Шопеннің шахтадағы әуезді әні | Етжеңді

Шопеннің шахтадағы әуезді әні

shopen-shakhtaЗеңгір көкті тіліп ұшқан ұшақ қанатының астында жап-жасыл қала жатыр жайқалып. Бұл Варшава қаласы еді. Әуежай қаланың сыртында орналасқанына қарамай, осы жерге жер бетіндегі  барлық адам баласының ынтасы ауғандай-ақ. Өйткені, Варшава – қазіргі заманғы зәулім үйлерімен өздеріне тән түрлі-түсті сәулеттерімен көз тартады.

Біздің табанымыз бұл қаланың жеріне 9 мамыр күні тигендіктен ең алғашқы шарамызды Польшаны фашизмнен құтқару жолында қаза тапқан кеңес әскерлеріне тағзым етумен бастағанды жөн көрдік. Мұнда жағалай жайнатып қойған гүлдері көз тартатын зират айналасын мұнтаздай таза етіп ұстайтындары таңдай қақтырады. Оларды арнайы қамқорлыққа алып, дамылсыз қарап, күтіп-баптайтындары бірден көрініп тұр. Осылайша, Екінші дүниежүзілік соғыстың әскери батырларына бас идік. Польшаның игілігі үшін мен Еуропаның жарқын болашағы үшін және Жер бетіндегі адамзаттың бейбіт өмірі үшін жанын қиған адамдардың басына барып барынша құрмет көрсеттік.

Сол жерден сексен жасқа келіп қалған орыстың Лидия Николаевна Романова есімді қартаң әйелді кез­дестірдік. Ол Варшавада алпыс жылдан бері тұрады екен. Поляк күйеуімен Ленинградта бірге оқыған. Бір-бірін ұнатып, содан екеуі қосылған да, қол ұстасып Поль­шаға жұмысқа келген.

Осы Лидия Николаевнадан «Вар­ша­вада өзбектер, қазақтар немесе басқа да түрік нәсілділер тұра ма?» деген сұра­ғыма, ол қазақтар мен өзбектерді кездес­тірмегенін айтады. «Ал, татар әйелдері бар» дейді әжей.

Олардың көбісі поляктарға тұр­мысқа шыққан. Лидияның туған апасы, Нина Николаевна Мирер де (Ро­манова) кезінде Шымкентте тұрып, физика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген екен.

Сапар барысында Польша Жур­налистер одағының вице-президенті Агниечко Ромачевская ханыммен де арнайы кездесудің сәті түсті. Бұ­рыннан бірнеше елдің жазушыларымен араласып тұратындықтан, Польша жазушыларымен де кездесуді көңіл хошымыз қалап еді. Өйткені, шығармашылық жұмыстарымен айналысатын өзіміздегі және Польшадағы екі жақты ұйымдармен оң тәжірибе алмасуды жөн көріп ек. Себебі, біз осы кезге дейін бұл елдің бел­гілі ақыны Адам Мицкевичтің бірқатар өлеңдерін аударғанбыз.

Польшалық достарымды Қазақстан мен Өзбекстандағы жерінде мәңгілікке қалған польшалық әскерилерге арнал­ған бауырластар зиратына қалай бар­ғанымыз жөніндегі айтқан әңгі­меміз өте қызықтырды. Тағдырдың тәлке­гімен алыс қиырдағы сонау Азия же­ріне тап болған өз ұлдарын олар­дың ұмытпай, есте сақтағандары ерекше  тәнті етті. Бүгінде Польша мемле­кеті­нің қамқорлығымен Қазақстан мен Өзбекстандағы бауырластар зираты жақсы күтімге алынған. Айналасына сан алуан гүлдер отырғызылған қорым маңы сан дәуірдің куәсі ескі дарақтарға толы.

Сапар аясында Польша – Қазақстан сауда-өндірістік палатасының басшысы Петр Гусовски екі ел ара­сын­дағы сауда-өндірістік бағытта бірлескен жұмыстар жайлы айтып берді. Поляктар Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месіне белсене ат салыспақ. Онда Поль­шаның жетістіктері жөнінде көр­сетілетін өздерінің шағын ғимараты болады деп жоспарлануда. Осылайша, Қазақстанда польшалық мекемелердің саны артпақ. Қазіргі кезде екі ел арасындағы тауар айналымы жыл өткен сайын еселеніп келеді.

