Эпиграфиялық экспедиция

IMG_8240немесе құлпытастарда тұнған сыр

 

Орал өңірінде осыдан үш жыл бұрын «Жайық Пресс» ЖШС-нің бас директоры, ел тарихын терең түрде зерделеуге үнемі көңіл қойып жүретін парасат иесі Жантас Сафуллиннің бас­тамасымен Ақжайық аймағындағы құлпытастарды зерттеу жұмыстары басталған еді. Мұндағы қарлығаш-қадам елу құлпытастың тарихы мен сырын анықтаудан туған жинақтың жазылып, баспадан шығуынан тамыр тартқан болатын. Рас, жоба жетекшісі ұйымдастыру қарым-қабілеті мол, ел шежіресі мен тарихын тереңнен тарқата білетін өңірдегі ірі медиахолдинг басшысы болғанымен, ғалым емес еді. Сондықтан да ол өз олқылығының орнын толтыру үшін аталған іске орталықтағы білімді де білікті маман-ғалымдардың қатысуын қолдады.Мұнсыз қолға алынған жоба ойдағыдай нәтиже бере алатыны екіталай болатын.

«Құланның қасынуына, мылтықтың басылуы» дегендей дәл осы тұста аталған жинақтың тұсаукесеріне Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті дінтану кафедрасының мең­герушісі Әшірбек Муминов бастаған ғалымдар тобы­ның тап келгенін жоба жетекшісі жақсы ны­шанға жорыды. Іздегені алдынан шыққандай күй кешті. Сол сапарда аталған ғалымдар тобы құл­пы­тас­тардағы жазуларды зерттеуге ден қойған батыс­қазақстандық бастамашылардың көрсетуі бойынша жергілікті мамандар үшін түсініксіз болған құлпытастардағы күрделі мәтіндердің сырын ашып беріп кетіп еді. Сол жолы өңірдегі көне құлпытастарды нақты жобалар арқылы ғылыми тұрғыдан танып-білудің маңызы жоғары екені жөніне екі жақты ұйғарым жасалды.

Соның нәтижесінде қазақ халқының мәдени мұрасы қатарына кіретін – құлпытастар, яғни эпиграфикалық ескерткіштер осы мұраны бүгінгі күнге дейін жеткізудің басты бір жолы ретінде қарастырылды. Сөйтіп, бұл жөнінде арнайы ғылыми жоба жасақталды. Оны үш жыл уақыт аралығында аяқтау көзделген. Қазір аталған жоба өзінің бел ортасынан асып келеді. Бір сөзбен айтқанда, қазақ құлпытастарын зерттеу аясын тек бір елдің көлемімен шектей салуға болмайды дер едік. Бұл халықаралық маңызға ие іс. Оның әлемдік ғылымнан алатын орны да айрықша. Сондықтан оны жергілікті деңгейдегі іс деп қарастыру дұрыс емес, деп мәлімдейді профессор Ә.Муминов.

Бүгінгі күні тек бір ғана Батыс Қазақстан облысының өзінде 50-60 мыңдай эпиграфикалық жазуы бар құлпытастар бар деген деректер айтылып қалып жүр. Осы тұрғыдан қарастырғанда әлемдегі ислам өркениетінің зерттелуі толық емес деп түйін жасауға болады. Әрине, эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеуде бұған дейін біршама жұмыс­тар тындырылғаны талассыз. Бұған Мал­бағар Меңдіқұлов пен Серік Әжіғалиев секіл­ді зерттеушілердің еңбектері дәлел. Әйтсе де Әшірбек Құрбанұлының айтуы бойынша, олар ескер­т­­кіштерге тәп-тәуір зерттеу жұмыстарын жүр­гіз­гені­мен, ондағы жазуларға жеткілікті түрде мән бермеген.

Бүгінде біз эпиграфикалық ескерткіштерді құлпытас деп атаймыз. Кей жерлерде сандық­тас деп те аталады. Ал мұндағы мәтіндерді өз қолы­мен жаз­ған адамдар оны балбал деген екен. Батыс Қазақ­стан облысының Бөкей Орда­сы ауданы аумағындағы хан зиратындағы құл­пы­тас­тарда осындай терминдер кездескенін бір сәті келгенде Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану инс­­­титутының жетекші ғылыми қызметкері, Батыс Қазақстан облысындағы эпиграфикалық ес­керт­кіштерді зерттеу жөніндеі ғылыми жобаның жетекшісі Айтжан Нұрманова айтып беріп еді. Бұл көне ғұн, түрік заманынан бастау алған дәстүрдің кешегі күнге дейін жалғасып келгенін көрсетеді.

