«Өмір шіркін, қалар емес жарыстан!»

bez-imeni-1Бір өмірдің тоғыз бетінен тұратын фрагменттер

Халқымызда «көнекөз», «көнеқұлақ» деген сөздер бар. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» оған: көп жасаған, көпті көрген, арғы-бергіден хабары мол, біраз нәрсенің жөнін білетін қария, көкірегі ояу, сөзі сара қарт деген сипаттағы анықтама берілген. Академик, философия ғылымдарының докторы Досмұхамед Кішібеков міне, осындай жан. 91 жасқа келсе де қимылы ширақ, сөзі сергек ақсақал өзі 50 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп, қызмет атқарған Қ.И.Сәтбаев атындағы техникалық университеттің қоғамдық өміріне белсене араласып келеді. Төменде біз ғалымның өмір белестерінің әр кезеңіндегі көңілге түйген ойларын сұхбат ретінде беріп отырмыз.

– Әңгімеміздің әлқиссасын сіз­дің балалық шағыңызбен тұс­па-тұс келген бір жағдайдан бастасақ, аға! Ол бүкіл қазаққа, мұқым ел-жұрт басына түскен ауыр да азапты кезең еді. Аштық, ашаршылық деп ата­латын сол нәубетті қазіргі ұрпақ тек кітаптан оқып, мұрағат құжаттарынан ғана білу­де. Ал: «Ол зобалаңды көзімен көр­ген, оған куәгер болған жан­дар ше? Олар не дейді?» деген сұрақ­тар туындағанда: «А-а-а, ондай адамдар бар ма қазір? Тірі ме, еді?» деген қарсы сауалдар қойылып қалатын да жағдайлар болып қалады арамызда. Сондай кезде 32-ші жыл­ғы бала, қазіргі егде тартқан өзі­ңіз сияқты аға ұрпақ өкілдері еске түседі. Сіз сол уақытта 7-дегі жас­өс­пірімсіз. Есіңізде не сақ­та­лы­п, көз алдыңызда не жат­талып қалды деп ойлайсыз?

– 1932 жылдың қысы мен 1933 жылдың көктеміндегі бір сұр­қ­ай көріністі ұмытқамын жоқ. Біз­дің Шиелі кентіне қалай келгені бел­гі­сіз, пошымы бар демесең, тірі аруаққа ұқсайтын адамдар пай­да бола бастады. Жергілікті өкі­мет орын­дары оларды жинап, бей­не төтен­ше жағдай кезіндегідей шұғыл ұйым­дастырылған шошала, бре­зент шатыр және киіз үйлерге ор­на­ластыруға кірісті. Ұсқыны кеткен, жүруге әл-дәрмені жоқ бұл бейбақ­тарды белсенділер тәулі­гіне бір рет сұйық быламықпен тамақтандырды. Мемлекет есебінен берілетін ол көмек түрі атала деп аталатын. Біз оның қалай дайындалатынын көрдік. Қай­наған суы бар қазанға екі-үш тостақ ұн салып араластырған соң, ашқұрсақтарға бір-бір ожау­дан құйып беретін. Бірақ нәрсіз тағам олардың көпшілігін құт­қара алмады. Аталаны ішкендер де, ішпегендер де о дүниеге аттанып жатты.

Жергілікті халық мұнда келуші­лер­ге алғашқы кезде қолдағы бары­мен бөлісіп, көмектескенін білемін. Бірақ кейін ойдан-қырдан ағылған аш­тар күрт көбейіп кетті. Сол кезде бар­­лығына бірдей жәрдемдесу мүм­кін болмай қалды. Сөйтіп ел абды­рап, жұт жұрттың бәріне ауыр тие бас­­­тады. 1933 жылға қарай ашық­қан­­­­дар Бидайкөлдегі балық­тар­ды тал­­­ғ­ажау етуге кірісіпті деп есті­ген­біз. Өкі­ніш­ке қарай одан да қайыр бо­л­ма­ды. Тұзсыз жей берген шабақ, шор­­тан­­дардың етінен адамдар ісіп-кеуіп кетеді екен. «Қайда барсаң да Қор­­қыт­­тың көрі» дегендей, аштар Бидай­­көл­ден осылай ажал тауып жатты.

Ол кезде мен өзің айтқандай 7-8 жас­тағы баламын. Шиелідегі орыс мек­тебінде әріп танып, жазу-сызу­ды үйренген оқушымын, Естияр кезім ғой. Бәрін болмаса да кейбір көрі­ніс­терді әлі ұмытқамын жоқ. Сон­дағы есімде ерекше қалып қой­ғаны, біздің кентке келгендердің арасында ашыққандар ғана емес, аурулар да көп болды. Оларға жүріп-тұрудың өзі қиынға соғатын. Егер сондай адамның бірі көшеде құлап қалса, қайтып тұра алмай, сол жерде жан тапсыратын. Ал жергілікті билік өкілдері ондай өліктерді таңертең арбаға салып жинап, ауыл сыртына апаратын да шұңқыр қазып, бәрін бір жерге көме салатын. Жадымда қалған тағы бір жағдай, ол кездері теміржол стансасы маңайындағы астық қоймасында бидай, күріш, арпа, тары баршылық еді. Бірақ олар көктемгі, күзгі егістік тұқымына деп көздің қарашығындай қорғалатын. Ұрланбасын деген оймен дәрілеп тастап, қамба сыртына: «Ула­нып қалмаңыздар!» деген сипат­тағы плакаттарды іліп қоя­тын. Артық айтып қайтейін, ол жылдар­дағы менің білетінім осы, қарағым.

