Әлішер әлемі

ХV ға­сырда жасаған әйгілі ақыны Әлішер НауаӨзбек халқының ХV ға­сырда жасаған әйгілі ақыны Әлішер Науаи – өз соңына тамаша ли­рикалық шығармалар, ғажайып ғазалдар және кемел дастандармен қатар, прозалық туындылар, ғылыми-зерттеу еңбектер де қалдырған ұлы тұлға. Әрі ерен ойдың иесі, мемлекет және қоғам қайраткері.

Оның кең тынысты көркем мұраларын қазақ халқы, оның ішінде көзі ашық, көкірегі ояу қазақ ақындары айрықша бағалап, ерекше қастерлеген. Оған бір дәлел зергер Ғабит Мүсірепов: « … Өзбек халқының данышпан ақыны Әлішер Науаидың ғажайып туындыларын оқып, үлгі алмаған ақын кемде-кем. Классикалық әдебиетіміздің шұғылалы шыңы Абайдың да өзіне ұстаз тұтқан, талантына бас иген ақындарының бірі – Науаи еді», – деген.

Жастайынан аса зерек, алғыр ойлы Әлішер Науаи алғаш шағын лирикалық өлеңдер мен тамаша ғазалдар жазып, оқырмандар жүрегіне нәр себе бастайды. Бұл ретте ақынның 1465-1466 жылдары жазған лирикалық шығармалары мен 1470 жылы бастырған «Көр­кемдік кемелі», «Баға жетпес бай­лық», т.б. лирикалық өлеңдер жи­нағы сөзімізге дәйек болады.

Ұлы ақын 1483 жылдан бастап өзінің әйгілі «Хамсасын» жазуға кіріседі. Сол мақсат негізінде ол «Жеті кезбе», «Ес­кендір қор­ғаны», «Фархад – Шырын», «Ләй­лі – Мәжнүн» атты дастандарын жазып, өзінің кемел ақындық ары­нын күллі жұртқа кеңінен таны­тады. Сол секілді халықтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі жайлы «Гау­һарлар тізбегі», әулие-әмбиелер, әкімдер туралы «Әм­биелер мен әкімдер тарихи» дін, мұсылмандық жөнінде «Мұ­сылмандық нұры» өзге де ғы­лыми-зерттеу еңбектер жазып, әдебиеттану ғылымының дамуына да өз үлесін қосады.

Орайы келгенде бір ескерте кетерлік жайт, Әмір Темір нәсі­лінен болған Құсайын Байқара, 1469 жылы Герат сұлтаны болып таққа отырған шағында, Әлішер Науаи Самарқанда болады. Нәтижеде Құсайын Байқара, таққа отырған соң жас кезінде бірге оқыған, бірге болған досы Әлішер Науаиды Гератқа шақыртып, өзімен бірге болуды өтінеді де, мемлекет жұмысына араластыра бастайды. Ол Герат сұлтаны мөрін сақтаушы, соңыра оның уәзірі, кейін Астрабад әкімдігін басқарады. Сонда ол қызмет үшін болған бақталастықты, небір қулық-сұмдықты, алаяқтықты, опасыздықты өз көзімен көріп, жаны шоши бастайды. Билеуші топ өкілдерінің озбырлығынан, зәбір-зұлымдығынан азап шегеді. Олардан жирене бас­тайды. Ха­лықты ынтымаққа, бірлікке үндеп, адал еңбек пен абзал ниетке, пәк сезім мен таза махаббатқа, әділдік пен азаматтыққа шақырады. Өзі тұстас ақындарға, әрі өзінен кейін­­гілерге үлгі-өнеге болып, көр­кем сөздің құдіретін білуге үндейді.

Поэзия сұлтаны Әлішер Науаи қазақ ақындарының да ұла­ғатты ұстазына айналады.  Шоқан Уәлиханов: «Қара тү­нек­тегі халықтың жалғыз сәулесі – Әлішер Науаидың шы­ғар­малары болды», – десе, кемең­гер Мұхтар Әуезов: «Түркі тілдес халықтардың көпшілігінің әде­биеті мен мәдениетін өсіруде Науаи мол әсер еткен», – деген болатын.

Абай поэзиясына көңіл көзін тереңірек қадасаң, онда Шығыс шайырларынан, оның ішінде тілі түсінікті Әлішер Науаи дас­­­тандары мен ғазалдарынан кө­бірек нәр алғандығын байқау оншалық қиын емес. Мәселен: Абайдың «Иузи – раушан, көзі – гауһар», «Қор болды жаным», «Көзімнің қарасы», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл», «Өлең – сөз­дің патшасы, сөз сарасы», т.б. өлең­­дері Әлішер Науаидың ға­шық­тық, адамгершілік, махаббат тақырыбында жазған туындыларымен іштей үндесіп жатқаны анық.

Реті келгенде, тағы бір ескерте кетерлік мәселе, Әлішер Науаи шығармаларын сүйіп оқып, оны қазақ халқының рухани игілігіне, мәдени байлығына айналдыруда Сыр бойының сүлейлері мен Жетісу, Оңтүстік Қазақстан ақындарының орны айрықша десек, ол ағат айтыл­ғандық емес. Бұл орайда Балқы Базар, Кете Жүсіп, Қарасақал Ерімбет, Шораяқтың Омары, Майлықожа, Мәделі қожа, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Кенже қожа, Мұсабек Байзақов сияқты халық ақындарының есімін еске түсіреміз.

