«Смағұлдан басқамыз аманбыз!»

 

kishioktyabr1ОГПУ-дың тергеу материалдарында Алаш зиялылары Смағұл Сәдуақасұлы, Тұрар Рысқұлұлы және Сұлтанбек Қожанұлымен қатынасы тақырыбына ерекше көңіл аударылған.  

Тергеушілердің анықтауға тырысқаны, әрине, ұлт-азаттық қозғалыстың аға және кейінгі жас буын қайраткерлері арасындағы сабақтастық байланысты анықтау болғандығы түсінікті. Бұл тақы­рып­қа алғашқылардан болып біршама көрсетулер берген Дінше Әділев болды. Ол сол тұстағы Кеңестік Қазақстанның астанасы Орынбор қаласына Қазақ Орталық Атқару Комитетінің шақыруымен келіп, С.Сәдуақасұлы және басқа қызметкерлермен жұмысқа ара­ласа бастағандығы жөнінде мына­дай көрсетулер береді:

«Орынборға келген соң мен Сәдуақасов Смағұлға келдім, онымен Омбыда бір мезгілде оқыған едік… ҚазОАК-нің №10 жатақханасына орналастым… Мені сондай-ақ Ішкі Істер Хал­комы коллегиясының мүшелі­гіне сайлаған екен. Ішкі Істер Халкомы Мырзағалиев еді. Осы мекемеде қоса қызмет атқар­дым. Ұлтшылдық бағыт ұста­нуға тура келді. Бұл бағытты ұстан­ғандар үшеу едік: Мен, Сәдуа­қасов және Әшім Омаров, топ ретінде жүрдік. Біз үкіметтің ұста­нымын отаршылдық маз­мұнда қабылдадық. Бұл кезде республика үкіметінің төрағасы Радусь-Зенькович, обком хат­шысы Кулаков еді, біз соңғысымен барлық отырыстарда ымырасыз күрес жүргіздік.

…Нәтижесінде Кулаков қыз­метінен алынып, шамамен Орал губкомының қарамағы­на жіберілді… Артын ала біз ала­шор­далықтармен – Бөкейханов­пен, Байтұрсыновпен, Сәрсенов Биах­метпен, Омаров Елдеспен және Болғанбаев Хайретдинмен байланыс орнаттық».

Д.Әділев алашорда­лық­тар­мен өзара идеологиялық тұрғыдан, ұстаным жөнінен алшақтық бол­мағандығын айтады (ҚР ҰҚК АҚ ж ОДА, №011494 іс, 1 т., 9-10 ПП).

С.Қожанов пен С.Сәдуақасов­тың кейінірек бірге Қазөлкелік комитеті бюросының құрамын­дағы (1925-1926 жж) қызметіне бай­ланысты ол кезде «қазақ қыз­меткерлері өз арасында Сәдуа­қасов пен Қожановты екі ірі тұлға (деректе «кит» – М.Қ.) ретін­де көретін (Қожанов – екін­ші хатшы, Сәдуақасов – бюро мүшесі және халком). Маған олардың көзқарасында прин­цип­тік қайшылық жоқ сияқты көрінді, ал бірақ олардың әрқай­сысы өз бетінше көсемдік жасап, соңынан бұқараны ерткісі келді. Осы тұрғыдан олардың арасында таза мансапқорлық күрес жүрді… Ұлтшылдар бұл екеуінің өзара келісіп Қазақстанды басқар­ғандарын қалады. Мұндай үміт ақталмады. Қожанов қызметінен алынып, Мәскеуге жіберілді. Бұл іске Сәдуақасов зор үлес қосты деген пікір айтылды» (сонда, 30 П.), деп көрсетті ол тергеушіге берген жауабында.

Орталық билік С.Қожановты Мәскеуге қызметке шақыра оты­рып қазақ қызметкерлері ара­сындағы «ұлтшылдық» көңіл күйді «бәсеңдетуді» көздеді. С.Қожанов өз ретінде орталықтың бұл шешіміне байланысты «Мәс­кеу мені, әрине, жұмыс біті­ру үшін емес, жұмыссыздық үшін шақырып отыр», деген тұжы­рыммен жауап берді.

Д.Әділев С.Қожанов Өлкелік партия комитетінен кетіріл­ген соң ұлтшылдар қолдауды С.Сәдуақас­ұлынан күткендігін білдіреді.

