Алтайдағы Аустрия жолы

 

austriya-zholy-4Таяуда осыдан 100 жыл бұрын Шығыс өңірінде тау қопарып, тас қашаған бірінші дүниежүзілік соғыс тұтқындары туралы деректі фильм түсірілді

Өр Алтайды араласаңыз, қос сауырындағы катонқарағайлықтар да, марқакөлдіктер де асқақ асуларды асатын «Аустрия жолы» аталатын көне соқпақтың болғанын айтады. Алтай жыршылары Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей шығармаларында бұл туралы там-тұмдап жазылған. Иә, адам аяғына алыс асқарлар арасындағы жұмбақ жол кімді болса да қызықтыратыны анық. Осы қызығушылық арқасында тау басындағы жолдың тарихы соңғы жылдары біртіндеп ашылып келеді. Әнебір жылдары бірқатар жергілікті журналистер жүріп өтті. Екі жыл бұрын Семей әуежайында тұрғанымызда аустриялық зерттеушілер осы жолдың жай-жапсарын сұраған. Ұлт тарихын түгендеп жүрген еуропалықтар бастаған ісін аяқсыз қалдырмапты. Жуырда Аустрияның Қазақстандағы елшілігі 1914-1918 жылдардағы Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Катонқарағай мен Марқакөл арасын жалғаған жол құрылысында жұмыс істеген аустриялық әскери тұтқындар туралы деректі фильмді назарымызға ұсынды. Режиссер Руслана Берндлдің орыс және субтитрдағы ағылшын тілінде түсірген картинасының ұзақтығы – 38 минут. Деректі дүние А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының мәжіліс залын­­да көрсетілді.

– Германияда болғанымда жол көрсеткіш парақшадан Шығыс Қазақстанда жүйкесі нашар адамдар көруге шыдамайтын биік заңғарлар арасында Аустрия жолы бар деген қысқа жазуды оқыдым да, оған баруға бірден аңсарым ауды. Бұл қандай жол? Неге «Аустрия жолы» аталған? Оны кімдер салды? Менің зерттеуім осы сауалдарға жауап іздеуден басталды, – дейді режиссер. Венадағы тарих институтының докторанты бұл туралы деректердің өте сирек, қат екенін айтады. Тіпті, Омбы, Барнаул архивтеріндегі ізденістерінен де оңды нәтиже шықпаған. Ал кей мұрағаттар жабық. Құрылысты салғаннан бері бір ғасыр уақыт өткендіктен арамызда тірі куәгерлер жоқ. Десе де, жергілікті тұрғындар мен құрылысқа қатысушылардың ұрпақтарынан біраз жайға қаныққан. Ол бұл бағыттағы зерттеуін әрі қарай жалғастыра бермек ниетте. Айтуынша, ұлты француз, аспазшы болып істейтін күйеуі оператор ретінде түсіру жұмыстарына көмектескен екен. Ерлі-зайыптылар фильмге 10 мың евро жеке қаржысын жұмсаған. Рас, кино айтарлықтай кәсіби һәм сапалы емес. Есесіне, тың тақырыпқа бойлаған алғашқы туынды екендігімен құнды. Бұл көне сүрлеудің орнын бүгінде шөп-шалам мен тас басқан. Әдейі келген туристер мен экстремальды жағдайды сүйетін спортшылар болмаса, қарапайым тұрғындар көп жүре бермейді.

Ең алдымен, Шығыстың Катонқарағай мен Марқакөл өңірін жалғаған ескі жол – тарихи, мәдени, табиғи мәні зор ескерткіш һәм адамның ерен еңбегінің жемісі. Қазақстан, Ресей, Моңғолия және Қытай елдерінің шекаралары түйіскен тұстағы жағрафиялық орны ғаламат. Сондай-ақ, «Аустрия жолы» аңыз бен ақиқаты аралас құрылыс деуге болады. Өйткені, қай кезде де жеткіліксіз ақпараттың орнын жел сөз толтырып отырды. Анығы, жолды әскери тұтқындар салды. Олар Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Австрия-Венгрия тарапында соғысқа кіріп, тұтқынға түскен чех, мажар және словак жауынгерлері болатын. Шайқаста жаппай тізе бүгіп берілген соң оларды Катондағы Шыңғыстай мен Марқадағы Теректі ауылдарының арасын жалғайтын жолды жасауға алып келген болуы мүмкін. Әскери тұтқындар үш барак салып, әр баракта 100 тұтқыннан тұр­ған. Жергілікті халық оларды үкімет таулар­дың жалаңаш құздарының арасына әкеп тас­тай салғандығын, бейбақтар өз тамақта­рын өздері тауып күн көргенін айтады. Яғни, жол құрылысымен бірге бидай, картоп еккен. Ен жатқан орман қарағайларын қиып салған лазарет пен егінжайлар орны сақталған. Бір ерекшелігі, тұтқындарға арнайы күзет қойылмаған. Олардың қашатын жері де жоқ еді. Оңтүстігі Қытайдың құм басқан шөл даласы болса, солтүстігі бас айналатын биік таулар. Сондықтан, күзетсіз тұтқындар Катонқарағай базарына барып, жергілікті тұрғындардың жұмысына жалданып, нәпақаларын тауып жүрген. Әрине, ауыр құрылыс пен аштық, жұқпалы ауру болмай тұрмайды. Аустрия жолының үстінде казактар тұрған Зимовье елді мекені бүгінде бос қалған ескі жұрт. Осы жерде казактар моласынан бөлек аустриялық қорым бар. Алтайда дәм-тұзы таусылған 30-дан астам тұтқын осында жерленген екен.