Варшава төңкерісіне арналған мұражайға баруымыз да өте қызықты болды. Ол бүкіл варшавалық трам­вайларға қуат беріп тұрған бұрын­ғы электр стансаның орнында құрылған екен. Сонымен қатар, Ер­кіндік ауданында орналасқан өнді­рістік кәсіп­орындарды да араладық. Әрдайым жұмыскерлер қозғалысының қара қазаны бұрқ-сарқ қайнаған бұл мекеме фашистік қуғын-сүргіннің алғаш қылаң берген жері деседі. Асылында, немістер жұмысшылардың қарсылық ұйым­дастыруы мүмкін деп қорыққан сыңайлы.

Жалпы, поляктардың өзге ха­лықтар үшін үлгі боларлық тағы бір жағымды тұсы – өздерінің өткен өмірлеріне жіті көңіл бөліп, қате­ліктен сабақ алуға жан-тәнімен тыры­сатын қасиеті болса керек. Олар бұл жағдайды поляк халқының қайғы-қасіретті күндерінің бірі ретінде еске ала отырып, Варшава көтерілісіне қатысушыларды мақтан тұтады. Мұражайда Польшаның екі түрлі картасы бар. Ал бүгінгі елдің шекарасы мүлде басқаша көрсетілген.

Польшада төрт-бес күн ғана болып және ол жайында барынша мол мағ­лұмат беру оңай іс емес, әрине. Дегенмен, біз осы сенім үдесінен шы­ғуға тырысып көрелік. Біз бұл елдің шет аумақта орналасқандарын қоса алғанда, бес-алты  көне қалада болдық. Соның ішіндегі бекінісі бекем болғандардың бірі – Варшавадағы Корольдік қамалы болып шықты. Сон­дай-ақ, бұл жерде мазоведтік князь­дардың қамалдары да орын тепкен. Жанында Висла өзені ағып жатыр. Оң жағында шағын ғана жағажай бар. Корольдік қамалының қарсы жа­ғында тұрған алаңдағы ғимарат ішін­де Польша Жазушылар одағы ор­наласқан. Оның маңында барокко пі­шінінде салынған ғимарат та тұр. Клас­сикалық және классикалық емес пішіндегі ғимараттардың кейінірек пай­да бола бастағаны байқалады.

Освенцим – өлім лагері. Оған барғаннан кейін, адам санасы жазылмастай жағдайға ұшырайды. Осы уақытқа дейін бұзылмай тұрған ғимараттар мен ірі құрылыстар бір кездердегі азаптау құралдары мен камералары, адамдар өртелген пештер. Сол бір өте ауыр қасіреттерге толы күндердің естеліктері ретінде адамзатқа осы қауіпті ескертіп тұр­ғандай әсер береді. Оған қоса, бұл жер  адамның – ақылды тіршілік иесі бола тұра, адамдық қасиеттерден жұрдай болып, жыртқышқа айналған кезде, кез келген жануарлардан да жаман болуы мүмкін екендігінің нақты дәлелі іспетті. Освенцим – адамның кез келген жанды-жансыз дүниенің бәрін жоятындай шексіз санасыз күйге түсе алатынын тағы бір дәлелдей түскендей. Осындай тозақ лагерінен миллиондаған адамдар өтті. Оның жұмыс істеп тұрған кезінде бір миллион үш жүз мыңнан астам адам азаппен көз жұмған болса, солардың 1 миллион 100 мыңдайы еврейлер болған екен.

Енді Польшаның алғашқы астанасы ежелгі көне қала Краков туралы аз-кем сөз. Бұл қала да өте қызықты әсер қалдырды. Ондағы Корольдік қамал мен оның екі қабатты қызыл кірпіштен салынған мықты қабырғалары әлі күнге беріктігін сақтаған. Осы жерге дүниенің әр түкпірінен туристер өте көп келеді. Ескі қала қамалды қабырғалармен қоршалған. Сондықтан да бұл жерлер суретшілердің сүйікті орнына айналған. Сонымен қатар, халықтық қолөнер бұйымдары әркез сауданың көрігін қыздырып жатады. Шағын алаңға шамамен 1642 жылдары жасалған қоңырау адамдар назарын аудару үшін осы маңға арнайы қойылған.

Аумағы 44 гектар жерді алып жат­қан қалалық зиратты да көрдік. Онда екі жарым мыңнан астам адам жерленген. Ең алғашқы жерлеу рәсімі 1792 жылы өткізілген көрінеді. Елдің ең танымал тұлғалары мен көрнекті қайраткерлері және атақты адамдары осы жерді мәңгілік мекен еткен. Мұндағы әрбір қорым өзінің қайталанбас тарихымен ерекшеленеді. Зират басында са­лынған көптеген күмбездердің тарихи тамыры да тереңде жатыр. Олардың бәрінің де баға жетпес көркемдік құны бар. Мүсіндерден, қаңқалардан, мұражайлар мен басқа да өрнекті дүниелерден адам баласының өз бауыр­лары мен жақындарына деген ыстық ықыластарының зор екендігін және ой-қиялдарының бай екендігін көрсетеді.

