Бетпе-бет | Етжеңді

Бетпе-бет

Бетпе бетЕл Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Астанада өткен үлкен жиынға қатысушылар бас шаһарымыздың көрікті жерлерін армансыз араладық. Әсіресе, Халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалыс төрағасының орынбасары Сұлтан Кар­тоев пен белгілі журналист Раушан Нұғ­ман­бекова үшеуміздің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында болғанымыз есімде қалды. Бәріміздің көзімізге оттай басылғаны – сондағы шыны сөренің астында тұрған «Тұңғыш» деп аталатын қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров туралы кітап еді. Мұқабада суреті басылған келбетті де қайсар қандасымыз жөнінде мұндай жинақтың барын бұрын білмеген екенбіз. Анықтамасын оқыдық, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, қазақтың тұңғыш ғарышкері туралы ғұмырнамалық эссе 2004 жылы 10 мың данамен Алматыдағы «Құс жолы» баспасынан жарыққа шығыпты. Кітап авторының «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет істейтінін сол жерде Раушаннан естіп білдік.

Сол сапарда ұлтымыздың біртуар ұлы туралы осындай еңбектің барына қуанып қайттық… Айтайын дегенім, батыр туралы жоғарыдағы кітапты жазған журналистің қоржынында Тоқтар Әубәкіров туралы кейін өмірге келген дүниелері бар ма екен? Болса басылымдарыңызда жарияласаңыздар. Оқығымыз келеді.

Болат СЕРІКБАЕВ,

халықаралық «Невада-Семей» антиядролық

қозғалысының сенімді өкіл-дәрігері

СЕМЕЙ

Қара айғырдың оқыс кісінегені Тоқтардың ұйқысын шайдай ашты.

Орнынан атып тұрып, жалма-жан «Камаз-кунгтің» терезесінен сыртқа үңілді. Жылқылар тебіндей жайылып жүр. Сағатына қарады, таңғы төрт. Түз тағысының әдеттегі шабуылы басталар сәт таяп қапты… Сезімтал жануар да тектен-тек кісінемесе керек. Бетін тез жуып, газға шай қойды. Терезеден тағы да сыртқа үңілді, ай туыпты. Жақсылыққа жорыды. Түнделетіп табан тіреген бойда күйме-көлікті жылқылар таң атқанша тебіндеп жайы­лып жататын адырдың ығына әкеп аялдаған. Қаршананы жерге түсіріп, ықтасынға бұрып қойған. Сақадай сай, тізгінін тартсаң, «дүр» етпекке әзір.

…Қара айғыр екінші рет осқырынып «тіл» қатқанда, жалма-жан терезеге ұмтылды. Әлгіндей емес, айнала алакөбең тартыпты. Сақ жануар құйрық жалын көкке шаншып көтеріп алған. Танауы делдиіп үйірді айнала бүлкілдей желіске салып, жер тарпиды. Тегін емес! Ә десең ата жөнелуге дайын. Байқайды, үйір үркіп қалған сыңайлы, жануарлар құлақтарын қайшылап дегбірі қашқан. Қара айғыр мойнын соза тағы бір осқырынды…

Қос ауыз мылтықты қолына іле-міле күйме-көліктің есігін еппен ашып, жерге секіріп түсті. Секіріп түсті де, зор доңғалаққа иық тіреп, жүрелеп отыра қалды. Тың тыңдады. Қара айғыр мойнымен меңзеген тұсқа көз жүгіртті. Түнде тас қараңғыда байқай қоймапты, жылқы жатқан адырдың күншығыс бүйіріне ирелеңдеген кішкене жыра қосылады екен. Бар пәле – қабағын қара түнек жапқан сол жақта болса керек. Өйткені, құлақтарын кезек-кезек қайшылаған күллі үйірдің назары сол жақта. Мерген қара жыраға бір, қара айғырға бір көз салып, әр қимылды мүлт жібермей бақылай бастады. Жануар басын жерге жеткізе иіп, іле-шала дереу көтеріп ала қойды, мойнын бұрды, екі көзі – күншығыс жақта. Делдиген танауынан ұрған ыстық дем шыңылтырға қарылып бу бүркиді. Бәрі-бәрі ап-анық көрініп тұр. Беттің ұшын шымшылаған сарышұнақ аяздың заһарын Тоқтар сол сәтте сезді. Ашық даладан ызғарлы жел ескектеп еді, жылы күймеден шыққан оның денесі тітіркенді. Демін ішінен алып, тына қалды. Қара жыраның
аузынан көлеңке қозғалғандай… Осы екі арада қара айғыр да жер тарпи атылып, қас пен көздің арасында дүрлігіп шеті сетінеп үлгерген үйірдің арғы басына дейін тұяғын серпе шауып, ойқастап кетті. Жануардың бұл қылығын Тоқтар «енді не ғып отырсың бұғып» дегені деп ұқты. Ұрымтал сәт, жыраның қабағы қалың тұсын көздеп қимылдамай қата қалды. Қараңкөлеңкеден күлге аунаған ауыл иті тәрізденіп домалап келетін түз тағысының сұлбасын анық байқады. Таяқ тастам  жер, шыдамады… Шүріппені басып салды. Қос ауыздың ащы даусы түңлігі түріліп үлгермеген жапан даланы жаңғыртып жіберді. «Қап, тым алыстан нобайлап шүріппені басқаным бекер-ақ болды-ау. Жақындап баруым керек еді…» Өкінішті оймен арпалысқан  бойы қаршанаға асығыс от берді. Таң атқанша сарышұнақ аяздың құрсауында сұлқ түсіп бүрісіп тұрғанына қарамастан судай жаңа канадалық «Скиду-бомбардир» екі рет бұлқынып барып, жапан даланы дүр сілкіндіріп, «гүр» етті. Күйме-көлікті ашық-шашық қалдырмай, есігінің құлпын екі бұрады да, қаршанаға қарғып мінді.

