Жеңге | Етжеңді

Жеңге

berik-shakhanulyКәкімбек Салықовтың рухына

Мынау жалпақ әлем, жарық дүниедегі жаныңа ең жақын, ыстық тартып тұратын Ел аталатын – туған топырақ, өскен өңіріндегі ес білгелі етжақыны деп таныған, қимас адамы, шеше орнына шеше болған асыл жеңгесінің ауыр хабары көңілдегі қай-қайдағыны қозғап кеткендей, буыны босап, толқып, көз жасына ерік беріп алғанын Хакен өзі де аңғармай қалғандай.

Осы мекемеде қарамағында қызмет атқаратын, өзіне жақын жүретін ақын інісі сәлем беріп, кіріп келгенде бойын жиып, бет­орамалын көзіне апара берді.

Бұл көрініске аңтарылып, тосылып қалған жас жігіт:

– Аға, аға! Жайшылық па?..–дей берді.

– Кел, кел… Отыр,– деді Хакен баяу үн қатып. Орамалын асықпай бүктеп қалтасына салды.

– Аға, жайшылық па?– деді жігіт әлгі сөзін тағы қайталап.

– Осы жаңа ғана ел жақтан бір ағайын телефон шалып,–деп, мән-жайды түсіндіре бас­тады.

«Иманды болсын» айта отырып:

– Қанша жастағы кісі еді? – деп сұраған ол.

– Жақында тоқсанға толып еді. Арнайы барып, құттықтап қайтамын деп жүр едім. Тәңірі жазбаған екен, – деп ауыр күрсінді Хакен.

Ағасының қайғысына кө­ңіл білдіре отырғанмен жігіт бір­түрлі таңырқағандай еді. «Өзі жетпіске таяп қалған, ел ағасы болған кісі. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері. Көрнекті ақын. Хал­қына мәш­­­һүр перзенттерінің бірі. Жоқтап отырған жеңгесі де тоқ­сан жастан асыпты… Осын­шама егіліп отырғаны несі?..» деген сұрақ көкейінде тұр­ғаны анық еді. Оны Хакен де аңғар­ған. Сонан соң тол­ғана отырып, біраз сыр шерткен…

1938 жылдың қара күзі еді… Үстін-үстін болып жатқан нәу­беттердің шарпуы шалған елге сүзек араласып, әкесін және үйел­­мелі-сүйелмелі өсіп келе жат­қан екі-үш бауырын бір жыл­­дың ішінде ажал алды. Ен­ді, міне, кезек шешесіне келіпті.

Жиналған елдің абыр-сабыры, жылап-сықтауынан, мұны мүсіркеген, аяған, қаралы үнде­рінен бала жүрегі бір түсініксіз, үрейлі, құлазыған, құрдым дүниеге кезіккендей түршігіп, тіксі­ніп, аза бойы қаза болған. Кірелі-шы­ғалы санасы анасынан бір­жола айырылғанын, оның енді жоқ екенін, өзінің мына азы­наған жалғанда жапа­дан-жалғыз қал­ғанын зерделегенде іргеде, құбылаға қарай жатқызып қойған шешесінің үстіне шар етіп құлап түскен. Онан кейінгісі, есін қашан жи­ғаны, тіпті, есін жиған-жима­ғаны белгісіз бір күй еді…

Шешесін жерлеген соң бірер күннен кейін осы тәрекудің басы-қасында жүрген жеңгесі – әкесінің інісінің әйелі мұны өз үйіне алып кететін болды. Олар орманның арғы жағындағы көрші ауылда тұратын. Анда-санда келіп-кетіп жүргенде көргені болмаса, аса жақын тұтып, бауыр басқан кісісі емес. Бірақ шешесімен қас-қабағы, сөзі жарасқан жан еке­нін байқайтын. Дегенмен, оған еріп, басқа ауылға баруға ықы­ласы жоқ-ақ. Алайда, бұл өзі­нің ықтиярындағы шаруа емес екенін де сезеді. Бұған қа­жетті бұйымтайды буып-түйіп, иығына салып алып, жеңгесі:

– Жүре ғой, қалқам,– дегенде амалсыз соңынан ілесті. Кейінгі жаққа жалтақ-жалтақ қарайды. Анасы қалып бара жатқан сияқты… Ауылы қалып барады… Бірге ойнайтын балалары қалып барады… Мөлт-мөлт етіп ытқып шыққан көз жа­сы қара жолдың қатқағына тырс-тырс тамады.

