Булгаковтың музей-үйі. «Қорқынышты пәтер» | Етжеңді

Булгаковтың музей-үйі. «Қорқынышты пәтер»

12-04-16-bulgakov-dom-1Орыстың танымал жазушы-драматургі Михаил Булгаковтың талантына табынушы оқырманның Мәскеуге келіп тұрып, оның музей-үйі мен оған жапсарлас театрына соқпай кетуі қиын. Мұндай мүмкіндік Ресей астанасында өткен «Алтын маска» театр фестиваліне келген біздің де басымызда болды. Сондықтан оны құр жібермегенді жөн көрдік.

Міне, Кремльді қаланың орталығындағы Садовая көшесі, оның 10-үйінің 4-қабаттағы 50-ші пәтері. Жұрттың аузында да «Жаман пәтер» деп аталып кеткен бұл үй 1902-1903 жылдары сол кездегі сәннің салтанаты болған модерн стилі­мен салы­ныпты. Архитектор Мильков­тың жобасы бойынша өмір­ге келген бұл үйдің иесі «Дукат» темекі фабрикасының қожайыны, мәскеулік көпес Илья Пигит болған. Ғимарат басында өндірістік корпус ретін­де тұрғызылмақшы болып жос­парланған екен. Бірақ жер­гіл­ікті билік қаланың Бақ шең­бері шекарасында фабри­кан­ың болуына тыйым салыпты. Содан кейін оны табыс үйіне ай­нал­дырып, жұрт­қа жалға бері­летін пәтер етіп жіберуге тура келген. Ал Мәс­­кеу­де меценат ретінде де аты белгілі бол­ған Илья Давыдович үйге негі­зінен творчестволық зия­лы қауым өкілдері – суретшілер, жазу­шылар, артистер, сондай-ақ дәр­і­герлер көптеп орналасуына айрықша мән беріпті.

Тап осы үйге 1910 жылы белгілі суретші Петр Конча­лов­ский келіп орналасқан. Оған тағы бір танымал қылқалам шебері Василий Суриков жиі ке­ліп тұрған. Кончаловский осы ғимараттағы №29 пәтерді мекен еткен. Ал шеберханасын №40 пәтерден ашқан. Орыстың әйгілі ақыны Сергей Есенин мен Америка бишісі Айседора Дункан сол жерде танысқан. Мұнда тағы Василий Качалов, Всеволод Мейерхольд, Александр Таиров, Андрей Белый, Алиса Коонен, Федор Сологуб, Анатолий Луначарский секілді сол заманның маңда­йал­ды тұлғалары жиі келетін еді. Олардың бастары қосылған кездері алуан түрлі әңгімелерге кезек беріліп кететін. Драматург Булгаков «Зойканың пәтері» деген пьесасында тап сол жерде айтылған ойларды пайдаланады.

Дегенмен, «қорқынышты пәтер» біздің бәрімізге ең алдымен Михаил Булгаковтың «Шебер және Маргарита» романы арқылы мәлім. Оның бұлайша аталуына да сол туын­дыдағы оқиғалар себеп болған. Ал шығармада бір-бір­лері­мен тікелей кездеспейтін кейіп­керлерден құралған үш түрлі желінің бар екені аян. Солардың біріншісі – мистикалық желі оқи­ға­лары тап осы пәтерде, ібіліс пен оның нөкерлерінің қаты­суын­да өрбиді. Ондағы сюжеттер бізді өткен ғасырдың 20-шы жыл­дарының бас жағына алып барады. Бірақ Булгаков «қорқынышты пәтерінің» «прототиптері» мұнда бір емес, екеу болған. Шығармада олар 50 және 34-ші пәтерлер етіп көрсетілген. Ал жазушының өзі 1921-1924 жылдары бірінші әйелімен осы №10 үйде тұрған. Қаламгер туындысындағы пәтер­дің интерьерін Причистенка көше­сіндегі респектабельді №13 үйден алған. Оның жоғарғы қа­батындағы екі пәтерді атақты зергер Фаберженің туысы жай­лаған. Бегемот секіріп мініп, шайқатылып тұратын люстра сол пәтерлердің бірінде болған. Үйдің сыртына «302-бис» деп жазылып қойылған. Бірақ Мәскеудің Садовая көшесіндегі бірде-бір үйде мұндай ірі жазулары бар нөмір ілініп тұрмаған. Жазушы оны жазылып отырған оқи­ғаның шындыққа жанасымды екенін баса көрсету үшін әдейі осылай суреттеген. Тыныш көше бойындағы ғимараттың қабыр­­ғасында мұнда танымал роман­ның оқиғалары өрбігені және жазушының өзі бірнеше жыл тұрғаны туралы ақпар бере­тін мемориалды тақта ілулі тұр.

