Қызғаныш | Етжеңді

Қызғаныш

kulykӨркеш-өркеш қырлы-сайлы болып келетін өңірдің нақ ортасында Құмқұдық тұр. Ол екі ауылдан басқа да қоңсы отырған елдерге пайдалануға ортақ. Қанша жел тұрып, құмдар суырылып көшкенмен Құмқұдық көшкіннен көмілген емес. Оның бір себебі, желдің өтіндегі Бөршек тауы ықтасын. Құмқұдықтың батысында атақты эпостарда айтылатын Босаға тауы менмұндалап алыстан көзге түседі.

Дайрабай қайын жұр­тымен сыйыспай, Құмқұдықтан ығысып, екі-үш шақырымдай жердегі тақыр сайда өзі балаларымен құдық қазған. Міне, сол құдық, оның атында. Ол ұзын бойлы, мығым денелі, желкесі күдірейген, шомбал қараның өзі. Қайын жұртынан кетуіне мал ұрлығы себеп болды. Өйткені, Құмқұдықты ертелі-кеш айналсоқтап суға келген егесі жоқ малдарды бірден танып іліктестеріне орайы келгенде асырып отырды. Бертін келе қайын жұртының, тіптен, сол ауылдың малдарына тиісті. Мал іздеуші жоқшылар көбейіп, келе-келе Дайрабайдан сезіктене бастады. Осыны білген ол жиған-тергенін алып, өз туыстарының ортасынан бір-ақ шықты. Мұнда келгесін өзі қазған құдығын қызғыштай қорып, баяғы теріс пиғылын жүзеге асыра бастады. Бұрыннан құ­дықтың су кезегіне таласу, малшылармен ұрыс-төбелес, жанжал шығару Дайрабайдың күнделікті әдетіне айналған. Келіншегі Қалдықыздың айтуымен етікші қайнысы Әбішті қасына көшіріп әкелген. Әбіштің де бірлі-екілі малы осы Дайрабайда.

Отағасы сәскеде құдық жақтан балалардың қатты шыққан даусынан шошып оянды.

– Келген жоқ! Көрген емеспіз!

Жобасы, мал іздеген жоқшыларға қайырма жауаптар болса керек. Дайрабай жатқан төсегінен тұрып, құдыққа бара ай-шай, аман-саулық жоқ, келген кісілерге:

– Немене, сендердің малдарыңды бағып жүрмін бе?! Құмқұдықтан іздеңдер! Бізде нелерің бар!.. – деп ақырды.

Отағасы кейіннен барлай қараса, олар өзіне таныс Құмқұдықтың адамдары екен. Торыбай баласы Қабылаш пен Тиекбай баласы Құлшабай болып шықты. Екеуі туыс, мұның қайын жұрты. Жоғалған малдарының түрін түстеп, қанша бас жылқы екенін тура айтып тұр. Дайрабайдың іші сезді…

Екі байтал, үш жабағы. Кеше түс шамасында әлгі жылқылар су ішуге құдыққа келген болатын. Дайрабай бұл қылқұйрықтарды су­ғарып, жасырын жолмен қалың бүргеннен асырып тастаған. Кешкі салқынмен түнделете Жаңақұдық арқы­лы іліктестеріне жеткізген. Таң ата өз жатынына оралған болатын. Кеш тұруының себебі осы. Жоқшылар Дайрабайға сөзі өтпейтінін біліп, аттарын кері бұрып, қайтып кетті. Өз үйіне оралған ол таңғы асын да ішпей, бүк түсіп жата кетті…

Есіне қай-қайдағы оралып Қалдықыздың:

– Шай іш, тұр! – дегенінен кейін, ойы бөлініп дастарқанға жақындады.

– Аңсар қайда? Көрінбейді ғой!

Даусы бұл жолы бәсең шығып, әйеліне қарады. Аңсар жалғыз қызы, ең сүйіктісі.

– Әбіш нағашы ағасының үйіне кеткен болар! Әне, өзі де келе жатыр – деген жауапты Қалдықыз еріне көңілсіздеу айтты.