Қара жыраны қуалай өрледі. Қабақтағы қараңғылық сейіліп, бауырындағы қиыршық ақ шағыл, ескек жел үрлеген қар тозаңына дейін ап-анық көріне бастады. Моторды сөндіріп, жыраның табанына түсіп, із кесті. Бір қарағанда қатқан қырбақ қарда ілік табар белгі жоқ еді, үңіле қарап, қорқаудың сірне қарға салған сояудай тырнақ ізін байқады. Торуылдап жүрген түз тағысы жалғыз болса, мына жақтағы қырбақ қардың үстінде жосыла сайрап жатқан тырнақтың ізі несі? Не болса да жыраның аузы тұйықталар тұсқа  шейін жоғары өрлеп баруды жөн санап, аяғы тайғанақтап ернеуге қайта шығып, қаршанаға оралды.

Таң атты. Айнала аппақ. Жылқылар шашырамаған қалпында «Қалған іс өзіңе аманат, батыр» дегендей, қамсыз-қаперсіз сол бойы жазыққа бет түзепті. Шіркін, қара айғыр сұлу-ақ екен! Құйрық-жалы күлтеленіп, сонадай­дан ерекше түрленіп, үйірін қорып шоқырақтап қояды. Түз тағысының арланы шапса да бұл үйірден шашау шығармайтын тұлпар топтан оқшау, құлағын қайшылап, сақ жүр. Жыраның екі айрыққа бөлінген жерінде Тоқтар тағы да көліктен түсіп, сойдақтаған іздің қалай қарай жосылғанын ажыратты. Төменге көз тігіп еді, күйме-көлік те, жылқылар да көз ұшында қалыпты.

…Жалт бұрылды. Бәкене ғана шоқ түбіртектің түбінен жылыстай шығып, құйрығын бұтына қысқан қорқау иірімді айналып жып берді. Манадан бері осында жасырынып жатса керек.Сықпытына қарасаң, мына қорқауың жылқы торуылдамаған секілді. Демек, қаншық жалғыз емес. Тоқтар да жалма-жан  қимылдап, қаршанаға қарғып мініп, қамшы басты. Сұр қасқыр алды-артына қарамай, жыра табанындағы жықпыл-жықпылдың арасын қуалай безіп барады. Әлжуаздау аш құрсақ түз тағысымен арадағы алшақтық азая түсті. Мына шабыспен ол ұзаққа бара алмас. Әттең, жыраның иірімдері қаршананың шапшаңдығына тұсау салып келеді. Жағалаудағы әр қорысты орап, айналып шығамын дегенше, бір-екі рет қасқырдан көз жазып барып, әрең тапты. Осы бетімен жазыққа шықса ғой, шіркін, көкесін көзіне көрсетер еді. Қуып жетсе, қорғасын шығындамай білік темірді бір-ақ сермеп, желкесін үзіп-ақ тастар еді! Қашқынның аяғына шалынып шоқырақтағаны Тоқтарды таң-тамаша етті… Мына қаншық не буаз, не жарақат алған! Жер апшысын қуырған қуғыншы мәресіне қол созым таяғанда тағы да қалың қорысқа тап келді. Айналып өте бергені сол, ілби басқан қаншықтың бұл жолы сұлбасын ап-анық көрді. Тілі салақтап кетіпті. Тежегішті басып, кілт тоқтады. Мылтығын кезеніп, мойнын созған күйі жыраның қуысына біткен қорысты шолып, бой тасалаған қаншықтың ізін сүзіп қарай бастады. Бірақ, бұлай болады деп кім ойлаған?!

