№3192 ІС | Етжеңді

№3192 ІС

qyiiyjsm033cfyde-lgМезгілсіз, мерекесіз кеткендердің, 

Аруағы бізді де айт деп сыбырлайды.

Иса Байзақов

ҚОРҚЫНЫШТЫ КҮНДЕР

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатында ондаған адамдардың қайғылы өмірін құпия сақтап, шаң мен дымқыл басқан №3192 іс жатыр. Бұл – белгілі Алашорда қайраткері, осы партия бағдарламасына басқа алты адаммен қатар қолын қойған жерлесіміз Әбілхамид Жүндібаевтың туған інісі Мырзағұл Жүндібаевты ҚК 58-бабының 10-11-ші бөлімдерімен «халық жауы» ретінде айыптау ісі. 1937 жылдың 9 қыркүйегінде басталған іс осы жылдың 19 қазанында аяқталып, сол күні өлім жазасына кесіліп, үкім 29 қазан күні жүзеге асырылған. Үкімнің соңына «үштік» мүшелері КП(б) ОК хатшысы Мусин, облыстық атқару комитетінің председателі Степанов, үштік хатшысы Бахруишев қолдарын қойған. Құжаттың соңында сондай-ақ Қобда аудандық НКВД бөлімі бастығының міндетін атқарушы Сайлаубаевтың да аты көрсетілген.

Мырзағұл Жүндібаев 1902 жылы Бесқопа ауылдық советінің №9 ауылында дүниеге келген. «Қобда» ет совхозының есепшісі болған, бай ұлы. 1932 жылы көші-қон ұйымдастырғаны үшін ОГПУ тұтқындап, екі айдан соң босанады. Дегенмен, «Қобда» ет совхозындағы А.Нақатеков бас­қар­ған контрреволюциялық ұлт­шылдық құрылымдарға қызметке тартылған, дәлдеп айтқанда, №9 ауылдағы Өрбісін Кудебасов басқаратын осындай ұйымға нұс­қаулар мен қажетті ақпараттар жеткізіп отырған. Ұсталғанда одан № А.С. 094094 төлқұжаты, 60 беттік өзге құжаттар, уақытша берілген №973 және 972 төлқұжаттары да тәркіленген. Тұтқындалған жері: Қобда ауданының Ропповка поселкесі (қазіргі Қазақай ауылы).

Мырзағұл Жүндібаевпен қатар 1937 жылдың 10 қыркүйегінде Ки­ров атындағы колхоздың төра­ғасы Уассалам Ыбыраев тұтқын­далады. Өмірде басынан кешкендерін әлдекімге не ұрпақтарына орынсыз ләм-мим деп әңгімелемеген ұстамды жан, өмірінің соңғы сәтіне дейін өзі сияқты миллиондар не үшін сотталғанын түсінбей кеткен. Ол осы колхозды өзі құрып С.М.Ки­ровтың атын қойған. Қу­ғын-сүргіннің бір тарауы осы Ки­ров өлі­мімен байланысты болса, осы тол­қын оның есімімен аталған кол­хоз­дың төрағасын да алып кетті.

№3015 іс баяндайтындай, Уас­салам ұсталғанда отбасында 1938 жылы туған қарындасы Ырза, 1885 жылы туған ағасы Бақыт Ыбыраев тіркелген. Құжатқа сенсек, онымен бірге 1937 жылдың 20 қазанында Әбдірахман Наурызов ұсталған. Оның Есмағамбетов деген екінші тегі болса керек, 1877 жылы туған. Барлық ұсталғандардың дені сияқты бай деп жазылған. Уассаламның АВ№020106 төлқұжаты тіркелген. Қотантал атты №13 ауылда 1906 жылы дүниеге келген, байдың қызына үйленген, 1928-1935 жылдары ВКП (б) қатарында болып үлгерген. Тағдыры алдын ала анықталған мыңдағандар санында партия қатарынан жоспарлы түрде шеттетілгендігінде күмән жоқ.

Істе жоғарыда аты аталған Әбдірахман Наурызовқа көп тоқталған. Ол Гурьев облысының Жыл-Қосын ауданының №2 ауылында дүниеге келген, Алашорда қозғалысына белсенді араласқан. Бестөбе болысының комитетіне мүше болған. Алашорда кезінде осы болыстың правителі болған, бұл 1919 жылға жатады. Көп жыл өткен соң Уассалам есіне алып отыратындай осы Әбдірахман Наурызов Киров колхозына мұғалім болып келеді. Колхоз мүшелері аш-жалаңаш Әбдірахманның отбасына арнап жертөле салып береді. Оған қоса қойма меңгерушісі Ашықбаев және басқарма Уассалам осы отбасына аштан қатпасын деп, 5 кило дән береді. Осы жақсылықтар соңынан басқарма мен оның орынбасарына ауыр қылмыс болып тағылды.