Теңіз деңгейінен 2 мың метр биіктікте орналасқан трассаны қайла мен күректі пайдаланған қол еңбегімен қалай салғанын елестетудің өзі қиын. Құрылыс кезінде ауыр жұмысқа жегілген жауынгерлердің таудан құлаған тас астында қалғаны да, шатқаяқтағанының сайға сырғып мерт болғаны да шын. Асулар мен жоталарға өрмелейтін қылдай жолдардың жоба­лаушысы тұтқындар арасындағы әскери инженерлер болыпты. Олар құрылысты Альпідегі жолдардың жобасымен салуға тырысқан. Яғни, жолдың өзіндік инженерлік шешімдерінің дәлдікпен шығуы бекер емес. Атақты голливуд актері, Калифорнияның 38-ші губернаторы Арнольд Шварцнеггердің атасының сол соғыста тұтқынға түсіп, туған жеріне оралмағандығы және осы құрылысқа қатысуы мүмкін екендігі айтылады. Бұл жөнінде «Терминатордың» өзі де хабардар екен. Тіпті, бір жылдары Алтайға келіп, атасының ізі қалған жолды көзімен көруге бел байлап отыр деген де сыбыс тараған болатын.

Ең бастысы, бұл жолдың стратегиялық маңызы болды. Өйткені, оны Қытаймен арадағы шекараны бекітуге пайдалану көзделген еді. Жоғарғы Ертістегі пароход тарихы да жолдың маңызын айшықтай түседі. Семейлік және өскемендік пароход компаниялары адамдар мен жүкті тиеу туралы алғашқы тапсырысты әскери ведомстводан алғаны белгілі. Яғни, қысқа жол арқылы қару-жарақты, әскерді тез жеткізуге болады. Жол құрылысы қауырт жүргені сондай, жұмысшылар ерсілі-қарсылы екі бағытта да еңбек етіпті. Қанша жанның құрбан болғанына қайғырған ешкім жоқ, екі жылдан кейін жолмен алдымен жүк тиелген арбалар, сонан соң жүк машиналары жүре бастаған екен. 1918 жылы маусым айының басында аустриялық тұтқындар сапқа тұрғызылып, баржамен Өскеменге, әрі қарай Омбыға жөнелтіледі. Содан соң Қиыр Шығысқа жеткізіліп, теңіз арқылы туған жерлеріне қайтарылады. Р.Берндлдің айтуынша, бұл тұтқындардың ішінде кімдер болғаны туралы дерек Аустрия архивтерінен де табылмай отыр.

austriya-zholy-7

austriya-zholy-1Екінші нұсқа ретінде сөз етіліп отырған жолдың шаруашылық мақсатта салынған болуы керектігі айтылады. Өйткені, бұл – биік заңғарлар бөліп жатқан екі ауданды жалғайтын жер. Осы арқылы тауды айналып баратын 500 шақырымдық жол 90 шақырымға дейін қысқарды. Бүгін де уақытты үнемдеу үшін әрі табиғаттың тұмса көркіне тамсану мақсатында Аустрия жолымен өрмелейтіндер баршылық. Мұндағы Мәрмәр, Оңтүстік Алтай, Тарбағатай жайлауы, Бұрқат асулары, Марқакөл, Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағын қиып Бұқтырма мен Қарақаба өзендері ағып жатқан жазықтар, барлығы да табиғат-ананың уыз бейнесі. Қарақабадағыдай мөлдір су тек осы жерде кездеседі. Тіпті, көз алдайтын тұнықтығынан бір қарыс іспетті су түбі, бойласаңыз, адам бойынан асады. Ілкіде өзеннен 300 грамдық сом алтын табылған екен. Осы арадан Қытай жеріндегі Қызылқұм бархандары көрінеді. Мұнда Катонқарағай ұлттық табиғи паркі мен Марқакөл қорығы орналасқан. Мемлекет қорғауындағы бұл аймақ түрлі өсімдік пен жануарлар әлеміне бай. Айталық, басқа жерде кездеспейтін тау жаңғағы өседі. Бұрқат биігінде, дәлірек айтқанда, теңіз деңгейінен 2141 метр жоғарыда қар барысы, тауешкілер мекендейді. Дәл осы арадан күн райы ашық болса, Мұзтаудың бір-біріне мінгескен қос құзар шыңын көруге болады. Алтай мен Сібірдің ең биік нүктесі саналатын Мұзтаудың мәңгі қар басқан, мұз жастанған 4506 метрлік биіктіктегі шыңдары өзінің тәкаппар кейпін тек жаны таза, жүрегі шуақты, санасы сәулелі адамдарға ғана көрсетеді, қалған кезде тұман бүркеніп тұрады деген аңыз бар.

