Бата

shakir-suret-3Ақын Шәкір Әбенов… Жұртшылық бұл талант иесін білмейді деп айта алмаймыз. Біледі. Әсіресе, аға, орта буын өкілдері оның шығармашылығынан жақсы хабардар. Басқасын былай қойғанда, 1962 жылы жарық көрген «Таңшебер – Жапал», 1968 жылы шыққан «Ортақ арал», 1985 жылғы «Шыңғыстау сазы», 1991 жылғы «Дастандар» жинақтарымен таныс көзіқарақты оқырман Шәкір ақсақалдың ақындық арыны мен өзіне тән сарынын ұмытқан жоқ. Ал ғасырға жуық ғұмыр кешкен осы бір ғажайып жанның соқтықпалы соқпақсыз өмір жолы ше?  Тағдыры талай рет таразыға түскен өршіл рух иесінің күрмеуі көп күрделі жағдаяттарынан қалың көпшіліктің хабары бар ма? Өкінішке қарай, бұл сауалдарға жауап берерде біздің ойланып, қиналып қаларымыз анық. Себебі, аталмыш тақырып әр кездері, әр жағдайда жалпылама түрде ғана айтылып жүргені болмаса,  оған әлі ешкім толықтай ат басын бұрған емес. Біз, міне, осы және одан басқа да мәселелерді қаузап көру үшін ақын атаның туған қызы Сана ШӘКІРҚЫЗЫНА жолығып, әңгімелесуді жөн көрген едік.

Ол кісі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Құндызды ауылында тұрады екен. Ақын өмірден озған соң мұнда Шәкір Әбенов атындағы музей жасақталған. Сана бүгінде сол мәдени-рухани орында қоғамдық негізде жұмыс істеп, әке мұрасының қамқоршысы болып отыр. Кейіпкерімізбен әңгімеміз, міне, осы жерде өтті.

 

– Қазір ұрпақтар алмасуы тез, жедел жүріп жатқан заман ғой. Мұны айтып отырғанымыз, сіз бен бізге белгілі кейбір жайттар жас буынға беймәлім көрінуі мүмкін. Сондықтан, сөз басын әке­ңіз өмірбаянының тың да соны тұстарына қысқаша шолу жа­саудан бастасаңыз.

– ХХ ғасырдың басында өмір­ге келген ол кісінің шыр етіп жа­­рық дүние есігін ашқан жері Шың­ғыстаудың шеткі сілемі болып табылатын Жүрекадыр ауы­лы. Азан шақырып қойған аты Мұхамедшүкір екен. Ауыл-аймақ, кейін Семей жұрты Шәкір деп атап, бертін келе әдеби ортаға осы есіммен белгілі болған. Әкесі Әбен – қажыға барған дәулетті адам. Ол әйгілі «Абай жолы» эпопеясында жанама кейіпкерлердің бірі ретінде суреттеледі. Осындай отбасында өскен жасөспірім ерте хат таниды. Еті тірілігінің арқасында Тінібай мешітінде азаншы болып қызмет атқарады. Жақын туысымыз Көлембай Әлімбек­ұлы­ның сөзіне қарағанда, сол діни орынның мұнарасынан 1914 жылғы бірінші дүниежүзілік со­ғыстың басталғанын қала жұр­тына хабарлаған шабарман бала Шәкір екен.

Елгезек, қимылы ширақ әкем жастайынан өнердің әр түрімен де әуестеніп, оларды тез үйренуге өте қабілетті болыпты. Оны аты сол уақыттағы Семей өңіріне белгілі ақын  Төлеу Көбдіков айтқан дастандарды тез қағып алатын құй­мақұлақтығынан, ел арасында халықтық цирк ойындарын арқанмен өрмелеу, сырықпен қарғу сияқты әдістермен көрсететін ағашаяқ Берікбол Көпенұлына шәкірт болуынан аңғаруға болады. Сөйтіп жүрген бала Шәкірдің тұңғыш туындысы баспа бетінде 16 жасында жарыққа шыққан екен. Ол «Айқап» журналында жарияланған «Борсықтар» атты өлеңі дер едік. Осыдан кейін бұл кісі әйгілі әнші Әсет Найманбайұлының алдында «Тарбағатай» деген толғауын оқып беріп, алаш ардақтысынан бата алады. Бұл 1918 жылы болған оқиға дейді білетіндер. Айтпақшы, осының алдында-ау деймін, әкем Шәрапия есімді бойжеткенге үйленіп, отбасын құрайды. Орынбасар, Кенесары, Сапарғали деген ұлдары өмірге келеді.

