Аспантау етегіндегі елде | Етжеңді

Аспантау етегіндегі елде

c52fb1766ba56c39ef0718a3b78735d1Сөз басы

Сәті түсіп, Аспантау етегіндегі елге – Хантәңірі аясындағы елді мекенге жолсапарға аттанып кеткен едік.
Міне, мынау Шалкөде жазығы!
Алыстан қарасаң, көзің талатын жалпақ жазық жанарыңа сыймай, лық­сып кетіп, асып-төгіліп жатады. Сонда да қайта-қайта қарайсың, әрбір төбесі мен еңісіне үңілесің, әр тал шөбіне дейін көңіл аудармасыңа қоймайды.
Бұл табиғаты тамылжыған, көз тойғы­сыз кең де көрікті жазираны кім­дер жырға қоспады дейсің! Атақты ақын Мұқағали Мақатевтың екі өлеңінің бірі осы Шалкөденің көркем келбетін әсем жырға жымдастырмаушы ма еді!
Қасымыздағы серігіміз – Жанат Тәжиев мырза. Осы Райымбек ауданына әкім болып тағайындалғанына да екі жылға тақап қалыпты. Жер жағдайымен әжептәуір-ақ таныс. Жол-жөнекей әр саладан әңгіме қозғап, көкейдегіні дөп басып, тоқтаусыз сөйлеп келе жатқан. Біз жаңа ғана шыққан Сарыжаз ауылынан соң жалғасып жатқан Қарасазға жете бере:
– Міне, мынау Мұқағали туған ауыл! – деді қуанышты үнмен.
Көлік ішінде екеуара күбірлесіп отырған жұбайым Ботагөз Шазындақызы да, қаламгер Райхан Мәженқызы да елең-елең еткен.
Мен де еріксіз бұрылып, Қарасаз ауылына құмарта қарап қалдым.
Көкейде көп сауал бар. Бірінен соң бірін ағытып, сұрақтан соң сұрақ туын­датқалы отырған сәтімізде аудан басшысы кенет жарқырай сөйлеп:
– Мына жаққа қараңыздар, Хантәңірі шыңы шынайы келбетін ашты, анық көрініп тұр! – деп дауыстап жіберген.
Дереу тау жаққа көз салдық.
Расында да, ғажап!
Қарасаз бен Тұзкөл орналасқан мекен ортасындағы тау кесіндісінен Аспантау – Хантәңірі биігі анық көрінген.
Таңғы сәт болатын. Ауа тұп-тұнық. Күні кешеге дейін сілікпені шығара тоқ­тау­сыз жауған жауын да толас тапқан. Көктегі бұлт та зым-зия. Аспан шайдай ашық. Ал, тап алдымызда айбарлана Хантәңірі қарап тұр.
Көңілді бір сәттік қуаныш билеп ала жөнелген.
Бұрын да естуші едік, осында Аңыз тауды арнайы көруге келген көп кісілер күте-күте шыдамы таусылып, келген ізімен қайтып кеткен кездері де аз бол­маған. Ал, бізге мейірім мен бауыр­малдық танытып, жарқ етіп, алып шың бар болмысымен дереу құшақ ашты.
– Армысың, Аспантау! – дедім іштей. – Сен осындай асқақ па едің?
Менің ойымды Жанат мырза бөле берген.
– Бұл биік шыңның тап осылай ап-анық, айнадай жарқырап көрінгенін өзім де алғаш байқап тұрмын, – деді ол. – Расында да таң қаларлық жағдай.
– Суретке түсіріп алсақ қайтеді? – дедім мен.
Қырсық шалғанда ешқайсы­мыз­дың да суретке түсіріп ала қоятын мүмкіндігіміз болмады. Ұялы телефондарымыз тап осы сәтте өшіп қалған.
– Қап, әттеген-ай! – дедім өкіне тіл қатып.
Көлікті тоқтатып қойып, ұзақ қарап тұрдық. Қанша қарасаң да не көз, не көңіл тояр емес. Хантәңірі бүгін барынша әсем қалпында: өзінше сыланған, өзгеше құлпырған.
– Оқа емес, қайтар жолда фотоаппаратпен жақсылап түсіре жатармыз, – деді Жанат мырза.
– Сөйтелік. Міндетті түрде мына көрініс­ті түсіріп алалық, – деп Райхан мен Ботагөз де жарыса сөйлеген.
Осыған тоқтап, көлікке қайта отырып, әрі қарай жылжи бергенбіз. Алайда, аңыз болған Аспантау жарты сағаттан соң қайта сағымданып, бұлтқа оранып, көзден ғайып боларын кім білген?
Ұзаған сайын қайта-қайта бұры­лып, қарлы тау – Хантәңіріне қарай бергем. Ол біз ұзаған сайын, одан бетер айбарланып, тұлғаланып тұрып алған.
«Әзірге қош! Осыған да риза болың­дар! Енді сендерге жуық арада көрін­беспін!» деп сыр ұқтырып тұрға­нын қайдан білейік…

