Өлім жазасын өзгерттірген | Етжеңді

Өлім жазасын өзгерттірген

2016-10-20-00-45-30_0032майдангер аға туралы үзік сыр

Қызылорда өңірінің тумасы, ұзақ ғұмырында 3 ауданға басшы болған Жұмабай Бәкішев жан-жақты білімдар, қара сөзден қатық ұйытқан, дуалы ауызды адам еді. Ұлы Отан соғысына қатысқан, өмірінің соңғы жылдарында облыста жетекші жұмыстар атқарған аға туралы «Жұмабай айтқан екен» деген сөздер ел аузынан түспейді. Сөзіміз дәлелді болу үшін мақалаға кейіпкер болғалы отырған кісінің шешендігі мен тапқырлығы хақында кезінде көзкөргендер берген кесімді бағаларды келтіре кетейік.

А.Тоқмағанбетов, ақын: – Жұмабайдың тауып айтатын сөздері кейде мені де тәнті етеді. Сынаса мақтамен бауыздап, тұрмастай етеді. Мақтаса аспандатып, таптырмайтын теңеулер айтады. Юморы күшті. Күлкісі ең сайқымазақ емес, нысанадан ауытқымайды. Дөп тиіп жатады.

Қалтай Мұхамеджанов, драматург: – Сыр бойына келсем қазақтың киелі сөздерін естігім келіп елеңдеп отырам. Қоңылтақсып Жұмекеңді (Бәкішевті) іздеймін. Оның астарлы, әсерлі әзілдерін, орамды ойлы сөз саптауларын, жаныңды қытықтайтын «қағынғыр» қалжыңдарын аңсаймын. Сөйтіп, Алматыда жұтап жүрген сөздік қорымды байытып алсам деген «арам» ойда боламын.

Сейілбек Шаухаманов, қоғам қайраткері: – Жұме­кең ХХ ғасырдағы Сыр елінің ақылдылары мен айт­қыштарының бірі, әрі бірегейі. Ол артына өшпейтін өнеге, өлмейтін сөз қалдырған азамат. Ақсақал даланың даналығын бойына сіңірген ақылды, ойлы, философ адам. Қонаққа барғанда немесе ауылдарды аралағанда «еркек құйған шай құрысын» деп жігіттерді шәйнекке жуытпайтын еді, жарықтық. Мұнысы түптеп келгенде әйелдің де, еркектің де беделін өсіру екен ғой.

Енді аз-кем шегініс жасап, «өмірі шытырман оқиғаларға толы» деп айтылатын кейіпкерлерімізге мысалдар келтірелік. Ғажабы сол, неше түрлі қиын­дықтардан Жұмекеңді елі, жоғарыдағыдай көрнекті заман­дастары таразылаған білімпаздығы, тапқырлығы, шешен­дігі құтқарып отырған. Мәселен…

1940 жылы, бейбіт кезеңде-ақ әскерге шақырылған Жұмабай Бәкіров 1941 жылы Ұлы Отан соғысын Батыс майданында қарсы алады. Содан 1944 жылдың соңында Польшаға жетіп, Краков қаласын азат ету үшін кеңес әскерлері немістермен үш күн, үш түн шайқасады. Қала көшелері, орман іші қызыл қанмен боялады. Төртінші күнге аяқ басқанда жойқын шабуылдан әлсіреген жау бекіністерін тастап, кері шегінеді. Краковтың маңы азат етілген соң  дивизия командирі солдаттарды тынықтыру үшін аздаған үзіліс жариялайды.

Бұл жер Жұмекеңе көркем шығармалар арқылы бұрыннан таныс еді. Егер жауынгер жады жаңылыспаса Краков төңірегі 1812 жылғы Отан соғысында ұлы қолбасшы М.И.Кутузовтың ерлікпен қаза тауып, жүрегі жер­ленген жер. Бұрнағы кү­ні Жұмекеңнің ротасы сол фель­дмаршал жатқан зиратты нұсқап тұрған көрсеткішке көзі түсіп, ол оны есінде ұстап қалғаны бар.

