Антропогенез сыры | Етжеңді

Антропогенез сыры

10Палеолит, неолит, плейстоцен және өзге дәуірлерде адамзаттың планета бетіне таралып, түбегейлі қоныстануына жол ашқан ұлы көштер мен миграциялық үдерістер, тарихи тұрғыдан келгенде, әлі де толық сыры ашыла қоймаған антро­погенез ақтаңдақтарының қатарына жата­ды, Өйткені, ол мәселелерге қатысты ғылым әлемінде қалыптасқан жалпы мәліметтер болғанымен, антропогенездің күллі сырын ашатын әмбебап та жүйелі зерттеу жұмыстары ХХІ ғасырдың басына дейін түбегейлі қолға алынбай келген болатын.

Міне, дәл осы тұрғыдан келгенде, 2008 жылы Қазақстан Республикасы көтерген жаһандық бастаманың орны бөлек. Ол бастамаға Францияның ірі ғылыми орталықтары қолдау көрсетіп, дәл сол жылы Париж қаласындағы ЮНЕСКО-ның бас ғимаратында ұйымдастырылған «Халықтардың алғашқы ұлы көші» («First Great Migrations of Peoples») атты бірінші халықаралық конференция мәнінің зор болғаны күмән тудырмайды. Ең бастысы, бұл шара жоғарыда аталған жаһандық антропогенездің түйінін тарқатуға бағытталған ең алғашқы әрі нақты қадам болды.

рис.2Бұлай деуге толық негіз бар. Өйт­кені, әлемнің жүзден аса кәсіби архео­лог, биоархеолог, палеоантрополог, микробиолог, генетик, географ және лингвист ғалымдарымен қатар, радио­метрикалық зерттеу орталықтары мамандарының бастарын бір мезгілде бір жерге тоғыстырған дәл мұндай іргелі үнқатысу алаңы ешқашан және ешқайда бой көтеріп көрген емес-тін.

Дәл осы тұста, бітер істің басына жақсы келер қасына демекші, бұл жаһандық жобаның бастамашысы да, ұйымдастырушысы да, іске асырушысы да халқымыздың тұғыры биік тұлға­ларының бірегейі, бүгінгі таңда сексеннің сеңгіріне көтерілген ірі қоғам және мемлекет қайраткері әрі Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО аясындағы Тұрақты өкілдігін көп жылдар бойы басқарған пассионар дипломат Олжас Сүлейменов екенін ерекше атап өтудің жөні бар. Себебі, дүниетанымы терең ғұлама заманауи форумның тартымды да тағылымды болуына ерекше мән берген және алдын ала ойластырылған дайындық жұмыстарын бастан аяқ жіті қадағалап, үлкен жауапкершілікті өз мойнына алып, аянбай тер төккен. Бұл сипат аса ұқыптылықпен жасақталған конференция бағдарламасынан, тайға таңба басқандай айқын сезіледі.

Мәселен, конференцияның: «Афри­кадан Америкаға дейін. Планета бетіне қоныстану»; «Ұлы көштер. Ортақ мұра»; «Еуропадағы алғашқы қоныстардан бастап, ең соңғы ұлы көшке дейін»; «Ұлы көш толқындарындағы көшпелі өркениеттер» атты төрт сессияға жіктелген ірі бағыттары бойынша АҚШ, Нидер­ланд, Индия, Италия, Қазақстан, Қытай, Перу, Ресей, Ұлыбритания және Франция сынды он мемлекеттен ар­найы шақырылған 17 ғалым өте өзекті баян­дамалар жасады. Форумға қатысқан өзге ғалымдардың арасында да аталмыш ғылым салаларының өкілдерімен қатар, сала­ара­лық зерт­теу­лердің май­тал­­ман маман­­дары, оның ішінде, көш­­пелі өр­­ке­ниет­терді зерттеушілер мен мәде­ниеттанушылар да болды. Бағ­дарламаға енген ғылыми баянда­малар­дың барлығы дерлік өзін­дік ерекшеліктерімен қатар, терең маз­мұн­­ды­лығымен заманауи форумға ден қойған сала ғалымдарымен қатар, Париж­­д­ің зиялы жұртшылығының да ықы­­ласы мен ризашылығына ие болды. Сон­­дық­тан таным мен тағылымға толы форум­­ның атмосферасы мен мән-мағы­на­­сын оқырман толық сезіну үшін, әңгі­мені толығырақ тарқатудың жөні келіп тұр.