Аспаннан балық жауған…
Хантәңірі етегіндегі елге арнайы шақырту алған себебіміз – осы өңірге атағы зор, ХІХ ғасырда өмір сүрген Әденұлы Түгелбай болыстың зиратына ескерткіш-белгі қойылып, соның ашылу рәсіміне қатысу болатын.
Бұған дейін де ол кісі жайлы ептеп хабарымыз бар-ды. Түгелбай Әденұлы 1799 жылы Верный уезіне қарасты Шонжы болысында дүниеге келген өте парасатты, көпшіл, кең жүректі жан екен. Елі сүйіп-ұнатқандықтан да оны бір емес, қатарынан бес рет Шонжыға болыс етіп сайлапты. Беделі жыл санап өсе түсіпті.
Түгелбай болыстың ерекше көзге түскен тұсы – 1860-жылдары осы өңірде болған орыс-қытай қақтығысы кезі. Осы соғыста орыс әскерлерінің жеңіске жетуіне көп ықпал еткендердің бірі – Түгелбай Әденұлы. Міне, сол себепті де оны Ресей патшалығы «3-ші дәрежелі Кафтан» белгісімен марапаттаған. Басқа да атақ-дәрежелері жетіп артылады.
Есті азамат Шонжы болысындағы барша халықтың тыныш та бақытты өмір сүруіне игі ықпалын тигізе білген. Сол бағытта бар күш-жігерін жұмылдырған.
1880 жылдары Шалкөде жазығына қоныс аударып келіп, осы арада көз жұмған деседі. Бейіті Шалкөденің тау етегіндегі биік төбе басында тұр.
Ол кісі туралы бұл өңірде не көп – аңыз әңгіме көп. Соның бірі – былайша өріледі.
Беделі зор болыс өмірден озар сәтте ет жақын туыстарын жиып алып:
– Менің басыма кесектен белгі қойыңдар, ал сыртын түгелімен балық майымен сылаңдар! – депті.
Ата өсиеті – заң! Болыс өмірден озған соң 5-6 жігіт сайланып, Балқаш маңына барып қайтуға жолға әзірленеді, балық алып келмекші. Тап осы кезде кенет ауа райы күрт өзгеріп, қара нөсер шелектеп құя жөнеледі. Ең қызығы – жауын­мен бірге сартылдап балық жау­ған екен сол күні. Әп-сәтте сай-сала үл­кен­ді-кішілі балыққа топырлап толып кетіпті.
Ел-жұрт аң-таң. Мұндай да керемет болады екен-ау! Аспаннан жаңбыр жауады, қар жауады, тіпті қар аралас жаңбыр да жауып жатады. Ал, бірақ балық жауғанды кім көрген!
Мына табиғат сыйына разы болған ағайын-туыс дереу балықтарды жиып алып, ата өсиетін орындап, майымен болыс бейітінің сыртын сылаған деседі.
Осы күнге дейін аспаннан балық жау­ған сол күн ел есінен кетпейді, әр ұрпақ өзінше құбылтып, әр саққа жүгір­тіп айтумен келе жатыр. Бірі – аспаннан балық жаудырған бабаның ерекше қа­сие­ті десе, екіншілері – оны ғылыми тұр­­ғы­­да дәлелдеп, сөз етуге тырысады. Алыс­­тағы мұхиттан дауыл көтеріп әкел­ген болуы да мүмкін деседі… (Бірақ дәл осы күні тап осы араға балық жауғаны қалай?)
Қалай десек те, Түгелбай болыс өмір­ден озған кез осындай ерекше оқиғамен есте қалған. Бұл жерге біздің де табанымыз тиді. Ескі қорымды қайта қалпына келтіріп, үй тұрғызыпты ұрпақтары. Ол ғана емес, дәл түбінде ұзындығы 10 метр­ден асатын белгітас та бой көтерген.
Ас беру рәсіміне жер-жерден ағылған халықта шек болмады.
Ал, төменде, бұлақ басында 30-ға тар­та киіз үй тігіліп, кезек-кезек ас берген. Еске алу шарасы белгілі ғалымдар, жазушылар мен көнекөз қариялардың естеліктері мен сөздеріне ұласып, арасында ән-шашу шашылған.
Ас соңы ат бәйгесіне ұласты. Жер-жерден жеткен жүйрік сәйгүліктер жер тарпып, ұшарға қанат таппаған.
Бұл сәтті, әрине, көруге көз керек болар…

