Көненің көзі

06-10-16-askeeva3Небір тауқыметтерді басынан өткерсе де мойымай, алға ұмтылған, соңғы екі ғасырға куә болған сүйегі асыл ардагерлер арамызда сиреп барады. Солардың алдыңғы қатарында қоғам қайраткері, болмыс-бітімімен, өнегесімен көпке үлгі болып жүрген Күләш Әскейқызы да бар. Бүгін біз осы бір аяулы жан туралы азды-көпті әңгіме қозғамақпыз.

Ғасырға жуық өмір сүрген қарияның қимылы әлі ширақ екен. Жанарынан төгілген мейірім шуағы жаныңа ерекше әсер етеді. Алланың өзі күш-қуатын молы­нан берген жандардың бірі болғаны ғой…

Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданын­­да 1921 жылы 3 қыркүйекте дүниеге келген Күләш апай талап­­ты, білім қуған, өз ұлтына қызмет етуді мақсат еткен қазақ қыздарының бірі бол­ды. Алматыдағы педагогикалық учи­ли­щені 18 жасында, яғни, 1939 жылы бітір­ген ол Жамбыл облысының Талас ауда­ны­на мұғалімдік қызметке жіберіледі. Үл­к­ен өмірдегі жолы мұғалімдік қызметтен бас­талған Күләш апа сол бір шақтарды былайша еске алады.

«Алматыдағы педучилищені бітірген соң, біздерді, дәлірегі үш қызды Оңтүстік Қазақ­с­тан облысына жолдама берді. Ол жақ­тан қазіргі Жамбыл облысына жі­берді. Мектеп парталары тиелген трактор тір­ке­месімен жолға шықтық. Содан, Әулие­атадан Талас ауданының орталығы Ақкөл ауылына арада үш күн қонып жет­тік. Аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Құдай­берген Ақылбаев деген жылы жүзді кісі мені және қасымдағы Жауһар Әмірқызын осындағы жетіжылдық мектепке алып қалды, – деп әңгімесін әріден бастаған Күләш апа аз ғана үнсіздіктен кейін әңгімесін одан әрі жалғады. – Оқушыларымыздың көбісі өзімізбен қатарлас, тіпті, кейбіреулері бізден үлкен. Ұлты­мыздың салт-дәстүрінің қаймағы бұзыл­маған қазақы ауылдың құрметіне бөлене жүріп, алғашқы еңбек жолымызды бастадық. Математика, жаратылыстану, тарих, орыс және қазақ тілі пәндерінен сабақ өтеміз. Шәкірттеріміз ұқыпты, берілген тап­сырманы тыңғылықты орындайтын. Оқу­шыларымызбен бірге хор, драма, би үйір­мелерін қолға алып, аудан орталығында түр­лі қызықты кештер ұйымдастыратынбыз. Рия­сыз пейілдегі ауыл тұрғындары біздің өнерімізді тамашалауға көптеп жиналатын. Елжірей еске алатын кездер ғой ол».

Осылайша еңбек жолын бастаған Күләш Әскейқызы 1941 жылы күзде Талас ауданы Ерназар ауылындағы Круп­ская атындағы жетіжылдық мектепке ди­рек­­­тор болып тағайындалады. Алғыр, ұйым­­­дас­­тыру­­шылық қабілеті жоғары жас маман бұдан кейін, яғни, 1941-1953 жыл­дары аралығында Талас аудандық және Кеген аудандық (Алматы облысы) ком­сомол комитеттерінде бірінші хатшы, Алматы облысы Жамбыл аудандық пар­тия комитетінде нұсқаушы, Красногор аудан­­дық комитетінде бөлім меңгерушісі, үшін­­ші хатшы, сондай-ақ, Жамбыл облысы Крас­ногор және Жамбыл аудандық партия коми­­тет­терінің бірінші хатшысы болады.

Бұл жөнінде Күләш апа: «Ұлы Отан соғысы басталған кезде жергілікті партия, комсомол ұйымдарында жауапты қызметтер атқарып жүрген ер азаматтар майданға аттанды. Олардың орнына қыз-келіншектер тағайындалды. Осылайша, мен комсомол, партия қызметтеріне араластым. Өкініштісі сол, соғысқа аттанған азаматтардың, олар­дың арасындағы шәкірттерімнің көбісі елге оралмады», – дейді жанарына жас үйіріп.

Осы арада ерекше айта кетер жайт, Күләш Әскейқызы 28 жасында, яғни 1950 жылы 12 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі үшін­ші шақырылымының депутаты болып сайланады.