Айтса айтқандай-ақ, конференция­ның бірінші сессиясында сөз алған Фран­цияның генетик ғалымы, доктор Эвелин Эйер «Генетикалық әртүрлілік және қоныстану тарихы» деген іргелі тақырыптың мәнін ашса, оның жерлесі, Пуатье университетінің профессоры, палеолит дәуірін зерттеуші кәсіби маман Роберто Макьярелли өз баяндамасын «Арабия арқылы Африкадан Азияға: үлгілер, болжамдар және адамзат қоныс­тарының алғашқы кезеңдерінің дәлел­дері» деген тақырыпқа бағыштады.

Италияның Болонья университетінің профессоры, палеоантрополог Фиоренцо Факкини «Миграциялық толқындар және адамзат пайда болғаннан бергі ұлы көштер: палеоантропологиялық және мәдени көзқарас» деген ауқымды мәселеге тоқталды. Ал Перудің Джордж Фостер атындағы Зерттеу қорының өкілі, доктор Эльмо Леон Канал «Америка халықтарының плейстоцен дәуіріндегі шекарасы» деген ірі тақырыптың түйінін тарқатты.

Әлемнің ғылым қоржынында екшел­­ген дәлелді айғақтар мен нақты дәйек­терге негізделген менің ғылыми баян­­дамам «Байырғы америкалық «үндіс­тердің» Азиядан қоныс аударуы және олардың алтайлық тегі» деген өзекті тақырыпқа арналды.

Конференцияның екінші сессиясының күн тәртібіне енген баяндамаларға да ғылыми жұртшылықтың қызығушылығы ерекше болды. Еліміздің әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінің профессоры, палеолит, неолит және антропогенез бағыттарының ірі маманы Жәкен Таймағамбетов өз баяндамасында «Қазақстан – Еуразиядағы ең байырғы мәдени орталықтардың бірі» деген тақырыпқа тоқталды. Американың Пенсильвания университетінің профессоры, археологиялық антропология маманы Дин Р.Сноу «Халықтардың көші-қоны және Қазақстанның археологиялық әлеуеті» деген мәселені қозғады. Францияның Превентивтік археология жөніндегі Ұлттық институтының профес­соры Паскаль Депап «Плейстоцен дәуіріндегі Еуропаға қоныстану: үзілістер мен жалғастықтар» деген түйінді мәселені тілге тиек етті. Индиядан келген генетик, Бомбей қаласындағы Биология ғылымдары мектебінің Иммунология департаментінің жетекшісі, доктор Рамасами Питчаппан «Дравидтік мәдени эволюцияның геномдық салдары» деген мәселенің мәнін ашты.

Конференцияның үшінші сессиясы да салиқалы баяндамаларға толы болды. Мұнда бірінші болып сөз алған неолит саласының маманы, Франция профессоры Жан Гилен өз баяндамасында «Еуропаға алғашқы қоныстану: миграция ма, әлде мәдени диффузия ма?» деген сауалдың жауабын іздеді. Ұлыбританиялық археолог, Белфаст қаласындағы Корольдік университеттің ректоры, профессор Джэймс Мэллори өз баяндамасында «Тарихтан бұрынғы Еуразиядағы көші-қон: археология мен тілдің ара-қатынасының мәселелері» деген өзекті тақырыпты талдады. Нидерландық про­фессор Джордж Ван Дрием «Гималай тілдері жөніндегі жоба. Үлкен Гималай аумағындағы лингвистикалық қауым­ның бұрынғы тарихы: жаңа генетика­лық материалдардың түсініктемесі» деген ауқымды мәселенің мәнін ашты. Ресейден келген тарих ғылымдарының докторы Вера Буданова өз баяндамасын «Халықтардың ұлы көші: өзгеріс зама­нын­дағы этникалық ахуал» деген мәселеге арнады.