Сіз туып-өскен жер кезінде депор­тация мен эвакуацияның бекеті болған өңір екенін тари­хи оқулықтардан жақсы білеміз. Оған мысал ретінде 1938 жыл­ғы Қиыр Шығыстан жер аударыл­ған корейлер мен 1941-1945 жыл­дардағы Ұлы Отан соғысы кезінде Украина және Белоруссиядан көшірілген тұрғындарды айтсақ, соның өзі жеткілікті. Сонда, яғни, тағдырдың тәлкегімен қазақ жеріне тап болған жоғарыдағыдай жан­дар­дың қандай ерекше, тосын іс-әрекеттері болды? Олардың өзгеше қимыл-қарекеттері нендей жағдайлар арқылы сіздің есіңізде қалып қойды? Осы сауалдарға өмірлік сипаттағы табиғи бір мысалмен жауап бере аласыз ба?

– Айтайын. Соғыс басталған жыл­­дың алғашқы қысы еді. Соның ал­дын­дағы қыркүйек, қазан айла­рын­да-ақ біздің Бірінші Май атын­дағы колхозға Украинадан эвакуа­ция­ланғандар келе бастаған. Олар­дың барлығы сол кездегі бауыр­лас­тық пен мейірімділік қағидаттары бойынша қарсы алынып орналас­ты­рыл­ды. Содан соң әркім шама-шар­қына қарай жұмыс істеуге кірісті. Ашығын айтайын, олардың барлығы күн­­делікті іске бірден белсене ара­ла­сып кеткен жоқ. Өйткені, эва­куа­ция­лан­ғандардың көпшілігі мұнда бірін­ші рет келгендіктен, ауыл­дағы еңбектің ерекшелігін білмейтін еді.

Бірде кеңседегі бастық арық таза­­­лаумен шұғылданып жатқан кол­хоз­­шылар бригадасының құра­мы­на қарт кісіні қосып жіберіп­ті. Әлгі қария жұмысқа жұрт сияқ­ты күрек немесе сүймен емес, скрип­ка­­мен келіпті. Ол өзінің өнер адамы еке­нін, ауыр жұмыс істей ал­май­ты­нын, сондықтан осындағыларға жақсы музы­ка­лық шығар­малар ойнап беруге дайын екенін айтты.

Оның тыңдаушылары колхозшы қазақтар еді. Олар мұндай ұсыныспен бірден келісті. Барлығы жабылып және бір қосымша норманы орын­дап тастау бригада мүшелері үшін неге тұрады? Түсіністікпен қабыл­дан­ған өтінішке риза болған қарт скрип­каны қолына алып, ойнай жөнел­ді. Жалаң қолмен, ешбір үзіліс­сіз тарта берді. Саусақтары суық­тан домбыға бастағанда колхоз­шылар от жағып, оның жылынып алуына көмектесті. Ал қария бол­са, мұндай қамқорлыққа қатты ың­ғай­сызданатын сияқты. «Елдің бар­лығы жұмыс істеуде, ал мен бол­сам демалып отырмын», – деп ой­лай ма, кім білсін, от қасында көп кідір­меді. Домбыққан саусақтары сәл икемге келген соң, дереу скрип­ка­сын қолына алды. Қайран талант, есіл еңбек-ай десеңші! Әлгі қария скрипканы бар ынтасымен шабыт­танып ойнауда. Бірақ оның өнері еш­кімді онша селт еткізе қой­мады. Музы­касы төңіректегі колхоз­шы­лар­ды шабыттандырмады. Мүмкін ол Бет­ховеннің «Ай сонатасын», Григ­тің «Солвейгін», Чайковскийдің «Жыл мезгілдерін», Бородиннің «Князь Игорь» шығармасындағы «Дала­­лықтар биін», Римский-Кор­саковтың «Шахерезадасын» осын­да­ғы­­лар біледі деп ойлап, орын­даған шы­ғар. Бірақ, еңбек иелері, қара­па­йым жұрт ол кезде бұдан хабары жоқ еді.

Қарт адам музыка ойнап тұрып, өз басы­нан өткендерін ойлады-ау дей­мін, бір кезде көңілі босап жыла­ды. Көзден аққан жасы сақалына тамшылап, мұз болып қатты, суық желден қалтырады. Оны көрген қазақтар басын шайқап: «Аспапта ойнауыңды тоқтатып, сәл дамылда. Қолыңа күрек алып жылын, әйтпесе құрисың», – деді. Ал скрипкашы еуропа­лық музыка сазының бұлар­ға әсер ет­пегеніне, өзімен бірге тол­­ған­­­баға­нына, онымен қатар қамық­­­­­паға­нына, рухтанып, жігер­лен­­­бе­­геніне таңданды. Қазақтар болса: «Бұл байғұстың есі дұрыс па екен?» – деген сыңайда оған аяу­шы­лық­пен қарады. Дегенмен де скрип­кашы­ның өнері өздеріне ұнайтынын таны­­та­тындай түр көрсетуге тыры­сып бақты. Әрине олар сол кезде еуро­­па­лық классикалық музыка­­ны қа­был­­дауға дайын емес-ті. Төң­­керіс­­­тен кейінгі 24 жыл ішін­де жетіс­­­тік­тер көп болды, жұрт сауа­тын ашты, дүниетаным көк­жиегі кеңейді. Сонда да болса… Егер скрип­­­кашы қария олар­ға қазақ немесе ортаазиялық халық музы­ка­сы­нан бір нәрсе тарт­қан болса, ауыл­­дағылар оны үлкен қызығу­шы­лық­пен тыңдаған бо­лар еді. Бірақ танымы да, түсінігі де бөлек ол өнер иесі оны қайдан білсін.

Эвакуация кезіндегі осы тосын оқи­ға ойымнан кетпейді. Қарт­тың одан кейінгі тағдырынан бейха­бар­мын.

– Сіз жастық шағыңыз Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан кезбен тұспа-тұс келген ұрпақтың өкілісіз. Замандастарыңыздан май­дандағы жағдай туралы сұрай қалсақ, олардың көбі сөз басын блиндаждағы май шам, окоп­тан алға қарай ұмтылған ата­ка, қарсы жақтағы жаңбырдай жау­ған оқ туралы айтудан бас­тап, әңгімесін немістердің шегі­ніп қаш­қанымен, өздерінің сол шай­қаста ерлік көрсетіп, мақ­тау қағазын алғанымен аяқ­тайды. Десек те… Соғыста да өмір болды ғой. Адамдар онда да ойланды, толғанды. Арман-қиялға берілген кездері де болды. Майдангерлер естеліктерінде неге осындай жайлар айтылмайды? Сөздің тоқетері, қағыс қалып келе жатқан осы тақырыпты жан­дан­дырып, оған өмірлік, нақты мы­сал­мен жауап беруге қалайсыз?