«Мені басшылық қызметке баулып, шыңдаған азаматтардың ішінде Жамбыл об­лысының сол кездегі бірінші хатшысы Із­мұхам­мед Еділбаевтың есімін айрықша ата­ғым келеді. Ол кісі менен ақыл-кеңе­сін аяған жоқ. Қажығанда қайрады, жігер­лендірді…

Мен 1950 жылдың соңында Мәскеудегі КОКП жанындағы Ленин есімімен ата­латын екіжылдық мектепке жіберілдім. Осында дәріс ала жүріп үшжылдық Жоғары партия мектебіне сырттай оқуға түстім. Екі мектепті де өте жақсы бағамен тәмамдадым. КОКП Орталық комитетіндегілер оқуға келгендермен әңгімелесу барысында маған: «Жас балаларыңыз бар екен, бірер айдан соң оларды сағынып, оқуды тастап кетпейсіз бе?» деді. Мен: «Барлық ауыртпалыққа шыдаймын, оқуды тастамаймын» дедім. Осы кезеңдерде Сталин бастаған ел бас­шы­ларын жиі көретінбіз. Сондай-ақ, Мәс­кеу­дің Үлкен театрына барып, өнердің атақ­ты шеберлерінің қатысуымен өтетін қойылымдарды тамашалайтынбыз», – дейді өткен шақтың иірімдерін еске түсірген Күләш Әскейқызы.

Біздің кейіпкеріміз 1953-1965 жылдары аралығында Жамбыл облыстық кеңе­сі атқару комитеті төрағасының орын­басары, еңбекшілер депутаттары Жамбыл облыстық кеңесінің депутаты әрі облыстық партия комитетінің мүшесі болады.

Өмірінің осынау белестерін жадында мықтап сақтаған Күләш Әскейқызы бұл жөнінде: «Сол кезеңдерде Жамбыл облы­сында қант қызылшасын өңдейтін үш зауыт тұрақты жұмыс істеп, тұтыну­шы­лар­ды қант өнімдерімен толық қамта­ма­сыз ететін. Облыс республика бойынша қант қызыл­шасын молынан өсіретін аймақ еді. Осы салада Социалистік Еңбек Ері ата­ғын алғандардың да дені Жамбыл об­лы­сы­нан шықты. Бір ғана «Красная звезда» ұжым­шарында Сындыбала Оңғар­баева, Дариға Жантоқова бастаған сегіз Со­циа­лис­тік Еңбек Ері болды. Мал шаруа­шы­лы­ғ­ын өркендетуге, осы салада еңбек ете­тін жан­дар­дың тұрмыстық-әлеумет­тік жағ­дайын жақсартуға баса көңіл аудары­латын. Олар­ды керекті киім-кешек, азық-түлік, бас­қа да заттармен қамтамасыз ете­міз. Шо­пан­дардың балаларын мектеп-ин­тер­нат­­тар­да оқыту, дәрігерлік көмектер көр­сету, ав­то­дүкендер мен автоклубтардың жұ­мыс­­­т­арын ұйымдастыру, газет-журнал­дар жаздыру ісі тұрақты назарда болатын», – дейді.

Жалпы, Күләш Әскейқызының тікелей араласуымен атқарылған шаруалардың барлығын бір мақала аясында тізіп шығу мүмкін емес. Сонда да болса, бір мысал келтіре кетейік.

Кеңес Одағы тұсында бірде-бір ғимарат Кремльдің рұқсатынсыз салынбағаны белгілі. Ондай келісімді алу да оңай емес-тін. Алайда, халық игілігіне аса қажетті ғимараттарды салуға рұқсат алу кейбір жағдайларда жергілікті басшылардың амал-тәсілдерінің нәтижесінде мүмкін болатын. Мәселен, бүгінде Тараз қаласының көркін ашып тұрған Жамбыл облыстық драма театрының ғимаратын салуға рұқсат сұралған кезде Мәскеуден «Халыққа мәдени қызмет көрсететін клуб үйі» деп құжат рәсімдеу тапсырылады. Кейіннен Күләш Әскейқызы бастаған жергілікті басшылар КОКП-ның «сара жолынан» айналып өтіп, салынуы тиіс қара­пайым клуб үйін білдей театр ғимаратына «айналдырып» жібереді.

Сол тұстарда облыстың мәдени өмірін­де көптеген жағымды жаңалықтар, ат­қарылған шаралар елдің еңсе тіктеуіне негізгі себепкер болғаны Күләш Әскейқызы мен оның замандастарының есінен өшкен жоқ. Кейіпкеріміз бұл тұрғыдағы әсерлі әңгімесін былайша өрбітті: «Облыстың мәдени саласында атқарылған шаруалар аз болған жоқ. Аудан орталықтарында клубтар жаппай салынды. Жаңа балабақшалар мен мектептер бой көтерді. Хрущевтің саяси реформасы кезінде аудандар ірілендірілді. Соның себебінен босаған үйлер емханалар мен ауруханаларға берілді. Туберкулезге қарсы шаралар мықтап қолға алынып, арнайы диспансерлер ашылды.

