Арлы азамат деп кімді айтамыз?

 

TOPSHOTS-CHINA-ENVIRONMENT-POLLUTIONКейінгі кездері адамның рухани дүниесі, ұлттық ой-сана, адамдық қасиеттер, азаматтық ар жайлы жиі айтылып жүргені белгілі. Баспасөзде де бұл мәселелер жөнінде мақалалар жариялануда. Әттең, мына заман ағысы солай болып бара ма, қайдам, қазіргі адамдар арасында әйтеуір баю жолын іздеп, шарқ ұрып, бет-перделерін сыпырып тастап, нешебір қитұрқы істерге бой беріп жүрген пысықай адамдардың пейілін түсіну қиын болып барады.

Расын айтайық, мемлекет тарапынан әлгілерге қарсы күрес жүргізіліп, әртүрлі қатаң заңдар қабылданып жатқаны белгілі. Біраздары істі болып, заң қорғау органдарының «қармақтарына» ілігіп, ұсталып, тордың арғы жағына тоғытылып та жатыр. Бірақ, әлгі әртүрлі шекпен киген тойымсыз шенеунік сабаздар айылын еш тартар емес. Теледидардан, баспасөзден «мынадай бастық пәленбай миллион пара алып жатқан жерде қолға түсті», «Қызмет бабын пайдаланып тендерді өз пайдасына шешкен түгенбай бастық сотталды» деген және де тағы да тағы хабарлар желдей есіп жатады. Тіпті, құлағымыз оған үйреніп, үйреншікті іске айналып кеткен сияқты.

Ес білгелі бір сезім ескірмейді,

Ол сезімнен айырмас ешкім мені.

«Сатпа арыңды, жан балам,

Сақта арыңды»

Деген сөздер соңғы рет естіледі.

 

Қайран әке, көзіңе мақтамаған,

Ала жібін біреудің аттамаған.

Жанын арға садаға етіп мәңгі,

Туған жерде мәңгі ұйықтап жатқан адам.

 

Өмір – сынақ

Сынақтан жүз өтемін.

Қатемді өмір білемін түзетерін.

Шекараны күзеткен сақшыдай бір,

Мен де арымды күні-түні күзетемін.

Бұл ақын Рүстем Жанайдың «Ар туралы» деген өлеңі. Осы жыр жолдарын оқып отырып мен еріксіз ойға батамын. Адам болып дүниеге келгеннен соң адами асыл қасиеттерімізді ту етіп жүру қажет-ақ. Әсіресе, өлең шумағында айтылғандай арымыздан айырылып қалмай, намысымызды қолдан бермей, әрқашан адалдық, әділдік жолында жүріп, арымыз таза болса, шіркін!

Ары таза, пендешіліктен ада адам туралы «тақуа жан» деп жатады көпшілік. Та­қуа деген бір ауыз сөздің өзі кең ұғым. Ісі мен қылығы дұрыс, мінезге бай, пейілі кең, жақ­сылыққа жаны құмар кісі өз ортасында әрдайым сыйлы, беделді. Қазақта: «Жаным – арымның садағасы», деген сөз бар. Иә, түсінігі бар, түйсігі мол адамда ардан артық қастерлі дүние жоқ.

Адам ар алдында жауап беруі тиіс. Арың таза, еңбегің адал болғанда ғана қоғам алдында беделдісің, елге құрметтісің, жүрген ортаңда сыйлысың. Басқаның барлығы жалған жасандылық, көзбояушылық, екіжүзділік, опасыздық.

Билік басында отырып, ел алдында жоғары идеялар мен патриоттық сөздерді қойдай тоғытып, ал, айнала бере биік қызметін бас пайдасына шешіп жататын қуыскеуделерді, қомағай-қорқауларды, дү­ние­қоңыз жемқорлар туралы мәліметтер­ді естігенде жағаңызды ұстап, еріксіз түңілесіз. «Осыларға не жетпейді?!» – деп жүрегіңіз мұздап, қан қысымыңыз көтеріліп, мазаңыз кетеді. Олардың психологиясын ұғу кейде тым қиынға соғады.

Дүние ешкімге жолдас болмайды. Кім болмасын ерте ме, кеш пе мына жарық дүниеден өтеді. Жер бетінде азаматтың ат­қар­ған жақсы, ізгілікті жарқын ісі қалады, «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді», еліне жасаған жақсылығы ұмытылмайды. Ендеше, бұл күндері адамдарға неге дүние тым жақын болып, базбіреулер оның жетегіне түсіп, тіпті, оның құлына айналып бара жатқаны несі? Олардың лауазым уақытша, ал адамгершілік мәңгілік екенін естен шығарғанын қалай түсінеміз? Сол тым өкінішті-ақ!..

Осындай ой үстінде отырған сәтте, сонау ертеде – артта қалған балалық ша­ғым­да кәріқұлақ қариялардан естіген бір аңыз әңгіме есіме түсті.

