Сахнада 50 жыл ән шырқаған Баян | Етжеңді

Сахнада 50 жыл ән шырқаған Баян

bayan-sagymbaevaТой-думан баршылық пен бәсе­кенің бақан тірегіне айналуға дәмесі күшейген мына заманда мәдени құндылықтар шетке ығысыңқырап, тасада қалды. Қаптаған әншілер, «жұлдыздар» өз мүмкіндігін неге пайдаланбасын, былайғы жұрт оңайға құмар, жылтыраған арзанға тым әуес болса.

Бірақ атам заманнан жер бетін мекендейтін халықтардың баршасына ортақ, ешқашан өзгермейтін табиғи заңдылық бар: әншінің әншісі сүйіспеншілік тудырмай, елден ерек үніне елтіген есті құлақ елжіремей, есімі аңызға айналмай тұрмайды. Біртуар дарын иесі қашанда сирек.

Бала кезімнен дауысы санамнан өшпестей жазылып қалған ерек­ше дарын – Абай елінің әнші қызы, әдеміліктің эталоны, жүзіктің гау­һар көзіндей Баян Сағымбаева. Біз­дің Абай елінің жазылмаған өз заңы бар, әдебиет пен өнерде жүз­ден жүйрік, мыңнан тұлпар шық­саң да ескере қоймайтын. Сахнада 50 жыл өнер көрсетіп келе жатқан Баян Сағымбаева Абай ауданының құр­метті азаматы деген атақты ал­мауы әділетсіздік емес пе?! Өзін-өзі сый­ламаудан, әттеген-ай, қазақ­тан өзге халық суырылып алға шыға қой­­мас. Әй, қап! Қазақ неге өзін баға­­ла­­май­ды?! Талант атау­лыны дер кезін­­де қадірлемеуін тек солай ұғу­ға болады! Бұл − ұлт­тық трагедия.

Қазақтың әніне өз даласы сы­йып кетеді. Әлемге әйгілі испан теноры Пласидо Доминго Қазақ­станға келгенде ұлттық әншіні тыңдауды жаны қалапты. Жас әнші Ерлан Рысқали дүние жүзіне мәртебелі Домингоның алдында көптеген халық әндерін, Біржан сал мен Ақан серінің драмаға толы ғажайып әндерін төгілте шыр­қайды. Доминго әр әннің сырын айна-қатесіз ұғып, Ерланға: «Мен сенің не айтқаныңды түсіндім», – деген екен. Ұлы әнші қазақ ән­дерін әуенінен танып, тамыршыдай тап басып, Ерланға суреттеп айтып берген. Ол Ерланды опера­ның Отаны Италияға, бірге ән шыр­қауға шақырған. Мұндай шығар­ма­шы­лық мүмкіндікті Ерлан Рыс­қали­дың сол кезде пайда­лануға реті келмегені біздің ұлт үшін өкінішті.

Баян кішкентайынан Роза Бағ­ланова­ны пір тұтып өсті. Бір ұлт­тың бағына туған Роза Тәжібай­қызы­на Баян әсем үнімен де, сұлу көркімен де ұқсастығын былайғы жұрт көрді. Алматыда тұрған ша­ғы­нда ол кісімен араласты, Роза Бағ­ланова Баянға: «Сені шын жақ­сы көремін», – деп айтқаны бар.

Өнер адамына керемет мүм­кіндік өмірде бір мәрте беріле­тін сияқ­ты. Мәскеуге 1967 жылы Қарауыл ауылының өнерпаздары – халық театры гастрольдық сапармен барып, «Жалбыр» музыкалық драмасын Кремль сахнасында қойды. Жасы 17-ге толмаған, он екіде бір гүлі ашылмаған қазақ әншісінің көркем үніне аса тәнті болып, мәс­кеулік өнер ордасына оқуға түсуін қалаған Кеңес Одағы­ның Мәде­ниет министрінің орын­басары Зазулин Баянға: «Сенен керемет киноактриса шығады», деген екен. Телефоннан Мәскеуде қалу туралы айтқанда Баянның анасы Үндемес ауылда тұрып жылап қоя береді. Кейін анасы марқұмның: «Мен сенің бағыңды байладым-ау, сонда бекер жібермеген екенмін!», – деп өкініп айтқан сөзі бар.

Қазіргі қазақтың сана-сезімі басқа. Балалары өмірде үздік шығуы үшін мұхиттың арғы жағы­на да именбей жібереді.

Баянның әкесі Сағымбай соғыс­қа қатысқан, Морзе әліп­песі­мен жазатын, телеграф қабылдаушы. Әке-шешесі бірдей пошта, байланыста іс­тейтін. Қазаққа тән кертартпа, үр­кек мінез бөгемесе, Баянның тағ­ды­ры өзгеше қалыптасып, әлем­ге әй­гілі әншіге айналарына күмәнім жоқ.