Майлықожа Сұлтанқожаұлы өзінің «Толғау» атты өлеңінде:

«Өзбектен өткен Науаи,

Тілдің кәусар гүлі еді.

Парсыдан өткен Фердауси,

Заманында дүр еді».

десе, тағы бір ойлы да отты өлең жолдарында;

«Фердауси өтті дүниеден,

Тілдің кәусар гүлі боп.

Онан кейін Науаиы –

Басқа адаммен тең емес,

Салыстырсаң кем емес,

Ізі қалды жырының». –

деп, ұлы тұлға Әлішер Науаи­дың ақындық кемеңгер­лігін терең танып, оны өзінің өлең жолдарында қуана тілге алып, ақын талантына бас иіп, тәнті болады.

Сыр сүлейлерінің бірі Шәді төре Жәңгіров те Әлішер Науаи ізімен жыр толғаған. Мәсе­лен, ол:

«Қасы – жай, шашы – сүмбіл, аузы – ғұнша,

Нәзіктік – түзіктікте, белі – қылша.

Сымдай тән, нәзік бәдан, шірін забан,

Жүзінің зипалдығы – қызыл гүлше», –

дейді де, одан әрі:

«Тісі – дүр, аузы – ғұнша, көзі – нәркес,

Жүзі – гүл, шашы – сүмбіл, қиылған қас.

Белі – қыл, лебізі – бұлбұл, мұрны – пісте,

Дүниеде еш адам жоқ бұған ұқсас», – дейді.

Ал белгілі ақын Әріп Тәңір­бергенов өлең жолдарының бі­рінде:

«Інжуден отыз тісі, ерні – лағыл,

Ақ тамақ, алтын иек мойындары».

деп, қыздың көзін гауһарға, тісін – інжуге, ернін – лағылға, кірпігін – жаңа туған айға теңейді.

Әріп «Зияда – Шаһмұрат» деген көлемді қиссасында Зияда қыздың әсем келбетін, сұлу көркін жан-жақты сипаттай келіп, «Бұраң бел, ерні – ақық, көзі – гауһар» деп, одан әрі қыз сипатын жандандыра түсіп; «Хорлының жаннан асқан аршын төсі, алтын иек, інжу басы», дейді.

Кемеңгер ақын Әлішер Науаи өзгеге үлгі болған «Хамсасының» бірінші дастанын 1483 жылы «Хайратул – аброр», яғни «Жақсы адамдардың қайраттануы» деген атпен жазған екен. 1484 жылы «Фархад – Шырын», «Ләйлі – Мәжнүн», «Жеті кезбе», 1485 жы­лы «Ескендір қорғаны» сияқ­ты дастандары мен тамаша ғазалдарын жазған.

Ал 1488-1500 жылдар аралы­ғында ғылыми зерттеу еңбектер мен тарихи дүниелерге қалам тербеген. Бұл шығармалары да өзбек әдебиеті мен мәдениетінде ғана емес, әлемдік деңгейдегі құнарлы дүниелер қатарына қосыл­­ды. Олардың қатарында «Ажам хан­дарының тарихы», «Мұ­сыл­мандық нұры», «Екі тілдің таласы», «Өлең өлшемі», өзге де ғылыми еңбектері күні бүгін­ге дейін өзінің ғылыми мәнін жоғалт­қан емес.

Қорыта айтқанда, өмірге 1441 жылдың 9 ақпанында келіп, 1501 жылдың 3 қаңтары күні Герат қаласында 60 жасында дүниеден өткен Әлішер Науаи шығармалары тұңғыш рет қазақ тіліне ХХ ғасырдың 40-шы жылдары аударыла бастайды. «Таңдамалы өлеңдер» жинағы тұңғыш рет «Әлішер Науаи» деген атпен 1948 жылы, ақынның 500 жылдық мерейтойына орай, Алматыда жарық көрген болатын. Ақынның ғазалдары мен лирикалық туындылары, дастандары, атақты «Фархад – Шырын» топтастырылған жи­нақтың алғы сөзін Мұхтар Әуезов жазғанын еске сала кетсек дейміз. Ұлы ақынның бес дастаннан тұратын «Хамсасынан» «Ес­кендір қорғаны» атты дастанын 1980 жылы талантты ақын Несіп­бек Айтұлы аударып, қазақ оқыр­­мандарының үлкен сүйіс­пеншілігіне бөленді.

Әлішер Науаи өлеңдерін қазақ жұртшылығына жеткізуде Әбділда Тәжібаев, Қалижан Бекхожин, Өтебай Тұрманжанов, Қуандық Шаңғытбаев, Жақан Сыздықов, Ғафу Қайырбеков, Сағи Жиенбаев, Қадыр Мырзалиев, Қайрат Жұ­мағалиев, т.б. ақындардың еңбегі ерекше болды.

Ұлы ақын Әлішер Науаи тұл­ғасы, кемеңгерлігі, оның өмір­шең әдеби мұралары жылдар өткен сайын қазақ халқының да рухани игілігіне, мәдени байлығына айналып, оның ұлылығы, дарқандығы айқындала бермек. Бұл қазақ, өзбек халықтары арасындағы достық байланыс пен туысқандық мейірдің, мызғымас бірліктің арта түсуіне де ақын жырлары игі ықпалын тигізіп, түбі бір түркі жұртының да дәнекеріне айнала берері хақ.

Қалдыбек СЕЙДАНОВ,

профессор

 ТАШКЕНТ

 

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*