– Шәкір атамыз туралы зерттеу еңбектерге үңілгенімізде: «Ол Сәкеннің атшысы, Жамбылдың хатшысы болған адам», деген сөйлемдерді ұшыратып қаламыз…

– Иә, солай. Рас. Болған оқиға. Бірақ бұл сәл беріректегі жағдай ғой. Оның алдында әкейдің жаңа заман, жаңа өмір осы екен деп Кеңес өкіметінің жергілікті жердегі жұмыстарына қызу араласқан кезі де бар. Келе-келе бұл бағытынан айниды. Титтей нәрсенің өзін тез байқайтын сезімталдығы оған сол кездегі өмір шындығынан алыс­тамауды іштей ескерткен тәрізді. Сөйтіп, ол 1928 жылғы тәркілеу мен 1932 жылғы аштыққа күйініп, ондағы жөнсіздіктерді уытты өлең жолдарына айналдырады. Мысалы: «Халыққа әпердік деп теңдік-азат, Айтқаны барып тұрған сайқымазақ. Ертедегі арабтың күң-құлындай, Еркіндіктің орнына тартқызды азап» немесе: «Жеріңді, малыңды алып басқа ұрады, Аузыңды аштырмайды, бастырады. Бұрынғы көрген қорлық дәнеңе емес, Екі үйге бір-ақ қазан астырады», деп ащы шындықты айтқан сыни көзқарасы үшін қуғынға ұшырайды. Жан сақтау үшін Шыңғыстаудан мүлде алыстағы Қырғыз еліне барып із жасырады. Содан 4-5 жыл өткен соң Алматыға келіп, Сәкен Сейфуллин мен Ілияс Жансүгіровтің қам­қор­лығы арқасында әдеби орта­ға тартылады. 1937 жылы «Әде­биет және искусство» журналын­да халықтық нұсқаны жаңаша тол­ғаммен жырлаған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» поэ­масы жарық көріп, ақындық атағы шығады. Халық ағарту ко­мис­сариатындағы мәдениет және өнер басқармасының тапсырма­сымен Дулат, Жанақ, Түбек, Сабырбай, Байкөкше секілді халық ақын­дарының мұраларын жинастырып, әдеби қорға өткізеді. Жамбылдың хатшысы болып жұ­мыс істеген уақыты да, міне, осы кез. «Ол кісінің шабыты келіп, өлеңдерін өмірге әкелер алдында орнынан қозғалақтай бастайтын, – дейтін әкем. – Содан бір уақытта иығы бүлкілдеп жыр жол­дарын төге бастайды дейсің. Қалам, қарындашымызды да­йын­дап  отырған Ғали, Қалмақан, Тайыр және мен тапсырылған жұ­мы­сымызға кірісетінбіз. Ол ақын­ның аузынан шыққан әр сөзді қағып алып, қағазға жазып алуға тырысу болатын».

Өстіп жүргенде әкем тағы да ұсталып, Семей түрмесіне жө­нелтіледі. Мұның себебі баяғы байдың тұқымы деген таптық таңбада еді. Олай дейтінім, ол кісі­нің 30-40-жылдардағы жазған туын­­дыларының ішінде: «Әбен де қал­май қойдың қыр соңымнан…» деп келетін өлең жолдары бар. Әбен деп отырғаны өзінің қажы әкесі ғой. Қырғыз еліне барып жан сақтап, одан Алматыға келіп енді адам болдым-ау дегенде: «Бұл баяғы шынжыр балақ, шұбар төстің ұлы», деген қаңқу сөз артынан қуып жетіп, қайта тапқан ғой. Содан түрме… Лагерь… Онда азап шегіп жүргенде соғыс бас­талады. Кінәмнің жоқ екенін оқ пен от арасында дәлелдеймін деп штрафбат құрамында майданға сұранады. «1942 жыл еді, – деп еске алатын әкем ол өмір жолы туралы. – Алдымен Сталинград түбіндегі қан қасапқа түстім. Содан соң Брянск бағытындағы шайқастар… Осы жерде ауыр жа­раландым. Траншеяда ес-түссіз жатқан мені кездейсоқ тауып алған санитарлар далалық госпитальға әкеліпті. Онда жарам жазылмай көп жаттым. Содан соң Мәскеу түбіндегі медициналық орталыққа ауыстырды. Ол жерде де оңалып кете алмадым. Ақы­ры кезекті консилиумнан соң мамандар жаныма бір медсес­траны қосып берді де, пойызбен Алматыға әкеліп салды».

– Атамыз осыдан кейін ақта­лып, қуғын-сүргін көрмей, тыныш өмір сүрген шығар…

– Жоқ, ойбай!.. Қайдан олай болсын. Рас, 1944-1947 жылдар аралығында ол кісіні өкімет онша көп мазаламаған сияқты. Міне, осы кезең аралығында әкем менің Серікбүбі анама үйленіп, одан Дауа, Дана атты әпкелерім өмірге келеді. Осылайша ес жиып, етек жауып жатқанда ақынға үшінші рет айып тағылып, 1947 жылы Сібірдегі Александровск лагеріне айдалады. Анам алғашында балаларымен қайда барып, қалай тірлік кешерін білмейді. Ақырында жеңгесі Қалампырдың ақылымен оларға көшіп келіп, екі отбасы бір шаңырақтың астында селбесіп күн көреді.

Әкем Сібірге сол кеткеннен елге 1955 жылы бір-ақ оралады. Қалампыр апамның қызы Ақжолтай тәтемнің айтуына қа­рағанда, ол кісіні Аягөзден Бекбай деген атамыз күтіп алыпты. Ат-шанамен Жүрекадырға жеткенде 10-11 жастағы қызы Дауаның өзіне қарай құстай ұшып келе жатқанын көреді. Көңілі босаған әке оның маңдайынан сүйіп тұрып: «Дана қайда?» – деп сұрағанда: «Қызылшадан қайтыс болды», – деген жауапты естиді. Келесі 1956 жылы өмірге мен келіп­пін. Есімімді ақын Қасым Аман­жолов­тың «Әзербайжан қы­зына» атты өлеңіндегі Сана қыз­дың ныспысына лайықтап қойған әкемнің өзі еді дейді көне­көздер.