Екі ара бір көш жер екен. Жол көбіне қара орманды қақ жарып, қасқайып тартады да отырады. Әрлі-берлі қаты­наған жүргіншінің қарасы бай­қалмайды. Меңіреу ты­ныш­тық. Бұлар екі-үш жерге тоқ­тап, құйрық басып, жолға алған нан, суларын қаужайлап, аз демалып алып, қайта жолға түседі.

Ауылдан сәске түсте шық­қан. Әлі жүріп келеді. Күн еңкейген сайын орман іші қара кө­леңке тартып, түнектене бас­тайды. Онсыз да қараңғы, құла­зыған көңіліне үрей ұялап, жанын шүберекке түйгендей жайы бар. Айналасына қарауға дәті бармайды. Орманның қас­қырлары болады деуші еді. Сол бәлекеттер ағаш-ағашты тасалап, аңдып соңдарынан ілесіп келе жатқан тәрізді. Қорқыныштан жон арқасы мұздай тершіп, жұлын-жүйкесі шымырлап, тұлабойы тітіркеніп-тітіркеніп кетеді. Сәт-сәт құлап кете жаздап, өзін әрең ұс­тап қалады. Күн бата ауылға ен­­­генін біледі. Осы делі-құлы күйде үйге есіктен кіре бере құла­ған. Сонан екі-үш күн ыстығы кө­те­ріліп, есі кірелі-шығалы, сан­ды­рақтап жатып, басын әрең көтерген.

Осы күндері бәйек болып, қасынан кетпеген жеңгесі бұл көзін ашқан соң:

– Шүкір, шүкір, бері қара­дың-ау, айналайын,– деп көзі­нің жасын сығып отырып, маңдайынан сипаған. Сипай отырып, алдағы тіршілікке қатысты әңгімесін айтқан.

Хакеннің ендігі ең жақыны осы үй екен. Ол енді осы үйде болуы тиіс. Оның бұл үйдегі аға­сы да «итжеккенге» айдалып кеткен. Бұл үйде мұның өзі­мен тетелес бір аға, бір әпкесі бар. Құдай қуат берсе, Тең­геш жең­гесі үш баласын да өзі асырап, жеткізеді. Бірінен бірін алалап, құлаламайды. Кіші­лері Хакенді ешкім бетінен қақ­пай­ды. Бұл өз үйі, емін-еркін жүр­сін…

Алла разы болғыр Теңгеш жеңгесі айтқанында тұрды. Ал­­дын­дағы ағасы мен әпкесі де мұны өгейсіткен жоқ. Бірақ, бәрібір, жанын құлазытқан жетімдік сезімнің табы көкейі­нен кеткен емес. Үні, жан жылуы еміс-еміс қана есінде бар, айықпайтын сағыныш болып жабысқан анасын бір көруді үздіге аңсағанда жүрегі езіліп кететін. Оның жеткізбейтін, жа­қындамайтын елесіне ілесіп, шарасыздана, тұн­шығып-тұн­шығып жылайтын.

Ауыл сыртында балалармен ойнап жүріп те кейде олар­дан қалып қойып, бөлініп кетіп, өзімен-өзі мұңға батып отыратын сәттері де жиі кез­десетін. Ондайда «Не үшін, не үшін бұлай болды?! Кө­кем қайда? Апам қайда? Бауыр­ларым қайда?» деген жауапсыз сұрақтардың шырмауынан шы­ға алмай өкпесі қысылып, мына дүниеден баз кешіп, бе­зіп кеткендей күйде болатын. Сон­дайда жеңгесінің жылы, қоңыр үні ғана есін жиғызатын.

– Кәкентай, неғып отырсың. Балалардан неге бөлініп қалып қойдың? Біреуі ренжітті ме? – деп сонау жердегі ауылдан бері қарай бет алып, мұның қасына келер еді.