Баян әке-шешесін қазақ салтымен аға, тәте деп кетті. Ата-ана­сы өте жуас, артық-ауыс бір сөз айт­пай­­тын, туа біткен мәдениетті адам­­дар еді. Анасы Үндемес деген есімі­не сай кісі. Босандырған әйел­дер қыз туғанда тымырайып үн­де­мей қалған соң әкесі солай атапты. Қазақ­тың ескі мінезі: ұл туса, қатын­дар жамырап, сүйіншілеп кетер еді.

Үй-ішінде ыдыс-аяқ сылдырамайтын аса тату отбасының тұң­ғышы. Құмалақшы кемпір Баян­ның шешесіне: «Сенің мына қызың бақытты болады, бетінен қақпа», – депті. Әке-шешесі бие сауады, он балаға күнара нан жабады, құрт қайнатады, анасы өте ісмер. Бес қызына желбір қылып көйлек, бес ұлына шалбар тігіп береді, елге тіксе, қол ақысына деп шақпақ қант пен плитка шай әкеп тастайды.Үндемес іс тіккенде сызылтып ән салып отыратын.Әкесі Сағымбай балажан, арқасында бір бала, иығында бір бала. Аңшы. Баянның атасы Түгелбай елге пеш салады. Сағымбай туған соң 40 күн­нен соң уыздай жас анасы қай­тыс болған. Атасы нәресте ұлымен жаст­ай жалғыз қалып, үйленбей өтті, пайғамбар жасында қайтты. Баянға бір кемпір еміреніп айтты: «Сағымбайдың шешесінен аумайсың, сен үлкен шешеңе дәл тартқансың!».

Шәкәрім қажының жалғыз суретін тығып, оттан сақтап қал­ған Шәукен. Тілі сақау. Балалар «Шәукен!», – деп мазақтап, қыр соңы­нан қалмай қояды, Шәукен қуса, тұра қашатын. Осындай туған жердің тарих-шежіресі исі қазаққа тарап кеткен топырақта туып-өскен Баян Сағымбаева Қарауыл халық театрында кесек рөлдерді ойнап, сахнадан түскен соң қалың шашын қатты өріп, бантик байлайтын жасөрім өнер иесі болып қалыптасты. Сөз қоры мақал-мәтелге бай нағашы апасы Үмітжан Баян концерттен оралса, кесесін алып, шошайып күтіп отырады. Суды аузына ұрттап алып, «Тіл-көз бар. Елдің бәрі «Баян, Баян» деп өтіп бара жатыр. Тілдінің тіліне, көздінің көзіне!», – деп ұшықтайды. «Қой­шы, апа!», – деп Баян бетін басып күлетін.

Тамылжыған ақ таңдай, таңмен қоса уылжи оянған райхан гүлдей, райхан гүлге құштар ертегідегі бұлбұлдай таңғажайып тамаша дауыстың иесі, біртуар әнші Баян Сағымбаеваға бір компакт-дискісін шығарып беруге болар еді. Әншінің демеушісі жоқ. Диск шығарып беремін деген құрғақ уәдені Баян естуін естігенмен, ол нәтижесіз.

Баян Сағымбаеваның өнердегі екі атағын алып берген қоғам қай­рат­кері Қуаныш Сұлтанов. Қуаныш ағаға алғысымды айта алма­дым-ау дейді Баян. 1993 жылы біздің тәуелсіз еліміздің ең жо­ғары наградасы, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері атағын алды.

Осы жаз шілдеде Баян туған жеріне барып, Қарауылда «Сүйіп айтар елімнің әні болғым келеді» атты үлкен концерт берді. Баян жай ғана әнші емес. Басқаға зәбірі жоқ, жан дүниесі таза адам. Менмендік, тәкаппарлық, астамсу Баянда жоқ мінез. Ақжарқын, адамшылық қалы­бы өзгермейді, көңілі көктемдей көр­кем. Ұлдары мен қызынан ұрпақ сүй­ген мейірбан ана, сүйікті апа. Қазақ әйелінің кербез сұлу келбеті бұл әншіге ерекше тән болуымен бау­рай­ды. Баянды бір тыңдаған адам ішпей-жемей рухани байлыққа кене­ліп, өнер құдіретіне құлап түседі. Ол халық әндерін, романстарды, эстра­далық әндерді шырқағанда әр сөзін анық айтады, әр сөзге мән бере­ді, күллі жан дүниесімен айтады. Дауысымен де сөздің мағынасын дәл бере алатын әнші. Оның үн ырғағы, тембр-дауыс әуезінің бояуы ешкімде жоқ. Баян Сағымбаева жай ғана әнші емес. Баянды қазір сахнада ұстап тұрған жақсы сөз, сүйікті әншісін шынайы қадір тұтқан елдің ақ тілеуі. Халық Баянды көрсе-ақ, жүрекжарды жылы сөзін айтады, шынайы құрмет көрсетеді. «Сізді тыңдасам өмір сүргім келіп кетеді!», «Мен сіздің тілеуіңізді тілеп жүремін!», – дейді жұрт ағынан жарылып.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,

жазушы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

Шығыс Қазақстан облысы

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*