– Жергілікті әскери комис­сариат­тың шақыруы маған 1943 жылы мектептегі соңғы сыныпта оқып жүрген кезімде келіп жетті. Мені Петропавлдағы авиамеханиктер мек­тебіне жіберді. Анықтамалар тол­тырып, медициналық комиссия­дан өттім. Өзімді әне-міне ұшқыш бола­тындай сезініп жүрмін. Бұл әс­кери мектеп әуе қырандарын емес, бар болғаны авиамеханиктер даяр­лай­тынын қайдан білейін. Бірақ уақыт өте келе комиссия бізді Петро­­павлдағы авиамеханиктер мек­тебіне де, одан соң Ташкенттегі әс­кери училищеге де қабылдамады. Бар­лы­ғы­мызды Самарқандтағы 368-ші запастағы атқыштар полкіне жіберді.

Мұнда келгеннен кейін бізді әскери бөлімшенің өкілі қарсы алып, тиісті жерге алып кетуге тиіс еді. Барлық тобымызбен вокзал ал­дын­дағы алаңда командирді күтіп тұрдық. Мен шеткеріректе едім. Бір цыган әйелі келіп: «Қолыңды бер, бал ашайын», деді. Таңданып тұрып, үнсіз келістім. Ол: «Әскерде бола­сың, майданға бармайсың, про­фес­сор боласың», деді. Мен бұған мән бермей, балгердің айтқандарын сол сәтте-ақ ұмыттым. Әлгі әйелге қағаз ақша ұсынып: «Қасымда досым бар. Мен сияқты ол да өте жақсы оқыды. Оған да бал ашып беріңізші?» дедім. Жанымдағы мектептен бірге келе жатқан досым Мәлібеков Тұр­сын­бекке цыган әйел дәл маған айт­қанын қайталағандай болып: «Әскерде боласың. Майданға бара­сың. Офицер боласың», деді. Менің: «Профессор болмай ма?» деген сұрағыма: «Не біліп тұр­мын, соны айттым», деп жауап берді. Жо­ғарыдағы сөздерді естіп тұр­ған Шахизат Жорабеков бізден қал­майын деді ме, көріпкелге алақанын үн-түнсіз, байқауымша амалсыз жайғандай болды. Цыган әйелі оған былай деді: «Әскерде боласың, үйіңе қайтпайсың».

Мұнан кейін бал аштыруға еш­кім­нің батылы бармады. Көріп­кел­дің келгені қандай жылдам бол­са, кетуі де сондай тез, көзден ғайып болды. Ал біз үшеуміз еріксіз ойға шом­дық. Өмір жолымыз цыган әйел­дің айт­­қа­нын­­дай шығып жатса қа­лай болмақ…

Көп ұзамай біздің 368-ші полк­ке Ташкенттегі училищеден ко­мис­сия келді. Бірнеше солдатты, соның ішінде Шахизатты да ірік­теп алды. Бес айдан кейін оларды май­­данға аттандырды. Содан досы­мыз кезекті бір шабуылда оққа ұшып, қайтыс болып кетті. Ал Тұр­­­сын­­бек Мәлібековті комиссия со­ғыс жылдарында Харьковтен Самар­­­­қан­дқа эвакуацияланған танк учи­­­ли­щесіне оқуға ұсынды. Сол жерде ол офицер болды. Оның шы­нын­да да майданға жолы түспе­ді, соғыс аяқталған соң үйіне қайт­ты. Мәскеудегі жоғары сауда мек­тебін­де білім алып, кейін Үкімет төр­аға­сының орынбасары болған Сұл­тан Жиенбаевпен бірге осы сала­мен айналысты. Мен… Иә, мен кезекті сынақтан соң авиация мек­­тебіне қабылдандым-ау! Өте жақ­сы оқып, ұшақты да шырқ үйі­ріп меңгеріп, енді майданға аттана­мын деп жүргенде 1945 жылы 9 мамыр­да соғыстың аяқталғанын радио­дан естідім. Елге қайтып, Қызыл­орда­дағы пединституттан бір-ақ шық­тым. Көріпкелдің айт­қаны расқа айналды. Майданға бар­мадым. Ғылымға бет бұрып, профес­сор атандым.

– Ол оқиға қалай болды? Яғ­ни, ғылым жолына түсуіңізге кім­дер ықпал етіп, қамқорлық көр­сетті?

– 1949 жыл. Қызылорда. Инс­ти­тут­та оқытушы болып жұмыс іс­тей­мін. Каникул кезінде респуб­ли­ка­­лық газеттен Қазақ КСР Ғылым ака­демиясының аспирантурасына оқуға түсуге жарияланған конкурс туралы хабарды көзім шалып қалды. Онда «Диалектикалық және тарихи материализм» мамандығы бойынша бір орын бар екен. Үш пәннен сол жыл­ғы тамыз айында емтихан болу­ға тиіс.

Әрекет жасап көру керек деп шештім. Каникул кезі болғандықтан, ешкімге ешнәрсе айтпай Алматыға аттанып, Ғылым академиясының аспирантурасына құжаттарымды тапсырдым. «Түсіп кетсем жақсы, ал түсе алмай қалсам ешнәрсе жоғалт­паймын», деп ойладым.

