Ізгі із

img_2023Жаңақорған дегенде шипа сыйлаған шипажай елестейді, одан мыңдаған науқастың мұ­ңын шешкен мақтаулы межесі мен­мұндалайды. Ал осы игілік көзінің бір кездері бойын тіктей алмай, тай­ғақтап, тығырыққа тірелген тұсы да болған. Ол ол ма, есігінен қара құлып қарсы алатындай келешегі күдікті кезі де кездесті. Әупірімдеп әл жиып, аяғынан тік тұруы қиял-ғажайып ертегінің бүгінгі сипатындай еді.

Бұл 1997 жыл болатын. Ши­па­жай басшылығында ауыс-түйіс жиі орын алып, мекеме белі босап кеткен, бағы тая бастаған өткелге келді. Мұның басты себебі, өткен шақта мекемені дәрігер басқарды да ұйымдастыру, шаруашылық жағы ақсай бастады. Ол қаржылық дағдарысқа тіреді, қол қысқара түсті. Құлазыған құрылым құл­дырауды бастан кешіріп, жабылу алдында тұрды. Сондықтан,  елі­міздің кәсіподақтар федерациясы шипажайды сатуға мүдделі болды. Амал жоқ, облыс басшылығы ой­ласа келе, шипажайды іскер адамға сенімді басқаруға беру тиімді деп тапты. Сөйтіп, респуб­ликада бірінші бастама, әрі тың тәжірибе есебінде сол кезгі аудан әкімі Салхадин Мырзабеков шаруашылықтар басқарған, есеп маманы, білікті кадр Амангелді Абдуллаевтың келісімін алып, оны шипажайға бас директорлыққа ұсынды. Енді жүздеген адам жан баққан, нәпақасын айырған шипажайды аман алып қалу міндеті алға қойылды. Ұжым болып, кәсіп­одақтар федерациясының төра­ғасы Сиябек Мұқашевтің атына хат жазып, екі жылға Амангелді Мү­бә­рәкұлына сенімді басқаруды беру туралы өтініш айтты. Осыған бай­ланыс­ты төраға Жаңақорғанға келіп, жағдаймен танысты, бір мүм­кіндік берді.

Аманатты арқалаған Амангелді тірліктің түйінін тарқатуға сол сәттен кірісті. Есебінде қара бақыр тиыны жоқ, табыстан ада мекемені қайтсем қалыпқа келтіремін деген күн-түнгі күйзелісі басталды. Адамды намыс өлтіреді деген рас қой, сол кезгі оның аламан-тасыр ішкі дүниесін еш пенденің басына бермесін, әйтеуір, шыдамы мен төзімі шырғалаңнан алып шықты. Алдымен дәулетті деген кісілерден пайыздық үстемемен қарызға ақша алып, түгелдей тіршілікті тү­зеуге салды. Жұмысшылардың жалақысын азық-түлік беріп есептесуге тура келді. Бұл жөнінде өза­ра келісім жасалды, ортақ мүдде үшін осындай қадамға бару жайы тү­сін­дірілді. Қыс айында келушілер тоқтап қалып, еңбеккерлерді ақы­сыз демалысқа жіберуге де барды. Осы­лай қасықтап жиналған қаржы ортақ қазанға түсті. Әрбір тиынның есе­бі болды. Және мақсатты жұм­салды.

Тарихы тереңде жатқан шипа­жайдың үмітін үзбей, құлаш сермеу­ге қанат бітірудің жауапкершілігі оны кезінде Бірлік, Өзгент шаруа­шылықтарын басқарып, респуб­ликада мал басын көбейтуде топ жарған іскерлігін тағы бір қы­рынан сынаққа алды. Отқа күй­геннен ұятқа күйген жаман. Аман­гелді үшін асу бермес асқар көп. Ал­дымен бірлігі бар ұжымның байламы бекем болатынын бірінші кезекке қойды. Әрбір жұмысшыға ыстық ықыласпен көңіл бөлді, ынтымаққа ұйытты. Сөйтіп, атадан пейіл, анадан мейір қонған қасиетін көпке көрсетті. Әкесі Мүбәрәк Қаратаудың етегінде қой бағып отырғанда өзіне көмекші шопан болған Амангелді ұлына: «Шы­рағым, жұмыстың ауырын арқа­ласаң, өмірді кеңірек танисын. Ал жеңіл жүк жалқаулыққа жетелейді. Мен сендерді ауылдың еңбегі ауыр мектебінен өтсін деп әдейі шаруашылықта ширатамын», – дегені жиі еске түседі. Сонысы дұрыс екен, жарықтық әке балаға еңбектен ерінбеуге үйретіпті. Әсілі: «Әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды», деген тәмсілді кім айтса да тауып айтқан.