…Тайыншадай бейтаныс көкжал сай табанынан ырғыған бойда жазыққа атырылып бір-ақ шықты. Қуғыншы жігіт күтпеген көріністен шошып, денесі дір етті. Мылтығын кезеніп тұрғаны мұндай дем бермеген шығар?! Бәсе-бәсе… Сұр қаншық арланның апанына мұны арбап алып келгені ғой! Дәл иегінің астынан керіле қарғыған түз тағысының ұсқыны үрейлі еді. Қуғын басталды. Қорыстың арасына кірген қаншық жайына қалды. Көкжал тың. Кісінің құлашы толардай жуан мойнын қуғыншыға бір бұрып алды да: «Шамаң келсе, қуып жет», дегендей төрт аяққа ерік берді. Тоқтардың қаны басына тепті. Қаншығын құтқарудың амалымен қуғыншының алдынан «кеудесін оққа төсеп» шыққан арланның айласына таңырқап та келеді. Ақбөкеннің бұғанасы қатпаған лағын қорғарда осылай жорта шауып, айла-шарғы жасайтыны жайлы анасы айтқан талай-талай әңгімеге бала кезден құлағы қанық. Әйтсе де, ол даланың қорқауы атанған түз тағысынан дәл мұндай әрекет күтпеген. «Жекпе-жекке шақырғаны ғой сонда мені?! Нар тәуекел, көрейік әуселеңді түз тағысы!» деді іштей Тоқтар. Бұл астындағы қаршананың жылдамдығын арттырған сайын алдына түсіп алып, көкжал да көсіле шапты. Спидометрге көз қырын салып еді,  жылдамдық 70 шақырымға жетіпті. Есік пен төрдей жерге созылған көкжалдың күжірейген жотасы Тоқтардың өне-бойын шымырлатып, аяғының ұшына дейін ыстық ұрды. Өзін дәл осы сәттен бастап ата жауымен бетпе-бет келген жауынгердей сезініп, бұлшық еттері жиырылып, денесі тас-түйіндей қатты. Үскірік желден жанары жасаурады. Қанша жерден қызбаланса да «атасы қорқаудың» әрбір қимылымен айла жасап бара жатқанына таңданбасқа Тоқтардың шарасы қалмады. Жетіп-ақ қалған… Көкжал бұдан ары қуатты техникамен бәсекелесе алмасын ұғынғандай, аяқ астынан жалт беріп, сол қанатқа тартты. Құйғытып келетін қаршана кілт бұрылған сәтте, екпінімен аударылып түсе жаздады. «Апырай, мынаның қаскүнемін қарай гөр!»

Айдала. Күннің көзі мұнартып көрі­неді. Тайталас-қуғынның мерзімі cозыла түсер сыңайы бар. Арланыңыз шынында да әккі шықты. Мына көкжиегі көрінбес сайын далада құлашын жазып қашып, береке таппасын әлдеқашан сезіп-біліп қойғандай… Кейде оңға, кейде солға жалт беріп, тіпті қуғыншысын мазақ еткендей. Мұншалықты айлакер болар ма? Шүріппені шүйдені көздеп басып қалуға еш оңтайы келер емес. Кейде қуғыншыға қарап, мойын бұрып, қырын беріп айнала шабатынын қайтерсің. Байқайды, қасқырдың қаршана мінген қарсыласын қапыда қалдырғысы бар… Әлгінде ғана Тоқтарды шанасымен тұтаса біткен шоқ жусаннан көрінбей жатқан ұраның аузына апарып, аударып кете жаздады. Тоқтар енді сақтанайын деді. Мұның ақыры жақсылыққа апармасы анық. Бірақ, қызу қуғынның бұдан ары ұзаққа созылмасын екі жақ та сезіп қалған! Рульге қос тізесін тіреген Тоқтар мылтығының ауызын қашқынның құлақ-шекесі осы болар деп көздеді. Шүріппе басылды… Суда жүзген балықтай бұлт-бұлт етіп келе жатқан көкжалдың манадан бері бір илікпей, күжірейген жон арқасы қайқаң ете түсіп, азу тісін ақситып, мойнын бұра «арс» етті. Аунап түскен жоқ. Бірақ, жонарқасын жанай тескен ыстық қорғасынның уытын сезер емес, безіп барады. Ет қызуымен құйғытқан екен, кенет… Қансырап әлсіреген көкжал әлгіндей біресе оңға, біресе солға жалт беруін қойды. Жер апшысын қуырған қаршана да табандатып жетіп қалды. Оқ омыртқадан тиген болуы керек, бір жағы өкпесі өшті-ау, жанарынан от шашқан хайуан арыға төзе алар емеспін дегендей шоқалақтап барып, бір кезде бетін қуғыншыға беріп, кілт тоқтап, шоңқиған күйі отыра қалды.

