Қос өрім

batyr-bayan1.«Батыр баянға» жол

1975-1976 жылдары, үшінші курста оқып жүрген кезімде, бір күні ұстазымыз Рымғали Нұрғалиев аға лекция үстінде, КазГУ-дің аудиториясында Мағжан Жұмабаев туралы әңгіме айтты.

– Мағжан Жұмабаев – қазақтың ұлы ақыны! – деді. – Ол репрессияда құрбан болған, атылып кеткен! Бірақ, енді бір он бес жылда ақталады! – деді сеніммен. Бір-екі жылға ғана қателесіпті, Мағжан 1989 жылы ақталды.

Ал жетпісінші жылдары Мағжанның атын мемлекеттік оқу орнының үлкен аудиториясында жарнамалау түгілі, шағын топтың ішінде сыбырлап айтудың өзі қауіпті болатын.

– Мағжанның «Батыр Баян» атты ғажап поэмасы бар! – деп сөзін сабақтай түсті сайыпқыран ұстаз. – 1923 жылы Ташкенттен шыққан «Шолпан» журналының екі нөмірінде төте жазумен басылған. Мына Пушкин кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақтаулы. Арабша оқи білетіндерің содан оқуларыңа болады! – деп бір түйді де, маған қарап: – Баянғали, сенің атың да Баян ғой, сол поэманы сен оқып көрші! – деп, неге екенін өзі біледі, арнайы атап тұрып тапсырғандай болды!

Ардақты ұстаз ағамыз атын аса мадақ­тап атаған соң, бұрын Сәбит Мұқанов ата­мыздың «Өмір мектебінен» ұлтшыл ретінде таныған Мағжан Жұмабаевтың жырын оқуға асықтым. Алып-ұшып Пуш­кин атындағы (қазіргі Ұлттық кітап­хана) кітапхананың сирек кітаптар мен қол­жазбалар қорына жеттім. Бұрын да талай келіп, ескі газет-журналдардан шешендік сөз үлгілерін іздестіріп жүретінмін. Ол бір тып-тыныш, таза жер еді. Босағасынан аттаған бетте мүлде басқа әлемге енгендей боласың. Сарғайып кеткен көне қолжазбалар мен кітаптар сені сонау ескі дәуірлерге алып кеткендей болады. Ол жерде ай маңдайы жарқырап, дәу қасқа басы жан-жағына сәуле шашқандай болып бір алып тұлғалы ақсақал отыратын. Жанында әжімінің өзі көне қолжазбаларға ұқсайтын шүйкімдей ғана сүйкімді апа жүретін. Әлгі кісілер әуелде маған әуестене қарап, мен іздеген Ыбырай Алтынсариннің, Радловтың, Пантусовтың, Белослюдовтың, Диваевтың, т.б кітаптарын, «Дала уәлаятының газетін», «Айқап», «Таң», т.б. журналдарды, газеттерді ықыласпен та-уып беріп, қамқоршы болып жүрді. Сөйтсем, олар он тоғыздағы студент баланың ескіше жазбаларды зерделеп оқығанына сүйсініп, риза болып жүреді екен. Апаның есімі Зейнеп болатын. Ал ақсақал үлкен мұғалім, балалар жазушысы, зерттеуші ғалым Сейтен Сауытбеков. Кейін білсем, ол кісі уақтың атақты батыры Баянның ағасы, батыр Сарының ұрпағы екен. Мен «Қазақ әдебиетінде», «Жұлдыз» журналында жұмыс істеп жүргенде жазған шығармаларын алып кеп тұратын. Шамам келгенше жариялауға тырысатынмын.

Сонымен, «Шолпан» журналын сұраға­нымда, сұранысымды қолма-қол орындап, Зейнеп апа жертөлеге түсіп кетті де, кідіртпей тауып әкеп берді. (Тәртіп бойынша, тапсырыс бергеннен кейін пәлен сағаттан соң орындалатын).

Тағатсызданған күйімде үстелге отыра қалып, сарғайып кеткен қазынаның бетін ерекше толғаныспен аша бастадым. Ақыры таптым!

«Батыр Баян»!

Жырды алғаш оқи бастағандағы әсерімді айтып жеткізу қиын! Жан-дүнием астан-кестен болды. Мен өз рухани өмірімде, сана-сезімімде бір үлкен өзгерістің болғанын сол сәтте айқын түсінбесем де, жан-дүниеммен айрықша сезіндім!

