Сүйінбике | Етжеңді

Сүйінбике

suumbike-bashnya-v-kazani_10_kw1.Мұнара

Қазанның хандар қорымы аталатын жота биігінде Сүйінбике мұнарасы ерекше назарға ие. Мұнараның басын мұң торлағандай жабыңқы күйі бір қарағанда, жалғызсырап тұрғандай әсерге бөлейді. Өйткені, ол көзге оқшау көрінеді және айтылар әңгімеде, шертілер сырда аяулы Сүйінбикенің аянышты тағдыры өріліп жатқандықтан болар…

Қазанға барған сапарымызда жергілікті ғалым, жазушы сынды зиялы қауым өкіл­дері­мен көп кездесіп, Сүйінбике хақын­да сыр суыртпақтадық. Сонда ола­рдың қай-қайсысы да өздерінің өткен тарихын­д­ағы соңғы патшайымдары жайлы сонша­лық­ты сағынышпен, тебіреніспен сөз қоз­ғай­тындарының куәсі болдық. Одан бері қаншама ғасыр өтсе де көкейлеріндегі өкініш, күйініш табы анық сезіліп тұрды. Сүйінбикенің есімін зор ілтипатпен атап, бәйіттерін жатқа айтады. Қазан хандығының құлау себебін, сол уақыттағы Сүйінбике мен ұлы Өтемісгерейдің тартқан аянышты күйін тап күні кеше ғана өткен оқиғадай қынжыла отырып баяндайды. Біз бұдан Сүйінбикенің бәйіттері мен зар толғаулары бірден бірге, атадан-балаға ауызекі тарап, ұрпақтан-ұрпаққа оның есімін осылайша әрдайым зор сүйіспеншілікпен айту арқылы жалғастырылып, күні бүгінге дейін сақталып келе жатқанын ұққандаймыз. Оның есімі ел есінде құрметке, махаббатқа бөленгені еш күмән туғызбайды.

Сүйінбике мұнарасы жайлы да ел арасында алуан түрлі аңыздар бар екен. Соның бірінде мұнараны Иван Грозный соқтырған екен деп те шімірікпестен соғады. Бұл енді еш шындыққа жанаспайтын жалған сөз. Осындай сипаттағы аңыздың бір нұсқасы бүгінде ортақ дерек көзіне айналған интернет дегенде де шарлап жүрсе керек. Оған құлақ салсақ, Қазанды жаулап алған Иван Грозныйға Сүйінбике шарт қойыпты-мыс.

– Ерім Сапагерейдің қабірі басына ескерткіш мұнара тұрғызып бер. Сол мұнара біткеннен кейін ғана мен саған тұрмысқа шығамын, – деп кәпірге күйеуге тиюге уәде беріпті-міс.

Аз уақыт аралығында Қазанның қасынан Зоя сияқты шаһар салған патшаға мұнара тұрғызу да сөз болып па? Ол тез-ақ салынып бітеді. Мұнара біткен күні Сүйінбике оның жо­ғары қабатынан құлап мерт болыпты-мыс.

Бұл – біздің пайымдауымызша, шын­дыққа кереғар әңгіме. Иван Грозный Сүйін­бикеге мұнара тұрғызып бермек түгілі, Қазанды басып алған соң ондағы мешіттерді талқандап, бұзып, шіркеуге айналдырғаны тарихтан аян ғой. Бұл турасында Һади Атласи былай деп жазады: «…Иван Грозный Қазанды алғаннан кейін ондағы мешіттерді ойрандаған да, кейбіреулерін шіркеуге айналдырған. Ал кейбіреуін бұзып алып кетіп, Мәскеуге апарып, сол жақта шіркеу тұрғызған…»

башня-Сююмбике-1Жоғарыдағы мазмұндағы аңызды шы­ғару­шылар нені мақсат тұтқан дегенге келер болсақ, бұл «орыс жаулаушыларының бойында ізгілік те бар еді» дегісі келіп, олар­ға іштартатындардың, жаулаушы жақ­ты жағымды жағынан көрсетуді мақсат тұтқандардың ойдан шығарған қауесеттері дейміз. Ал осыған тарихи оқиғаларды зерделей біледі деген айтулы азаматтардың да сенетініне, «мұнараны Иван Грозный тұрғызған» деп сеніммен айтатындарына қайранбыз. Шіркін-ай, дейсің де қоясың.