Дайрабай екі шыныаяқ шай ішіп қайтадан ойға шомды. Сыр бойындағы Шіріккөлде тұрғанда, соған іргелес Шөгірліде Олжатай қарияның бір баласы үйленді. Оған Құмқұдықтағы балалары мен ағайындары келді. Үлкен тойда тораңғыл ағаштан алтыбақан жасалды. Соған келген бойжеткен Қалдықызды Дайрабай тұңғыш көрді. Қалдықыз әсем киінген, тербеліп ән салды. Маңдайы жазық, пісте мұрын, сол жақ үлкен көзіне таяу қап-қара меңі мен құлағындағы ұзын сырғасы байқалады. Ұзын шашты бұрымы шолпысы сыңғырлап өзімен бірге ырғалуда. Ән сарыны «Күміс құманға» ауысқан шақта басындағы сәукелесі түсіп қалғаны. Алыста тұрған Дайрабай құр жібермей, басқа жігіттерден бұрын алып берді. Сыпайы, еркелей тербелген Қалдықыз рахмет айтқанда Дайрабайға бұрынғысынан да сұлуланып көрінді.

«Қайыр келді!» – деген бір топ жастардың даусынан Дайрабай шегіншектеді. Оны көрген алтыбақандағы ару Қалдықыз күлімдеп, реңі қызарып, бетіндегі қара қалы ноқаттанып, ажарлана түсті. Қайыр «Аққұм» әнін әуелі операдағы Бекежан секілді, кейіннен «Ақсұңқарым Жібегім… бір сені ойлап жүдедім»… деп, Төлегенше шырқағанда жастар жағы шулап, ырзашылықтарын білдірді. Дайрабай еріксіз ыржиып меңіреу адамша тұрып қалды. Қайыр мен Қалдықыз жастардың өтінішімен «Ахау, бикемді» шырқай жөнелгенде Дайрабайдың көзі қарауытып, денесі қыз­ғаныштан өртке оранғаны бар.

Дайрабай осыдан кейін екі-үш күн ұйықтай алмай, Қайырдан қайткенде құтылудың жолын іздеді, салы суға кетті. Қалдықызға деген құмарлық пен қыз­ғаныш күннен-күнге өршіп, өшпенділікпен астасып жатты… Қалдықыз күндердің бір күні Қайырға кетіп қалады-ау деген қаупі тағы бар. Амалы таусылып, жатса да, тұрса да осы ой санасынан еш кетер емес.

Қылышын сүйретіп қыс келді. Жерді қар басып, Сырдарияның суы да қата бастады. Өзеннің суы тартылып, кішкене аралдар бір-біріне қосылып, дария екіге бөлініп, жылда Ханшайым атты аралда егесіз малдар қыстап шығады. Бұл жердің оты мол болса да жұрт малын онда жібермеуге тырысады, ал өтіп кеткендері болса, кері қайтарады. Дайрабай өзінің екі торпағын сол аралдан үйіне айдап әкелді. Ертесінде Қайырға жолығып, оның біраз малы аралда екенін айтып, суатқа ертіп келді. Өзінің қолында ұзын тораңғыл таяқ, ал Қайырда қыл арқан жіп. Шынында да, Дайрабай айтса айтқандай, мал су ішетін суат қатып қалған екен. Екеуі мұздың үстімен бетіндегі күртік қарды баса жүріп отырды. Дарияның кейбір жері сықырлап, бірақ мұз екеуін де көтеруде. Аралға жақындаған Қайыр мұздың шытынағанын байқап кері бұрыла бергенде, Дайрабай қолындағы ұзын жуан тораңғыл таяғымен оны шытынаған мұз астындағы ағыны терең суға итеріп жіберді. Қайыр күмп етіп мұзды суға түсті де кетті…

Мұны есіне алғанда Дай­рабайдың денесі осы күнге дейін суық су құйғандай шымырлап қоя береді. Қайырдың мұз астындағы суға батып кеткендігін өзінен басқа ешкім білмейді.

Дайрабай Құмқұдықта тұрса да, Қалдықызға бола Шөгірліге баруын жиілетті. Бойжеткен иінағашын иығына салып дариядан су таситын, құрбыларымен, көршілерімен ауыз су үшін өзенге жиі баратын. Дайрабай осыны біліп алды.