Аспирантурадағы бір орынға үш өтініштен келген екен. Менімен бәсекеге түскендердің екеуі де Ал­маты­да жоғары оқу орындарын біті­­­ріп, осында жұмыс істейтіндер, бірақ менен айырмашылығы – олар оқыту­шылар емес. Үшеуміз де емти­ха­нды ойдағыдай тапсырдық. Олар екі пәннен «жақсы», шетел тілі­нен «қанағаттанарлық» баға алды. Соңғы сабақтан менің де білі­мім шамалы болғандықтан, «қана­ғат­танарлықты» қанағат тұт­тым. СОКП тарихынан «жақсы» деген баға алсам, философиядан «өте жақ­сы» болып шықтым. Бір балл артық­шы­лықпен жеңіске жетіп, тамыздың аяғында үйге, Қызыл­ордаға қайттым.

1949 жылдың қыркүйегінде біз­дің институтта оқу басталды. Сол кезде кенеттен мен Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Қ.И.Сәтбаевтың қолы қойылған хат ал­дым. Онда аспирантураға қабыл­д­ан­ғаным, оқудың 1 қазанда баста­латы­ны туралы айтылыпты. Өзім сабақ беретін институтта мұны еш­кім күтпегендіктен, ректорат абыр-сабыр болды да қалды. Өйт­кені ол кезде мамандардың өте тап­шы кезі еді. Мені бұл тығырық­тан ҚазМУ-ден келген жас маман құтқарды.

Алматыға дер кезінде келдім. Ғылым академиясының жатақха­насына орналастым. Шет тілінен берілетін сабаққа қатысып жүрдім. Профессорлар бізге өзіміздің негізгі пәнімізден де лекциялар оқыды. Мен академиялық кітап­хана­ның оқу залының тұрақты оқырманы бол­дым. Осылайша күз, қыс, көк­тем ай­лары өте шықты. Барлық емти­хандарды ойдағыдай тапсырдым.

Мұнан кейін мені академик Қаныш Сәтбаев өзіне шақырып, былай деді: «Академия еліміз мұқтаж болып отырған мамандықтарға бірнеше аспиранттар қабылдады, бірақ бізде оларды даярлайтын кадрлар жоқ. Сондықтан оқуды жалғастыру үшін сізді Мәскеудің тиісті институтына жібереміз деп шештік. Бұл жөнінде КСРО Ғылым академиясымен уағдаластық бар». Мен: «Оқуды осында жалғастырсам қайтеді? Отбасым Қызылордада еді», дедім. Қаныш Имантайұлы дис­сер­тацияны мұнда жазған күннің өзінде оны талқылап, қорғау­ға қабыл­дау керек. Бірақ респуб­ли­ка­да ол үшін ғылыми кеңес те, маман­дар да жоқ екенін, бәрібір Мәс­кеуге бір емес, бірнеше рет бару­ға тура келетінін, сондықтан қазір аттанып, бүкіл жұмысты сонда аяқтағанның жөн болатынын мұқият түсіндірді. Мұнан кейін мен мынадай дәлелге жүгіндім. «Онда барған аспиранттарға жатақхананы қаланың сыртынан беретін көрінеді. Электричкамен жүруге тура келеді. Бұған қыруар уақыт, көп ақша кетеді ғой». Бұл уәжіме Қанекең былай деп жауап берді: «Алаңдама, ол жөнінде Сергей Ивановичпен өзім сөйлесемін. Мәскеуге дейінгі жол төленетін болады». Менде енді мұн­дай ұсыныспен келісіп қана қоймай, Ғылым академиясы пре­зи­дентінің әкелік қамқорлығын алғыс­пен қабылдаудан басқа ештеңе де қалмаған еді.

…Міне мен Мәскеудемін. Қазан вокзалынан метроға отырып, Ленин даңғылындағы 15-ші үйден бір-ақ шықтым. Онда КСРО Ғылым ака­де­мия­сының Төралқасы орна­лас­­қан еді. Ғылыми кадрлар даяр­лай­тын ғимаратқа бас сұқтым. Осын­дағы аспирантура бөлімінде құжат­тарым­ды қарап болған адам: «Якорь» қонақ үйіне жолдама береміз», деді. Мен шошып кетіп: «Неге қонақ үй? Жата­қ­ханадан орын бері­ңіз», дедім. Маған: «Олай істей алмай­мыз, бұл Сергей Ивановичтің ұйға­ры­­мы», деп жауап берді. Мен сы­пайы­­лықтың бәрін ысырып қо­йып: «Сергей Иванович деген кім?» деп сұра­дым. «Бұл қалай? Ол өзіңізге қам­қорлық жасайды, ал сіз оны біл­мей­сіз. Сұрап отырғаныңыз КСРО Ғылым академиясының прези­денті, ака­демик Сергей Иванович Вавилов қой!» деді бөлімдегілер таң­данысын жасыр­­май. Мен тілім­ді тістедім.

…Сонымен, мен ғажайып, ұлы адам­дар – Қаныш Имантайұлы Сәт­баев пен Сергей Иванович Вавилов­­тың арқасында КСРО Ғылым ака­де­мия­сының есебінен Мәс­кеу­дің қақ орта­­сын­дағы қонақ үйде екі жарым жыл тұр­дым. Кейін осы және одан да бас­қа ізгі жүректі асыл аға­лары­мыз­дың арқасында канди­дат­тық дис­сер­та­циямды сәтті қорғап, елге оралдым.

 – Кейде адамның өзі мүлде күтпеген түсініксіз бір жағдайлар болады. Артынан, яғни уақыт өте келе оның бәрі қалыпты жағдай секілді көрінетіні тағы бар. Сіздің өмір жолыңызда сондай оқиғалар кездесті ме?

– Иә. 1953 жылы Мәскеуден оралғаннан кейінгі алғашқы айлар­да бізде, академияға жаңадан қосыл­ған ғылым кандидаттарында бі­раз бос уақыт болды. Ғылыми-зерт­­теу жос­парын жасауға әлі қосылып үл­гермеген кезіміз. Сол уақыттағы тәр­тіп бойынша әр жұмыс күні сағат 9:00-де келу және 18:00-де қайту ретін­де журналға жазылуы қажет. Біз келіп жазыламыз да кітап­­­­­ханаға кір­мей тұрып, бір жарым сағаттай сая­бақта жүріп қай­­та­­­мыз. Содан кейін жұмысқа кірі­­се­міз. Біз ол кезде бесеу едік: А.Еренов, С.Байсалов, Ғ.Уәли­ханов, К.Бейсембиев және мен.