Содан «Батыр Баянды» бір дәптерге көшіріп алдым. Жаттап алып, домбыраға қосып, студенттердің арасында, әдеби ортада айтып жүрдім. Ол кезде Мағжанның өлеңін айтпақ түгілі, атын атауға болмайтын кез.

Бір күні Рымғали аға жаңа үйге көшті. Бірінші күні біраз заттарын апарып қойды. Әлі толық көшіп кірмеген үйге басқа біреулер таласып кіріп кете ме деген қауіп те болды-ау деймін сол кезде. Сондықтан, ағай Жәнібек Кәрменов, Несіпбек Айтов үшеумізге: Менімен бірге жүріңдер, жаңа үйге қонып шығайық! – деді.

Қондық. Әңгіме-дүкен құрып, біраз отырдық.

Жайсаң мінез, дархан Жәнібек ағамыз­дың:

– Қайрат Байбосынов дың-ң еткен дыбысты қағып алады. Тұнып тұрған музыка! Оның слухы керемет. Мен кез келген жаңа әнді төрт минутта үйреніп аламын. Қайрат үш минутта қағып алады! – дегені есімде…

Жәнібек аға баяулатып ән салды.

Бір кезде Рымғали аға домбыраны маған беріп: «Ал, «Батыр Баянды» айтшы!» – деді.

Мұндай тыңдаушы табылған соң не тұрыс, ал, жырладым!

Жыр аяқталғанда Рымғали аға орнынан тұрып, балконға шығып кетті. Біз де соңынан ілестік.

Ол кісі түнгі Алматыға үндемей біраз қарап тұрды.

– Мағжандар не деген бақытты! Жеті қат жердің астына тығып жіберсе де, міне, түн ішінде төрт қазақ Алматының төрінде жырын айтып отырмыз! Ә-ә!? – деп, кеуде тұсын уқалап, тебіреніп, әрлі-берлі жүріп еді жарықтық!

Ойы қайда кетті екен?!

Қайран данышпан ұстазымыз! Әр сөзі бір идея, бір тақырып болатын!

– Миды ауыртып оқу керек қой! – дейтін.

Діни-философиялық дүниелерді советтік идеология теріске шығарып, жат, жау деп айдар тағып, жас ұрпақты жолатпауға тырысып, жауып тастаған, немесе шектеу қойған күрделі, қайшылықты шығармаларды, қызық ойлы қаламгерлерді оқуға кеңес беретін.

– Әдебиет деген адамның адамға айтатын сыры ғой! – деп еді бір жолы.

Сырға толы, ілім-білімнің жұмбақ та қымбат қазынасы еді ғой, жарықтық Рымғали ағамыз!

 

2.Байғозының жебесі

Ақселеу Сейдімбеков деген өлеңнің бір жолындай әуезді есімді ең алғаш мектепте оқып жүргенде «Лениншіл жас» газетінен таныдық. Ол кісінің «Күмбір, күмбір күмбездер» атты айдармен Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл батыр күмбездері жайлы жазған мақалалары әлі есімде. Кеңгір өзенін кезгені туралы жазғанынан әсерленгенім сонша, сол өзенді мен де бойлап, күмбездерге кіріп, күмбірін тыңдағым келетін.

Кейіннен, 1977 жылы «Лениншіл жасқа» жұмысқа келгенде, Ахаңмен жүздесіп, таныстым. Алғаш кездескенде, бір топ ағаларымызбен әңгіме-дүкен құрып отырғанда айтқан әңгімесі маған қатты әсер етіп, санама құйыла қалды. Ахаң Никита Середаның «Последний киргизский царевич» деген жазбаларындағы Кенесары, Наурызбай, Ағыбай туралы аңызды майын тамыза әңгімелеп еді. Ол кісінің әңгімесінен әсерленгенім соншалықты, айтқан сөзі, дауыс ырғағына дейін көкейімде жатталып қалды.

Мен Ахаңды сол кездесуден кейін тіпті жақсы көріп кеттім.

Ұзын бойлы, ақсары, келбетті, нұр жүзді ағамыздың Наймантай, Байғозы батырлардың тікелей ұрпағы екенін білгенде, ол мен үшін аңыздан келген айрықша жанға айналып жүре берді.

Батырдың ақылды ұрпағы батыл ойшылға айналып, компартия мен совет өкіметінің өтірігін шығара бір сөйлегені есімде. Ахаң онда сол компартияның басты органы – «СҚ»-ның бөлім меңгерушісі.