Келесі күні қызды кешке дейін тапжылмай күтті. Қалдықыздың иінағашпен келе жатқанын ол алыстан көрді. Қыз шелегін суға толтырып суаттан шыға бергенде алдынан атпен, екі езуі екі құлағында, ыржиып Дайрабайдың шыға келмесі бар ма. Мұны күтпеген Қалдықыз не істерін білмей, орнынан қозғалмай тұрып қалды. Дайрабай қыздың білегінен ұстап, ат үстіне екі бүктеп өңгеріп алды. Екі шелек су иінағашымен айдалаға ұшып кетті. Тоғай ішімен Шөгірліден шыға Босаға тауына қарай тартты. Суаттағы иінағашпен шелекті көрген адамдар оның Қалдықыздыкі екенін бірден танып, атқа қонған қуғыншылар жолға шықты. Олар лезде алыстағы Дайрабайды танып, қуып жетуге айналды.

Дайрабай неше күн дайындаған торқасқаны қамшылауда. Босағаның етегіне жақындағанда үлкен жыра кез болып, сонымен тауға беттеді. Қуғыншылар осы мезетте қашқындардан көз жазып қалды. Оның үстіне ымырт түсіп қараң­ғылық көзбайлау болды. Олар еріксіз Шөгірліге қайтып кетті. Тау етегімен жыра жағалай біраз жүріп Дайрабай да дамылдады. Қалдықыз өзінікі екеніне енді көзі жетіп, киіктің лағындай қыздың омырауын ашып жіберіп, үлбіреген денесін аймалап сүйе берді…сүйе берді. Бойжеткен ә дегенде жиіркенішті кейіппен қарсылық көрсетті, амал не, Дайрабайдың тастай қолы еркіне жіберер емес.

Ол есін жиғанда бай­қағаны қыздың жатқан жеріндегі көк құрақ шөп айтарлықтай жапырылып етекке қарай ойысқан сияқты. Дайрабайдың қыз­ға сүйсінісі таусылатын емес. Біраздан соң таң атты. Қашқындар атқа мінгесіп Құмқұдыққа тартты. Қыздың тағдыры енді өзінде екенін екеуі де сезді.

– Әке, мені іздедің бе?! – деген Аңсардың даусынан қалың ойға шомып отырған Дайрабай селк ете қалды. Ойын тез жиып алған ол:

– Аңсарым, жалғыз көзімнің қарасы қайда кетті деп жатқаным ғой!

Аңсар әні-міне дегенше он алтыдан он жетіге шыққан. Балалық шағын Құмқұдықта өткізді, сүй­кімді сымбаттылығымен елге таныла бастаған. Сол Құмқұдықтағы Төребай атты баламен бірге өсті.

Бозбаланың әкесі Сарыбай баласына малды жайғастырған соң демала бер деп ишара жасап үйіне кіріп кетті. Төребай осы кешті тағат­сыздана күткені қашан. Бүгінгі кеште Аңсармен уәделесіп жолығатын күні. Иттер шәуілдеп үргенін, қойлар маңырағанын бір сәт қойып, тыныштық орнаған кез еді. Төребай мал қораның артындағы ерттеулі атына секіріп мініп Құмқұдықтан Дайрабай құдығына тартып отырды. Ол жердің сыр­тындағы қалың бүргенге ат басын тіреп тоқтады. Ел жата, Аңсар осы маңайға келе­ді, уәде солай. Қыз Төребайды көп күттірген жоқ. Үй іші жатты-ау, ұй­қыға кетті-ау деген кезде ақырын басқан аяқ дыбысын сездірмей, есіктің алдындағы қалың бүргенге қойып кетті. Екі жас бір-бірімен жабыса аймаласып сүйісе бастады…

Тас қараңғыда ұйқыдан оянған Дайрабай орнынан тұрып жан-жағына көз жүгірте шолып, қызының төсекте жоғын үй қараңғы болса да сезді. Далаға шы­ғып, қалың бүргеннің шетіндегі сайда қарауытып ай сәулесінің жарығында көрінген жылқыны байқады. Ол Төребайдың тұсаулы аты еді. Дайрабай екі жас кездескен жерге жақындап қалды, ғашық жандар мұны сезбеді. Төребай қыз жүрегін жаулап, қыздың жұмсақ белінен айырылар емес. Шөпілдеген сүйісті құлағымен есіткен Дайрабай тұра ұмтылды.

– Әкеннің, қарашы!.. деген дауыстан Аңсар шошып, Төребайдың құшағынан сытылып шыға келді. Жігіт қашуға ыңғайлана бергенде, Дайрабай гүрзі қолымен өрімдей жасты табанына бір-ақ салды. Аңсар ойбайлап Дайрабайдың иығынан ұстап, қой деп, әкесіне жалына бастады. Мұны тыңдайтын Дайрабай ма? Аңсарды итеріп жіберіп, Төребайды ал кеп тепкілесін…

– Әкеңнің!.. Иттің баласы!..