«Жаудың қарасы жоғалған соң уһ деп демалып қалдық, – деген еді бұл жайында майдангер. – Бірақ қаперсіз отыруға қақымыз жоқ. Жоғымызды түгендеп, үсті-басымызды жөндедік. Біреулер үйлеріне хат жазып жатыр… Бағана айналаны шолып, ағаш арасын бағдарлап алғанмын. Сол межем бойынша ойым аруақтың басына бар деп мазалап тұрғандай. Бір сәт сонау Сібірде әскерде жүргенде «Война и мир» романынан оқығандарымды еске түсірдім. Иә, кітапта дәл осы маң, осындай орман ішінде фельдмаршал Кутузов өмірден өтті деп жазылған. Командирден бұл жерде қанша уақыт болатынымызды біліп, он шақты солдатты ертіп, қолбасшы жатқан жерге жаяулап тартып кеттік. Шамамен 5-6 шақырым жүрдік-ау деймін. Адаспай тапқанымызға қуандық. Зират жақсы сақталыпты. Атақты әскербасының ескерткішін айналып көріп, маңайын шолып, рухына бас иіп, біздің де мына соғыста жеңіске жетуімізге жебеуші бол деп тіледік. Биік тұғырдың қол жетер жерін сүртіп, сипап өттік. Әкемізді көргендей қуанып, жігерленіп қалдық. Бойымызға қуат жинап, үлкен шаруа бітіргендей әсермен кері қайттық. Бұл жолы жылдам жеттік. Келсек, біздің әскери бөлімше бағанағы орнында жоқ. Міне, қызық! Қайдағы қызық? Масқара! Абыройсыздықты қараңыз, біз кетісімен төтенше бұйрық түсіп, олар басқа жерге орын ауыстырыпты. Үш-төрт сағат шарлап жүріп, бөлімшемізді әрең таптық. Тапқанымыз құрысын, бізге дезертир деген айып тағылып, әскери трибуналмен ату жазасы ұйғарылыпты.

Мейірім күттірмейтін қатал тәртіп. Заң солай. Ол ешкімнің көз жасы мен бедел-шеніне қарамайды. Тәртіп бұздың ба, жазаң осы.

Әскери трибуналды басқаратын генерал сөзін суық сұрақпен бастады.

– Сендер әскерден неге қаш­тыңдар?

Ешкімде үн жоқ. Бастары салбырап, бәрінің ұнжырғалары түсіп кеткен. Майдандас достары бұларға аянышты қарайды. Көз алдарында айырылатынына қапалы. Жұмабай Бәкішевке: «Ақыр өлем ғой, соңғы ойымды айтып қалайын», деген батылдық пайда болды.

Сөйтті де: «Жолдас генерал, сөйлеуге рұқсат етіңіз, – деді. – Мен Кеңес Одағының азаматымын, Қызыл армия жауынгері жауын жеңіп келе жатыр. Ешқашан дезертир болмайды. Ол өзінің еліне, жеріне, ұлтына, ұлттық батырларына деген сүйіспеншілігі, ізеті мен құрметі болмаса, Отанының патриоты бола ала ма? 1941 жылы осы Ұлы Отан соғысы басталғанда жолдас Сталин: «Дмитрий Донскойдың, Александр Невскийдің, Дмитрий Пожарскийдің, Кузьма Мининнің, Александр Суворовтың, Михаил Кутузовтың аруағы қолдасын!» – деп ұран тастап, халықтың патриоттық рухын, ұлттық намысын көтеріп еді ғой. Қандай солдат өз елінің жауынгерлік тарихын, оның көрнекті батырларын, қолбасшыларын біл­мейді? Біз адамзат тарихындағы теңдесі жоқ соғыста жауды жеңіп келіп, фельдмаршал М.И.Кутузовтың зираты үстінен өтіп бара жатып, оның сүйегіне тағзым етпесек қандай солдат боламыз? Біз қолбасшы аруағына тағзым етіп, кешіктік. Ешқандай қашқын емеспіз. Мен сөйлеп біттім. Әміріңізді орындай беріңіз».

– Сіз мұның бәрін қайдан білесіз? – деді сөзімді аяқтағанда генерал. Аздап оның жүзіне жылылық жүгірді. Өңі өзгеріп, маңайды суыт шолып шықты.

Жағдайдың жақсылыққа қарай бұрылғанын білген Бәкішевтің үні де асқақ шықты:

– Мен Сібірде әскерде жүргенде жазушы Лев Толстойдың «Война и мир» романын оқығанмын, жолдас генерал! Кітапта Кутузовтың осы жерде жерленгені жазылған.