Ақтөбедегі тергеуші жендет­тер­дің көрсеткен қорлығы Уасса­ламның жанына қатты батты. Қат­ты соққыдан оның алдыңғы тістері жерге сылдырлап түсті. ОГПУ-дың абақтысында жалғыз адам тек түрегеліп тұратын орын ғана болған. Ал жабылатын есікке өткір пышақтар қадаулы тұрған болатын. Осындай қыспақтағы адамның сәл қимылдауға мүмкіндігі жоқ. Таң ата жаңағы пышағы бар есік­ті ашып қалғанда жауапкер еден­ге сұлқ түседі екен. – Осын­дай қинаулардан кейін қандай да болсын қағаздың астына қол қоя­сың, – деп әңгімелейтін өткенді еске алып, Уассалам ұлы Әділханға.

Біздерді, сотталғандарды Крас­нояр өлкесіндегі Канск станция­сына түсіріп, 6 қатардан сапқа тізіп, қылмысымызды өтейтін жерге айдағанда, деп есіне алатын әкесі, 2-3 шақырымдай жүріп қыраттан артымызға көз салсам колоннаның соңы әлі станциядан шығып үлгермеген екен.

Сібірде орманнан ағаш тіліп, бір-бірлеп өзенге бөрене тастағанда судың бетін жауып кетеді екен, біз 10 адам сол өзеннің бойымен жүріп осы ағаштардың жүзуін бақылаймыз. Артымызда бір конвой. Кейде жағалауға бір бөрене кептеліп қалса, соңғылары оның үстіне шығып тау болып үйіліп қалады. Сол түпкі бөренені жылжытып, жұмысты әрі қарай жүргізу кезекпен атқарылады. Енді сол ең түбіндегі жалғыз бөренені қозғап жібергенде оның үстіндегі ағаштар көзді ашып жұмғанша үстіңе құлайтыны тағы бар. Осы қағымда үлгерсең тірі қаласың және сенің кезегің 10 кісіден кейін қойылады. Ал ағаштардың астында қалып, қаза тапқан адамға бас киімімізді шешіп, еске аламыз да жұмысты әрі қарай жалғастырамыз. Біз жүздірген ағаштар Диксон станция­сына дейін барып, онан әрі кеме немесе поездарға тиелінетін.

Қайда болса да адамдар көзқарастары мен мүмкіндіктеріне қарай топ болып жүреді. Біздің де тобымызда он шақты адам болды. Тұтқындардың қолынан келмейтіні жоқ. Өткір пышақ немесе шағын найза дайындау түкке де тұрмайтын. Бұл құралдар, әсіресе, қыста аюға, аңға шыққанда таптырмайтын дүние. Қардың астында ұйықтап жатқан аюдың буы шығып жатады, содан оның орнын дәл табатынбыз. Ол ұйықтап жатса да, қарды аршып, оған жақындағанда оқыс қимылдап тырнақтарымен ауа тарпиды. Оның тырнақтары тиген адам сол жерде мерт болады. Дегенмен, сәті түсіп, аюды соғып алсақ, оның еті бір қысқа жетіп, көктемге де қалатын.

Осы азапты он жылды соңғы сағатына дейін өтеп,1947 жылы туған өлкеге келіп, Сарбұлақта жылқышы болады.

Бір зұлматтың аяғы екінші зұлматтың басы болатын. Осы кезде Сталин тұтқындар арасында «жеті де сегіз» деп аталып кет­кен 7 тамыздағы жарлығын шыға­рады. Бұл бойынша кімде-кім 10 жыл түр­меде отырып келсе, оны тер­геу­сіз-ақ қайтадан осынша жылға қай­та жөнелту керек еді. Сөй­тіп, Уас­са­ламның сонау Сібірге, Ени­сей өзені жағасына екінші сапары басталды.

СІБІРГЕ КЕЛІН БОЛҒАН ҚЫЗ

Уассалам Ыбыраев жат өлкеде жүргенде Ақтөбенің аруымен бас қосып, шаңырақ көтерді. Тағы да заңды сауал: сонау Сібір жеріне келін болып түскен – Ақтөбенің қызы кім? Бөтен жерге титімдей қызды не айдап апарды?..