– Басқасын айтпағанда, – деп, ойымызды сан-саққа жүгіртіп қойды. – Ғылымның дәлелі – адам қырық жасында жан-жақты толысады. Ал қоғамның дені – жастар. Сонда, басқасын былай қойғанда, адамдық тұрғыдан жан-жақты жетілген қоғам ешқашан да құрылмайды ғой. Ал мыналардың коммунизмі қай коммунизм!? – деп қарап отыр бір күні, сол өкімет пен партияның редакциясында, шақшасын шиырып тастап.

Ахаңның бұл сияқты тоталитарлық, отаршылдық жүйенің іргесін солқылдатып, қабырғасын қаусатардай тосын тұжы­рымдары толып жатыр! Дала даналары, көне заман мұралары, көшпенділер мәде­ниеті, жанкешті батырлар мен Алаш арыстары туралы қазір ғана ашық айтылып жатқан ой-пікір, деректердің көбін біз сонау сексенінші жылдары Ахаңның аузынан естіп, санамызға сіңіріп едік.

1989 жылдың басында маған, Кеңащы­ға, Ақселеу Сейдімбековтен хат келді! Жазуы маржандай, мазмұны да керемет! Тоқ етері: ғалым, алаш азаматы Қар­жау­бай Сартқожаұлының Монғолиядан Қазақстанға көшіп келуіне атсалысу керек. Себебі: сол кездегі совет тәртібі бойынша, шетел азаматының біздің елге көшуі үшін бұл жақта бір туыстары болуы керек екен. Қаржаубайда ол жоқ! Бір қызық жері, оның әжесі Әлімжан деген кісінің қызы яки қарындасы екен. Енді, бұл жақтан бір Әлімжанов шығып, Қаржаубайды жиенім деп танып, дәлелдеп, шақырып алуына болады! Мен жауап хат жазып, жарайды, мен Қаржекеңді жиен ғып, көшіріп аламын дедім.

Ақырын әкемді айналдырамын, ертең біреу-міреу тексеріп қалса, сөзден ұсталмайын деп. Әлімжан атамның ертеде сондай қарындасы болған ба деймін. Шал ойға кетті. «Әй, бір қыз болды деп еміс-еміс еститінмін, ерте қайтыс болған сияқты!» – деді-ау бір кезде. Мұндай қуанбаспын! Шал жоқ деп кесіп тастамай, күмәнді бірдеңені айтса болды ғой, әйтеуір! Бір қиын жері, Қаржекеңнің әжесі найман, ал біз керейміз!

Ондай ньюанстарды кім біліп жатыр деп қоямын өзіме-өзім.

– Ойбай, ертең КГБ тексерсе өтіріктерің шығып қалады, құрисың! – дейді бір жанашырларым.

– Шетелде туысқаның болса, ертең өзіңді шетелге шығармай қояды! Ылғи аңдуда боласың! – деп шыр-пыр болады.

Иә, шындап сұрай қалса, өтіріктен өзім бірінші ұсталатыным да анық. Әйтеуір: «Ахаң бар ғой, бірдеме қылар!» – деп, қайраттанып қоямын. Мен үшін ол кісі КГБ-дан да күшті болып көрінген-ау сол кезде!

Не керек, біраз қызықтар болды. Ахаң­ның ақылымен Қаржекең екеуміз хат арқылы танысып-білісіп, нағашылы-жиенді болып хабарласа бастадық.

Бір күні Кеңащыға салып-ұрып Қаржекең келіп тұр! Монғолиядан делегация келіпті біздің облысқа. Содан, әдейілеп ат басын біздің ауылға бұрған екен! Арқа-жарқа, мәре-сәре болып, жоспарлар құрып, ол кісі көшіп келетін болып, мен қарсы алатын болып тарадық!

Сөйтіп жүргенде, Совет Одағы ыдырап, жүйе құлап, тәуелсіз ел болдық. Шекара ашылды, елге бауырлар оралды. Алғашқылардың бірі боп Қаржекең келді елге. Заман ағымы алып келді. Оған менің «нағашылығымның» пайдасы тимей қалды сөйтіп. Айтпақшы, арамызда Қаржаубай ағамызға кейде «жиен» деп қоятын әдемі әзіл ғана қалды!