Ауылға келіп, ағайындарын аралап болған соң ол кісі алдымен жүдеу тұрмыс-тіршілігімізді түзеуге мықтап күш салды. Бұл жолда жұмыс атаулыны алаламады. Бәрін де істеуге бейіл екенін танытты. Алдымен отбасымызға деп үй салды. Оны бітірген соң колхоздың кеңсесі мен дала қостарын от жа­ға­тын пешпен қамтамасыз етті. Ферма меңгерушілерінің тапсырыс беруімен арба, шана жасады. Ел де, шаруашылық басшылары да мұндай істердің өтеуіне ол кездері ақша бермейтін. Еңбекақы құнын қозы-лақ, тоқты-торпақпен айыратын. Осының нәтижесінде қорамызға мал бітіп, тұрмысымыз түзеле бастады.

Иә, Сібірдегі айдаудан келген соң әкем алдымен шығар­машылыққа емес, біраз уақыт кә­дім­гі қара жұмыс істеуге көп көңіл бөлді. Мұның себебі, бірін­ші­ден, жоғарыда айт­қа­ным­дай, отбасымыздың жағ­дай­ын жақ­сартуға байланыс­ты болса, екін­шіден, сол кездегі «еңбек етпеген ішіп-жемейді», «масылдық – социалистік қоғамға жат құбылыс» деген сияқты талаптардың үдесінен шығуға тырысу әрекеті ме деп ойлаймын. Қудалаудың неше түрін көрген ол кісі: «Ауылға келген соң мынау екі қолын қалтасына салып бос жүр. Бұл – арамтамақтықтың көрінісі»,  деп біреу арыз жазып тағы айдатып жібере ме деп қауіптенген сияқты. Сондықтан, колхоздың қай жұмы­сы болса да бір сөз айтпай бара берген ғой. Соның бір көрінісі Досымхан Тоққарин деген жер­лесіміздің біздің ауылдағы музей­де тұрған мақа­ласы. Осыдан 5-6 жыл бұрын «Семей таңы» газетінде шыққан ол дүниеде мынадай мысал бар. 1960 жылы-ау, шамасы. Біздің Жданов атындағы колхозға жаңа басшы болып Әбдеш Имаханов ағамыз тағайындалады. Шаруашылық жағ­дайымен әбден танысып біткен соң жасы үлкен кісі ғой деп әкеме сәлем беруге келеді. Бұған риза болған ақын өзін қай жер­ге, қандай жұмысқа жіберсе де оның ешқайсысынан бас тартпайтынын айтады. «Бұл менің жаңа басшылыққа келген сенің бір жағыңа шығысып, өзіңе көмектескенім деп ұқ, қарағым»,  дейді. Ойында ештеңе жоқ колхоз төрағасы: «Қой қоздатуға адам жеткізе алмай қиналып жатыр едік. Мұныңыз жақсы болды, аға. Онда Боранбай қыстауындағы шопанға төлшілікке барыңыз», – депті. Мына сөзді естігенде әкем: «Ой, Алла-ай! Қап… Құдай-ай! – деп басын ұстап отырып қалыпты. – Ондағы қойшы Жәрімбет кешегі біздің үйдің, Әбен қажының жалшысы ғой. Оның енді мені малай деп табаламасына кім кепіл». Осы сөздерді айтып бір қызарып, бір бозарып отырған ол кісі ақырында қайраттанып: «Жарайды, екі сөй­лемейін. Барайын», – депті.

Содан көктемгі төл алу колхоз бойынша ұйымшылдықпен өтіп жатады. Малшы қауымның қыстауларын кезек-кезек аралап, науқан барысын бақылап жүрген колхоз төрағасы бірде әкем төлшілікке бекіген отарға келсе, ол кісі күнгейдегі жылы жер­ге қозыларға арнап үйшіктер жасап, шаруасын шырқ үйіріп отыр екен. Аға шопанға кіріптар болмайын деп ықтасын мүйіске лашық та орнатып алыпты. Бірақ ақынның бет-аузы қарайып, ерні кеберсіп, кәдімгідей жүдеп қалған екен. «Халіңіз қалай?» – деген шаруашылық басшысына: «Халдің несін сұрайсың, бастық-еке, Қой жайып иен тауда жүрмін жеке. Бұрынғы жарты есімнен мүлде айырылып, Секілдімін селтиген ангор теке. Ат арыды, тон тозды, қадір кетті. Сулық киім жоқтықтан жаңбыр да өтті. Тіссіз қызыл иектен қан сорғалап, Амалсыз қажақтадым қатқан етті», – деп жауап беріпті. Айдаудан қайтып келгеннен кейін әкемнің басынан, міне, осындай да күндер өткен.

shakir-suret1– Ал сонда дейміз-ау… Атамыз шығармашылықпен шындап қашан айналыса бастаған? Ар­ғы-бергі кезеңдердегі өмірге кел­­­тірген туындылары ше? Ат­тың жалы, түйенің қомында жү­ріп жаз­ған сол дүниелерін қалай жинастырып, кітап етіп бастыруға қашан қол жеткізген?