Біз­дер Польшаның тоқыма жә­не мақта-мата өндірістерінде – Вар­шавадан 120 шақырымдай жерде орналасқан Лодзь қаласындағы мануфактурада болдық. Лодзь – қатты өркендеу кезеңі мен үш рет төмен құл­дырауды бастан өткерген қала. Егер Вла­дислав Реймонд романының желісі бойынша түсірілген Анджей Вайданың «Игілікке толы жер» фильмін көрсеңіз, онда Лодзь қаласының қалай өсіп, өркендеуімен етене таныс боласыз.

Польшаның ауыл шаруашылығы саласында бүгінде аумақтарға бөлі­нушілік белең алуда. Экспортқа шы­ғару үшін өсірген құлпынай мен саңырауқұлақ түрлерін бүкіл Батыс Еуропа елдері сатып алады. Негізінен, Германия көп тапсырыс береді. Көптеген бау-бақша жеміс-жидектері өсіріледі. Польшаның алмалары Қазақстанға да әкелінеді. Негізгі ауылшаруашылық дақылдары – арпа. Бидай ол жақта көп жерлерде өсе бермейді. Десек те, бір кездері Польша мықты картоп өндіруші ел болғанымен, қазір бұл қарқын баяу­лаған. Тек, Мокдональдсқа және тағы басқаларына тапсырыс болса, соны тамаша етіп орындаумен ғана шектеледі. Поляктар қазір картопқа қарағанда, сан алуан ботқа түрлерін көп пайдаланатын болған. Жүгері өндірісі жедел дами түскенімен, оны астық үшін емес, мал азығы ретінде егіп, өңдеуге бейімделген.

Польшаның солтүстігінде түріктер көп тұрады, соның ішінде, дені татарлар. Ал польшалық татарлар болса, бірнеше ғасырдан бері өздерінің мәдениетін жақсы сақтаған. Олар, әсіресе, Крушиняниде көп кездеседі. Ақ аңғар ауданында да аз емес. Тіпті, осыдан 400 жылдай бұрын салынған өз мешіттері де бар екен.

Бұл сапарымда мен ол жақтан 90-жылдары көрген эротикалық жур­налдардың көптігін, мүлде көрмедім. Қоғам қазіргі уақытта баяғы кездегідей емес, бір орында тұрып қалмай жаңа мәдениетке қадам басқан. Ел жақсы-жаманды ажырата біледі. Мәселен, аборт жасауға мүлдем тыйым салын­ған. Халық санының азайып бара жатуы осындай тыйымға әкелген және оған мүдделілік танытатын шіркеулер мен мемлекет болып табылады.

Ең қызықты ғажайып сәттің бірі Величко қаласындағы тұз өндіретін шахтада болды. Мұнда жердің ең терең жерінен тұз өндіру, осыдан 700 жылдай бұрын басталған. Тұз өндіретін шахталар бір кездері мемлекеттік табыстың үштен бірін беріп отырған. Соның арқасында, кең сарайлар мен берік қамалдар тұрғызылыпты. Краков университеті де тұздан түскен пайданың арқасында жұмыс істеген. XIII ғасырдан бастап, осы уақытқа дейін шахталар мемлекет қарамағында болып келген. Олар ешқашан да жеке адам­дардың қол астына берілмеген деседі.

Біз осы үңгірде жер астына 130 метрге дейінгі тереңдікке түстік. Қазір тұз өндіруді тоқтатқан шахталар жұмыс істемейді. Алайда, олардың бәрі де сол баяғы қалпында сақталған. Және сол жерлерді әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристерге арнайы саяхат жасауға дайындап қойған. 100 метр тереңдікте мейрамхана, банкет өткізетін орындар, кос­тел және басқа да жерасты нысандары бар. Адамдар сол жерде емдік тұзды ауамен тыныстау үшін, сонда түнеп шығуға да қалып жатады. Едендері мен төбелері, түрлі мүсіндер, көркем суреттері тұзды жартастарда қашалған люстралардың жылтыраған тастары мөлдір тұздардан жасалған. Осылайша, жер астындағы камераға барып, Шопеннің сазды әуендерін тыңдап қайттық.

Бақыт РҮСТЕМОВ

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*