1941 жылы әкесі Сәрсен Теңіл­баев Ұлы Отан соғысына аттан­ғанда Нұржамал ойын баласы болатын. Тұлымшағы желбіреген кішкентай ғана ботақандарын қимаса да, Отан қорғауға аттанудан бас тартып қалған жоқ.

Әкенің жоқтығын білдірмеген Ұмсынай есімді шешенің мейірім шуағына бөленіп, бір үйдің екі қы­зы гүлдей құлпырып өсіп ке­ле жатқан еді. Алайда, үш жыл өтісімен қайырымсыз ажал қаршадай қыздарды шешелері Ұм­сынайдан айырып, қаралы үйде Нұр­жамал мен Бейбіт жетім қалды. Бүгінде немере, шөберелерінің тәтті қылықтарына шүкірлік етіп отыр­ған Нұржамал әже басынан өт­кендерін былайша әңгімелеп берді.

– Қобда ауданына қарасты Құмсай ауылы маңындағы Сабын­дыкөлді мекен еткенбіз. Сол жерде Бейбіт екеуміз жетімдіктің ащы дәмін татып, өсіп келе жат­тық. Ауылдық кеңес бізге көмек көр­сетіп тұрды. 1943 жылы Қобда ауданының Әлия ауылында әкем­нің әкесімен бірге туысқан атам бар екен, соның Сарша есімді әйелі бізді іздеп келіп, өз қамқорлығына алғысы келетінін айтты. Бұрыннан апамызбен жақсы таныс Рахима апа халықты жинап, бізді ел-жұрттың алдында шешейдің қолына табыс етті. Атамыз бен шешейіміздің бір ұл, бір қызы бар екен, солармен бірге бізді қосып, төртеуімізді бір үйдің баласындай бақты. Бірақ арада бір жыл өтісімен сіңлім ауы­рып қаза болды. Сабындыкөлде тұрғанда бізді баққан бір жас келіншек болып еді, сол сіңлімнің басынан ұрған болатын. Күндер өте басында жара пайда болып, ақыры сіңлімнің өліміне әкеліп соқты. Менің жаныма осы жай қатты батты, – деп Нұржамал әже ойға шомып кетті. Бала күнінен көзіне ұялап қалған мұңның әсерінен болар, жанары бір нүктеге қадалып, бетіндегі әжімдері де тереңдей түсті.

Атамыз Теңілбайдан Сәрсен, Хасен, Құсайын атты үш ұл өр­бі­ген. Осы үш боздақ та Ұлы Отан соғысына аттанып бірде-бірі тірі оралмаған. Енді, міне, әкемнің ағасы Хасеннің жары Сарша өзінің балалары Маржан, Сағынғалиға мені де қосып алып, асырап отыр. Уақыт өте арасында Нұржамал, Нұрқан бар, осы үйде сегіз бала паналайтынбыз.

Сарша әжейдің ақылын алып өскен Нұржамал жасы 13-14-тер шамасына келгенде шешейге қолғанат болды. Сиыр сауысады, бұзау тартысады. Тіпті, үй шаруасын да дөңгелетіп әкететін. Балиғат жасына жеткен шағында бойжеткеннің теңін табуына Сарша шешей өзі себеп болды.

– Қарағым, қыз баласың ғой, өзің жетім өстің. Бірақ мен сені өз қызымнан кем көрмеймін. Сені бағатын адам деп сеніп бір азаматқа бергелі отырмын, соған адал жар боласың, – дейді Сарша өзі өсірген қызы Нұржамалға, – жылама, бұл жайды ешкімге айтушы болма! – деді және.

Ол кезеңнің ибалы қыздары үлкеннің сөзін жерге тастамағаны белгілі. Сонымен, жүрек жұтқан қыз өзінің жарының қандай адам екенін де білместен, шеше сөзіне қарсылық көрсетпеді. Бір жай ғана белгілі – ол бойжеткенді алып кетуге келген адам өзінің болашақ қайнағасы болатын. Атқа жегілген арбада төрт адам отыр. Бірі – қайнағасы Бақыт, екіншісі – оның жеті жасар баласы, үшіншісі – ұзатылып бара жатқан бойжеткен және оның жанында асырап баққан шешесінің Маржан деген қызы бар.

Өткен күндерін көз алдынан ойша өткізіп отырған Нұржамал әже әңгімесін сабақтап кетті.