– Мұны журналист-жазушы Сапар Байжанов ағамыздың жан жары Күләш Бисенбиева апамыз жақсы біледі. Сөз орайында айта кетейін, Сапар аға мен Шәкір ақын бір атадан тарайды. 1928 жылғы кәмпескеде Сапекеңнің әкесі Жетісуға көшуге мәжбүр болады. Олар содан аман қалып, 50-60-жылдары біздің елден Алматыға туыс адамдар бара қалса жанашырлық танытып, жақсы қарым-қатынаста болған. Соның жан толқытарлық бір көрінісін Күләш апа Сапар ағамен Жүрекадырға келгенде бізге былай деп айтып берген.

– Шәкір ағаның 50-жылдардың ортасында лагерьден босап шығып, Абай ауданында тірлік кешіп жатқанынан хабарымыз бар болатын. 1961 жылы Алматыға келгені күні бүгінгідей көз алдымда. Мен үйдің көлеңкесінде бір шаруа істеп жүргенмін. Ауладан: «Жақсы ма, балам?» – деген дауысты естідім. Басымды көтеріп қарасам, алдымда ақсақал кісі тұр. Ақ шапан, ақ шалбар, ақ қалпақ. Сақал-мұрты да аппақ. «Қыдыр деген болады, жүрісі білінбейді. Ол тек көзге көрінеді. Оған кездескен адамның жолы болады», – дегенді үлкендерден көп еститінбіз. Ау­ладағы мына көріністі көріп тұ­рып: «Қыдыр осы кісі емес пе екен?» – деген ой келді басыма. Тез­ есімді жиып, ілтипат көрсеттім. Ол ­кезде Сапекеңнің әкесі тірі еді. Таңғал­ғаным, атам аты-жөнін айтпай, үнсіз тұрған кісіні көріп: «Сен Шәкірмісің?» – деді. Сөйтіп екеуі кө­рісіп, бірін-бірі құшақтаған күйі ұзақ тұрды. Қонақтың Алматыға келген себебі, жазған дүниелерін жарыққа шығару, содан соң өзінің жазықсыз жазаланғанын дәлелдеп, ақталу екен.

Сол келген күннен бастап ол кісі біздің үйде 9 ай тұрды. Қыста еліне кетті де, күн жылына Алма­тыға қайта келді. Бір күні жазушы Ғабит Мүсіреповке барып, машинка сұрап алып келгені есімде.
Ол кезде жаңадан институт бітіріп, жұмысқа әлі орналаса қоймаған ке­зім. Машинкаға қызы­ғып, үйреніп алдым. Оны көрген Шәкір аға маған «Кейпін батыр», «Таңшебер – Жапал», «Қозы Көр­пеш – Баян сұлу», сосын тағы бір көлемді поэ­масын берді. Мен маши­н­каға басамын, Сапекең жұмыс­тан келген соң оларды оқып, әріп қателерін түзетеді. Сөйтіп, ақынның төрт поэмадан тұра­тын кітабын дайын­дадық. Содан «Таңшебер – Жапал» деген атпен бұл жинақ Қазақ мемлекеттік көр­кем әдебиет бас­пасынан 1962 жылы жарыққа
шықты.

Осы мезетте Шәкір ағаға өзінің ақталғандығы туралы хабар да қоса келіп жетті. Соның негізінде өкімет бұл кісіге 60 мың сомдай өтемақы төледі. Соған үйіне, бала-шағасына керекті заттың бәрін алып, күзге таман еліне қайтты. Керек-жарағын іздеп жүргенде мен қасында бірге болдым. Сонда маған: «Балам, қалағаныңды ал. Ұялма», – деуші еді. Бірақ, мен рахмет айтып, ештеңенің қажеті жоқ екенін түсіндіретінмін. Өйткені, енем: «Көресіні көріп келді ғой. Өзінің бала-шағасына керектісін алсын. Сен өзіңе ештеңенің керегі жоқ деп айт», – дейтін. Сол жағдай есінде мықтап сақталып қалған болуы керек, кейін Құндыздыға жол түскенде Шәкір аға: «Баяғыда Алматыда дүкенге барғанда «Мынаны ал» дегенімде еш көнбей қойып едің. Енді біздің ауылға келіп отырсың. Сондықтан, «алмаймын» деп айтпа. Біз саған ат мінгіземіз», – деді. Мұны мен ол кісінің сонау бір кезде 9 ай бойы келін болып күткеніме әбден риза болған пейілі деп ұқтым».

Күләш апай әкемнің 1961 жылы Алматыға барып баспадан кітабын шығаруға әрекет жасағаны, ақталу қағазын алсам деген арманы туралы, міне, осындай әңгіме айтқан еді. Бұл естелігін ол кісі «Ақ желкен» журналында да жариялапты. оқып риза болып қалдым. Содан кейін ақынның жыр жинақтары  баспалардан ретіне қарай шығып тұрды ғой.

