Орамал қасиеті | Етжеңді

Орамал қасиеті

oramal-qasietiЕрсілі-қарсылы ағылған көліктер, көзбен көргенде бетіңді тыржитқызар әлеміш жапсырмалар, ашық-шашық киінген адамдар мен олардың ауыздарынан еститін орысша, қазақшасы араласып кеткен қойыртпақ сөздер, бәрі-бәрі еңсеңді езе түскенде, жаныңа дәру таппай, ағымға амалсыздық танытудан аса алмай жүріп, маңдайыңа жазылған ортадан өзіңнің жаныңа жақын дүниелерді іздеуге бүйрегің бұрып тұратыны бар. Бірақ, көңіліңнің көксегені көз алдыңа көлбеңдеп көріне қоймай, жүрегің ауырады. Өзгенің жезін алтынға балауға келгенде алдымызға жан салмайтынымыздың себебінен қазақы нақыштар көмескілене түскен мына кезеңге қарата айтар уәжің де құмыға естіледі.

 

Мәселен, маған орамал тартпайтын әйелдер біртүрлі әсер етеді. Әсіресе, орта жастан асып, немере сүйіп отырған кейбір апаларымыз бен самайын ақ қырау шалған әжелерімізді жалаңбас күйде көргенде ыңғайсызданып қаласың.

Кезінде күнкөріс қамымен ауылдық жерлерден қалаларға аттанған әйелдер қауымының арасында да барған ортасының ықпалымен орамалын шешіп, шаш бұйралап, әлгілердің легіне ілесіп кете барғандар көп. Солардың арасындағы кейбір келіндеріміз бен жеңгелеріміз өздерінің қайынаталары, қайынағалары, қайын ене, қайынбикелері үйлеріне келіп қалса, жалаңбас жүргенінен ұялғансып, ізет сақтағансып, сандық түбіндегі бүктеулі жатқан орамалын іздеп, шала бүлініп қалатындарына жиі куә боламыз. Мұның өзіне, әйтеуір, көңілінде ақ жаулыққа деген құрметі мен дұрыс көзқарасының табы бар екен-ау деп, ішің жылып, іштей тәубе дейсің.

Сондай-ақ, қазақта: «Әйел орамал тақпаса арын ұмытады, күйеуі­нің барын ұмытады, шашы тамаққа түседі, үйіне келген қонақтың назары түседі», – деген сөз бар. Міне, осылайша талай ақынның жырына, қазақтың нақыл сөздеріне арқау болған орамалдың қадірі бүгінде әжептәуір төмендеңкіреп кеткеніне іштей қынжыласың.

Осыдан біршама уақыт бұрын танысымнан мынадай күлкілі оқиға естідім.

Бір сүрбойдақ қалыңдық іздеп, қаталап жүреді. Әке-шешесі құлағына тыным бермей, «үйлен де үйленнің» астына алса, қу тілді құрдастары мен жеңгелері әзілмен тақымдап болмайды. Қыз-қырқындардан көздеген немесе икемдеген ешкімі жоқ жігіттің көзіне бір сұлу түсіп, дегбірін қашырады. Жақын барып тілдесуге, танысуға батылы жетпей, сыртынан ғана бақылаудан аса алмай, дос­тарына жай-күйін айтайын десе, онсыз да олардың шымшымаларына мелдектеп тойып жүргендіктен тілі батпай, қиналған, «қор» болған біздің кейіпкеріміз ақыры шыдамы таусылып, таныс-бейтаныс аруды әй-шәй жоқ алып қашу қажет деп табады. Сонымен, амалсыздан екі-үш жолдасына бұл пікірін білдіріп кеп жібереді. Олар да мәселенің салдары қалай өрбуі мүмкін екенін сараламай, «Онымен тілдесіп көрсек қайтеді» деместен, «Болды, аламыз да, қашамыз» деп даурыға келісіп, не керек, реті келгенде, қаға берісте мәшинеге «қалыңдықты» сүңгітіп жіберіп, тайып тұрады. Түкке түсінбей, екі көзі шарасынан шығардай болып отырған сұлуға жігіттердің бірі былай шыға мәселенің мәнісін түсіндіреді. Сонда әлгі «қалыңдық» екі баласы бар келіншек екенін, мына жайтты күйеуі білсе екі тарапқа да оңайға түспейтінін, масқара болмай тұрғанда кері қайту керектігін айтып шырылдайды. Жігіттер жағы оның бұл сөзін қулыққа балап, көне қоймайды. Абырой болғанда «қалыңдықтың» сөмкесінен оның келіншек екенін дәлелдейтін сурет табылып, «күйеу» мен жолдастарының үрейлері ұша кешірім сұрап, оқиғаны ешкімге сездірмеуге келісіп тарқасады. Бірақ «отыз тістен шыққан сөз…» деген бар емес пе?..