Сондықтан XVIII және XIX ғасырларда қойылған құлпытастарды берідегі ескерткіштер деп немқұрайлық танытуға болмайды деседі ғалым­дар. Оны ежелгі орта ғасырлық дәстүрдің жал­ғасы ретінде қарастыру керек, деді тағы бір пікір алмасу кезінде зерттеуші ғалым Әшірбек Муминов. Сонымен бірге ол қазақ құлпы­тас­тары­ның атқаратын қызметі көп қырлы екендігі жөнін­де де мол мағлұмат берді. Біріншіден, бұ­лар мемлекеттік шекараның белгісі ретінде қыз­мет атқарған. Мұндағы таңбалар қазақ жері­нің аумағы қай жерге дейін созылатынын айқындауға септігін тигізген. Құлпытастардағы ру, тайпа, бөлім атауары тектен-тек емес, сол кездегі көшпенділер қоғамының ішін­де ын­тымақ пен бірліктің мықты болғанын айшықтаған.

Ендігі әңгімені ел аумағындағы құлпытас­тар­дың қазіргі жай-күйі қандай деген мәселеге бұрсақ, көңілсіз көріністер алдымызды кес-кестей береді. Ең бір қынжыларлығы респуб­лика жеріндегі құлпытастар жыл өткен сайын өте тез жойылып барады. Мәдени ескерткіштер қатарындағы құлпытастар қоршалмаған. Мал бір сүйкеніп, жанасып өтсе болды сатыр-сұтыр сынып түседі. Құлпытастарға табиғаттың әртүрлі жайсыз, теріс экологиялық әсерлерінің де тигізіп отырған зияны мен зардабы аз емес. Соның салдарынан құлпытастардағы көне эпиграфикалық жазбалар оқуға мүлдем келмейтіндей болып, көмескіленіп кеткен.

Жанашыр ғалымдар тобы оны мүлдем жойылып кетуден сақтап қалудың басты жолы – жедел түрде есепке алу деп санайды. Сонымен бірге мұн­­дай баға жетпес рухани құндылықтарға араша түсу­дің тағы бір қолжетімді түрі – оларды жария­­лау деп есептейді. Бұлардың қай-қайсысы да қол­дауға әрі құлақ асуға тұрарлықтай жайттар екені анық. Эпиграфикалық ескерткіштерге өте мұқият қарау тәжірибесінде өзге шығыстық ел­дер­­­д­ен үлгі алғанның әрі үйренгеннің де артық­шы­­лығы болмаса керек. Соның бірі – Жапо­ния десек, мұнда мәдени құндылықтардың жоға­лып кетуіне ешқандай жол берілмейтіні тәнті қыл­ған­дай. Аталған елде оны сақтау мен қалпына кел­­тіру істері сандық технологияның көмегімен жүр­гізілетін көрінеді. Осы арқылы бұл рухани құнды­лық­тар сол мемлекеттегі үлкен ықпалды орталық­тар арқылы елдің кейінгі ұрпағына табысталатын көрінеді.

Сонымен үш жылдық жоба аясында биылғы жылдың шілде айында Орал өңірінде кезекті эпиграфикалық экспедиция өз мәресіне жетті. Оған жоғарыда аталған Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері Айтжан Нұрманова жетекшілік жасады. Олар бұл жобаны бұдан екі жыл бұрын қолға алыпты. Сол кезде және оған дейінгі жасалған алғашқы жұмыстар аталған институттың ғылыми басылымына енгізілген. Бұл елу бет көлеміндегі көлемді мақала түрінде шығып, каталог ретінде жарияланған.

Мысалы, Есімхан Нұралыханұлы сонымен бірге Көкшетау маңайынан табылған Уәли­хан Абылайханұлы және Жәңгірхан Бөкей­ханұлы әрі Түркістанда жерленген хан-сұлтан­дар­­дың, сондай-ақ қазақ даласында өмір сүрген би-батыр­­лардың құлпытас деректері қазақ тілін­­дегі басылым сипатында шығарылыпты. Бұ­лар­­дың қатарында Мәтен Қожаның, Атырау му­зейін­де сақталып келген Құрманғазы күйші­нің, бұ­дан бөлек Мұса Шорманұлы мен Оспан Құнан­­бай­ұлының құлпытастары бар. Бұл эпи­графикалық ескерткіштерге еліміздің көптеген тарих­шылары үлкен қызығушылық танытқаны да табиғи жайт.

IMG_9093-1Қазіргі уақытта аталған құлпытастар бо­йынша әзірленіп жатқан арнайы басылымның жарыққа шығуын күтіп жүргендер аз емес секілді. Ал жоба аясындағы биылғы жылдың шілде айын­да мәреге жет­­кен экспедиция қызметіне тіке­лей тоқтала ке­тер болсақ бұған дейін Бөкей Орда­сы тарихи му­зе­йі кешені ғылыми бөлімінің мең­геру­шісі Гүл­­мәру Мырзағалиева Жәңгір хан зира­тын­да­ғы араб қар­пімен жазылған 113 құлпытасты оқы­ға­­­н­ын оқыр­мандар назарына ұсына кеткен жөн. Со­ны­­­­­мен бірге экспедиция мүшелері биыл­ғы жы­лы бұл жер­­ден бұдан басқа тағы да 200-дей тас­ты оқып, зерт­т­еуге алдын ала болжам жасаған­дарын айтып еді.