– Сонымен түні бойы жүріп, Қобда ауданына қарасты Киров колхозындағы бір үйге келіп түстік. Үйде бүкшеңдеген кемпір мен бір қыз бар екен. Сол үйде екі ай бойы жүрдім. Жаңағы өзім көзіммен көрмеген, таныс болмаған жігітті күтіп жүрмін. Бірақ, неге ол үйде жүргенімді өзім де жете түсіне бермеймін. Өзімнің дене бітімім толық болатын. Бір күні бір әйел маған: «Жүкті болған соң алатын адам таба алмай, осында келіп отыр­сың ба?» деген сұрақ қойды. Міне, осыдан кейін мен қатты ой­ландым. Шынымен де, неге кел­генімді жіті айыра алмадым, бірақ әлгі сөзге қатты намыстандым.

Бірде қыздармен бірге суға түсуге бардық. Қобда өзеніне шомылып, қыздар мәз болып жүр. Ал мен өз үйіме қашып кетуді ғана ойладым. Сол оймен көйлегімнің етегін түріп алдым да, өзеннен жүзіп, арғы жағаға өттім. Бірінші сайды артта қалдырып, екінші сайға жетіп, қалың қоғаның арасына тығылып қалған болатынмын. Қыр соңымнан қалмай, жан-жақтан жабыла іздеп жүрген топ қыздар мені тауып алды да, әлгі үйге қайтадан алып келді.

Мән-жайдың бәрі кейін белгілі болды. Уассалам Сібірден Қобда ауданына қарасты Киров ауылындағы қайнағамның үйіне ақша жіберуі тиіс екен. Екі ай бойы қайнағам сол ақшаның жетуін күткен екен ғой. Сонымен, шілде, тамыз айларын сол үйде өткіздім. Қыркүйектің басында қайнағам Бақыт ақшаны алды да, мені Сібірге алып кетті.

Алғаш рет сол кезде қайна­ғам­мен бірге пойызға міндім. Тамбурда далаға қызықтап қарап тұрмын. Үй­лердің бәрі жүріп кетіп бара жатқан сияқты. Жерге қарасам, жер де қоз­ға­латын сияқты. Қайда бара жатқа­нымды да білмей, әйтеуір, артта қалып бара жатқан шағын ауыл­дарға, кең жазық далаға ойлана көз салып келемін. Он күндей болар шамасы, әйтеуір, ұзақ жүріп, Канск бекетіне тоқтадық та әрі қарай тағы да машинаға отырып жүріп кеттік.

Қайнағам екеуміз Уассаламмен Сібір жерінде кездестік. Күйеуім менен жиырма жас үлкен екен. Қайнағам елге қайтар кезде мен де елге кетемін деп жылағаным бар. Балалық қой, жылағанмен қайда барайын, 1952 жылы Сібірде Уассаламмен бас қосып, сонда қалып қойдым. 1953 жылы тұңғыш баламыз өмірге келді. Ал екі жылдан соң екінші балалы болдым.

Өкінішке қарай, Асылханымыз шешектен қайтыс болып, жат өлкеде қалды. Ал елге келген соң, Жайылхан, Жеңісгүл, Темірхан, Зарухан және Кенжегүл есімді перзенттеріміз дүниеге келді.

ЖАТ ӨЛКЕДЕГІ ДОСТАСУ

Сібір жерінде жалғыз қазақтар ғана емес, түрлі ұлт өкілдері өмір сүріп жатты. Орыстың қалың орманынан таң атысымен ағаш кесіп, оны Енисей өзені арқылы жан-жаққа жөнелтеді. Бұл кезде олар бірнеше күн бойына, тіпті, бір айдай жүретін. Біздің тұрған жерімізден жеті шақырым қашықтықта белгілі ақын Өтебай Тұрманжановтың отбасы тұрды. Олар да Енисей өзенінің бойына жер аударылған екен. Балалы-шағалы, өте қарапайым адамдар, ал Өтебай өзі ақын, өзі өте мейі­рімді, балажан адам еді. Өтебай Тұр­манжановтың КазПИ-дің про­фессоры, 1934-1935 жылдары Жамбыл облысының Сарысу ауда­нындағы Байқадам ауылында ай­дауда болғанын, ғалымның жай ғана орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бергенін, ҰОС жылдары үнемі НКВД-нің қада­ға­лауында жүргенін, сөйтіп, елуін­ші жылдары Уассалам сияқты Сібір­ге – Краснояр өлкесінің, Бузан по­сел­кесіне, Енисей жағасына ай­дал­ғанын біз ол кезде білген де жоқ­­пыз, өздерінен естіп отырмын. Жал­пы, айдауда болғандар сөзшең емес-ті.