Конференцияның төртінші сессиясы тұтастай Ұлы көш кезіндегі көшпелі өркениетке бағышталды. Бірінші болып сөз алған Париждегі Шығыс тілдері мен өркениетін зерттейтін Ұлт­тық институттың президенті, про­фессор Жак Легран өз баяндамасын «Континентальдық Еуразиядағы көші-қондарға қатысты тарихи үдерістер, олардың жай-күйі мен шектеулері: көшпелі бақташылықтың баламасы» деген ірі тақырыпты тілге тиек етті. Ал Қазақстанның Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институтының директоры, академик Карл Байпақов «Еуразиядағы түркі және иран халықтары: көші-қондар және өзара қарым-қатынас мәселелері» деген келелі тақырыптың қыр-сырын ашып берді. Қытай Халық Республикасының Қоғамдық ғылымдар академиясының Археология институты атынан сөз алған доктор Гуо Ву өз баяндамасын «Ертеректегі (б.з.д. 1300-700 ж.) малмен айналысқан көшпелі қоғамның дамуы мен оның Еуразия даласының шығыс аймақтарындағы тарихи мәні» деген тақырыпты қаузады. «Дала көшпелілері мен Алтай мәдениеті» деген тақырыптың мәнін Францияның Сорбонна университетінің профессоры, доктор Анри-Поль Франкфор саралады.

Биік деңгейде өткен бірінші жаһандық форумды қорытындылай келе, Олжас Сүлейменов оның көздеген нысанаға тигенін атап өтіп, бұл іргелі жобаның келешекте әлемнің басқа аймақтарында да жалғасын табатынына сенім білдірді. Конференция материалдары 2009 жылы ағылшын және орыс тілдерінде жеке жинақ болып басылып шықты.

2011 жылы Олжас Сүлейменов бастамашы болған мегажоба мәнді жалғасын қайта тапты. Америка Құрама Штаттарының Нью-Йорк қаласындағы әлемнің ең беделді білім ордаларының бірі – Колумбия университетінде Қазақстан Республикасының елшілігі мен аталмыш университеттің Гарриман институты бірлесе отырып, адамзаттың алғашқы ұлы көштеріне бағытталған екінші халықаралық конференцияны да өте табысты өткізді және ол форумның тезистерін әлемге танымал «Springer» бас­пасы 2015 жылы «Mobility and Ancient Socity in Asia and the Americas» («Азия мен Америка құрлықтарындағы көші-қон және байырғы қауым») деген көз тартар айдармен ағылшын тілінде жеке жинақ етіп басып шығарды.

Хронологиялық тұрғыдан, бұл туын­дыны жоғарыда аталған бірінші халық­аралық конференция тезистерін топтастырған көлемді ғылыми жинақ­тың жалғасы деуге лайық. Солай бола тұрғанмен, АҚШ-та өткен екін­ші халықаралық конференцияның күн тәр­тібіндегі көкейкесті мәселелер тек ғаламдық антропогенездің көкжиегін ғана кеңейтіп қойған жоқ, сонымен қатар, олар күллі түркі әлемі үшін де, оның ішінде өз еліміздің мерейі үшін де, сондай-ақ, әлемдік түркология ғылымы үшін де өте маңызды мәнге ие болды. Бұлай деуге жаңа жинаққа енгізілген түйінді де татымды ғылыми баяндамалар толық негіз бола алады.

Біріншіден, 13 тараудан тұратын бұл жинаққа АҚШ, Аргентина, Әзербайжан, Бельгия, Бразилия, Германия, Дания, Қазақстан, Ресей және Чили мемлекеттерінен арнайы шақырылып, конференцияға сүбелі үлес қосқан жиырмаға тарта кәсіби антрополог, археолог, гене­тик және лингвист ғалымдардың іргелі зерт­теулерінің нәтижелері топтастырылған.

Екіншіден, әлгі жинаққа енген ғалымдардың ғылыми ізденістерінің нысанасы, негізінен, плейстоцен дәуірінің соңғы кезеңінде, шамамен, 20000 – 15000 жылдар аралығында өмір сүрген адамдардың Ішкі Азия мен Солтүстік Азиядан Жаңа Әлемге қоныс аударуына түрткі болған аймақтық миграциялық үдерістерді сипаттауға бағытталған. Жинақта, сонымен қатар, әлгі үдерістердің орын алған дәуірі ғана емес, географиялық шебі мен шеңбері де, сондай-ақ, Еуразия мен қос Америка материктерінің байырғы тарихына қатысты ғылым әлемінде қалыптасқан сан қилы әрі өте дәйекті ой-пікірлер мен түйінді тұжырымдар терең сарапталған.