Олай дейтініміз, біріншіден, Сүйінбике Қазандағы мұнарадан құламағаны аян. Ол Рязань облысындағы Қасимов қаласындағы мешіт мұнарасынан ұшып, мерт болған. Сүйегі сонда жерленген. Екіншіден, Сүйін­бике Сапагерей қабірінің басына мұнара тұрғызған соң, оның бақталастары Мәскеуге Иван Грозныйға оны жамандап, мына тұрғыда жазылған жала хат жолдаған ғой: «…Сүйінбике сізбен соғысуға әзірленіп жатыр. Әйтпесе мұнара тұрғызып не қыла­ды? Қорғану үшін мұнара салғызды. Сіз келген жағдайда мұнара терезелерінен оқ жау­­дырып қарсы алмақ….» – дегендей шағыс­тыру­ды көздеген мақсатта ақпар жібер­ген. Демек, Иван Грозный Қазанға басып кір­генде Сапагерей қабірінің басында мұнара тұрғаны анық дейді зиялы қауым өкілдері де. Шындыққа негізделген иланымды пікір.

Сүйінбикені көп зерттеген ғалым Һади Атласидың еңбегінің соңғы бөлігінде «Сүйінбике мұнарасы» деген жеке жазба бар. Ол жазбасында ғалым мұнараны әбден талдап суреттейді. Құрылыс Қазанның күй­діріл­ген қызыл кірпішінен қаланып, жеті қабат болып өріліп бой көтереді. 1, 2, 3-қабат­тары төрт қырлы. 4, 5, 6, 7-қабаттары сегіз қырлы болып келіп, біртіндеп үшкірлене береді. 7-қабаттың үстінде тағы бір үшкіл қабат бар. Ол қалайымен қапталған. «Басына алғашқыда ай белгісі орнатылған екен. Иван Грозный Қазанға кірген соң ай алынып тас­талып, оның орнына екі басты құс-самұрық белгісі орнатылады», – деп жазады Һади Атласи. Әрі ғалым мұнараны орыстардың салмағанына мынадай дәлел де келтіреді.

«…Қазанды жаулап аларда отрядқа бастық болып келген Андрей Хроровский деген мырза өзінің күнделігінде хан қорымы үстінде биік мұнара көргенін жазады. Әрі оның күйдірілген қызыл кірпіштен өріліп, сәнді де бекем тұрғызылғанына таңданысын білдіреді. Оның жазып отырғаны – осы Сүйінбике мұнарасы. Әйтпесе, ол арада одан басқа мұнара жоқ», – деп түйіндейді Һади Атласи.

Енді осы мұнараның атауы жайлы әңгі­­мелесек дейміз. Әлбетте, қорымдағы ескерт­­кіш, белгі кімге арналып қойылса, со­ның атымен аталатыны бізге таныс жайт. Ал бұл мұнара Сапагерей қабіріне қойыл­ғанына қарамастан, Сүйінбике мұна­ра­сы деп аталуының өзі оны Сүйінбике тұр­ғызғанын айғақтаса керек. Жұбайы тарапынан еріне арнап күмбез, кесене мұнара жасату мұсылман елдерінде ол заманда көп тарай қоймағандықтан осы үрдісті бұзып, Сүйінбике алғаш мұнара салдырғаннан болар, оның атымен аталып кеткені деген ой айтады ғалым Һади Атласи. Сондай-ақ, ол аталған еңбегінде тағы былай деп жазады: «…Менің байқауымша, Сүйінбике мұнарасы деп аталуына және бір себеп бар. Сүйінбике өзін Қазаннан тұтқын етіп алып кетер алдында осы мұнараның түбіне келіп, Сапагерейдің қабірі басында жылап, оның рухымен қоштасуы да себеп болған ба екен?

