Радио арқылы танысып, махаббаттары жарасқан

nazigul-zaisan-1зайсандық Нәзигүл Шәрібаева мен аралдық Серік Өтепов 24 жыл тату-тәтті өмір сүруде

Тағдыр зайсандық Нәзигүл Шәрібаева мен Қызылорда облысы Арал қаласының тұрғыны Серік Өтеповке  батпандай ауыртпа­лық­ты арқалатып жіберген сыңайлы. Екеуі де шыр етіп дүние есігін ашқан­да  мүгедек болып туды. Алайда, рухтары күшті, келешек­тері­нен үміт күткен екеуі де мойы­мады, қаншама қиын болса да бала кезінен тырбанып, үй шаруа­сын тындырды, тіпті,  есейе келе еңбектің қадірін түсініп, жұмыс істей бастады. Фотоға түсірумен әуес­тенген Серік училищені бітір­ген соң Жезқазғанда жұмыс істе­ді, содан Ресейдің Волгоград қала­сындағы бухгалтерлік курс­ты бітіріп, тұрмыстық қызмет көр­сететін комбинатта есепші қыз­метін атқарды. Нәзигүл де қарап отырған жоқ, себебі, әкесі Секен Шәрібаев  ұзақ жылдар жыл­қы бақты, ал анасы Жаңылсын Базар­баева үй шаруасында болған соң қызын бала кезден еңбекке баулып, алаша, текемет тоқуға тәр­бие­леді, бертін келе сурет салу­ға деген ынтасын байқаған соң қа­жет­­ті бояу, қағаздарды әкеліп берді.

Екі жас есейді, ақыл тоқтат­ты. Бірде өзіне өмірлік жар іздег­ен  Серік Қазақ радиосы­ның «Сәле­мет­сіз бе,замандас!» деген ар­на­йы ба­ғдарламасына хат жолдап, өзі­нің мүгедек екенін, алайда, жұмыс істейтінін,  үйленуге даяр екенін, егер ұнатып жатқан қыздар табылып жатса, қайда тұратынын айтты. Үні әуезді, дауысы тыңдау­шы­ларын баурап алатын атақты  диктор Сауық Жақанова нақышы­на келтіре жеткізген бұл хабарды сонау Зайсандағы Нәзигүл естіп, қобалжыса да айшылық алыстағы Арал қаласында тұратын Серікке хат жолдап, өзінің де мүге­дек еке­нін айтады. Бұл хатты ала салы­сымен Серік Нәзигүлді Арал­ға, туған күнінің қадірлі қонағы болуға шақырады. Ұшуға қанатым жоқ, бірақ бара алмаймын, өзіңнің келгенің жөн деген сәлемді естіген соң Серік жолға дайындалады.

– Қазақ радиосындағы хабардан кейін маған хат қарша борады, тіпті, оның саны 300-ден асып кетті. Хат жазғандар танысқы­сы келетінін, бірақ, ойланатындарын айтыпты. Тағдырдың жазуы шығар, көп хаттың ішінен  4-ші конверттегі Зайсаннан келген Нәзигүлді таңдадым. Ақыры екеуміз бірімізді-біріміз ұнаттық, бір жылдан кейін Серікгүл деген қызымыз дүниеге келді. Қырдың қызғалдағындай  құлпырып өсіп келе жатқан бойжеткеніміз дос-жарандарының арасында сый­лы болды. Серікгүліміз 20 жасында өзі ұнатқан азаматқа тұр­мысқа шықты, амал бар ма, іле-шала о дүниелік болып кетті. Қызымыздың қайғысы екеумізді қатты ойсыратты, – деп  отағасы күр­сінгенде, жұбайы Нәзигүлдің көзінен жас ыршып кетті.

Осыдан төрт жыл бұрын Зай­сан­­дағы жаңадан салынған тұрғын үйден сол кездегі аудан әкімі Серік Зайнулдин бір бөлмелі пәтердің кілтін тапсырыпты. Бірінші қабат­та орналасқан Өтеповтердің та­бал­дырығын аттадық.

– Серік Зинабекұлына алғы­сы­мызды айтамыз, біздің жағдайы­мызды біліп тұрды. Аудандық жұмыспен қамту және әлеумет­тік бағдарламалар бөлімінің қыз­меткерлері Р.Тартқанбаева, Г.Бердібаева, С.Бортықаева біздің шаңыраққа жиі келіп тұрады, көмектерін аямайды. Наурыз мерекесі қарсаңында аудан әкімі Алмас Оңдақанов арнайы келіп құттықтады, сыйлығын ұсынды. Зағип жандардың көңілдерін аулаған аға-апаларыма Алланың нұры жаусын, дейді  тебіренген Нәзигүл Секенқызы.

Шағын пәтер іші таза, Нәзи­гүлдің өзі тоқы­ған алаша, текемет көздің жауын алады. Іскер жанның бұйымдарын сатып алатындар аз емес көрінеді. Бір бұрышта аяқ-киім жөндейтін құрал тұр. Жоғарыда айтқандай, Серік аяқ-киімді көршілеріне жөндеп береді  екен. Ол үшін ақы дәметпейді, не ұсынса да көңілі тоқ. Нәзигүлдің сурет салатыны жөнінде айтқамыз, Абайдың суретін көрнекі жерге іліп қойыпты.

Бір кездері радио арқылы танысып, отау құрған, махаббаттары жарасқан қос мұңлық тағдырдың ауыр сынынан сүрінбей өтті. Олар келер күннен арайлы ақ таңдар, шуағын төккен қуаныш пен бақыт тілей бермек.

 Оңдасын ЕЛУБАЙ, 

журналист

 Шығыс Қазақстан облысы,

Зайсан ауданы

Суретте: Абайдың суретін салған Нәзигүл Шәрібаева өмірлік қосағы Серік Өтеповпен

Суретті түсірген автор

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*