Әрине, саусағыңды шошайтсаң аспанға тиетіндей көрінетін әйгілі Бұрқат асуында қандай тәжірибелі жүргізуші болса да, табан астынан сырғыған, төбеден құлаған тастар адам өміріне қауіпті. Өрге шыққанда көлікті итергендей күй кешсеңіз, төменге ылдилағанда тежегішті өзіңіз басып отырғандай әсерде боласыз. Үйдей тастар басып қалуы да мүмкін. Әсіресе, жауын-шашынды күндері тәуекел етудің қажеті жоқ. Көктемгі-күзгі маусымда жол бойына ірілі-ұсақты тастар жиналып қалады. Жергілікті тракторшылар әрі-бері жол жүргенде өздерінің тазалауларына тура келеді. Яғни, жолдың күтіміне жауап беретін мекеме жоқ. Онда түрлі дәрежеде салынған 16 көпір кездеседі. Барлығы да типтік жобалар. Төрт метрлік қалыңдықта қар жауатындықтан таудың асау өзендері көпірді жиі бұзып кетеді. Дегенмен, 100 жыл бұрын салынған көпірлердің сәулеттік негізі табиғаттың қатаң райына шыдас беріп, әлі сақталып келе жатқаны таңғалдырады. Мұнда «Солдат құлаған» деген жер бар. Әскери тұтқындардың бірі құлаған жер болуы әбден мүмкін. Кеңес Одағы кезінде де талай техника шыңырау түбіне кеткен. Тракторымен келе жатқанда құздан аударылып кетіп, тірі қалғандар да бар екен. Соның бірі ауруханада ұзақ жатып, лотореядан жеңіл көлік ұтып алыпты. Қазір Алтайдың ойлы-қырлы жолында ұтқан көлігімен ызғытып жүр. Жергілікті жүргізушілер қиядан кейін жазық жолда көлікті қалай жүргізуді ұмытып қалатындарын айтып әзілдейді.

100 жыл бұрын жолды салған құрылысшылардың ұрпақтары бүгінде Катонқарағайда, Зырянда, Риддерде, Өскеменде тұрып жатыр. Олардың арасында туған жеріне қайтпай, Шығыс жерінде қалып қойған аустриялық Ян Мицоның ұрпақтары туралы айтуға болады. Өскеменде тұратын қызы Виктория Яновна Попованың айтуынша, әкесі келбетті, ешкіммен сөзге келмейтін, балаларды жақсы көретін, жұмыскер жан болыпты. Берелде, Зырянда, Катонқарағайда тұрып, төрт бала өсіріп, тәрбиелеген екен. Будапешт туралы жиі ән салғанымен, туған шәріне қайтуға құлқы болмаса керек. Оны 1938 жылы «халық жауы» деп алып кетеді. 1944 жылы қайтыс болады. Кейін ақталады. Әйелі Анастасия Шипицинаның алғашқы некесінен екі баласы, Яннан екі баласы болған көрінеді. Немересі Любовь Михайловна Одессада технологиялық институтта оқыған жылдары марокколық Мұхамед Бужнанмен танысып, тұрмысқа шыққан. Мароккода граф Шереметьевтермен көрші тұрады. 1970 жылдардың ортасына дейін онда орыс эмигранттары көп болыпты. Әр жазда туған жеріне келіп тұратын Люба «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген қазақы байламды енді түсінгенін, туған жерін түсінде жиі көретінін айтады. Янның марокколық шөберелерінің бірі Канадада, бірі Парижде өмір сүріп жатыр. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстары кезінде жергілікті аруды сүйіп, қалып қойған тұтқындар да бар. Олар да 1937 жылдары бірден «халық жауы» ретінде көрсетіліп, атылып кеткен. Аустриялық тұтқынмен көңіл қосқан бастауыш сынып мұғалімі Нина Петровна Терентьеваның ұрпақтары бүгінде Катонқарағайда тұрады. Міне, «Адамның басы – Алланың добы», деп қазақ осындай тағдырларды меңзеп айтқан болар.

P.S: Тау қопарып, тас қашаған тұтқындардың жанкешті еңбегінің куәсі болған көне жолды дайын туристік бағыт ретінде пайдалануға әбден болады. Әрине, оның құс қанаты талатын биігіне жалғыз өрлеу өте қауіпті. Жолай тағы аңға жем болуыңыз да, қалың жыныста адасып кетуіңіз де кәдік. Сондықтан, арнайы туристік топтар арқылы ішкі және сыртқы туристердің жиі келетін нысанына айналса, құба-құп дейміз. Бұл туризммен бірге спортты да, тарихты да қамтитын бірегей жоба болар еді. Шетелдіктер түсірген фильмнен кейін түйген ойымыз осы.

 Шығыс Қазақстан облысы

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*