Бір күні ойламаған жерден қатары­­мызға бейтаныс жігіт қосыл­ды. Соны байқаған К.Бей­сем­биев бірден: «Сен кімсің, қайдан кел­дің?», – деп оны сұрақтың астына алды. Ал ол болса еш саспастан: «Тілендиевпін. Атым – Нұрғиса. Өздеріңіз сияқты мен де Мәскеудегі оқуды бітіріп оралдым. Абай атын­дағы Опера және балет театры­на жұмысқа орналастым. Алма­ты­дағы №12 мектеп-интер­натта бірге оқыған мына сынып­тасыма әдейі­леп келдім», – деп маған қарап күлім­сіреді. Аң-таң бол­ған жолдастарым маған қарай бұрылды. Мен: «Біреу­ге ұқсатып, қате­лесіп тұрған шы­ғар», – дедім әріптестеріме. Еш­теңе­ге түсінбеген К.Бейсембиев: «Жарай­ды, ендеше! Мен басқа біреу ме деп ойлап қалып едім. Бізбен бірге жүре бер», – деп қолын бір сілтеді.

Ол кезде қуғын-сүргін жыл­дары­ның салдары санадан кете қоймаған уақыт еді. Көпшілік бейтаныс жан­дар­­дан қауіптенетін. Алайда, бұл түсін­бес­тік одан әрі өрбіген жоқ. Қай­та Нұрғиса Тілендиев біздің сенім­ді серігімізге айналды. Қызығы сол, ол мені өмір бойы өзінің мектеп кезін­дегі досы санап өтті. Онысын «Оты­рар сазы» оркестрімен концерт беру­ге келгенде біздің бұрынғы поли­­­тех­никалық институттың, кейін­­гі Қ.И.Сәт­баев атындағы ұлт­тық техни­калық университеттің бас­шы­лы­ғы­на да бірнеше рет дәлел­демек бол­ды. Мен оны райынан қай­тара алма­дым. Мүмкін оның бала кезде маған ұқ­­сас жақсы досы болған шығар. Менің мек­тепті Алматыда емес, Шиеліде оқы­ға­ным­ды білетін жандар бұл тура­лы естіп, күлетін және ұлы ком­по­зиторға ризашылықтарын білдіретін. Ал өз басым Нұрғисадай ға­жа­йып өнер иесінің өзіме деген осындай ерекше ілтипатын мақтан тұтатынмын.

– Жұрт аузында осы күнге дейін: «1954 жылғы П.К.Пономаренко айтқан сөз ғажап еді. Республика зиялыларының алдында жасалған сол баяндаманы қазір тауып алып, газетке жарияласа ғой шіркін!» – деген пікірлер ара-тұра айтылып қалады. Тың игеру басталғанда Қазақстанға бірінші басшы болып келген ол кісінің аталмыш сөзін біз көптен бері мұрағаттардан жалықпай іздеумен келеміз. Бірақ, өкінішке қарай, баяндама баспасөз беттерінде жарияланбаған, мәтіні еш жерде сақталмаған. «Оның бас­ты себебі, Пантелеймон Кондратье­вич ел алдында қағазға қара­­май, ауызша сөйлеп еді және ол бас­қосу Орталық Комитеттің пленум, бюро сияқты ресми жұмыс ша­расы емес, ұлт зиялыларымен кез­десудегі ашық әңгіме болатын. Мүмкін содан да тасқа басылып, таспаға түспеген шығар», – дейді зерттеуші ғалымдар. Айтыңыз­шы, сіз бұл жөнінде не білесіз? Оған қатыстыңыз ба? Егер сол жиынға куәгер болсаңыз, онда қандай әңгімелер қозғалған еді?

– 1954 жылы жазда Алматыдағы Опера және балет театрында интеллигенттер жиыны өткізілетін болды деп естідік. Мен ол кезде академия­дағы Тарих, археология және этногра­фия институтының философия сек­торында жұмыс істейтінмін. Он­дағы партия ұйы­мының хатшысы Ақай Нүсіп­беков те ал мен оның орын­басары болатынмын. Сон­дық­тан респуб­лика Ғылым акаде­мия­сының ком­мунистері есепте тұратын Фрунзе ауданында өткізілетін түрлі жиын­дарға көбіне мен баратынмын. Бұл жолы да солай болды.

Театрға келсем, зал қатысу­шы­ларға лық толыпты. Ине шаншар бос орын жоқ. Партердің орталау жері­нен бір орын тауып алып отырдым. Жиналыс басталды. Сөз П.К.Пономаренкоға берілді. Ол орта бойлы, қасқа бас, сырт пішіні орнықты, бет әлпеті дана адамға ұқсас, жүріс-тұрысы нық, әр сөзін асықпай шегелеп айтатын кісі екен.

Пантелеймон Кондратьевич сөзін ә дегеннен-ақ Қазақстан тек кен көздеріне мол, келешегі зор республика ғана емес, сонымен қатар мәдениеті жоғары, білімді де білікті кадрларға жеткілікті ел екенін атап айтты. Бірақ осы ға­жап адами ресурсты пайдалануда, жұмыс­ты дұрыс ұйымдастыруда билік басындағылардың өресі жет­пегенін еске салды. Мәселен атағы әлемге жайылған тұлғалар: ака­демик-геолог Қ.Сәтбаев пен жазу­шы-ғалым М.Әуезовті респуб­лика басшылығы бағалай білмей, қыс­пақ көрсетіп, тентіретіп жібер­генін не деуге болады деді. Біз енді ол дарындарды қайтадан Алма­тыға шақырдық. Олар қазір өз жұ­мыс­тарын атқаруда. Шешен осы­лай дей келіп, Ә.Қанапиннің есімін атады. Ол СОКП Орталық Ко­митеті жанындағы Қоғамдық ғылым­дар академиясын бітіріп кел­ген соң, жергілікті билік бұл кісіні жұмыс­сыз қалдырыпты. Аталып отыр­ған адам Мәскеудегі академияға бар­ған­ша Алматы облыстық партия коми­тетінде бірінші хатшы болған. Сон­да оның жазығы не? Ол жағы бел­­гісіз. Біз оны да жұмысқа шақыр­дық, деп көп мысалдардың бірі етіп ай­тып өтті. Еске сала кетейік, П.К.По­но­­ма­рен­коның сол сөзінен кейін Ә.Қа­н­апин Мәдениет министрі болып, біраз жақсы жұмыстар атқарды.