Үшіншіден, екінші форумда көтерілген мәселелердің барлығының да америкалық «үндістердің» антро­погенезіне тікелей қатысы бар. Сонымен қатар, екі форумның тезистерінде жи­нақталған ғылыми баяндамалардың бәрі дерлік өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап, күні бүгінге дейін осы мақала авторының үздіксіз айналысып келе жатқан байырғы америкалықтардың алтайлық тегіне қатысты ғылыми ізденістерімен сабақтас әрі өзектес.

Төртіншіден, о баста Еуразиядан басталып, алдымен Берингияда, сосын, Америка құрлықтарында жал­ғас­­қан байырғы көші-қондар мен ежелгі қауымдардың түпкі тегі тура­лы баян­дамалары қос жинаққа енген ғалым­дардың жаңа легі қалып­тас­тырған палеонтологиялық, архео­логия­лық, генетикалық, тарихи және лингвистикалық пайымдары мен тұжы­рым­дары өз монографияларымызда [«Азия – Берингия – Америка немесе америкалық «үндістердің» азиялық тегі» (2003); «Азия – Берингия – Америка или азиатское происхождение американских «индейцев» (2006); «Түбі түркі өркениет» (2009); «Байырғы америкалықтардың алтайлық тегі» (2011); «Код Евразии. На пороге пятой цивилизации» (2011); «Еуразия коды. Бесінші өркениет қарсаңында» (2012); «Ғалым, саясаткер және дипломат жазбалары» (2015); «Жаһанды жалға­ған терең тамырлар» (2016)] түйін­делген төл тұжырымдарымыз бен пайым­­дарымыздан мүлде алшақ кетпей­­ді, керісінше, олардың ғылыми дәйек­­тілігі мен өзектілігін одан бетер нығай­тып, байыр­ғы америкалықтардың ежел­гі меке­нінің ішкі Азиядағы Алтай екенін ғы­лым­дағы ең соны әрі шынайы антро­по­­ге­­нез­дік айғақтармен айшықтай түседі.

Бесіншіден, қос форумның ең негізгі құндылықтарының бірі – олардың соңын ала жарық көрген салиқалы жнақтарға топтастырылған жаһандық антропогенез саласының озық ойлы ғұламаларының ғылыми жұмыстары мен сілтеме жасалған өзге де ғылыми дереккөздерінің тізбегі. Өйткені ол сілтемелерден қос халықаралық форум­ның өзегі мен арқауына ай­налған, о баста Африкадан басталған ұлы көш­­тің планета бетіне, оның ішінде, ал­ды­­мен Таяу Шығыс аймағы арқылы Еуропаға, одан соң біртіндеп Ішкі Азия­ға, содан кейін Солтүстік Азия мен Берингия сынды ұлан-байтақ гео­гра­фия­лық аймақтарды көктей өтіп, Жаңа Әлем атанып кеткен қос Америка құрлықтарына және Австралияға қоныс аударған байырғы адамзат қауымдары туралы күллі әлем ғалымдарының антропогенездік (тарихи, география­лық, этнографиялық, палеонтологиялық, археологиялық, биологиялық, гене­ти­калық, радиометриялық және линг­вистикалық) тұрғыдан жүргізген жүйелі ғылыми-зерттеу жұмыстарының бірі де шет қалмаған.