Негізінде, орамал – ана екеніңді, біреудің Құдай қосқан жары екеніңді, ақ-адал ниетпен аттаған шаңырағың бар екенін білдіретін белгі. Оның басты қасиеті де осында жатса керек. Бүгінде көпшілік орындарда, көшеде, үйде, түрлі мекемелерде басына қазақы әдеппен орамал тартып жүретін әйелдерді өте сирек кездестіресің. Бұл – орамал тағу мәдениеттіліктің бір нышаны екенін ескермеудің салдары.

Жалпы, «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп тоқмейілсуге, орамалдан ада әйел затын түсінуге де болар. Дегенмен, кешегі аталарымыз бен әжелеріміздің ақ жаулықты қадірлей білгендерінің себебі мен астарына үңіліп, бабалар үрдісін жалғай түссек, туымыз жығылып қалмас.

Әйел затының кіршіксіз ары мен ниетінің белгісі саналатын орамалды тартудың физиологиялық жағынан пайдасы мол екені мамандар тарапынан арагідік болса да айтылып жүр. Бұл жөнінде медицина ғылымдарының докторы, профессор Қарлығаш Тоғызбаева өзінің бір сөзінде: «Ер адамдар көбіне көктен, әйелдер жерден қуат алады. Сондықтан да болар, әйелдің шашы, магнит тәрізді, ауадағы кір, лас қуатты жинағыш келеді. Бұл да оның, әсіресе, бас ауруына ұшырауына әсер етеді. Менің өз тәжірибемде кездескендей, орамал тартқаннан кейін «басының сақинасы», өзге де дерті жазылып кететіндер аз емес. Бұған қоса, ашық-шашық жүрген әйел көктен өзіне қажет емес артық қуат алады, нәтижесінде ағзада гормон жүйесінің бұзылуы етек алып, жыныс мүшелеріндегі қатерлі ісік және өзге де ауруларға жол ашады» депті.

Осы арада бір ескере кетер жайт, орамал тарту тек қазақ әйел­деріне ғана тән үрдіс емес. Түр­кітілдес халықтарды, ислам дінін тұтынатын ұлттарды былай қой­ғанда, діні, қаны, өмір сүру дағды­сы, мәдениеті бөлек өзге жұрт­тар да орамалды қастерлеп, оны пай­далана білген. Демек, орамал та­ғу мәнеріне үрке, жатырқай қа­рай­тын құбылыс деп шеттетудің жөні жоқ. Оның географиясы өте кең.

Мәселен, діни нанымы бойынша еврей қауымының әйелдері орамал тартуға тиісті екен. Осы орайда оларда «Қыздарға орамалсыз жүру жараспайды», «Әйелдері орамал тақпайтын еркектерді қарғыс атсын!», «Еркектерге ұнау мақсатында басын ашық ұстайтын әйелдер жоқшылық әкеледі» дегендей ұғымдар бар көрінеді. Бұдан бөлек, яһуди дінінің ұстанымы бойынша әйелдің жалаңбас жүруі жалаңаш жүрумен тең саналады екен. Бұл орамалсыз әйелдің жанында дұға оқып және басқа да ғибадаттар жасауға рұқсат етілмейтінін білдіреді. Сонымен қатар, яһудилер арасында орамал тағу әйелдің абыройы мен беделін, әлеуметтік жағдайын көрсететін болған. Яғни, орамал тарту тектіліктің нышанын білдірген. Сол үшін де оларда жеңіл жүрісті әйелдерге орамал тағуға тыйым салынады. Алайда, тағдырдың талайымен Еуропаға тұрақтап қалған еврей әйелдері ортаға бейімделу мақсатында орамалдарын тастап, оның орнына парик тұтынып кеткен. Соның нәтижесінде бүгінгі яһуди әйелдерінің көпшілігі орамалды тек синогогаға барғанда ғана тағатын болыпты.