Қазіргі кезде де қыз-келіншектердің мұнара түбіне барып, құран оқулары, жаратқанға жалбарынып тілек тілеулері, жұма күндері арнайы соғып, дұға бағыштап кетулері жиі кездеседі. Ерлерге қарағанда әйелдер қауымының бұл араға көптеп, ұдайы үзбей келіп жүруінде үлкен наным, сенім жатса керек. Олар Сүйінбике рухымен сырласуға, мұңдарын шағуға, бойларын жеңілдетіп, өздерін мазалаған ойдан арылып, көңілдерін бекітуге келетіндері ашып айтпаса да түсінікті жайт секілді. Әйелдер қауымының Сүйінбике рухына қатты сеніп, құрметтейтіндерінде шек жоқ. Содан да Сүйінбике мұнарасы қасиетті орынға баланып, құлшылық орнына айналғандай…»

Қалай десек те, бұл мұнара – Сүйінбике дәуірінен қалған бірден-бір тарихи ескерткіш. Оған қатысты Қазанда бұдан басқа ешқандай ескерткіш белгі жоқ. Сүйінбике бір бәйітінде:

«…Хан қабірі үстіне

Қондырдым тас мұнара.

Дедім: «Өзі өлсе де

Есімі көп жылдарға бара…»

деп өзі айтқандай, қызыл кірпіштен қалап берік етіп соғып кеткен бірегей ескерткіші. Мықтылығы сондай, замана дауылдарына төтеп беріп, бес ғасыр бойы мызғымастан асқақтап тұр.

Біз де Қазанға келген сапарымызда хандар қорымына барып, құран бағыштадық. Ол қорымда Сапагерейден басқа да хандар мүрдесі мәңгілікке тыныстауда. Қазан хандығы 114 жыл өмір сүрген десек, осы уақыт аралығында оның тағында 11 хан отырған болса, солардың Сүйінбикеден басқасының бәрі осы қорымда дамылдауда. Бәрінің де жандары жәннатта болғай! Солардың ішіндегі ерекшесі, қазандықтардың ықыласына бөленгені Сапагерей еді ғой!..

Біз барған уақыт күздің ызғарлы, бұлтты күндерінің бірі еді. Асқақ мұнара басын мұнар басқандай. Біз оны былай қабылдадық: Сапагерейден айырылғаннан кейін Сүйінбике көрген азаптың бәріне куәгер көне мұнара содан тұнжырай қалғандай. Сүйінбике мұнарасы XVI ғасыр оқиғасының бірден-бір шежіресіндей. Оның қабырғасына Сүйінбикенің Сапагерей рухымен қоштасу зары сіңіп қалғандай бізді мұңды әсерге бөледі, қатты толқытты. Ол – ғасыр мен ғасыр арасын, ұрпақ пен ұрпақ арасын үнсіз жалғаған жәдігер. Сол заманның бар шындығын бойына жинап, соның зілмауыр ауыр салмағынан да тұнжырап тұрғандай. Сол үнсіз қалпымен-ақ Сапагерей мен Сүйінбикенің ақ адал, аяулы махаббаттары жайлы мұңды сыр шертетіндей. Тек тыңдай білу керек пе деймін. Шіркін, естір құлақ болса…

 

2. Білезік

Безимени-1Қазанға барған осы сапарымызда «Сөембикә» журналы редакциясында да болдық. Журнал ұжымы бізді үлкен ынтамен қарсы алды. Бас редакторы Ляйсан Юнусовадан бастап, барша әріптестері сауалдарымызға барынша ыждағаттылық танытып, көп жайларға қанықтырды.

Осы арада біз журнал тағайындаған ерек­ше марапат-сыйкәдені көрдік. Қоғам­дық еңбекте ерекше нәтижеге жеткен Татар­станның қыз-келіншектеріне арналған марапат бар екен. Ол – Сүйінбикенің кескіні бедерленген таза күміс білезік. Сыйкәде Сүйінбике білезігі деп аталып, жоғары бағаланатын сыйлық көрінеді. «Ол – жылына бір-ақ рет үздіктердің үздігіне ғана берілетін марапат», – дейді Ляйсан ханым. Журнал атқарып отырған Сүйінбикеге деген құрметтің бір үлгісі деп білдік мұны.

Сүйінбикенің күреске толы бүкіл өмірін кейінгі ұрпаққа үлгі ету жолында журнал осындай игі істер атқарып отырғанына ризашылығымызды білдірдік. Ол әсеріміз әлі де суи қойған жоқ. Оған осы жолдардың жазылуы дәлел.

Шәрбану БЕЙСЕНОВА,

жазушы, халықаралық

«Алаш» сыйлығының лауреаты

АСТАНА

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*