жолтай алматыМұқағали музейі
Тағы бір көрмей кетуге болмас орын – ақын М.Мақатаев музей-үйі еді. Жанат мырза бастап, Қарасаздағы Мұқағали ақын музейіне келіп, бас сұқтық.
Есіктен аттап кіргеннен байқалатыны – ақынның музейі жүрекке жылылық ұялата түседі. Әрбір суреттер мен кітап­тар күні кеше ғана өз көзімізбен көрген ақиық ақын бейнесін көз алды­мызға әкеледі. Зор даусымен өлең оқиты­ны, «әй, сайтан бала» деп гүр-р етіп сөй­лей­тіні – бәрі-бәрі ойға орала түседі.
Тіпті бір жолы «Шуағым менің» кітапшасын сыйлап тұрып, ішіне «Жолы болар Жолтайға» деп тілек-сөз жазғаны да күні кеше сияқты еді. Сол күндер ойға сыналап сіңіп жатқан.
Екі қабатты музей-үйінің ішінде еркін басып, басынан аяғына дейін араладық. Жұдырықтай қазақ қызы сөз сөйлеп тұрып, ара-тұра Мұқағали жырларын жатқа соғады, әсерлене айтады, жүрекке жеткізе толғайды.
Поэзия жүйрігі жайлы өз өлеңімен сөз өрнектеу, әрине, өте ұтымды әдіс көрінген. Іштей риза бола түстік.
Музейдегі экспонаттар ішінен ақын­ның өзі оқыған кітаптары көзге оттай басылады. Алғашқы бетіне жазып қалдыр­ған қолтаңбасы да көзіңді еріксіз салуға жетелейтіндей.
Әсіресе, өз қолымен жазған өлеңдері де соншалық әсерлі. Маржандай тізілген жырларын әйнек астынан-ақ оп-оңай оқи алатындайсың.
Тағы бір тұсында бізге өте таныс кітаптары – «Қарлығашым, келдің бе?», «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің», т.б. қатарласа сап түзеген. Ала салып, оқи жөнелгің келеді. Қолыңды соза жаздап тұрасың.
Ашығын айту керек, ақын музейі бізге өте қатты ұнады.
Тіпті музей-үйдің құрылысы да келісті, сыртқы келбеті де көз тартарлық­тай екен.
Ойға оралғаны – енді бұл музей-үйінде арнайы видеокабинет болса дедік. Онда Мұқағалидың өз даусымен оқылған өлеңдері саңқылдап шығып тұрса қандай ғанибет! Сондай-ақ, ақын өлеңдеріне жазылған әндер де қажетіне қарай шырқала жөнелсе, құба-құп емес пе? Ол – алыс-жақын шетелден келген қонақтарға ақиық ақынды әр қырынан көрсетіп, барынша таныта түсуге қызмет еткен болар еді-ау!
Біз осындай асқақ көңілмен ақын музейінен ұзап бара жатқанбыз.
Қашан алыстап кеткенше ақиық ақын жырлары кеудемізде күмбірлей төгіліп, еміс-еміс естіліп тұрғандай-ды.

Райымбек батыр биігі
Шалкөде жазығына айбарлана қарап тұрған ерекше ескерткіш мүсін – ол Райымбек! Ат үстіндегі батыр бабаның айбыны көз тоқтатпасыңа қоймайды, кім-кімді де ойландырып тастағандай.
Ол биікке де көтерілдік.
Батыр баба ескерткіш-мүсіні алдында ойға беріліп, аз-кем тұрып қалдық. Өзіміз білетін көне тарих көз алдымыздан рет-ретімен жөңкіліп өтіп жатты.
Арғымақ ат үстінде адуынды батыр: бір қолында – найзасы; бір қолын­да – қалқаны; қараған сайын делебең­ді қоз­дырады; ойыңды сан-саққа жүгіртеді…
Енді төменге түстік.
Төменде – жер астынан атқылап шығып жатқан бұлақ суы: қолыңды салсаң лез-демде мұздатады; ішсең – мейірің қанады; тастай-ау, тастай!
Тап-таза судан бір емес, бірнеше мәрте сімірдік.
Тап осы тұс Шалкөде жазығын шараға құйылған судай, шүпілдете ала­қан­ға салып ұстап тұрғандай.
Ескілікті аңызға сенсек, батыр баба осы жерден жоңғар шапқыншыларын бақылап отыратын болған деседі. Ал, хабаршының мекені – анау алыстан көзге шалынатын атақты Айғайтас! Айғайтастың арғы тұсынан қандай жау бұлай қарай ат басын бұрса да, көзден таса бола алмайды. Байқаусыз өтіп кетуі еш мүмкін емес.
Үлкен жазыққа қарап тұрып, бойымызды бір сәттік шаттық сезімі биледі.
«Әй, тегінде аталарымыз да осал болмаған-ау! Мына тұстан бақылау қойып, ешкімді де өз жеріне өткізбеуді ойластырған батыр бабалардың көре­гендігіне сөз жетер ме, шіркін!»
* * *
Қоштасып алып, ұзай берген сәтте тағы да батыр мүсініне көз салғанбыз. Тұғырдағы Райымбек баһадүр қазір де міз бақпай, жазыққа жіті көз салып, еш­теңе­ні қалт жібермей, елінің тыныш­ты­ғын күзетіп тұрғандай болып көрініп кеткен.
Кеудені мақтаныш сезімі биледі.