Айрықша айта кететін бір жағдай, Михаил Булгаковтың осынау атақты романының жазылып біткеніне биылғы 13 ақпан­да тура 76 жыл болды. Жазушы оның соңғы нүктесін 1940 жылы осы күні қойған екен. Ал өзі сол жылғы 10 наурызда өмірден өтіп кеткен. Небәрі 49 жыл өмір сүрген таланттың соңында кесек дүние қалды. Қаламгер бұл шығармасын артық-кемі жоқ 12 жыл жазыпты. Ол өзінің бір қолжазбасында романның басталған шағын 1928 жыл деп көрсетсе, тағы бірінде 1929 жыл деп белгілеген. Негізі, осы туындыны жазу жайындағы идея оған 1928 жылы келіп, шығарманы 1929 жылы бастаған сияқты.

Бір қызығы, жазушы қай­тыс болғаннан кейін оның архивін­де аталмыш романның сегіз түрлі қолжазбасы қалғаны анық­талады. Солардың әрқайсы­сының атаулары да әртүрлі болып келеді. Олардың арасында «Қара сиқыршы», «Инженер­дің тұяғы», «Тұяқпен алдау», «В-ның ұлы», «Гастроль» деген атау­лар бар. Бірақ жазушы кейін шығарманың соңғы вариантын жасап жатқанында ақырғы байламға келіп, оған біздің бәріміз жақсы біліп, сүйіп оқитын «Шебер және Маргарита» атын береді. Алай­да жазушының осы соңғы нұсқаға жеткеніне дейін де сөз етіп отырған туындыға байланыс­ты біраз теперіш көруіне тура келеді. 1930 жылғы 18 наурыз­да Мольердің шығармасы негі­зінде жазылған «Кабала свя­тош» деген пьесасына тыйым салынғаннан кейін жазушы романның 15-ші тарауына дейін жазылып қойылған бірінші түпнұсқасын жойып жібереді. Ол 1931 жылы романды жаңадан бастайды. Туынды 1936 жылға дейін «Фан­тастикалық роман» деген ат алып тұрады. Содан кейін «Ұлы канцлер», «Сайтан», «Міне, мен келдім», «Қауырсынды қалпақ», «Қара тақуа», «Ол келді», «Шетелдіктің тағасы», «Ол пайда болды», «Келу», «Қара сиқыршы» және «Кон­суль­танттың тұяғы» деген аттар да таңылып шығады.

Романның осы екінші редакциясында Маргарита мен Шебер көрініс беріп, Воланд өз нөкерлерімен сау ете түседі. Ал 1936 жылдың екінші жартысында немесе 1937 жылы басталған үшінші редакциясы «Түнек кінәзі» деген атаумен қолға алынады. Осының соңғы жылында автор бір күні жазып жатқан кіта­бының титулын бірінші рет «Шебер және Маргарита» деп өзгертеді. Осылайша 1928-1937 жылдардың аралығында жүрген таңдауларға соңғы нүкте қойылады. 1938 жылдың мамыр-маусымында романның толық мәтіні алғаш рет баспахана гранкасында бас­тырылып шығады. Жазушы оны өзі өмірден өткенге дейін дерлік уақыт түзетумен болады. 1939 жылы романның соңына ма­ңызды өзгертулер енгізіліп, эпи­логы жазылып бітеді. Бұдан кейін қатты ауырып, төсек тартып жатқан Булгаков әйелі Елена Сергеевнаға мәтіннің түзе­тулерін ауызша айтып отырады. Жазушы бұл жұмысты тек 1940 жылғы 13 ақпанда ғана тоқтатады.