Бұл бойын тез жиып, өзінің жабырқаулығын сездірмеуге ты­рысып, ол кісінің көңілін аула­­­ғандай жадыраңқы қалып таныта:

– Тәте, жәй, ойланып отырмын, – дейтін жайма-шуақ кісідей.

– Айналайын, ойшыл, ақыл­ды кісі боласың-ау осы сен, құ­дай бұйыртса, – дейтін жеңгесі шын ықыласымен. – Жүр үйге. Елмен бірге тамағыңды іш.

Өстіп жүріп жетіншіні бітір­ген. Ауылдағы мектепте жоғар­ғы сынып болмаған соң кейін үш жыл қаладағы интернатта жатып оқыды. Жеңгесі құрт, май, ас-ауқат салған дорбасын арқалап, күз демей, қыс демей ай сайын келіп, жағдайын біліп кетіп тұратын сонда. Бұл орта мектепті «Алтын медальмен» бітір­ген соң бірден Мәскеуге тартып, Түсті металлургия және алтын инс­титутына студент болып қабылданған.

Бірінші курста оқып жүрген кезі. Анда-санда жеңгесіне хат жазып, хат алып, хабар білісіп тұратын. Жаңа жылдың алды еді. Жатақхананың кіре бері­сіндегі почта жәшігіне көз жү­гіртсе, мұның атына кел­­ген «посылканың» қағазы тұр. Тіпті, күтпеген нәрсесі. Жең­гесі жіберген. Өмірі почтадан мұндай бұйымтай алып көр­меген өзіне де таңсық күйде едәуір салмағы бар ағаш қоб­ди­шаны бөлмесіне көтеріп ке­ліп, таныс қазақ жігіттерін, көр­ші бөлмедегі студенттерді жи­насын.

– Жаңа жылға ауылдан сә­лем­деме келген екен. Дәм та­тың­­дар, – деп.

Сәлемдеме қораптың жұқа ағаш қақпағын шегелерден босатып, астындағы ақ шүберек жайманы ашқан кезде сарыала қазы, сары бауырсақ, бүйенге қатырылған сары май, күрең жент пен сықпа құрттың иісі бір-біріне араласып, үйдің ішін алып жүре берген. Қоршалай отырған студенттер:

– Пах, пах! Ауыл көшіп келгендей болды ғой, – деп жамырасып, басқа ұлттың балалары:

– Ой, какая запах. Это настоящая запах полыный, – деп арқа-жарқа күйде асқа қол­дарын созып жатты.

Ал, Хакен ше?! Хакен сол сәт ішпей-жемей-ақ тоғайып отырған. Айт-айтпаса да, мы­на бөлменің ішіне Елі – Сары­арқасы көшіп келіп қонғандай еді. Өстіп мәртебесін көтерген асыл жеңгесіне деген алғысы да шексіз болатын.

Жаңа жылдың алдындағы осы ықылас-сыбаға мұнан кейін Хакен қайда жүрсін, қай қыз­метте жүрсін үзіліп көр­ген емес. Институт бітіріп келіп, қызметке араласты. Ә дегеннен, еңбегі жанып, абыройы биіктей берді. Облыста басшылық қызметте жүрді. Көрші республикада басшы болды. Мәскеуде – Кремльде қызметте отырды. Онан қай­тып Алматыға келді. Осы жыл­дардың бірде-бірінде Жаңа жылдың алдында жеңгесінің ауылдан жіберген дәстүрлі сы­ба­ғасын алмаған кезі жоқ екен.

Бірде, онда облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметінде жүрген кезі, әзіл-шыны аралас:

– Тәте-ау, мен баяғы ашқұр­сақ студент емеспін ғой, осы «посылка» салып әуре бол­ма­саңызшы,–дегені бар.

Оның бұл сөзін жеңгесі ма­құл көрмегендей:

– Енді тірі отырғанымды сез­діріп қоймаймын ба?! – деді.