Асу, асу, асулар…
Кеген асуын бұрын-соңды көрмеген екем. Бара жатқанда түн іші еді, ал қайтарда күндіз жол түскен.
Ұзыннан-ұзақ шұбалып жатқан тау етегіндегі ирелеңдеген жолдар әрі қызық, әрі қорқынышты. Ойыңды онға бөліп, қиялыңа қорқыныш қонақтатып, кеудеңе неше түрлі алақұйын сезім сыйлап тастайды.
«Табиғаттың тамашасын көргің келсе, тауға бар» деуші еді баяғыда аталарымыз.
Сол сөз жетпес тамаша, міне, көз алдымызда. Жолдың екі жағынан алма-кезек ауысып, жарыса өрілген таулар. Өр­кеш­теніп барып, төмендеп кетеді де, қай­та биікке ұмтылады. Жартастарына қара­саң, неше түрлі картиналар елес берет­ін­дей. Әдейілеп салғандай сурет-бейнелер…
Атақты Кеген асуынан қазір ғана аман-сау өтіп, жазыққа шықтым ба деге­нің­­ше алдыңнан Көкпек асуы қылаң береді.
Бұл асу – Шонжы жерінің тұсында.
Айтпақшы, Кеген асуынан түсе бере үл­к­ен жазық көз алдыңда көлбейді. Сол жа­­зық­та бір белгі тұр. Ол – Ойрантөбеде жау­­ды ой­сырата жеңген Райымбек батырға қо­­йыл­­ғ­ан белгі… (Бұл енді өзінше бөлек тарих!)
Көкпек асуында, әрине, қызған өмір. Әр тұсында не шатыр, не дәмхана, не басқа бір үйлер қылт ете түседі. Қыбыр-қыбыр тіршілік!
Осындай қилы-қилы асулардан әзер деп өтіп барып, Алматы бағытындағы үлкен жолға табан тірейсің. Сол кезде ғана уһ деп еркін дем алғандай боласың.
Міне, енді артыңа мойын бұрып қарап, қаншама шатқалды жолдардан өтіп кеткеніңді сезінесің.
Кеудедегі қорқыныш сезімі қайтадан ұмыт болып, бірте-бірте сейіле бас­тайды.
* * *
Аспантау етегіндегі елге жасаған осы жолғы сапар өзімізге ерекше әсер қал­дыр­ды, қиялымызға қанат бітіргендей.
Бұл өңір – атақты қаламгер ағам Бердібек Соқпақбаевтың елі…
Бұл өңір – ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың елі.
Бұл өңір – өзім аса құрметпен араласып-сыйласқан сырбаз сыншы Сағат Әшімбаев пен жазушы-драматург Баққожа Мұқаидың туған жері.
Бұл өңірден қаншама батырлар, билер, шешендер шықпады дейсіз!
Бұл өңірден шыққан танымал тұлға­ларды саусақпен санап, түгендеп шығу әсте мүмкін де емес.
Ал бір ғана Қарқара көтерілісі (немесе албан көтерілісі) ХХ ғасыр басында бүкіл қазақ жұртын бір сілкіндірмеп пе еді? Ұзақ батыр мен Жәмеңке қарт есімін осы күні бүкіл ел біліп жатқан жоқ па! Көрнекті жазушымыз М.Әуезовтің «Қилы заман» романы сол оқиғаның көркем шежіресіндей болып ел жадында жатталмап па еді!
Артыма, неге екені белгісіз, қайта-қайта қарай бергем. Көз алдымнан тізбек-тізбек тау сілемдері, сол сілемдер арасынан жарып аққан саф таза бұлақ суы һәм ирелеңдеген ұзын-сонар жолдар кезек-кезек ойқастап, қайта-қайта айналып соғып, мүлде кетпей тұрып алған.
Мен Аспантау етегінде бұйығы тірлігі­мен өмір кешіп жатқан жаны таза қара­пайым ауыл адамдарын өзіме өте жақын тартып, туысындай болып кеткен едім.
Оларға деген қимастық сезім-күй тап осы сәтте кеудемде бұлқына түсіп, бойымды барынша баурап алған…

Жолтай Әлмашұлы
жазушы-драматург

Алматы облысы,
Райымбек ауданы

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*