Тәрбиесіз білім – қатер

бала

Отбасы – адамзат қоғамының ең шағын бейнесі. Оның ұстыны – ата-ана дүниеге келген сәбиді ақыл-ес, өмірге талпыныс жағынан дамытуды қамтамасыз етіп, рухани жағынан жетілдіреді. Сөйтіп,  оны азамат ретінде қалыптастырады. Отбасы тәрбиесі қоғамдағы өзгерістермен тығыз байланысты.  А.С.Макаренко «Ата-аналарға арналған кітабында»: «Бала тәрбиесінде сіздің іс-қимы­лыңыздың өзі шешуші рөл атқарады. Сіз тәрбиені сөз арқылы немесе үйрету, бұйыру арқылы іске асырамын деп ойламаңыз. Тәрбие өмірдің әр сәтінде жүзеге асады. Ол сіздің қалай киінетініңіз, сөйлейтініңіз, қалай күлгеніңіз, осының барлығы бала үшін өте маңызды. Ал отбасында сіз дөрекілік көрсетіп, жұбайыңызды жәбірлесеңіз мұндай ісіңізбен сіз балаға жаман тәрбие бересіз», – дейді.

Иә, тәрбие отбасынан бас­та­лады. Сондықтан ата-ана бала­ларының бойынан жат қылық көр­се, мұғалімдерді, жолдастарын, қо­ғамды кінәлай бермей, «баламды тәрбиелеуде қай жерінен ағаттық кет­ті, баламның бойына жақсы әдет сіңіруде, жақсы тәрбие беруде қай жерден жаңылдым» деп ой түйгені абзал. Күнделікті «беті-қолыңды жу, тісіңді тазала, өтірік айтпа, біреудің затын рұқсатсыз алма» деген сияқты сөздерді айтуға жеңіл болғанмен, олардың тәрбиелік мәні зор екенін естен шығармау керек. Осыдан бала тазалыққа, шыншылдыққа, ұқып­тылыққа үйренеді. «Тәрбие басы – талбесік», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген дана сөздер текке айтылмаса керек.

Өркениет жолында алға ұмтыл­ған ұлт, қоғам ең алдымен жас ұрпаққа оқу-білім беру ісін дұрыс жолға қоюы тиіс. Сондықтан да Елбасымыз XXI ғасырды білім жарысы ғасыры деп атап отыр. Тәрбиенің мақсаты пәнді керемет меңгерген оқушы тәрбиелеумен қатар, ең бастысы адамды тәрбиелеу. Бүгінгі күні біз, бүкіл әлем халқы, бір кісідей жаңа дәуір, жаңа ғасыр – жаңа мыңжылдыққа аяқ басып отырмыз. Шәкәрімнің: «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады. Олар барлығы­нан ба­сым болатын адал еңбек, мін­сіз ақыл, таза жүрек. Бұл саналар адам­ды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді», – деген сөзі бар. Адамгершілікке тәрбиелеу ісі білім берумен ғана шектелмейді. Бұл баланың сезіміне әсер ету ар­қылы ішкі дүниесін оятудың нә­тижесінде оның дүниетанымын қалыптастырады.

Ата-ана – бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз ұл-қызымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата-аналар: «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ», – дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Бала­мен сөйлесуге, тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл-қыздарымен үй шаруасында жүріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге неге болмасқа. Перзентін мектепке апарып, алып қайтар жолда сырласып әңгімелесуге болатынын естен шығармаған жөн. Бүлдіршін мектепте болған жайды әңгімелеп, дос­тары жайлы ой пікірімен бөліскісі келеді. Оған уақытым жоқ деп тиып тастамай, сұрақтарына жауап беріп, өз пікіріңізді ортаға сал­саңыз ол баланың ойында дұ­рыс пікір қалыптастырады. Бала дегеніміз – болашақ. Оларды қалай тәрбиелесек болашағымыз солай болмақ. Келешегіміздің қожасы – ұл-қыздарымызды білімді де мәдениетті, тәрбиелі де әдепті, кіші­пейіл де қарапайым етіп тәр­биелеу өз қолымызда.

«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз бе­рілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі», – дейді Әбунасыр әл-Фараби. Сонымен, қорыта келе, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруді қоғам, ұстаздар қауымы болып, ең бастысы ата-аналар болып қолға алсақ болашағымыз жарқын болмақ. Балаларымызды отансүйгіштікке, ата-баба салт-дәстүрін құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеу баршаға бір­дей міндет. Бұл – бүгінгі күндегі мәселенің мәселесі.

 Майрагүл ТӨЛЕГЕН,
№56 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі
АСТАНА

 

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*