Сөйтсе, мұнда – жеңгесінің ықыласында тірліктегі ағай­ын­дық, жақындықтың алтын арқауы жатыр екен-ау. Аналық жүректің қам­қор­лығы жатыр екен-ау. Мейі­­рі­мің­нен, кісілігіңнен, зат жа­ра­тылысыңнан айналайын же­ңеше-ай. Осы сендердің жан­ дүниелеріңдегі ізгіліктің – бауыр­­-малдықтың арқасында жер бе­тінен жоғалып кетпей, нә­сібесін теріп жеп келе жатқан шығар біздің халық. Осындай мейірбан, иманды жандары бар халықтан, ол халықтың Анасы болған са­қара-сайын даласынан қалай садаға кетпейсің…

Мұның бойында еліне, жұр­тына, даласына деген қимас­тық, ынтызарлық болса, дос-жаран, ағайынға қалтқысыз ниет болса, ол осы Аналардың, адамдардың ақжарма ықылас-пейілінен тамыр тартқан қасиет шығар. Бала кезіндегі туған даласына деген қиялшыл әуестік, мұңшыл сезім ұлтын, оның мінез-болмыс, дәстүр-салтын жан-тәнімен қас-терлейтін азамат болып қа­лып­тасуына әсер еткендей. Бұл «ұл­тымды, даламды шексіз сүйе­мін, қадыр тұтамын» деп екі қолын кеудесіне қойып айта алады. Осы махаббаты кей-кейде көңіліне жыр шумағы болып төгілетін. Со­ны ақ қағазға түсірсе жан ­дү­ние­сіндегі сағыныш-сағым бір сәтке сейіліп, көңілі жай тап­­қандай болатын. Өстіп жү­ріп ақындыққа біржолата бой ұрға­­нын аңғармай да қалыпты.

Мәскеуде қызметте отырып, даласын, елін аңсаған кезде жазған бір өлеңіне жас сазгер жігіт ән шығарып, осы ән ел аузында жиі айтылып жүрген. Қайырмасында:

«Қайтқан құстар барады Еділ­детіп, Оралмен.

Елге жетіп қалар ма ем ере кетіп солармен..! –

деген жолдар бар еді.

Сонда кезіккен бір замандасы: «Ойбай-ау, сенің Кремльдің креслосында отырып, бұлай өксігеніңе жөн болсын. Кремль – қай қазақтың да аңсары болып, қолы жетпей жүрген төрі емес пе?! Ал сенің емешегің үзіліп, есіл-дертін еліңде», – деп әзіл-шыны аралас күлген еді.

Ол да жайдан жай айтпаған шығар. Мәскеудің ЦК-сы түгілі Алматының ЦК-сына тұяғы ілін­ген қазақтардың ұлтыңа да, далаңа да шекесінен қарап, мұрнын шүйі­ріп менсінбейтіндері аз ба еді?! Ал Хакен үшін бұл қа­сиеті сарқылмайтын, сағы­нышы таусылмайтын әні әрі қайырымдылық пен бауыр­малдықтың тал бесігі ғой.

Алайда, мыңдаған жылдар­дан бері жалғасып, үзілмей келе жатқан осы бір туыстық, ағайын­дық, ұйым-ынтымақтың, мейірбандықтың арқауына селкеу түсті ме деп қорқасың… Біз бала кезімізде шарапатын көрген, пейіл-құны ерекше Аналар мен Әкелер осы күнде бар ма?! Егер олар болмаса қазақтың алдағы күні нешік?!

Әсілі, құдайдың жаратқан әр пендесінің өзіне ғана тән жан дүниесі, өзіне ғана қымбат жаны болса, әр халықтың да өзіне тән жан дүниесі, өзіне қымбат жаны болатын шығар. Ал қазақтың жаны – қазақта ғана, оның қазақтығында ғана болса керек.

Қазақ барда – қазақ өлмейді. Бірақ, осы қазақты жоюдың қамын­­дағы бір қарбалас бар тә­різ­ді ме, қалай, мына дүниеде? Құдай­дың көзі түзу болсын – түптің түбінде! Талайды бас­тан өткізіп келе жатқан қазақ еді ғой.

Тәуекел!..

Осылай толқи сөйлеп, тебі­ренген күйде орнынан тұрып кеткен Хакен кабинетінің теріс­кей қабырғасындағы үлкен терезеден далаға қарап, сұлық тұрып қалды…

Жанындағы жас ақынның да жүрегі шаншып-шаншып кеткендей болды.

Берік ШАХАНҰЛЫ,

жазушы

АЛМАТЫ

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*