73 жыл сақталған «Алтын куәлік» | Етжеңді

73 жыл сақталған «Алтын куәлік»

 

624431_900Әкемнің төсқалтасынан тастамайтын был­ғары күмәжнігінде төрт бүктелген, жылтыр ақ қағазға моңғол тілінде алтын әріптермен жазылған бір құжат сақтаулы жүретін еді. Мұның не екендігін сұрағанда ол кісі: «Бұл «Алтын куәлік», – дейтін. – Ұлы Отан соғысы кезінде Кеңес Одағына көмек көрсеткен адамдарға Үкіметтің берген құжаты. «Егер бастарыңа іс түсіп, қиыншылық көрсеңдер осы куәлікті көрсетіп, көмек алуға болады», – деген екен билік адамдары.

Әкеміз қайтыс болғалы 40 жылдан асса да шешеміз күмәжнікті де, куәлікті де сақтап, балаларына қалдырып кетті. Қағаз бүктелген жерінен қырқылып төртке бөлінген екен. Бір бөлігі көшіп-қонып жүргенде жоғалыпты. Құжат 1942 жылы берілген сияқты. Өйткені, сол кезде Моңғолияда не­міс-фашист басқыншыларымен соғысып жатқан кеңестік Қызыл армияға азық-түлік, жылы киім-кешек, ат-көлік және ақшамен көмектесу науқаны қызу жүріпті. Оған малы бар дәулетті, ауқатты адамдар көптеп тартылыпты. Әкеміз бай болмаса да елден қалыспай ақшалай көмек көрсеткен екен. Сол үшін Үкімет жоғарыдағы құжатты беріпті. Онда: «Баян-Өлгий аймағының Ойғыр сұмыны, 3-бағының азаматы Оңтүбек әкелі Қайсарға. Бұл куәлік Советтер елінің отанын, жалпы халық, адамзаттың азаттығы, жырғаулы тұрмысы мен тәуелсіздігі үшін күресіп жатқан советтік Қызыл әскерге фашизмді жеңіп шығуына (мың сом сыйлап) көмектескені үшін осы куәлік берілді. Баян-Өлгий аймағындағы көмек комиссиясының бастығы Алматра, (жазу онша танылмады) мүшелері Блоха (орыс адамның фамилиясы болуы керек) делінген екен.

Мұрағатқа 1941-1945 жылдары Моңғолия халқы кеңестік Қызыл армияға 53.5 млн сомдай ақша, 300 килоға жуық алтын, 6 рет 11 эшелон азық-түлік, жылы киім-кешек, 498 мыңдай ат, бие, 500 мың тонна ет, тоң маймен көмектескендігі туралы мәліметтер бар. Моңғол жұртшылығының көмегімен жасақталған, 53 танкіден тұратын «Хувьсгалт Монгол» танк колоннасы, 12 ұшақтан тұратын «Монгол ард» эскадрильясы Берлинге дейінгі шайқасқа қатысқаны мәлім. Осы кезеңде жеңісті жеделдетуге Моңғолиядағы азғантай қазақтар да шама-шарқынша көмектесіпті. Мәселен, Баян-Өлгийдегі қандастарымыз 780,5 мың сом ақша, 8348 ат, жылы киім, азық-түлікпен жәрдемдескен. Соның ішінде Ойғыр сұмынының халқы О.Ильяс 1киіз үй, 60 ат, О.Пұшатай 240 ат, Д.Қопатай 113 ат сыйға тартқан. Сол кездегі ахуалды бастан кешкендердің айтуына қарағанда ет, жүн, тері,май салығы қатаң түрде жиналып, тапсырылып отырған. Әсіресе тоң май салығын орындау үшін соғымға сойылған еттің қыртысын сыдырып беріп әрең құтылатындарын айтып отыратын-ды. Халықтан осылай жиналған ақша, азық-түлік, киім-кешекті үкіметтік арнайы комиссия, жауапты адамдар майданда шайқасып жатқан әскери бөлімдерге жеткізіп беріп, оларға материалдық және рухани жағынан көмектесіп отырған. Мәселен, 1943 жылы қарашада аймақ әкімінің орынбасары қызметіндегі М.Қашқынбай деген қандасымыз көмек жеткізу комиссиясының құрамында болған. Ол делегацияны маршал Х.Чойбалсан басқарып барған. Олар Калинин майданының шебіне «Баян-Өлгий» атты танк колоннасы мен азық-түлік, киім-кешек жеткізіп берген.

 Қайсар ҚАЙЫПХАН

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*