Мәселен, екінші жинаққа енгізілген: Майкл Дэвид Фрачеттидің «Номадтық көші-қон, миграция және байырғы Еуразиядағы қоршаған ортаның қысымы»; Ж.К.Таймағамбетовтің «Алғашқы кезеңдегі Қазақстанға адам­дар­дың дендей қоныстануы және кейінгі палеолит дәуіріндегі миграция»; Теадор Шуррдың «Сібірден Америка құрлықтарына дейінгі адамзат көші-қондарының ізімен: генетикалық зерт­теулер тұрғысынан түйсіну»; Джон М.Эрландерсон мен Тодд Ж.Бражэнің «Жебенің ұштары, жағалау бойымен көшіп-қону теориясы және адамзаттың Америка құрлықтарына қоныстануы»; Дэвид Г.Андерсон және Тадеуш Г.Биссеттің «Солтүстік Америкадағы бастапқы қоныстану: теңіз деңгейінің өзгеруі, жағалау бойымен жылжу және ұлы көш»; Густаво Политис, Лусиано Пратес және С. Иван Перестің «Америка құрлықтарына Азиядан аттанған алғашқы көші-қон: оңтүстікамерикалық көзқарас»; Марк Хубе, Вальтер Невес және Катерина Харватидің «Байырғы оңтүстікамерикалықтардың краниал­дық (бассүйек) морфологиясы: адамзат­тың Жаңа Әлемге таралуын түйсінуге тигізетін себі»; Иоханна Николстың «Америкаға қалай қоныстандырыл­ды: лингвистикалық айғақ»; Джон У.Ивестің «Туыстық, демография және қоныс­танудың палеоүндістік тәртібі: кейбір батысканадалық көзқарас тұрғысынан»; Галина Ершова­н­ың «Америка құрлықтарына қоныс­тану­дың проблемалары: бұрын­ғы және жаңа мақсаттар мен ұстаным­дар»; Е. Дж. Диксонның «Кейінгі плейстоцен дәуіріндегі Солтүстік Амери­каға Солтүстік-Шығыс Азия­дан қоныс­тандырылуы: іргелі реконструк­циялау тұрғы­сынан жаңаша түйсіну» және Олжас Сүлейменовтің «Үшінші толқын: ұлы көштер және қола дәуіріндегі Оңтүстік Арабия­дан басталған экспансия» сынды ғылы­ми баяндамалардың қай-қай­сысы да антропогенезді зерттеуге талпынған ғалымдардың келесі легіне таптырмай­тын ғылыми іргетас болары еш күмән тудырмайды.

Сөз соңында, әлемдік мәні бар антро­по­генездік синтезге негізделген іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстары мен жоғарыда аталған жаһандық форум­дар­дың нәтижелеріне сүйене отырып, байырғы америкалықтардың түпкі тегінің әуел баста Азиядан өркен жайғанын топшылайтын (бірақ айналым­ға енген кезде ғылыми негізі әлі толық анық­тала қоймаған) гипотезаның бүгін­гі таңда күллі ғылым тұрғысынан дәйек­ті де дәлел­ді айқындалған. Демек, іргета­сы мық­ты жаһандық антропогенез теория­сы­на айналғанына бүкіл әлемнің көзі жетіп отыр деуге толық негіз бар.

Ендеше, осыдан 15000 немесе 20000 жылдар бұрын ішкі Азиядағы Алтай мен Саян тауларынан тәуекелге бел байлап, Қиыр Шығысты бетке алып аттанған, соңыра Солтүстік Азия мен Берингия сынды шексіз географиялық аймақтар мен кеңістіктерді көктей өтіп, Колумб заманынан бермен қарай Жаңа Әлем немесе Америка атанып кеткен қос құрлыққа аяқ тіреп, сонда қанат жайып, оларды тең жайлаған, алайда, басқыншы конкистадорлар жіберген өрескел қателіктің салдарынан, өздерімен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын үнділерге баланып, еріксіз «үндістер» атанып кеткен жанкешті батырлардың түпкі тегінің пассионар прототүріктер екенін ешкімнен қаймықпай, батыл да, ашық та әрі жалпытүркілік шынайы да ортақ мақтаныш сезіммен күллі әлемге паш ететін сәт туды.

Осыған орай, дәл осы тұста, ел құлағын елең еткізер, тағы бір сүйінші хабарға сілтеме жасаудың реті келіп тұр. Осыдан бір-екі ай бұрын Астана төрін­дегі Халықаралық Түркі академиясына арнайы атбасын бұрған Мексиканың Түркия Республикасы мен Қазақстан Республикасындағы өкілетті елшісі Марта Елена Фредерика Барсена Кокю ханым ежелгі майялар мен прототүріктердің арасындағы антропогенездік байла­ныстарға терең мән беретінін жасырмай, академия ғалымдарын таяу болашақта Мексика ғалымдарымен біріге оты­рып, Мехикода аталмыш тақырыпқа арналған дөңгелек үстел өткізуге ресми түрде шақырып кетті. Бұл ғылыми сапардың нәтижелері де жалпытүркілік антропогенез көкжиегінің кеңейе түсуі­не үлкен үлес болып қосылатыны күмән тудырмаса керек. Ендеше, болар іске сәттілік тілейік!

Әділ АХМЕТОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Астана

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*