады, әрине. Сол себепті де жыл сайын Баспасөз күніне орай әкеме осы газеттердің бас редакторлары мен Киров аудандық партия комитеті хатшыларынан ағылып Алғыс хаттар келіп жататын. Анам Өзипа Керімбекқызы 25 жыл баспаханада әріп теруші болып жұмыс істеді, аудандық «Коммунистік еңбек» газетін қолмен теріп, газеттің уақтылы әрі сапалы басылып шығуына барынша атсалысқан жан. Сондықтан, біздің отбасымыз үшін газеттің орны бөлек. Газетсіз әлі де өмір сүре алмайтын сияқтымын. Әкем ғұмыр бойы «Егемен Қазақстан» газетін үйге жаздыртып оқыды, ол келгенше алаңдап жолға көз тігуден шаршамайтынбыз. Отбасымен осылай газетті қосыла күткен үйді кездестірдіңіздер ме? Қазіргі «Егемен Қазақстан», онда «Социа­листік Қазақстан» деп аталатын. Иә, бұл – тарих.

Ал мен мектепте оқып жүрген кезде республикамыздағы «Пионер» журналы мен «Дружные ребята» басылымын оқушылар арасында насихаттап, оқырмандарды баспасөзге жазылуға жұмылдыратынмын. Өзімнің де осыларда мақалаларым жарық көрді. 9-сыныпта оқып жүргенімде 1975 жылы 23 мамырда Алматы қаласында өткен І жас тілшілер слетіне қатысқан болатынмын, редакция ұжымымен және көптеген жазушылармен кездестім. Осы слетте маған сыйланған кітаптарды баға жетпес қазына ретінде сақтап жүрмін. Өйткені, мұнда танымал қазақ қаламгерлерінің, атап айтқанда Олжас Сүлейменов, Фариза Оңғарсынова, Дәуітәлі Стамбеков сияқты ақиық ақындардың қолтаңбалары бар. Осылардың ішінен, әсіресе Олжас Сүлейменовтің: «Үлкен өмір жолында – жарқын жүріп өт!» деген қып-қысқа ғана тілегінің орны бөлек. Бұл мені өмірде үнемі алға талпынтып, күресуіме жігерлендірген қанатты сөз. Көп жылдардан кейін осы кітабымды ашып, тілектерді қайта оқып жатқан шағымда мен мынаған таңғалдым: Олжас Сүлейменовті көбіне орысша сөйлейді дейміз, ал енді маған мына тілек неге қазақша жазылған? Тамаша естелік емес пе? Кейде адамның бүкіл болмыс-бітімін қолтаңбадағы бір тамшы лебінің өзі айқындап беретіні содан… Мен де орыс сыныбын бітіргенмін. Бірақ өз тілімді ешуақытта ұмытқан емеспін. Жоғары оқу орнын бітіріп, ұстаздық қызмет атқардым. Кейін мемлекеттік қызметке ауысқаннан кейін де «Егемен Қазақстан» газетінің тұрақты жазылушысына, оқырманына айналдым.

Көп жылдардан бергі түйген тұжы­рымым – «Егемен Қазақстан» еліміздің жарқын жеңістерін өндірте жазатын, отансүйгіштікті, патриотизмді ұлықтайтын, ұлтымыздың салт-дәстүрін қанына сіңіре біліп, оқырман жүрегінен ойып тұрып орын алған бас басылым. Мұндағы жаңалықтардан бастап, тарих, экономика, мәдениет пен саясат туралы кең көлемді материалдармен танысып, жанымыз марқаяды, жүзіміз нұрланады. «Егемен Қазақстан» газетін қолтығына қысып тастамай оқып жүретін ауылдағы көзі ашық жанашырлар көбейсін !

Камира ӨМІРБАЙ,
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Мақтарал ауданы әкімі аппаратының бас инспекторы
Суретте: К.Сламбекқызы

 

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*