Білетінім, әйелі Майнұр оның артынан іздеп келіп, мерзімі біткенше бірге болғаны. Қыздары Лаура, Долорес, Лейла және ұлы Ерлан да әке-шешесімен бірге болды. Осылайша, олар да менің Әділханымдай Сібір балалары атанды. Олармен жақсы араласып тұрдық. Бізден бұрын құжатын алып, ақталған соң Өтебайдың отбасы Алматыға қайтты.

Кейін Өтебай ақын ақталып, бүкіл атақ-дәрежесі қайтарылып, еңбектерін бастыруға қолы жетті.

Әр жексенбі сайын жер ауда­рыл­ғандар бас қосып тұратын едік. Бұл қазақ Сібірде де қазақ. Ойыл ауданы Саралжынның тумасы Құлсымақ Маханов бұл елге бізбен бірге келген. Ол бала кезінен дін жолына түсіп, молда болған адам.

О баста дінге қарсы күрескен «қы­зыл террор» құрығына ол тым ерте 1919 жылы ілігіп, 5 жыл түр­­ме­де отыр­­ған. Елге оралып түр­лі ша­­руа­шы­лықтар атқарады. Тіп­ті, бас­­қарма бо­лып та жұмыс істе­ген. Де­­генмен, қызыл зобалаң құры­ғына 1949 жылдың ақпанында қай­та түсіп, Сібірге айдалған. Өзі айт­қандай:

Жер аударды өңшең бұзық өшігіп,

Бірі бастап, бірі қостап есіріп.

Екі ай жаттым түрмесінде Темірдің,

Қандай жағдайда болса-дағы кешігіп.

Сібірде оның зайыбы Маржан, балалары Рамазан, Бақтығали бірге болған. Сол жақта Ағиба және Ажарқыз атты перзенттері дүниеге келеді.

Ал әңгімемізге қайта оралсақ, Сібірде бірде осындай бір жиында Ідіріс, Әлмұқан есімді кісілер болды. Жас-кішімізге қарамай, жат жерде сыйласып тұрған адамдармен жиі бас қосатынбыз. Бірде осындай жиында әлгі жасы үлкен ағалар:

– Ағайындар, жеріміз, ішер суы­мыз, тіпті, қанымыз да өзгеріп барады. Қашан біздің басымызға әділдік орнар екен? Өмірге жаңадан сәби келгелі отыр, сол аман-есен ер жетіп, елді әділ басқаратын хан болсын. Есімін Әділхан қойсақ, қалай болады? – деді. Сонымен, тұңғыш баламыздың есімі Әділхан болды.

Жасы тоқсанға келген ұлты түрік бір азамат өзі тұрған үйін бізге босатып берді.

– Балам, мен саған бата бергелі келдім. Қабыл алсаң, – деді маған бір күні әлгі кісі үйге келіп.

– Қабыл аламын, ата, айта беріңіз, – деп ілтипат білдірдім.

– Менің немерем, шөберем, тіпті, солардан өрбіген шөпшегім мен неменем де бар. Менде бәрі бар. Тек, жасым тоқсанға келгенде, төрімнен көрім жақын тұрғанда өзім далада қаңғып жүрмін. Балам, мен сені жүкті деп естіген соң, шапанымды жапқалы келдім. Сәбиіңнің мен секілді жасы ұзақ болсын, неменесін көрсін, ғұмырлы болсын! Бұл шын ниетім, – деп ризашылығын білдіріп, батасын берді. Сонан кейін ол атаға бостандық берді де, еліне жіберілді.

ЕЛГЕ САҒЫНЫШ

Мерзімдерін өтеп, бірқатар азаматтар елге қайта бастаған шақта Нұржамал әжейдің де туған жерге деген сағынышы үдей түседі. Бірақ Сібір жеріне тұрақтап, үйренісіп қалған отағасы сол арадан кеткісі жоқ-тын. Алайда, елін сағынған ана түні бойына көз жасына ерік беретін. Ақыры, жазықсыз жандар ақталып, туған елге жетті.

Бүгінде жетпістің алтауына келіп қалған Нұржамал әже өткен күндерін күрсініспен еске ала отырып, балаларының бақытты болуын, ел Тәуелсіздігінің баянды болуын Тәңірден тілеп отырады.

Балнияз ӘЖІНИЯЗОВ

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*