– «Шәкір ата. Ақын Шәкір Әбенов», – дегенде көз алдымызға қарияның тағы бір қыры, өзгеше қасиеті жарқ ете қалады. Ол 1991 жылдың желтоқсан айындағы тұңғыш Президент сайлауы салтанатындағы жан толқытарлық көрініс. Сонда 90 жастағы қария тамағы қарлықпай, үні барлықпай, бойын жинақы да тік ұстап Елбасына бата берді емес пе?! Енді сол оқиғаға қарай ойыссақ…

– 1991 жылдың 1 желтоқсан­ын­дағы сайлауды ел әлі ұмытпаған шығар. Онда 98,78 пайыз дауыс алған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жеңіске жетті емес пе. Міне, соның бәрін ауылдағы біздер радиодан тыңдап, теледидардан көріп дегендей, ол оқиғалардан толық хабардар болып отырдық. Арада үш-төрт күн өткенде аудан орталығынан: «Шәкір ақсақал Қарауылға тез жетсін. Ақылдасатын шаруа бар. Бұл Семей облысы басшылығының пәрмені» – деген хабар келді. Шақырған жерге ауылдық кеңес төрағасының көлігіне мініп жеттік. Ондағы азаматтар біз мүлде күтпеген үлкен жаңалықты айтқаны. Ол 10 желтоқсанда Алматыда инаугурация рәсімі болатынын, сонда әкемнің Президентке бата беретіні туралы хабар еді. Мұны естіген әкем терең ойға беріліп, үн-түнсіз ұзақ отырды. Осы мезетте қарт кісі жасының ұлғайғаны немесе ұзақ жолға денсаулығының жарамайтыны туралы уәж айтып қала ма деп қауіптенді-ау деймін, кеңсе аппаратының жетекшісі басқа бір әңгімені бастап: «Семейге дейін жеңіл машинамен бүлк еткізбей апарамыз. Одан әрі сіз мінетін ұшаққа билет алынып қойылды. Жаныңызда жүріп-тұруыңызға жәрдемдесетін адамдар бар», – деген сөздерді үдемелете айтып жатыр. Бір уақытта әкемнің жөткірінген даусы естілді. Содан соң: «Көп абыр-сабыр мен артық әуре-сарсаңның керегі жоқ. Қасыма мына отырған қызымды қосып беріңдер. Болды. Сонда ғана жолға шығамын», – деді. Бұл сөзден кейін енді мен абыржып қиналдым. Себебі, сол уақытқа дейін өмірімде ұшаққа отырып көрмеген едім. Одан қатты қорқатынмын. Амал жоқ, бәріне де көнуге тура келді. Содан әкеммен бірге әуежайға жетіп, одан ұшақ ішіне кіріп, орындыққа отырғаннан бастап көзімді тарс жұмдым да ұйықтаған адамның кейпінде Алматыға жеттік қой.

Қонақ үйге орналасқан соң қарт ақынға амандасып келушілер өте көп болды. Олардың дені Үкімет адамдары мен Семей облысынан сайланған Жоғарғы Кеңес депутаттары-тын. Кеш­те­тіп бөлмемізге Премьер-ми­нистр­дің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков ағаның да кіріп шыққаны күні бүгінгідей көз алдымда. Ол кісі әкеммен ұзақ әңгімелесті. Қайтарында ертеңгі инаугурация рәсіміне жауапты қызметкердің бірі, Президент Аппаратындағы Білім, мәдениет және жастар істері жөніндегі бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сауытбек Абдрахмановқа: «Ақсақалға ие бол. Біреу-міреу қитығына тиіп кетіп жүрмесін. Өзі қалай бермекші екен батасын, облыстағыларға айтпай қойыпты. Сен жайлап, жұқалап, сұрап аларсың, қажет болса бағыттап жіберерсің», – деген тапсырма беріп кетті. Келесі күні белгіленген уақытта салтанатты шара өтетін Республика сарайына бет алдық. Ғимарат ішіне кірген соң әкемді қолтықтап, әңгімелесіп келе жатқан Сауытбек аға: «Ата, бұл өзі бір ерекше жағдай ғой. Қалың қазақтың атынан бата беру сізге бұйырып тұр. Президентке не тілек айтпақшысыз?» – деді. Оған ол кісі: «Әй, шырағым қойшы. Құдай аузыма не салады, сол сөзді айтамын да», – дегені. Мұны естіп келе жатқан мен енді жүрегім тас төбеме шығып, ал кеп уайымдайын. Сол қобалжу, сол екіұдай сезім инаугурация рәсімі басталып, әкейдің сахнаға шығып, Елбасына батасын беріп болғанынша басылған жоқ. Құдай куә, не айтары бар, бәрі жақсы өтті. Жаратқан иеміз Жамбыл, Иса, Шашубай секілді саңлақтардың соңғы тұяғы Шәкір ақынның аузына небір құнарлы, құдіретті сөздерді салған екен. Ә, дегенде: «Сарыарқа туған жерім, елім қазақ, Қазақ елі ежелден көкседі азат. Көп естіп, көпті көріп, аз білсем де, Мен бір ғасыр куәсі – экспонат», – деп бастап, соңын: «…Абылайым бүгінгі сен емес пе, Қазағым өзге жұртпен тең емес пе?! Халқыңа тәуелсіздік нұрын шаштың, Тар асу, тайғанақ жол, кер белесте. Ақ кигізге көтеріп хан сайласқан, Қарт атаң тоқсан бірде мен емес пе?!» – деп қайырғанда дуылдата соғылған шапалақ үнінен зал теңселіп, қабырға қозғалғандай болды. Осыдан соң Елбасына жақындап: «Қазақта бата деген екі түрлі болады, – деді. – Бірі – негізгі бата, екіншісі – лебізді бата. Негізгі бата – халықтікі. Ел-жұрт қастерлеген басшысына адал қызметі үшін батасын өзі береді. Ал, лебізді бата дегеніміз – халықтың тапсырған аманат-тілегі, келешекке апаратын үміт-сенімі», – деп бәрін нақпа-нақ айтып, батасын «Аллаһу акбармен» аяқтады. Зал іші тағы дүр сілкінді. Сондай салтанатты сәтте Дмитрий Снегин, Құддыс Қожамияров, Эдуард Айрих, Ыбырайымжан Қожахметов секілді қадірлі адамдар Республика сарайының сахнасына көтеріліп, төрдегі Президентке ел басшысына лайық символдық белгілерді рет-ретімен табыс етті. Іле Әбіш аға Кекілбаевтың қос тілде көсіле сөйлеген сөзі кетті залды баурай ұйытып. Иә, ол бір керемет, қайталанбас сәттер еді. Сол ғажайып көріністі өз басым ешқашан ұмытпаймын.