Аумағы ат шаптырым болға­ны­мен қу тақырда тұрған ғимарат­тың сәні де жоқ, мәні де жоқ. Сортаң жердің сиқы белгілі, ағаштың өсуіне өш келеді. Ол Түгіскен шаруашылығындағы тәжірибесін қолдануға тиісті еді. Жер агротехникалық шарадан өткізілмей жеміс бермейді. Соны ескеріп, топырақтың сор бетін сыдырып, жүк көліктерімен оны сыртқа шығарып тастады. Орнына тау беткейден алынған құнарлы топырақ салды. Сөйтіп, ондаған ағаш, гүл түрін, әсіресе, қылқан жапырақты ағаштар мен жеміс көшеттерін екті. Оған жаңбырлатып суару әдісін қолданды. Екі жыл дегенде тақыр гүлзарға айналды, шипажай бауға оранды. Осыны көрген қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов: «Біздің Амангелді сиқырлы бағбан, қолы құт, ісі берекелі», деп баға берді.

Енді  емделушілерге жайлы да сайлы ғимарат жасаудың кезе­гі келді. Ішкі және сыртқы кел­бетін әрлеу, келісті жиһазбен жаб­дықтау, тынығу орындарын көбей­ту жұмыстарын дереу қолға алды. Алыс-жақын шетелдерден ыңғайлы жиһаздар жеткізіліп, реттілікпен қойылды. Мұнан кейін алда емдеу жабдығы мен медициналық кәсіби кадрларды іріктеу тұрды. Оның да орайы орынды шешілді. Осылай төрт құбыласы теңесіп, бұл жер тамаша емдеу-сауықтыру орнына айналды. Әлемге әйгілі Теріскен көлінің шипалы батпағы, түрлі ем, 1994 жылы көзі ашылған минералды су келушілер санын күрт арттырды. Қазір сүйек-буын, урологиялық, гинекологиялық, асқазан-ішек ауруы­на шалдыққандар дертке дауа тауып, айығып жатқаны ақиқат.

Бірде мемлекет және қоғам қайраткері, академик Кенжеғали Сағадиев ем іздеп Израильдегі белгілі емдеу орнына барыпты. Сонда сол жердің дәрігері: «Ең керемет ем өз ауылыңызда. Жаңақорған шипажайына барыңыз», депті. Дәрігердің сөзі сеп болып, үш жыл шипажайда ем алып, құлан таза айыққан екен. Міне, осындай белеске көтерілген шипажайдың шынайы бейнесінде Амангелдінің нар тұлғасы тұр.

– Мен 18 жыл басқарып, акцио­нерлік қоғамның өрісін кеңейтуге күш салдым. Нәтижесін ел айтар. Бүгінде 230-дай адамды құраған ұжым болдық. Былай айтқанда, бір ауылдың адамын асыраушы іргелі мекемеге айналдық.  Өзім зейнетке шықтым, кезекті шәкірттеріме бердім. Шипажайдың бас директоры Бақытжан Абдуллаев, бас дәрігері Ғабит Үйсінбаев істің көзін тапқан мамандар. Елге қызмет ету оңай жүк емес, талап пен міндеттің маңызын жадыңда берік ұстау керек. Бұл тұрғыда өз міндетімді адал атқардым дей аламын, – деді Аякең.

Ол жан-жағына көмектесіп, көмек қолын созып, жетім-жесір­ге жәрдем жасауды ұмытқан емес. Айталық, Нұргүл есімді жаңа­қор­ғандық жетім қызды Ұлттық агарар­лық университетке ақылы негізде оқуға түсірді. №3 мектеп-интер­наттағы 10 оқушының киім-кеше­гіне ұдайы көмектеседі. Түгіскен ауылына еңбегі сіңген қарияға бес бөлмелі үй салып берді. Озық технологиямен қамтылған, ағылшын ті­лін үйрететін «Жұбаныш-А» ба­ла­бақ­шасын іске қосты. Мұндай маңыз­ды шараның шынайы үлгісі жетерлік.

Кейіпкерімізге «Құрмет» ордені аудан шаруашылықтарын алға оздырып, «Жаңақорған шипажайы» АҚ қызметін жоғары деңгейге көтергені үшін берілді. Осындай сан-салалы озық ісін ескеріп, ау­дандық мәслихат депутаттары «Жа­ңақорған ауданының құрметті азаматы» атағына лайықты деп шешті.

Жаратылысынан жанашыр жан, көптің тілеуін көгерткен – Аман­гелді Абдуллаев туралы толға­ныстың бір парасын өрбіттік. Оның туабітті таби­ғаты – тындырымды тірлікке бейім­ділік, табандылық пен төзім­ділік­ке бекемдік. Сондай-ақ, досқа адал, абыройлы, ел ағасы, бұқараның бет­ке ұстары секілді қасиеттері аза­маттық тұлғасын айшықтай түседі.

Қаныбек ӘБДУОВ,

журналист

Қызылорда облысы

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*