Әлбетте, осыдан соң бір айға жетер-жетпес уақытта өмірден өтіп кеткен жазушы кітабының бас­па жүзінен шыққанын көре алмады. Роман тіпті бұдан кейін де көп жылдарға дейін қалың оқырманға белгісіз болып жатты. Ол бірінші рет 1966 жылы тек «Москва» журналында ғана жария­ланды. Осынау ұлы туындының өз оқырманына дейін жетуі роман­ның ең соңғы редакциялық нұс­қа­сын көздің қарашығындай сақтап келген жазушының жары Елена Сергеевнаның арқасында ғана мүмкін болды.

Революциядан кейін Пигит­тің табыс үйі жұмысшы-комму­налар­дың бірінші мекен­дерінің біріне айналады. Осындағы процестерді Булгаков «№13 үй, Эльпит-Рабкоммуна» деген әңгімесі мен «Иттің жүрегі» атты романының желілеріне кіргізеді. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарына дейін Михаил Булгаковтың творчествосы қалың көпшілікке кеңінен танымал болған жоқ. Оның «Турбиндердің күндері», «Зойканың пәтері» деп аталатын пьесаларының өзін санау­лы театрлар ғана білетін еді. Жазушы жоғарыда айтылған романы «Москва» журналында жарық көргеннен кейін ғана кеңінен таныла бастады. Арада бірнеше жыл өткеннен кейін энтузиаст-зерттеушілер «Шебер мен Маргарита» романының не­гіз­гі оқиғалары өткен Үлкен Садовая көшесіндегі №50 пәтерді тауып алды. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары, бұл үй әлі М.Бул­­гаковтың музейі болмай тұр­ған кезде, жазушы талантына табынушы жастар осы үйдің тепкішегін нағыз галереяға айналдырып жіберді. Осы жерде қаламгерге алғыс сезімін білдірген дәйектемелер пайда болды. Тіпті романнан үзінділер мен иллюстрациялар ілініп тұрды. Осы мемориалдық тақта туралы журналистер білгеннен кейін ол туралы әртүрлі хабарлар жазыла бастады. Айталық, «Известия» газетінде сол бойда шағын заметка жарық көрді. Сол жарияланымға жергілікті билік бірден назар аударып, мұнда ілініп қойылған барлық суреттер мен жазуларды жойып, тепкішекті бояп тастады.

Жазушы М.Булгаковқа құрмет көрсету тек 90-шы жыл­дары ғана қолға алынды. Оны Булгаков қоры бастады. Ал 2007 жылы Мәскеу үкіме­тінің шешімімен №50 «қорқы­нышты пәтерде» М.Бул­гаков­тың музей-үйі ашылды. Онда қазір Булгаковтың жиен­дері Е.А.Земская мен В.М.Свет­лаева сыйлаған, сондай-ақ Булгаков қоры­ның президенті В.Ф.Димен­ко тарту еткен экспонаттар жи­нақ­­талған. Музей-үйдің өзі ғана емес, оның айналасының өзі адам­­ды ерекше тартып тұрады. Оның алдында келушілерді Беге­мот, Азазелло және Коровьев ескерт­кіші күтіп алады. Ауладағы экскурсия трамвайының да айтары жет­кілікті. Ал ғимаратқа кіріп келе жат­­қанда, Булгаковтың табыну­шы­лары жасап қойған тепкішек жанын­дағы қабырғадағы суреттер мен жазулар «қорқынышты пәтер­де» өзгеше бір күштердің тіршілік еткенінің рас екенін еріксіз ойға оралта түседі. Сегіз бөлмелі пәтер­де «Шебер мен Маргарита» романын­да айты­лып-суреттелетін заттар­дың басым бөлігі тұр. Осы­лар­дың бәріне қарап тұрып, Михаил Булгаковтың шынында да жұрт­қа жақсы танымал да сүйікті жазушы болғанына көзің тағы бір жеткендей болады.

Жаңагүл СҰЛТАНОВА,

театртанушы

МӘСКЕУ

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*