– Елдіктің белгісін паш етіп, Тәу­елсіздік таңының хабаршы­сы бола білген ол салтанатты жиын жөнінде сіз өте жақсы айт­тыңыз. Осыдан көп жыл бұ­рынғы көріністі көзге әдемі елестеттіңіз. Рахмет! Енді мы­надай сауалдарға жауап бер­сеңіз. «Шәкір ақсақалдың ақындық талантынан басқа да көптеген қырлары бар ғой», – дейді білетіндер. Содан соң: «Ол кісінің баспадан шыққан кі­­тап­тарындағы дүниелер 20-­30-жылдар аралығындағы бей­­құт, 60-жылдардан кейінгі бей­біт кезеңдердегі жаз­ған шығармалары ғой. Ал ай­дау мен қуғын-сүргін уа­қы­тындағы өлеңдері әлі жөн­ді жи­настырылған жоқ. Зерт­теу­ші­лер, міне, осы мәселеге мән бер­­се», – деген сөздер де айтылып қалады әдеби ортада. Сіз бұ­ған не дейсіз?

– Әңгімені алғашқы емес, соңғы сұраққа жауап беруден бастайын. Ол ақынның қуғын-сүргін жылдарындағы жазған дүниелерінің тағдырын білу ғой. Маған белгілісі мына жағдай. 1988 жылдың жазында әкем баспаға жаңа жинағын дайындап өткізу үшін Алматыға аттанды. Қасына ерткен адамы – Абай аудандық партия комитетіндегі идеология бөлімінің меңгерушісі болып істейтін ақын інісі Төлеген Жанғалиев. Олар астанаға барған соң Жазушылар одағының «Шабыт» демалыс үйіне орналасып, рецензенттердің қолжазбаға байланысты айтқан сын-ескертпелерін жөндеумен шұғылданады. Ара-тұра айдауда жүрген жылдарда жоғалып кеткен өлеңдерінен бір хабар бола ма деп республика Ғылым академиясының әдеби қорына барып сыр суыртпақтайды. Төлегеннің айтуынша, бұлардың іздеген жоғы ол жерде емес, Әзілхан аға Нұршайықовтың үйіндегі жеке архивте бар болып шығады. «Қылмысты жылдар өлеңдері» деп аталатыны сол қолжазбаның 1989 жылы ақын Несіпбек Айтовтың машинкаға басып, жазушы Мұхтар Мағауиннің түсініктеме беруімен «Жұлдыз» журналында жарияланғаны есімде. Осыған қарағанда, егер іздеу­шісі болса, ақынның ел аузында жүрген, қалтарыста қалған туындылары әлі де табылып қалуы мүмкін-ау деп ойлаймын.

Енді әкемнің жоғарыда өзіңіз сұраған ақындық қырынан басқа қабілет-қасиеттері жөнінде бірер сөз айтайын. Ол кісі керемет күйші болатын. Басқалардан ерекшелігі – өзінің, өзінен басқа халық композиторлары шығарған дүниелердің бәрін үш ішекті домбырамен тартатын. Бұл жөнінде ғалым Төкен Ибрагимов ағамыздың: «Үш ішекті домбыра тартатын осы өңірдегі көзі тірі домбырашылардан көргеніміз Шәкір Әбенов еді. Ағамыз екі ішекті домбырамен ештеңені тартпайтын. Өзі шығарған бар әнін, күйін, білетін халық сарындарын тек үш ішекпен ғана тартып ойнайтын», – деген анықтамасы бар. Өз өмірінде 15-ке жуық күй мен 20 шақты ән шығарған әкемнің қазір мұрағатта «Қос келіншек», «Таңғы самал», «Сергелдең», «Биші», «Замана», «Көңілді кеш», «Аңсаған ару», «Таңғы сарын» атты шығармаларының бейнежазбасы бар. Бұлардың бәрін ол кісі үш ішекті домбырамен орындаған.