Түрлі мәдени шаралар өтіп тұратын. Әсіресе, ақындар айтысын тұрақты өткізіп тұрдық. Ауқымды мәдени шаралардың көбісін Кенен Әзірбаев атамыз ашып, жылы лебізін білдіріп жататын. Сабырлы, өлең-жырдың кеніші, қарапайым Кенен атамызбен талай мәрте табақтас болып, батасын ал­дым. Бірер айтысқа көрнекті жазушы Сәбит Мұқановты шақырып, қазылық жасат­тық. Мұғалімдердің тамыз сессиясына министр­лер, Қазақстан Орталық комитетінің жауапты қызметкерлері қатысатын», дейді Күләш Әскей­қызы өткенді елжірей еске алып.

Күләш апайдың Жамбыл облысындағы абыройлы қызметі 1965 жылы Қазақ КСР Әлеуметтік қамсыздандыру министрлігімен тығыз байланыста жалғасты. Қатарынан 12 жыл, дәлірегі, 1976 жылға дейін Әлеуметтік қамсыздандыру министрінің орынбасары болып қызмет атқарған біздің кейіпкеріміз бұл салада да кібіртіктеген жоқ. Ел алғы­сына бөлене білді.

Осы арада Күләш апайдың еңбегін өз замандастары кезінде жоғары бағалаға­нын да айта кетейік. Мә­селен, мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров 1994 жылы жарық көрген «Тағдыр» атты ғұмырбаяндық кітабында біздің кейіпкеріміз туралы: «Күләш Әскей­қызы саяси аса сауатты, шешендік қабілеті жоғары жан. Ол еңбек жолын қарапайым мұғалімдіктен бастап, аудандық комсомол, партия комитеттерінің бірінші хатшысы, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне дейін көтерілген. Оның жасы менімен шамалас, ақжарқын, дос-жарандарына адал жан», – деп жылы лебізін білдіріпті.

Күләш Әскейқызы 1976 жылы зейнет­керлікке шығады. Алайда, өз ісіне ас­қан жауапкершілікпен қарайтын білік­ті маманды жоғары басшылық өз қатар­ларынан шығарғысы келмей, оған Қазақ КСР Әлеуметтік қамсыздандыру ми­нистр­­­лігі біліктілікті жетілдіру тұрақты курсының директоры қызметін ұсынады. Бұл қызметті де ол 7 жылдай, яғни, 1983 жылға дейін атқарады. Бұдан кейін де Күләш Әскейқызы аттан түскен жоқ. Үнемі елмен етене жүретін ол 1991-1994 жылдары аралығында Алматы қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болды.

Жалпы еңбек өтілі 54 жылды құрайтын Одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер Күләш апайдың еңбегі өтеусіз қалған жоқ. Бұл жөнінде де оқырманға айта кетсек артықтық етпес.

Күләш Әскеева мемлекеттік, салалық және ведомстволық марапаттардың 30-дан астамының иегері. Олардың арасында екі «Құрмет Белгісі» ордені (1957 және 1967 ж.ж.), «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін», «1941-1945 жылдардағы соғыс ардагері» (1999 жылғы 8 қазандағы ТМД Үкімет басшылары кеңесінің шешімімен), «Еңбектегі ерлігі үшін», «Белсенді қызметі үшін», «Еңбек ардагері», сондай-ақ, Ұлы Отан соғысындағы жеңіске арналған барлық мерекелік медальдар бар. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің кіші Алтын және Бүкілодақтық халық шаруашы­лығы көрмесінің Күміс медалі де Күләш Әскей­қызына тапсырылған. Бұлардан бөлек, ол 5 Құрмет грамотасымен марапатталған. Соның ішінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының екі Құрмет грамотасы бар. Қазақ КСР әлеуметтік қамсыздандыру, халыққа білім беру және КСРО азаматтық қорғанысының үздігі құрметті атақтарының иесі. Сонымен бірге, одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер, Жамбыл облысының құрметті азаматы.

Бүгінде 95 жасқа келген ардақты ананың 4 ба­ла­сынан тараған немере, шөбер­елері өсіп келеді. Ғасырға жуық өмір сүрген, әлі де күш-қуаты қайта қоймаған, 2004 жылдан бері Астана қаласында тұрып келе жатқан қа­ри­яға Тәуелсіз Қазақстанның барша жа­сам­паз істеріне куә болып жүре беріңіз дейміз.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*