Дегенмен, С.Сәдуақасұлы да өз еліндегі қызметін шер­лі, жүргізген күресінің бола­ша­ғынан түңілген күйде аяқта­ған еді. С.Қожанұлы мен С.Сәдуа­қасұлының жеңілісі бұл, әрине, екінші буын қазақ зиялы­лары­ның жаңа большевиктік отар­лауға қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыстың жеңілісі болатын. Сондай-ақ, бұл жеңіліс, ұлт тарихына Алаш қозғалысы деген атпен енген ұлт-азаттық қоз­ғалысы жеңілісінің жалғасы еді. Бұл іс жүзінде Ә.Бөкейханов бас­таған алғашқы буын ұлт зия­лы­ларының патшалық, содан соң кеңестік реформаларға қар­сы ұлтты, оның жері мен мемле­кет­тігін сақтау жолындағы күресінің жалғасы болды. Тарихи тұрғыдан алғанда, Ш.Уәлихановтан бергі уақытта қазақ мүддесін тәрк еткен ресейлік реформаларға қарсы көрсетілген үшінші қарсы­лық еді. Міне, осы соңғы қар­сылықты теориялық және прак­тикалық тұрғыдан негіздеу және жүргізу ісінде Смағұл Сәдуа­қасұлы жетекші, лидерлік қызмет атқарды. Ол саясатта қазақ ас­панында жанған құйрықты жұлдыздай құбылыс еді. Заман­дастары да оның қызметін осы тұрғыдан бағалады.

С.Сәдуақасұлы жүргізген жұмы­сының мазмұнын тари­хи тұрғыдан түсінді ме? Әрине, түсінді. Жақсы түсінді. Ә.Мусин С.Сәдуақасов және «сәдуа­қасов­щина» туралы жазған естелік мақаласында Ғалым Малдыбаев деген кісінің көрсетуіне сүйе­ніп Мәскеудегі Кремль ауру­ха­на­сында әл үстінде жатқан Сма­ғұл­­дың көңілін сұрай барған сая­сат­тағы қарсыласына айтқанын баяндайды. «Смағұлдың өмірден озуынан екі күн бұрын көңілін сұрай барған едім, бұл уақытта ол әбден жүдеу, жағдайы өте ауыр, көзі күңгірт тартып қалған екен. Дегенмен, оның ақыл-есі әлі бүтін күйде еді, соны байқап мен: «Смағұл, қалайсың, көңіл күйің жақсы ма, дерт жаныңа батты-ау!» дедім. Менің бұл сөзіме ол: «Көңілім орнында, есіңде болар жаға жыртысып жүрген кезі­мізде сен «әлі-ақ қаралы топ жинап жаназаңды шығарармын» деп едің, енді міне жағдайымды көзің­мен көріп отырсың, қаралы жиы­ныңа даярлана бер!..» дегені. Осы араға келгенде жолдасым сөзін тия қойып, босағандай кейіп танытып, терең ойға кетті» (ҚР ПА., 811 қ., 20 тізім, 686 іс, 151 П).

Тағдыр Смағұлды Елизавета Әли­хан­қызына қосқан еді. Алла екеуіне Ескендір деген ұлды береді. Қазақстандағы қыз­метінен кетірілген соң ол 1928-1932 жылдар аралығында Мәс­кеу темір жол құрылысы инже­нер­лері институтын аяқтаған соң, теміржол құрылысында жүріп кесел тауып, 1933 жылы өмір­ден озады. Мәскеуде өмірден қайт­қан Смағұлды соңғы сапарға шығарып салған Әлекеңе бұдан үлкен қайғы жоқ еді.

Осы қаралы жағдайды көзімен көрген Мәриям Мұқан келіні (Сәбит Мұқановтың зайыбы) есте­лік кітабында мынадай жол­дар қалдырыпты: «Біраз күтіп тұрып қалдық. Маңайда көп ешкім көрінбейді. Бір кезде анадайдан жақындап келе жатқан арба көрінді. Мәйітті сол арбаға салыпты. Арыстай боп сұлап жатыр екен. Арба соңын­да ілби басып екі-үш адам келеді. Сәбит маған сыбырлап: «Әли­хан Бөкейханов – қайын атасы, әйелі – Лиза, анау – бала­сы», деп түсіндіріп тұр. Арба ақы­рын жүріп келіп, есіктің көзі­не тоқтады. Сәбит жақын барып амандасып, көңіл айтты… Бөкей­ханов келбетті адам екен. Үстінде етегі жер сызған, жағасын алтайы қызыл түлкіден салған қымбат тоны бар. Кескін-кейпі патшадай болып көрінді маған. Тәкаппар, суық жүзді».

Смағұлды соңғы сапарға аттандырған Әлекең Ақ теңіздің жағасындағы қапаста жүрген Міржақып Дулатұлына «Сма­ғұл­дан басқамыз аманбыз» деп жазып, көңіл айтты.

Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ,

ҰҒА коррес­­пон­дент-мүшесі

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*