Ақынның жоғарыдағы қа­сиетінен басқа тағы бір ерек­ше­лігі деп ұсталық, зергерлік қабілетін айтуға болады. Айдаудан келген соң отбасымызға арнап өзі ойлаған жобамен еңселі үй салғанын осы сұхбаттың басында айттым ғой деймін. Содан соң әкей жаз кезінде есік алдына ұста көрігін құрып, анам мен әпкем Дауаға және маған сақина, білезік жасап беретін. Оған қажетті күмісті Семейдің қара базарындағы нумизматтардан қой жүні мен мал терілерін айырбас жасау арқылы алып келетін. Ал қыс айларындағы ұзақ түндерде күнделікті тұрмысқа қажет сандық, адалбақан, торсық жасап отыратын. Бірде кеңшардағы көркемөнерпаздар үйірмесі репетициясына музыкалық аспаптар жетіспегенде ол кісі балалайка мен дауылпазды өз қолымен істеп апарып бергені бар. Қазір солардың бәрі Семейдегі Абай қорық мұражайы мен осы кешеннің филиалы болып табылатын өзіміздің ауылдық музейде экспонат ретінде тұр.

Сөз ретіне қарай айта кетейін, ақынның емшілігі де бар еді. Құс келіп, құс қайтқанда көтеріліп ауыратындарды үшкіру арқылы сауықтырып жіберетін. Көзіне ақ түскен жандарды ұшықтап-ақ айықтыратын. Ыстық пен суық әсерінен денеге шыққан бөртпелерді де оп-оңай кетіретін. Әкейдің бозбала кезінде ауыл аралап, халықтың цирк өнерін көрсететін ағашаяқ Берікбол Көпенұлына шәкірт болғанын жоғарыдағы бір сөз арасында айтып өттім ғой. Міне: «Содан қалған белгі», – деп ақын 70-жылдарға дейін ара-тұра ол уақыттағы біз білмейтін қимылдар жасайтын. Екі аяғын екі жаққа сермеп тұрып орындалатын әлгі би бүгінгі «Қара жорғаға» ұқсас еді. Қазір оны ешкім билемейді де, білмейді де.

– Әңгіме соңын сізден мынадай сауалдарға жауап алумен аяқтасақ дейміз. Анаңыз кім, қандай адам еді? Әпкеңіз Дауа ше? Өзіңіздің мамандығыңыз. Сосын… Иә, сосын Шәкір ақ­са­қал­дың өмірден өтер кезіндегі кө­ріністер. Соңғы сәтте не деді, есіңізде ме?

– Шешем Серікбүбі үй ша­руа­сындағы адам еді. Әкеме жақ­сы жар, бізге мейірімді ана, көр­ші-көлемге сыйлы әже бола білді. Өте ісмер-тін. Үйді тап-тұйнақтай етіп ұстап, шалының шақар мінезіне шыдап бақты ғой. 1980 жылы қылтамақ ауруына ұшырап, қатты қиналды. Баяғы қу полигонның кесірі де. Сегіз ай күтіп, өз қолымнан жөнелттім. Әпкем Дауа жөнінде айтсам, ол өте қабілетті жан болатын. Керемет зерек, сабақта естіген ереже, формулаларды қағып алатын құймақұлақтың өзі еді. Әншілік өнерін айтсаңызшы… 1962 жылы Алматыға аттанып, ЖенПИ-ге оқуға түсті. Содан 1966 жылы институтты енді бітірем деп жүргенде сымтемірі үзілген троллейбустың электр тогы соғып, қазаға ұшырады. Бұл ауыр жағдай әкем мен шешеме оңай тиген жоқ. Бір айда он жылға қартайып кеткендей болды жарықтықтар.

Мен 1956 жылы дүниеге келіппін. Орта мектепті бітірген соң Семей педагогикалық инсти­ту­тының тарих факультетіне бар­мақ болдым. Әкем бұл ойымды қа­ламады. Айтқан сөзі: «Тарихтың түбіне кім жеткен қарағым. Оны қой. Себебі, бір есімді бір есім жояды. Басқа бір есім келеді. Одан да қазақ тілі мен әдебиетіне бар», – деу болды. Арада ширек ғасыр өткенде ана тілі пәнінің мұғалімі боп жүргенімде әкемнің жоғарыда айтқан сөзін есіме алғаным бар. Ол 1991 жылғы Кеңес Одағының құлаған кезінен кейінгі уақыт еді. Сонда тарих пәнінің мамандары оқушыларға не сабақ берерін білмей дағдарып қалды ғой.