Құстай ұшып келе жатқан көлікті тежеп үлгерген Тоқтар, қапелімде моторды сөндіріп алды. Қайта от алдыруға қол бос емес. Көздеп тұрған бойы шүріппені басты… «сырт». Қайт бас­ты, «сырт». Шүріппе екі рет «сырт» етті, мылтық от алмады…

Тайыншадай көкжалдың жасындай жанары Тоқтардың өңменіне қадалып, жүрегін су еткізді. Бойын тез жиып алды. Бетпе-бет келді деген осы! Күректей азу тістері ақсиып, жалы тікірейіп, қан жоса болған жотасы ісініп, айбат шеккендей жиырылып артқа шегіне берді. Қорыққаны ма!? Жоқ, қателесіпті… Бар қуатын бауырына жинаған түз тағысы темір серіппедей жиырылып барып, тура Тоқтарға қарай тіп-тіке атылды! Қас-қағым сәтте аяғын тартып үлгергені сол, алмас қылыштай күрек тіс қаршананың сауырына «қарс» етіп қадалды. Зор денесімен кілт кейін шегінген қарулы жігіт, еңкейе бере мылтықтың дүмбісімен қорқаудың шойын басынан қадап тұрып қатты ұрды. «Дүңк» еткен дыбыс шықты. Қос­ауыз екіге бөлінді. Қаршанадан қарғып түсіп, айналып соққандағы көргені – көкжалдың томардай басын қан жауыпты. Тоқтар дүмі түсіп қалған мылтықтың бауын дереу ағытып, ойыншықтай жеп-жеңіл шолақ ұңғысын оңтайлап ұстап, қас жауына мысық табандап жақындай түсті. Көкжалдың да оңайшылықпен берілмек  ойы жоқ. Аузын ақсита ашып, есік пен төрдей денесін сүйрелей, жер бауырлап айбат шеге ырылдап артқа шегінді. Қанталаған өткір көз өңменнен өтіп барады! Аппақ қардың үсті қан-жоса,  қып-қызыл. Нағыз жекпе-жек енді басталмақ! Не хайуан, не адам алады. Қолындағы шолтаңдаған  мылтық ұңғысының қауырсындай салмағына  Тоқтардың көңілі толмай-ақ тұр. Қаршананың бүйіріндегі білік темірге қол жетсе кәне!  Әттең! Жатқан бойында кеңірдегінен бас салып, езіп тастар ма еді! Жо-жоқ, олай етуге… тым орасан екен әрі алмастай өткір ақсиған тіс тиген жерін орып түсері хақ. Сақтық керек! Аз-кем арбасты. Қорқаудың басына тиген ауыр соққыдан есін жимай тұрғанында қимылдамаса, кеш қалады. Ұңғыны сығымдай қысып бір табан жақындады. Әккі айуан қарсыласының бірінші болып қол жұмсарын сезіп-ақ тұр. Тісін айбат шеге сақылдатып «арс» етті де ауыр тартқан денесін жиырды… Таныс көрініс!..

Шым-шытырық ой үстінде Тоқ­тар­дың есіне бала кезде анасының: «Ата­ларың қасқырдың жаны тұмсығында, бетпе-бет келгенде сойыл тұмсықтан дөп тиді екен, допша домалап түседі, тимесе – жем боласың…» деп айтқан бір әңгімесі есіне сап ете түсті. «Тұмсықтан, тұмсықтан!..» Шабуылға екі жақ та тас түйін дайын. «Сұр көкжал, адамнан айлаң аспас!» Тоқтар құшырланған күйі оңтайлана берді. «Қазір атылады, қазір…» Ол ойын жиып үлгергенше, сұр көкжал да сұр жебедей тартылды… Құлашын жазып дайын тұрған Тоқтар да көз ілеспес жылдамдықпен қара тұмсықты көздеп тұрып, шолақ мылтықтың ұңғысын бар пәрменімен ышқына сермеді. Бөрінің «қаңқ» еткен даусы шықты. Екпіні қатты екен, Тоқтар шалқалай беріп, күртік қарға шалынып отырып қалды. Қас-қағым сәтте төбеден төнгендей көрінген көкжалдың алқымынан екі қолымен бірдей ала түсуге әзір еді. Қақ тұмсықтан қатты тиген соққыдан есін жимаған томардай бас мұның сол аяғын баса-маса сұлап, сылқ ете түсті. Лезде аяғын тартып алып, атып тұрмаққа әрекет жасаған, арланның аузынан бұрқ ете түскен ақ көбік аралас қызыл қанды көріп, тапжылмады. Түз тағысының көзі шарасынан шығардай ақиланып, айналып кетіпті. Сала құлаш созылып жатқан қорқаудың жып-жылы денесі дір-дір етіп жатты…

Талғат СҮЙІНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

 

 

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*