Аңсар масқара болып, үйіне әрең жетті. Әкесінің Төребайды өлтіріп қоймасына кім кепіл…

– Апа, апа! Тұр! – деген сөзге тілі әрең келді. Шошып оянған Қалдықыз қызына қарады. Аңсар сырт жаққа шығуын меңзеді. Қалдықыз жан ұшыра дауыс шыққан жаққа жүгіріп барып, Дай­рабайды жұлқылап, әрең дегенде Төребайды босатып алды. Жас жігіттің бет-аузы қанға боялып, Дайрабайдың шеңгелінен әрең құтылды.

Отағасы түскі шайдан кейін ұйықтап кеткен екен. Құдық жақтан өктем-өктем шыққан дауыстан оянып атып тұрды. Құдыққа келсе, балалары малдың қайтарма өре суын қауғамен түйе жегіп тартып жатыр екен. Төрт-бес кісі жоғалған мал іздеуші жоқшылар. Қай күнгі осында келген мал егелері екенін Дайрабай бірден білді. Олар Құмқұдықтың жоқшылары екенін сезді. Екі жақ та сөз­­ге келмей, дүрбелең баста­лып кетті. Дайрабай қайратты ұлдарымен қо­сыла, ат үстіндегі төртеуін жұлып алып, қолдарын арт­қа қайырып, байлап, қозылардың көгеніне біртіндеп қойша көгендеп тастады. Бесінші қуғыншы еппен сытылып шығып атына қонып, тұра қашты. Мұндағылар малдарына өре суын ішкізіп, жайылымға тұс-тұсынан айдап кетті. Қашқан жоқшы Қабылаш тез арада Сарыбайға хабарлады. Құмқұдықтың төрт бозы көгендеулі екендігін жеткізді. Сарыбай тез арада атқа қонып екі дөңнің астындағы Дай­рабай құды­ғына жетіп келді. Сол кезде Қалдықыз да, Аңсар да демдерін іштеріне алып, бір ойран болатынын білді. Аңсар жүгіріп етікші Әбіш нағашы ағасына хабар берді. Дайрабай қорасында ілулі тұрған сабы мықты шалғы орағын алып көгенге қарай жү­гірді. Сол кезде Сарыбай қатқыл үнімен ақырып:

– Тоқтат мұныңды! О заманда бұ заман, адамды малша көгендегенді қайдан шығардың, – деді.

Мұны тыңдаған Дай­рабай жоқ. Түрі бұзы­лып, қолындағы шалғы орағымен көгендеулі адамдарды ша­луға құлашын керіп, сермеуге шақ қалды. Сарыбай жанұшыра аттан секіріп түсіп, Дайрабайдың екі қолын қапсыра, кеудесіне баса құшақтай алды. Ол әрі-бері жұлқынып қолындағы орағын сермей бергенде, одан қорғанған етікші Әбіш қолындағы сүйменін көтере берді. Ал ол жаза тиіп Дайрабайдың қара құсынан қызыл қанды бұрқ еткізді. Дайрабай ыңыранып Сарыбайдың қолынан сыр­ғып жер сүзе құлады. Аңсар шешесін құшақтап еңіреп жылады. Қалдықыз осылай аяқталатынын бұрыннан сезген-ді. Балалары әке жолын қумаса игі деп, Құдайдан тіледі.

Сол жерде көгеннен босаған адамдар Дайрабайды жатқан жерінен үй іргесіне апарды. Елге хабар беріп, молданы алдырды. Мұндағы абыр-сабырмен жүрген кісі­лер кеш болғанын бай­қамай қалыпты. Күн ұясына батуға беттеді. Түн жарымда басталған жел таңертең шығысқа ау­ды. Сәске мезгілінде бұрынғысынан да қатты күшейіп, Құмқұдықтың құмын бет қаратпай, суырып ала жөнелді. Жаназаға қатысқан кісілер ауыздарына қиыршық құм түскенін елемей, қатты соққан желге шыдап, Дайрабайды жер қойнына беріп тынды. Екі жақтың қариялары бітімге келіп, мұндай сұмдық ойранды оқиғаның қайталанбауын Құдайдан сұрап тарасты.

Жаңабай ЕРКЕЕВ

Оңтүстік Қазақстан облысы

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*