Әкем 1994 жылы қайтыс болды. Қарашаның қара суығы қарып тұрған кез еді. Шаруашылық атаулының шатқаяқтап, ел де, жер де жүдеу кейіптегі уақыт болатын. Өтпелі кезеңдегі өлара сәт қой. Осындай күндердің бірінде ол кісі төсек тартып жатты да қалды. Дәрігер біздің ауылдан шыққан жазушы қыз Айгүл Кемелбаеваның інісі Наурыз деген жігіт еді. Шақырған уақытымызда келіп, қарияға қажетті ем-домын жасап тұрды. Бірақ соңғы күні укол салғызбай қойды. Күрт әлсіреп кетті де, мені ымдап қасына шақырды. Сөйтті де саусақтары жазулы тұрған ашық алақанын көрсетті. Содан соң оны тас қып жұмды. Бір уақытта сол қолын көтеріп, жалғыз саусағын шошайтты. Осыдан кейін менен көз алмаған күйі үнсіз жатты да, ақырын жүріп кетті. Осы күні әкемнің соңғы сәттегі сол қимыл-әрекетін: «Тумысыңнан аузыңды ашып, бейқам жүретін кеңқолтық адам едің. Ендігі күнің не болмақ? Ол кезде арқа сүйер, жанашыр мен бар едім қасыңда. Енді жұмылған жұдырықтай тас-түйін болып жүр. Өйткені, сен жалғызсың», – деген ишарасы ма екен деп ойлаймын.

…Әңгіме аяқталды. Стол үстіндегі қағаз, қаламымызды сөмкемізге салған біз қайтуға жиналдық. Музейден сыртқа шықсақ, қыстың қысқа күні көкжиекке баяғыда-ақ батып кетіпті. Айнала алай-түлей боран. Барлығып барып әрең оталған машина ішіне кіріп, сырттағы Санаға қол бұлғадық. Көлік қозғалғанда ол да: «Қош, сау болыңдар!» – дегендей белгі беріп аулада қала берді. Былай шыққан соң әкесі туралы әсерлі әңгіме айтқан қазақтың қарапайым да қайсар қызын қайыра еске алдық.

«Әкем үшін тудым, әкем деп өмір сүрдім», – деген болатын ол күндізгі әңгіме арасында. Оның бұл айтқаны рас. Қаршадай кезінен бастап ақынның аузынан шыққан әр сөзді хатқа түсіргені, жазған-сызған қағазының бір парағын да жоғалтпай бәрін сақтап отырғаны, керек десеңіз, киелі шаңырақтың отын өшірмей келе жатқаны соның анық дәлелі емес пе?! «Әкей қайтыс болғалы ол кісінің есімін есте қалдыру мақсатында біраз шаруаның басы қайырылды. Сол үшін де ел азаматтарына рахмет!» – деп еді Сана келесі бір сөз орайында. Әңгіме иесінің бұл айтқаны да дұрыс. Мұны аудандағы бір мектепке Шәкір Әбенов атының берілуі, Құндызды ауылында ақынға арналған мұражайдың ашылуы, елді мекендердегі көшелер Ұлы Отан соғысына қатысушы оның есімімен аталуы толық айғақтайды. «Әкемнің кейінгі жазған өлеңдері қозғаусыз жатыр. Арманым – ол кісінің толық шығармалар жинағының жарыққа шығуын көру», – деп сөзін аяқтаған болатын ақынның қызы кетерімізде.

Байыптап қарасақ, бұл да ойланатын шаруа сияқты. Әдебиет зерттеушілері мен руханият жанашырлары қолға алатын-ақ іс. Неге десеңіз, Шәкір Әбенов хамса жанрына құлаш ұрып, ол биіктікті игерген талант иесі. Бұл ұғым түсінікті болу үшін кезінде «Абай» журналын шығаруға көп күш-жігер жұмсаған абзал азамат Рысхан Мусиннің төмендегі сөзіне жүгінелік. «Қазақта бес поэма жазған саусақ­пен санарлық қана ақын бар, – дейді екен ол кісі редакциядағы әріптестеріне. – Соның біреуі Шәкәрім Құдайбердіұлы, екіншісі Ілияс Жансүгіров болса, үшіншісі Шәкір Әбенов». Рекеңнің бес поэма деп отырғаны, міне, осы хамса ғой. Ол сонау орта ғасырдағы Әлішер Науаи заманынан тін тартқан дәстүр. Ендеше, осындай санаттағы талант иесінің толық шығармалар жинағын шығаруды неге қолға алмасқа?! Сөйтіп, мұн­дай мұраны неге бүгінгі ұрпаққа таныстырмасқа?! Неге?!..

Осындай ойлармен арпалысқан біз ақ қар басқан адырлардың ара­сымен Аягөзді бетке ала алға жылжып келеміз. Ақтүтек боран­ның басылар түрі жоқ. Қыс құр­сауындағы қыраттар болса үнсіз. Олар көкала аяздан көзін аша алмай, марғау кейіпке бөгіп тұр. Ал алдымызда жол. Түнгі ұзақ сапар…

Жанболат АУПБАЕВ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Абай ауданы,

Құндызды ауылы

Суреттерде: Шәкір ақсақал мен ғалым Қайым Мұхаметханов;  Сана Шәкірқызы; ақын-жазушылар (ортада) М.Сәрсеке, Ш.Әбенов, Қ.Жұмағалиев, Ш.Мұртаза. Сурет e-history.kz сайтынан алынды

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*