1943 жылы апатқа ұшыраған ұшқыш

dscn2621Оның кім екені 73 жылдан кейін белгілі болды

Иә, тақырыпқа шығарып отырғаны­мыздай, бұл қайғылы оқиға 1943 жылы соғыстың өте бір ауыр да күрделі кезе­ңінде болған. Осы тұста Орал өңірімен іргелес Ресейдің Самара қаласында әуеден соққы беретін әскери ұшақтарды сынақтан өткізетін арнайы аэродром орналасқан екен. Самарадағы осы базадан көкке көтерілген шағын әскери ұшақтардың бірі – сол жылы Қазақ елі аумағындағы Зеленов ауданына қ­арасты Чеботарев ауылы маңына келіп құлайды. Аталған ұшақтың отқа оранып, лаулаған күйінде төмен қарай құлдилап құлап келе жатқанын бүгінгі көзі тірі куәгерлердің бірі айғақтайды. Апат сынақтан өтпеген ұшақта жарылыс болуының салдарынан орын алыпты.

Осы Чеботарев ауылы тұсынан, яғни жерге құлаған әскери ұшақтың қалдықтары мен сынықтарының арасынан  жастары 18-20 шамасындағы өрімдей екі жас ұшқыштың өлі денелері табылған. Чеботарев – Ресейдің Самара облысы мен Қазақстанның батыс өңірінің түйіскен тұсында орналасқан ауыл. Осы ауылдың кәрі-жасы әуе апаты орын алғаннан кейін мерт болған екі ұшқышты жерлеп, осы жерге белгі қояды. Соғыс біткеннен кейінгі жылдарда да аты-жөндері белгісіз ұшқыштардың басына келіп, олардың рухына тағзым етушілер легі толастамайды. Осы үрдіс бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді.

Сөйтіп, араға табаны күректей 73 жыл түседі. Әйтсе де, қаза тапқан ұшқыш­тардың кімдер екені белгісіз болып қала береді. Дегенмен, өткен аптада отқа оранып мерт болған ұшқыштардың бірінің есімі анықталғанын да айта кеткен жөн. Оның аты-жөні Александр Григорьевич Кукушкин болып шықты. Бұған қалай қол жеткізілді? Сірә, бұл арада ендігі әңгімені оның ағасының немересі Ольга Степанованың газет тілшісіне берген әңгімесінің желісімен жалғастырғанымыз жөн. Мұның түп-төркіні төмендегідей.

– Мен 1943 жылы Қазақ жерінде мерт болған жас ұшқыш А.Г.Кукуш­киннің ағасының, яғни үлкен атамның немересімін. Ол кісілер кезінде бауырларының мерт болған жерін қанша іздесе де таба алмай кетті. Менің ойымша, олардың қателескен тұсы оған  Қазақстаннан емес, Ресей аумағынан іздеу салғаны деп ойлаймын. Бізге атамыздың қаза тапқан жерінің атауы Чеботарев екені белгілі болатын. Өйткені, 1943 жылы оның осы атаумен аталған елді мекенде қаза тапқаны жөнінде отбасына қара қағаз келген екен. Алайда, бұдан өзге мәлімет көрсетілмеген. Мұнда Чеботаревтің Қазақстанда немесе Ресейде орналас­қаны айтылмаған. Сондықтан да олар осы ауылды Ресейдегі Самара және Орынбор губернияларынан іздепті. Тіпті, ол жақтарда дәл осылай аталатын деревнялар да бар болып шықты. Әйтсе де, бұл ауылдың аға буын өкілдері соғыс кезінде өз деревняларында мұндай оқиға кездеспегенін мәлімдеді, – деді ол.

Содан соң Ольга Степанова биыл интернеттің көмегіне сүйене отырып, Зеленов ауданы әкімдігінің сайтын анықтайды. Содан соң А.Г.Кукушкиннің мерт болған Чеботарев ауылы Ресейде емес, Қазақстанда екендігіне көз жет­кізеді. Сөйтіп, Мәскеуден алдын ала анықталған дерек бойынша Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданына қарасты Чеботарев ауылына жұбайы Владислав Степановпен бірге арнайы іздеп келеді. Олардың қуанышына орай әулеттің ұзақ жылдардан бері іздеген адамы деректердің салыстырмалылығы мен дәлдігі бойын­ша Чеботаревта мәң­гілік мекенін тапқан болып шығады. Қысқасы, ерлі-зайыпты Ольга мен Владислав Степановтардың тұтастай қазақ халқына әрі Чеботарев ауылының тұрғындарына, сонымен бірге Зеленов ауданының әкімі Кәрім Жақыпов пен оның орынбасары Асылұлан Дос­жановқа деген ризашылығында шек болмады. Кейінгі ұрпақтары жас сынақшы-ұшқыш Александр Кукуш­киннің рухымен осылайша табысты.

Ал екінші ұшқыштың аты-жөні кім екені әлі де белгісіз күйінде қалып отыр.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы,

Зеленов ауданы,

Чеботарев ауылы

Суреттерде: ата дерегі табылған ба­қыт­ты сәт; отқа оранған әскери ұшақ­­тың сыртқы түрі осындай еді.

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*