Бірінші хатшының аса ілти­пат­пен атағандарының ішінде ғалым Төлеген Тәжібаев та болды. Ол, деді Пантелеймон Кондратьевич, өзінің іскерлігі, білімділігімен КСРО Сыртқы істер министрі В.М.Молотовпен бірге АҚШ-қа бар­ып, Нью-Йоркте біраз уақыт жұ­мыс істеді. Онда Біріккен Ұлт­тар Ұйымының Ассамблеясына құжат­тар дайындауға қатысып, керемет қабілеттілігін көрсетті. Құрметке ие болып, қазақ халқының мақтан тұтар ұлдарының біріне айналды. Республика басшысы сондай-ақ сөз арасында ХХ ғасырдың Гомері атанған Жамбылға да тоқтай келіп, оның ғажап, суырып салма ақын бол­ғанын айтты. Сөйтті де бұл кісін­ің басқа өлеңдерін былай қой­ған­да «Ленинград­тық өрендерім» туындысын немен салыс­тыруға болады, жауға жасал­ған жойқын соққылардың бірі осы болған жоқ па деді. Біз Қазақстанға жұмысқа келгеннен кейін басшы маған да, екінші хатшы Л.И.Брежневке де сұранып қабылдауға келгендер болды. Солардың ішінде кейбіреулері Жамбыл ақын емес, жай сауатсыз, қарадүрсін адам. Оның атынан өлең шығарған оның Ғали Орманов, Тайыр Жароков, Әбділда Тәжібаев секілді хатшылары деген сөздерді айтты. Осылай деген жолдастардың аттарын атамай-ақ қояйын, бірақ біз олардың солақай пікірлеріне қосылмайтындығымызды білдір­дік. Өйткені, қазір арамызда Жамбыл жоқ, бірақ әлгі ақындар бар. Олар да, даукестер де осы залда отыр. Егер, Жамбылдың атынан өлең жазған әдеби хатшылар, ақындар болса, неге олар Жамбылдың шығар­ма­­ларын­дай дүниелер туғыз­бай­ды. Көзім жетеді, туғыза алмай­ды. Әрине, қарт жырау­дың өлең­дерін әлгі ақындар қағазға түсірді, оны Павел Кузнецов, Марк Тарловский орыс тіліне аударды. Жам­был өлең­дерінің кейбір жер­лерін олар өңдеген де шығар, бірақ, мәселе онда емес. Мәселе қарт ақын туын­дыларының терең мәнін­де. Ұлы жырау шығармалары ғажап ру­хани байлық, ғасырлық ойларды тол­ғай­тын құнды сөздер. Олай болса, мәселе тек ұйқастық формада емес. Басқада. Жамбыл өлеңдері гранит, ал әлгі ақындар сол гранит­ті қашап, жылтыратты, көпке жеткіз­ді деді. Сөйтті де әр халық өз асылын бағалай білуі керек екенін еске салды.

Пантелеймон Кондратьевич бұдан кейін, тың игеруге байланысты ауылшаруашылық мамандары, әсіресе, ылғалы аз жерлерде егін егу­дің мәнісін білетін білікті кадрлар көп болуы керек деді. Сөйтті де ауыл шаруашылығы институтының рөліне тоқтап, оның ректоры Ә.Жұматов осы залда отыр дей бергенде қызық оқиға болды. Ол кісі біздің қатардан орын алған-тын. Театр іші қапырық тартып ысып кеткендіктен Әубәкір аға қалғып отыр еді. Аты аталғанда шошып оянып, орнынан қарғып тұрғаны. Бұған отырғандар ду ете түсіп, күлкіге батты да қалды.

Сөз соңында П.К.Пономарен­ко­ның айтқаны: Қазақстан жазу­шы­лары­ның бірінші съезі 1934, екіншісі 1939 жылы өткен екен. Содан бері 15 жылдай уақыт болып­ты. Біз жазушылардың үшінші съезін өткізуге келістік. Бірақ оған одақтағы басқа да рес­пуб­ли­ка­лардан белгілі қаламгер­лерді ша­қыру керек. Олар келіп рес­пуб­ли­камен таныссын, атқары­лып жат­қан істерді көзімен көрсін. Ел Қазақ­станды М.Әуезов романы арқылы ғана біледі. Ол халықтың бұрынғы өмірі, енді сол ұлттың бүгінгісін өз елдеріне жеткізсін деп ұйғардық деді. Кейін Қазақстан жазушыларының сол үшінші съезіне Михаил Шолохов, Леонид Соболев, Мұстай Кәрім, Берді Кер­бабаев шақырылды-ау деймін. Әй­теуір ол өте үлкен, келелі жиын болып өткені есімізде.

П.К.Пономаренко Қазақстанда бір жылдай ғана қызмет атқарды. Ел-жұртқа сөзімен де, ісімен де жақсы әсер қалдырды. Ойлап қарасам, содан бері 60 жылдан аса уақыт өтіпті. Ескертіп айта кетейін, мен күнделік жүргізген адам емеспін. Сондықтан ойымда не қалды, соны ғана айтып отырмын. Кейбір пікірлерді ұмытқан да шығармын. Бірақ сол жиында айтыл­ған әңгімелердің ұзын-ырға­сы жалпы алғанда осындай. Біле білсек, бұл да өткен өміріміз ғой. Оларды да еске алған, елдің есіне салған жөн.