Байлығымен аты шыққан, парасатты, абыройлы бір кісі жасы келіп дүниеден өтке­лі жатқанын сезіп, алдына жалғыз бала­сын шақырып, мынадай ақырғы сөзін айтыпты:

– Балам, өмір бар жерде өлім бар. Біздің бәріміз бұл дүниенің қонағымыз. Мына жарық дүниеге өкпем жоқ. Бір кісідей-ақ шалқып өмір сүрдім, көрдім, білдім. Артымда өзің – өмірімнің жалғасы барсың. Оған тәубә! Саған екі хат-аманат жазып қойдым. Біріншісін менің денемнен жан кеткенде ашып оқырсың. Ал, екіншісін – жерлеп келгеннен кейін оқы.

– Әкежан, қандай аманатыңыз болса да орындаймын. Тек о дүниеге асықпаңызшы, әлі жүре тұрыңызшы.., – деп көз жасы мөлт-мөлт еткен баласы әкесін өлімге қимай, құшақтай беріпті.

– Оның барлығы Тәңірдің қолында, балам. Талқанымыз таусылған күні, кім болмайық, дүниемен қоштасып жүре береміз. Ол – өмір заңдылығы. Өлімнен ешбір тірі пенде құтыла алмайды. Алланың бергеніне қанағат еткен жөн…

Содан көп ұзамай әлгі қарт көз жұмады. Баласы ағыл-тегіл жылап отырып әкесінің бірінші хатын ашыпты. Онда: «Балам, тө­се­гімнің астында ескі жыртық шұлығым жа­тыр. Соны маған кигізіп жерлеуіңді өтінемін», – деген жазу бар екен. Әкесінің аманатын орындау үшін баласы әлгі жыртық шұлықты аяғына кигізбек болады. Бірақ, жаназасын шығаратын молда: «Шариғатқа бұл дұрыс емес, болмайды» деп қарсылық жасап, көнбей, шұлықтарды кидіртпейді. Содан, қариялар біраз өзара даурығып, бірнеше молдамен ақылдаса келе «Қайтқан адамда кебіннен басқа ештеңе болмауы керек» деген шешімге тоқтайды. Сөйтіп, марқұмның жаназасын шығарып, ақтап-арулап, шұлықсыз жерлейді.

Әкесін жерлеп, құран түсіріп, ел тараған­нан кейін баласы: «Екінші хатында не жаз­ды екен?», – деп әкесінің екінші хатын ашады. Ол хатта: «Балам, көріп-білдің бе, маған жарық дүниеден жыртық шұлықтың өзі бұйырмады. Адам өлгенде ешнәрсені өзі­­мен бірге ала кетпейтініне енді көзің жет­кен болар. Әсте, бай да, кедей де, жарлы да, жалғыз да өледі, тірі пенде өмірден өтеді. Дү­ниенің барлығы қалады. Осыны әрдайым­ қаперіңде ұста. Ешқашан байлыққа мастан­ба, тасыма, басынба. Мүмкіншілігің бо­лып тұрса жетім-жесірлерге, ауру-кемба­ғал­дарға, кедей-кепшікке қолұшыңды беруді ұмытпа. Ылажы болса, адамдарға жақсылық жасаудан жалықпа», – делінген екен.

Ойлап отырсаң, осы бір шағын аңыз-әңгімеде қаншама жанды философия, салмақты да саналы ой, ақыл, өсиет жатыр!

Біраз жыл бұрын республикалық газеттің бірінде халық жазушысы, белгілі ақын, марқұм Қадыр Мырзалиевтің «Кісілік» атты танымдық эссесі жарияланды. Онда қаламгер ағамыз кісіліктің эталоны мен үлгісін әдемі тілмен айтып берді. Оқып отырып кейбір билік басында отырған лауазым иелеріне қарағанда, кісілігі мол азаматтардың қоғамға, ортаға, елге қажеттірек екенін мойындайсың. Кісілігі мол адам шаршамайды-шалдықпайды, баршылыққа тасымайды, жоқшылыққа жасымайды. Әрдайым бір сыдырғы сырбаз, қарапайым мінезімен, терең таным-түсінігімен ел арасында сыйлы, абыройлы азамат болып қала береді.

Адамның дүниеге келгендегі негізгі мақсаты – бір-біріне қызмет ету, жақсылық жасау, бірін-бірі демеу. «Қолында бірдеңе болса, алған адам емес, берген адам ба­қытты» – деп қазекем бекер айтпаған. Сон­дықтан, кейде іштей болса да: «Осы мен қалай өмір сүріп жүрмін өзі? Ел алдында арым таза ма? Адалдықтан, әділдіктен алшақтап кетпедім бе? Халқыма нендей жақсылық жасадым?», «Қатарымыздағы арлы азаматтар кім?» – деп ой таразысынан өт­кізіп қойғанымыз, сірә, артық емес сияқ­ты. Адам тал бесіктен жер бесікке дейінгі өлшеп берілген екі аралықта істеген қылығына өкінбегені абзал-ау, тегі.

Жақсылықтың, кішіпейілдіктің, жа­сам­паздықтың, кісіліктің ақ желкенін жанымызға жалау етіп, еліміздің байлығын арттырып, жерімізді гүлдендіріп, рухани байып келер күндерімізді нұр шуағына бөлей түскеніміз қандай жақсы, замандас! Оған сіз болып, біз болып әрдайым талпынайық, ұқсап бағайық, сонда ғана бақытқа кенеліп, көкжиегіміз кеңейе түспек.

Адамгершіліктің, кісіліктің туын биік ұсталық!

 Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор

ТАРАЗ

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*