Сол сияқты, христиан діні де орамал тағу мәселесіне немқұрайды қарамайды. Католик шіркеулеріндегі монах әйелдердің ықылым заманнан бері орамал тағатыны белгілі. Бүгінгі католик дінінің негізгі заңдарында шіркеулерде әйелдерді бастарына орамал тағуға міндеттейтін арнайы бабтар бар көрінеді. Амиш пен меннонилер секілді кейбір христиан ағымдары әлі күнге әйелдердің орамал тағуын талап етеді екен.

Осыдан бірер жыл бұрын Мәскеуге жолым түсіп, қайтарда отбасыма сыйлық алмақ болдым. Қызыл алаң маңындағы кәдесыйлар сататын дүкендердің біріне кіріп, не аларымды ойлап тұрғанымда сатушы әйел қайдан келгенімді сұрады да: «Мен сізге шын пейіліммен кеңес берейін. Түрлі жылтырақтарға қызығып қайтесіз, олардағы бейнеленген көріністердің бәрі қазақстандықтарға таңсық емес. Одан да сіз әйеліңізге немесе анаңызға орамал сатып алыңыз. Қазақтар да біз секілді, орамалды құрметтейтінін білемін. Сіздің отандастарыңыз да ылғи орамал сатып алады. Міне, қараңызшы, өте сапалы, таза табиғи жүннен тоқылған» деп, маған орамал ұсынды. Мен де оның ұсынысынан бас тартқан жоқпын. Бұдан біз орыс халқының да орамалға деген оң көзқарасын аңғарамыз.

Демек, біз жоғарыда келтіріп өткен мысалдардың барлығы орамал тағу тек қазақ әйелдері алып келген үрдіс, әдет емес екенін білдіреді.

Жалпы, қазақта орамалдың қадір-қасиетін ұқтыратын әдет-ғұрыптар мен жөн-жоралғылар баршылық. Солардың бір мысалы ретінде араша үшін ортаға орамал тастау ишарасын айтуға болады. Араға орамал тастау ғұрпы көбіне қыз, жесір дауы орын алып, екі рулы елдің арасы бүлінуге шақ қалған кездерде болған. Бұдан бөлек, басқа да келеңсіз жағдайлардың кесірінен туындаған ағайын арасындағы тартыс кезінде, тіпті, бүкіл ел өміріне зардабын тигізетін оқиғалар барысында беделі жоғары, сыйлы аналар тараптарды арашалап, бейбіт келісімге, мәмілеге келуге шақыру мақсатында орамалын ортаға лақтырған. Ал ананы сыйлайтын, орамал қасиетін бағалайтын ер азаматтар әлгі орамалдан аттап өтуді ар санап, оның киесінен тайсақтап, қара күшке емес, сөзге жүгініп, келісімге келген. Арыға бармай-ақ, беріректен мысал келтірер болсақ, 1991 жылы Орал қаласында болған Орал казактарының патша ағзамға қызмет етуінің 400 жылдық мерекесін тойлау жөніндегі келеңсіз әрекетке қарсы шараны ұйымдастырушылардың бірі, ақын Айсұлу Қадырбаева оқиға кезінде қазақтар мен жергілікті казактардың арасына орамал тастаған деседі. Өз кезегінде бұл әрекет екі жақты сабасына түсіруге елеулі септігін тигізген…

Міне, орамалдың қадір-қасиеті жөніндегі айтар сөзіміз осындай. Мұны біздің бүгінгі замандастарымыз біліп жүрсе, артықтық етпес.

Замана құйынының екпінімен қазақ әйелдерінің басынан суси сыпырылып, әлдеқайда маңып бара жатқан ақ орамалға ілесіп ұлтымыздың ұяты да көзден ғайып болып жүрмесін.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*