– Ғылымда көп нәрсе кездейсоқ пайда болып, жаңалықтар мүлде күтпеген жерден ашылады деп жатамыз. Ал соларға қозғау салатындай, ықпал ететіндей жайттар қаншама. Ендігі әңгімемізді осы тақырыпқа бұрып, оған өзіңіз куә болған оқиғалар арқылы жауап берсеңіз дейміз.

– 60-жылдардың бас кезінде Түрікменстанда Бүкілодақтық ғылыми конференция өтетін болды. Оған Қазақстаннан бірнеше ғалымдар шақырылдық. «Ашхабад» қонақ үйінде орналасқаннан кейін жақын маңдағы саябаққа, серуендеуге шықтық. Мен Сағындық Кенжебаевпен және Әмір Қанапин­мен бірге келе жаттым. Алдымызда Ақай Нүсіпбеков, Серікбай Бейсем­баев, Әбді Тұрсынбаев сияқты аға­лары­мыз бара жатты. Әңгіме барысында Тұрар Рысқұлов туралы сөз болды. Мен бұл тұлғаның Моңғолия астанасының бұрынғы Урга деген атауының орнына Улан-Батор деп жаңаша ат бергенін айттым. Мұны құлағы шалып қалған Серікбай Бейсембаев ақсақал біз жаққа шұғыл бұрылып: «Солай ма?» деді. Мен: «Иә» деп жауап бердім. Осымен әңгімеміз біткен болатын.

Конференция өз жұмысын аяқ­тады. Бәріміз Алматыға оралдық. Бір күні Серікбай Бейсенбайұлы өзі директор болып қызмет істейтін Пар­тия тарихы институтынан қоңы­рау шалды. Шаруасы Урга қала­сын қайта атауға Т.Рысқұловтың қа­ты­сы туралы әнеу күнгі өзім айт­қан әңгімені нақтылау екен. Аға­мызға мен 1951 жылы Мәскеудегі ас­пи­рантурада оқыған жылдары В.И.Ленин атындағы кітапханада сабақ­қа дайындалып жүріп, Т.Рыс­құловтың бір газетке берген сұхбатын оқығанымды айттым. Онда оның 20-жылдары Коминтерннің өкілі болып Моңғолияда қызмет атқарған кезінде сол елдің жаңа астанасын қай­та атау туралы мәселе қойылған съезге қатысқанын сөз еттім. Сонда оған бай­­ла­нысты әртүрлі нұсқалардың қарас­тыры­лып, олардың бәрінің қол­дау тап­пағанын, ақырында Т.Рыс­құловтың қалаға өзіміздің Қызыл­ордаға ұқсас ат беруді ұсынғанын, сөйтіп жаңа астананың Улан-Батор (Қызыл Батыр) деген әдемі атауға ие бол­ғанын оқы­ғаным­ды баяндадым. Сұхбатта Т.Рысқұлов өзінің бұл ойы­ның жұрт­тың бәріне бірден ұнағ­анын, оны халық Хуралында қабылдайық деп шешкенін әңгіме­лейді дедім.

«Өзің айтып отырған мақала қай газетте, қашан жарияланған?» деп сұрады Серікбай Бейсембаев. Мен қай күн, қай ай екені есімде жоқ екенін, ол кезде халық жаулары­ның есімі қауіпті болғандықтан дәп­теріме жазып алмағанымды, ал газеттің 1927 жылғы «Вечерняя Москва» екенін айттым. Осыдан кейін біраз уақыттан соң Серікбай Бейсембайұлының Моңғолияға барғанын естіп-білдім. Онда Улан-Батордағы ғалымдар менің ақ­паратымды растапты. Тіпті олар онда қаланың атын қайта атау және Урга деген ескі атты ауыстыруға байланысты Т.Рысқұловтың сөйле­ген сөзі жазылған съездің стено­грам­масын да көрсетіпті. Ғылымда кейде міне, осындай сәттер де бола­ды. Мен әріптес ағамызға жай ғана есте ұстағанымды айтып бердім, ал ол ғылыми қорытындыға ұласты.

– Белсенді өмірлік бағдар. Азам­аттық биік ұстаным. Қоғам­ға, өмірге деген сергек те сын­дарлы көзқарас. Жаңаша ойлау машығындағы патриотизм. Айтыңызшы, өзіңіздің ұзақ ғұ­мырыңызда осы құнды қасиет­тер сіздің және сіздің заман­дас­тарыңыздың бойынан қай кезде, қандай жағдай ерекше көрініс берді деп ойлайсыз?