Бертінде, 2006 жылы Тарақты Байғозы батырдың 300 жылдығына ас беріледі, онда жыршы-жыраулар конкурсы өтеді екен деп хабарлады Астанадан әнші, зерделі бауырымыз Серік Оспанов. Байғозы батырды мен бала күнімнен жақсы көріп өстім. Оны білетінім, Шоқан Уәлиханов атамыздың жазған аңызын сүйсініп оқығанмын. Кейіннен Байғозының Наймантай батырдың баласы екенін, Ақселеу ағамыздың атасы екенін білдім. Енді мына ығай-сығай жыршылар бас қосатын жиынға Байғозы туралы жыр жазып апарайы­н деген ой жарқ ете қалды. Сол-ақ екен, Шоқан жазып кеткен аңыз жырға айнала бастады. Мен жырды аяқтауға жақындап қалғанымда, конкурстың ресми шарты келіп тұр хатпен. Қарап жіберсем, батырға арнайы шығарылған жыр-дастандар айрықша бағаланады деп атап көрсетіліпті!

Мына ғажайыпқа шыдай алмай, Ахаңа телефон соқтым. «Осылай да осылай, мына қызықты қараңыз! – деп, болған жайды айттым. Ахаң сабырмен тыңдап, апырай, ә, деп дем беріп қойды. Мен қызбаланып:

Сіңірлі, серіппедей ширатылған,

Қимылы қабыландай түнде атылған.

Ақсары, ай маңдайлы, асқар бойлы

Жанары ауырлаған мұңды ақылдан,

Байғозы батырлармен жортты бірге

Ас-суын бөліп ішіп бір бақырдан! –

деген жолдарды телефонмен оқып жібердім.

– Осы суреті қалай!? – деймін.

– Ол кісі ақсары емес, қараторы болса керек! Мен сары боп нағашыларыма тартып кеткем! – деп күлді Ахаң.

– Ендеше, мен ақсары дегенде, сізді ойлап, әуелдегі айбарлы дегенді өзгертіп жазып едім! Міне, қараңыз – маған келген өлең: Қимылы қабыландай түнде атылған! – деп тұр. Ал, қабылан қара ғой! – деп едім, Ахаң: «Сенікі жөн!» – деп, кеңк-кеңк күлді. Содан ақсарыны қайтадан айбарлы деп алып едім, табиғи қалпына келе қалды. Ой, бір тамаша, шабытты шақ еді-ау ол!

Сол асқа жүретін күні таң алдында жарықтық Байғозы батыр кірді түсіме!

Астанадан Ағадырға дейін арнайы пойызбен, бірнеше вагон болып бардық. Алаштың айтулы азаматтары бар. Жолда Ахаң бала құсап жүгіріп жүр. Әрқайсымызға бір келіп, хал-жағдай сұрап, бәйек болады. Менің теңселіңкіреп, оңаша тұйықтала бергенімді байқап қалып: «Міне, дұрыс! Жырау іштей дайындалады!» – деп, құптап қойды.

Содан, не керек, «Байғозының жебесі» деген жырыма жұрт та, қазылар да разы болып, маған бас жүлде – ақ «Жигулиді» мінгізді.

– Бұл жырың өміршең болар-ау! – деді Ахаң арқамнан қағып тұрып…

Бір жолы Астанада, қала күні болу керек, бір үлкен той болды. Күн ыстық, ығы-жығы халық. Көпшілігі киіз үйлердің көлеңкесін паналап отыр. Ортасында көп ботақанның ортасындағы нар түйедей болып, қасқа басы қызарып Ахаң тұр екен.

– Көлеңкелейін десем…төбем сыймай қойды ғой еш жерге! – деп күлді де, менің басымдағы ақ қалпағымды сұрамастан ұзын саусағымен іліп алып, төбесіне қондыра қойды. Мен ол кісінің өзімсінгеніне риза болып: «Көрдіңіз бе, міне, керейсіз күндерің жоқ бәрібір!» – деп, әзілдедім. Бірақ, сол сәтте бойын көкке созған алып Ахаңның заманына сыймай жүргендігі ойыма келмепті!

1992 жылы қазақ құрылтайында Ақселеу ағаны елу жасқа толғандығымен құттықтағаным есімде.

– Сіз қазақтың екінші Ахаңысыз ғой! – де­дім таза көңіліммен.

– Ауыр сөз ғой! – деп, бетіме қарап күрсінді, қолымды алып тұрып.

– Мен үшін солай! – деп, мен де қайтпадым.

Жастық қой, бірақ өтірігі жоқ!

Бақсам, Ахаң ар жағын ойлап тұр екен ғой!

Менің де ақындық интуициям онша қателесе қоймаған секілді!

Баянғали ӘЛІМЖАНОВ

АСТАНА

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*