Алайда қазба жұмыстарының нәтижесінде мұндағы хатталған құлпытастар саны 526-ға жетіпті. Мұның өзін соңғы көрсеткіш болып есептелмейді. Өйткені әлі де қазылмай, ашылмай қалған қорымдар жеткілікті. Мұнда моншаның іргетасына салынып кеткен құлпытастар да бар екен. Мұның да алдағы кезде зерттеліп толық­ты­ры­ла түсетіні анық. Айтжан Нұрманова бас­та­ған ғалымдар тобы хан зиратындағы күрделі жұ­мыс­тар кезінде оларға Қазбек Құттымұратұлы, Мұрат­бек Жахатов және Гүлмәру Самиғоллақызы секілді жергілікті мамандар үлкен көмек бергенін бізге үлкен ризашылықпен жеткізді. Мұның ішінде Бөкей Ордасы музейі қызметкерлерінің көр­сеткен қолдауы өз алдына бір бөлек десе де бо­л­ғандай. Сөйтіп, экспедиция мүшелері бір жаға­дан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, күн­нің қырық бес градус ыстығында құлпытастарды аршып, тазалау жұмыстарын атқарған. Жұмыс қорымның басында таңғы сағат жетіден күн ұясына еңкейген кезге дейін жүргізіліпті.

Маңдай терді тамшылатқан еңбек босқа кет­пегені қандай ғанибет. Яғни экспедиция қыз­метінің өте нәтижелі болғаны қуантады. Мы­салы мұнда қазылып алынған бір құлпытаста ханның қасында болған белгілі дін өкілінің қай жылы имам болғаны, қанша жыл ахундық құр­ғаны және қанша жыл өмір сүргені туралы мол мәлімет сақталған. Ғалымдардың тұжы­рым­дауын­ша мұндай аса құнды құлпытастар өте сирек кездеседі екен. Биылғы зерттеулердің тағы бір ерекшелігін айтпай кетуге болмайды. Мыса­лы әдетте марқұмдарға тас белгіні ата-ана­сы немесе оның ұл-қызы, бауырлары орнатса, мұнда бір белгіні көзі тірісінде сол кісіні пір тұта білген бір дәулетті саудагер адам өз ер­кі­мен қойып­ты. Құлпытастың жан-жағына сүре­лер, ал артқы бетіне шағын өлеңдер жазылған. Құл­пы­­тас топы­раққа көміліп қалғандықтан жақсы сақталыпты.

Сондай-ақ қорымда Жәңгірханның өзі және оның әулеті, хан-сұлтандар олардың әйелдері мен ұл-қыздары жерленген. Сонымен қатар саудагерлердің құлпытастары да өте көп кездеседі. Мұның өзі осы жерде үлкен сауда орталығы болғанын айғақтайды. Кей тастарда ішкі орталық князьдар нәсілінен, төре руы, старшын, қожа, мударис, молда, указной молда, имам, тархан, хан төлеңгіті, дамолла, тәржімашы деген терминдер кездеседі. Бір әйел затының өзіне бірнеше терминдер қолданылған. Мысалы бұрыннан белгілі халалы, зәужасы, оның сыртында мәнкухасы, хатуни деген сөздер бар. Дәрігерлер де жерленген. Олар тәбиб деп жазылыпты. Қази, ахундар мен тас шеберлеріне де өте көп белгілер орнатылған. Тіпті тас қашаушы шебер кісілердің өзіне де құлпытастар қойылған.

Хан зиратында шағатай тіліндегі мәтіндер де өте көп болып шығыпты. Бұған қоса парсы тіліндегі өлеңдер де жазылыпты. Сондай-ақ бұл қорымға көптеген ру-тайпалардың өкілдері жерленгені де зерттеулер барысында анықталды. Бұған қоса татар саудагерлерінің қай аймақтан келгендігі туралы деректер де кездеседі. Мұның бәрі Жәңгір хан маңайына жиналған кісілердің мәліметтерін жинақтауда үлкен рөл атқармақ. Жоғарыда айтылғандай тастардағы өрнектеліп түскен айшықты да көркем жазулар оны қашаушылардың жоғары деңгейдегі білімді де білікті әрі он саусағынан өнері тамған шебер адамдар болғанын аңғартады.

Қысқасы Жәңгір хан зиратына жасалған биылғы эпиграфикалық экспедиция Жәңгір хан мен оның төңірегі жөніндегі деректерді одан әрі толықтыруға мүмкіндік береді. Әрі мұны биылғы экспедицияның басты құндылығы деп есептеуге де толық негіз бар. Орталықтағы ғалымдар мен «Жайық Пресс» ЖШС тобынан құралған экспедиция жұмысы алдағы жылы тағы да жалғасатын болады. Сол кезде елдіктің белгісі іспеттес мәдени ескерткіштер мен қазақ құлпытастарының бұған дейін беймәлім болып келген тағы бір құпия қырлары мәлім болатынына сенгіміз келеді.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

журналист,

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы

Суреттерде: құлпытастар көріністері осындай

 

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*