– 1986 жылдың 19 желтоқса­нын­дағы оқиға есімнен кетпейді. Сол күні бұрынғы Қазақ политех­ни­калық институты, қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы техникалық уни­вер­ситетіне СОКП Орталық Коми­теті Саяси бюросының мүшесі, Пар­тиялық бақылау комитетінің төр­ағасы М.Соломенцев пен респуб­ликаның жаңа басшылығына сай­ланған Г.Колбин келді. Мақ­сат­тары – Орталық алаңға жақын орна­ласқан біздің жоғары оқу орын­дарын­дағы студенттердің толқуға мол қатысқанын айыптау. Кремль эмиссарынан кейін сөз алған инс­титут ректоры Б.Рақышевтен соң оқыту­шылар маған қарады. Мен осы кездесу қарсаңында, яғни, 18 жел­тоқ­сандағы Орталық Комитет мәжі­лісінде Алматыдағы оқиғаларға бай­ланысты «қазақ ұлтшылдығы» деп берілген бағаға келіспейтінімді білдірдім. Бұл бүкіл қазақ халқын аты-жөні жоқ айыптау дедім. Сол арада М.Соломенцев сөзімді бөліп жіберіп: «Алаңда болған оқиғаға сонда қандай баға бересіз?» деді. Оған былай деп жауап бердім: «Болған жайтқа ұшқары, асығыс тұжырым жасауға болмайды. Оны жан-жақты және объективті түрде зерттеу керек». Сөз ретіне қарай айта кетейін, өзімнің бұл ойымды кейін баспасөз бетінде жарияладым да. Осыдан соң көп ұзамай қаладағы зиялы қауымның Г.Колбинмен Қазақстан Жазушылар одағында өткен кездесуінде атақты ақын, менің майдангер замандасым Жұбан Молдағалиев өз халқына жасалған қиянатты ашына айтып, бұл мәселе­дегі азаматтық ұстанымын: «Мен қазақ­пын, өз халқымды мақтан ете­мін. Маған оның қатпарлы тари­хы қымбат, ал оның бүгінгі күні одан да қымбат. 17-18 жастағы қыз­дар­ды шашынан сүйреп, сабаған жағ­д­ай­ды естіп білгенде, жасырып қай­тейін, осы күнге дейін өмір сүр­геніме өкіндім. Мұны көргенше кешегі өзім қатысқан Ұлы Отан соғы­сындағы шай­қастарда неге оққа ұшып, өліп кет­педім екен деп ой­ла­дым», деген сес­ті сөздермен біл­дірді. Жұбан Мол­­дағалиев осы­лай десе, жасы біз­бен тұстас отан­дас­ы­мыз, сол кез­дегі рес­пуб­лик­а­лық «Ленин кичи» газетінің бас редакторы Инно­кен­тий Хан: «Желтоқсан оқиғасына бір­жақты қарауға, асығыс баға беру­ге болмайды. Өйткені, ұлт мәсе­­лесі, ұлт­­ар­а­лық қарым-қатынас өте ше­тін нәрсе. Бұл тақырып БК(б)П-ның ХІІ съезінен кейін қайтып қарал­май, көп жағдай қордаланып қал­ғанын ескеруіміз керек. Сіздер айып­тап жатқан республикамыз­дың тұрғылықты ұлтына келсем, өз басым қазақ халқына кінә қоя алмай­мын. Осы жерде өстім. Осы жерде оқыдым. Өздеріңіз біле­сіз­дер, осы жерде жұмыс істеп келе­мін. Бұл ел­ден жамандық көргенім жоқ», – деді ағынан жарылып. Ол кездері осындай тағдыршешті пікірлерді академик Салық Зиманов пен көрнекті жазу­шы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің де тай­сал­май айт­қаны бар. Менің және менің заман­дастарымның азаматтық ұста­нымы, олардың белсенді өмірлік бағ­дары дегенде ойыма міне, ел-жұртқа сын болған кезеңде сыр бермеген осын­дай асыл қасиеттері оралады.

…Алматыдағы желтоқсан оқиға­сынан кейін жарты жыл өткенде СОКП Орталық Комитетінің «Қазақ республикалық партия ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жөнін­дегі жұмысы туралы» қаулы­сының шығуына байланысты мені өзіміздің Орталық Комитетке шақырды. Ол құжатта «қазақ ұлтшылдығы» баса айтылған еді. Бөлім меңгерушісі А.Устинов желтоқсан оқиғасына бай­ланысты Мәскеуден үлкен өкі­леттіктері бар комиссия келе жат­қанын жеткізе келіп: «Мүмкін, өз пікіріңізден ресми түрде бас тартарсыз?» деді. Мен: «1986 жылдың 19 желтоқсанындағы айтқан сөзім эмоцияға берілген уақытша көңіл-күйдің немесе қандай да бір ширы­ғу­дың салдары емес, өзімнің терең сенімім», екенін баяндадым. Бөлім меңгерушісі өзінің ақыл-кеңе­сін менің ой елегімнен және бір өт­кізуімді ескертті. Сөйтіп, ол кісімен тіл табыса алмай тарқастық.

СОКП Орталық Комитетінің 1989 жылғы қыркүйектегі пленумында республика басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына байланысты бүкіл қазақ халқын кінәлаудың қате екендігін айта келіп, жөнсіз айыптаудың алынып тас­талуына, сөйтіп, әлгі қате қаулы­ның жойылуына қол жеткізді. Ал Орталық Комитеттің бөлім мең­герушісі айтқан үлкен комиссия сол күйі қарасын көрсеткен жоқ.

– Енді екі жарым айдан кейін Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына 25 жыл толады. Бұл – үлкен қуаныш, мерейлі мереке.

– Иә. Азаттығын аңсамайтын адам, еркіндігін көксемейтін ел болушы ма еді?! Ақжарылқап бұл күнге біз сағынып жеттік қой. Басымызға қонған бағымызды енді ұзағынан сүйіндірсін дейік. Тәңірге тәубе, егемендігіміздің елең-алаң шағы­нан бастап, тәуелсіздіктің тура жолына түскелі бергі ширек ғасыр уақыт ішін­дегі өмірімізге ризамыз. Елімізде ты­ныш­тық болды. Ауыз­бірлігі мық­ты жұрт атандық. Жас­тары­мыз дүние­жүзі­нің ең мықты жоға­ры оқу орындарында білім алуда. Бей­біт саясат, қонақжай көңіл, жомарт мінезіміз арқылы Қазақстанды дүйім дүние танып отыр. Осының бәрі Пре­зи­дентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбек, тынымсыз жұ­мы­сы­ның нәтижесі. Ақын Мәриям Хакім­жанова­ның өлеңдерінің бірінде: «Өмір шіркін, қалар емес жарыс­тан!» – деген сөйлем бар еді. Сол ұғы­м­­­ға сүйеніп: «Егемен еліміз де, Ел­ба­сы­­мыз да  азаттық арынынан тан­ба­­сын, ХХІ ғасырдың жаныққан жа­ры­сында бәсекелестерінен үстем бо­лып, жұлдызы жарқырап жансын!» деген тілек айт­пақпын. Тәуел­сіздіктің тойы қар­­саңын­­дағы қарт адамның шын лебізі, рия­сыз ниеті осы деп біліңдер қарақ­тарым!

Әңгімелескен

Жанболат АУПБАЕВ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*