Үнемі қатулы, қабағы ашылмай тұнжырап жүретін генералдың өңі тағы өзгеріп, алдында тұрған солдатқа тесіле қарады. Сөйтті де: «Молодец, солдат! Вы настоящие патриоты своей Родины. Вас не трибуналом расстрелять, а надо государственным наградам пре­доставлять! – деп үкімнің өзгеретінін хабарлады…

«Тіл бас жарады, бас жармаса, тас жарады немесе ақылды бас ажалды жеңеді», деген халық даналығының айғағы ғой бұл!

…1946 жылы Жұмабай Бәкішев майданнан туған жеріне оралып, бейбіт еңбек жорығына кірісіп кетеді. 50-жылдардың басында ол облыстағы ең малы көп, егін шаруашылығы кенже қалған, табиғаты өте қатал Қазалы аудандық аупарткомының бірінші хатшысы болады. 1954 жылы өңірде қыс қақап, ұзаққа созылады. Жайылымы шалғай, шаруашылықтардың жемшөп қорын жеткілікті дайындауға қолы қысқа болғандықтан ауданда жұт басталады. Төрт түлік шығыны өзгелерден көп болады. Жығылғанға жұдырық деген. Жұмекең шалғайдағы қыстауларды аралап жүргенде түнде үйінен өрт шығып, жұбайы мен нәрестесі күйіктің құрбанына айналады. Тағдыр тәлкегіне не шара? Артынша ол «дар» алдына тағы барып, өзінің білімпаздығының, тіл шеберлігінің, әсіресе, орысша сауаттылығының арқасында «қыл тұзақтан» бұл жолы да аман шығады.

Ол былай болған еді. Жұмекең басқарған аудандағы мал шығыны мәселесі алдымен облыстық партия комитеті бюросында қаралып, онда аупарткомның бірінші хатшысы оны партиядан шығарып, қызметінен босату жөнінде қаулы алынды. Тарпаң табиғаттың төтенше жұтына ұшыраған аудан басшысының арызы бойынша Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті арнайы мәселе қарады. Кінәлі коммунист Ж.Бәкішевке соңғы сөз берілді. Жұмекең Орталық Комитет бюросында қысылмай, еркін, есіле сөйледі. Лебізі дәйекті, әсерлі болғандықтан ешкім тежеген жоқ. Алдымен аудандағы экономикалық қиындықты, мал шаруашылығындағы проблемаларды байыпты баяндады. Сосын мұндай жұт қазақта талай рет болғанына, алда да болатынына тоқталды. Оған өңір табиғатының қаталдығы туралы нақты дәлелдер келтірді. Сөзінің соңында мал шығыны ертең көктемгі төлімен толығады. Ал менің отбасымның шығыны қалай толатынын білмеймін, деп аяқтайды. Орталық Комитеттің екінші хатшысы Л.И.Брежнев:

– Иә. Отбасыңызға не болды? – деді.

Жұмекең болған оқиғаны баяндады да, өзінің соғыстан оралған соң көтерген шаңырағының ортасына түскенін, үйінде жалғыз қалғанын, қанды майданнан кейінгі ауыр қайғыны тағы көріп отырғанын  жаны ауыра айтып шықты. Оның сөзін байыппен тыңдап отырған Л.И.Брежнев бюроны басқарып отырған ҚКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы П.К.Пономаренкоға оқыс бұрылып, оған тілдей қағаз ұсынды. Артынша шағын үзіліс жарияланды. Үзілістен соң Орталық Комитет бюросы Ж.Бәкішевке сөгіс жариялап, қызметінен босату, бірақ партия қатарында қалдыру туралы шешім­ге келгені туралы хабарлады.

Міне, осылай Жұмекең, құдай берген зеректілігінің, тіліне қонған талантының арқасында кезекті қатерден құтылып, аман қалып еді. Жарықтықтың нұры тасу үшін жақсының жақсылығын қайталап айтудың айыбы болмас дейміз. Сонау ашаршылық зұлматын, қуғын-сүргін кесапатын көзімен көріп, қанды майдан соғысқа қатысқан, бейбіт еңбектің туын көтерген Жұмабай Бәкішев осын­­дай адам еді. Шүкір, арты жақсы. Соңында әлденеше ұл-қызы, немере, шөберелері, ел аузында шекердей тәтті сөзі, көп­теген марапаттары айқындаған ұмы­тылмас еңбек жолы қалды. Облыс орталығында, аудандарда оның атын әйгілеп тұрған көшелер бар.

Өтеген ЖАППАРХАН,

Қазақстанның құрметті журналисі

ҚЫЗЫЛОРДА

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*