Мен естіп-білген соғыс | Етжеңді

Мен естіп-білген соғыс

___RedArmy1Қазіргі тәуелсіз Қазақ елі де 9 мамыр күнін меркелік шара ре­тінде атап өтеді. Жеңіс күні боздақтарғаа арналған ме­мо­риал­дық ескерткіштер алдында гүл шоқтары қойылып, ми­тингілер өтеді. Осының барлығы жоғарыдағы және жергілікті әкімшіліктердің ұйымдастыруы бойынша өткізіледі. Ресми шаралар өткеннен кейін жұрт үйлеріне тарасып, әркім өз бетінше әрекет етеді. Біреулер тойлайды, біреулер қонаққа барады, демалыс болғандықтан, әркім өз білгенін жасайды.Біздің ел жақта ауылдағы ағайындар ол күні огородта картоп егіп, соны жуады. Біреулеріміз: «Аталарымыз соғысқа барып еді» деп, алып қойып, тойға айналдырып жатамыз. Енді біреулер: «Біздер де әскерге барып, қару асындық» деп, тойып ішіп жатады.

Со­ғыстан кейін туған біздің ұрпақ үшін бұл жағдай үйреншікті нәр­­се сияқты санамызда қалыптасты. Мен 9 мамыр мерекесі жа­­қындаған сайын өзім туып-өскен Солтүстік Қазақстан об­лы­сының қайыңды өлкесінде орналасқан Қаратал атты ауылым­ды­ есіме аламын.

Менің бала кезімде, әкеме көрші ағайлар жұмыстан кейін бас қосып, әңгімелерін айтып отыратын. Ол кезде ауылда телидидар түгілі радио да жоқ еді. Олардың барлығы да негізінен, бастауыш білімі бар қарапайым адамдар болатын. Күнделікті тіршілік туралы әңгімелері бір кезде соғыста бас­тан кешкен оқиғаларға ойысатын. Олардың сөз қорында: «Отан, патриотизм, фашист, нацист, біз отан үшін соғыстық, ерлік көрсеттік», деген кездеспейтін. Майдандағы бастан кешкен оқиғаларын ерлік ретінде бағаламайтын. Соғыс олар үшін ел алдында азаматтық борышын өтеу, қанды қырғын, күндіз-түні көрген азап, жазықсыз адамдардың өмірін жалмаған ажал, қорлық, әділетсіздіктер, зардаптар ретінде айтылатын. Олардың мінездері де әр түрлі болатын. Тұтқында болып, азап шеккендері тұйық, сөзге сараң болса, Берлин операциясы мен жапон соғысына қатысқандары ақкөңіл, екпінді мінезділеу болып көрінетін.

Біздің үйге қарсы бетте Мырзахмет Жакы­пов деген ағай тұрды. Соғыста жараланып, бір қолы кем болғандықтан, жұрт оны «шолақ Мырзахмет» деп атайтын. Сол кісі айтатын: «1941 жылдың қарашасында мен шақырту алып, военкоматқа келдім. Қасымда құрдас жігіт Смағұл бар, бірақ оның көзі нашар көретін еді. Соғыс­қа адам жетпей жатқан кез, оны да комиссия жарамды деп әскерге алды. Смағұл менен бір елі қалмайды, жетектеп жүрем.1942 жылдың көктемінде шайқасқа кірдік. Қайда барсақ та Смағұлға жалтақтап жүргенім. Уақыт өткен сайын оның көзінің көруі нашарлай берді. Шала білетін орысшаммен командирлерге айтсам, өтірік деп сенбейді. Айта берсеңдер дезертир ретінде атып тастаймын деп әкіреңдейтініне не істерсің? 1942 жылдың жазына қарай Харьков түбіндегі қырғын ұрыстар бас­талды. Бірде немістердің қатты шабуылына ұшырадық. Айнала атыс, төбемізден жау самолеттері бомба тастауда. Жанұшырып бір орманға жүгіріп жеттік, аман қалдық. Үш күн өткенде командирлер мен ерекше бөлім адамдары аман қалғандардың барлығын жинап, сапқа тұрғызып тексерді. Сол кезде Смағұл маған: «винтовкам жоқ, жоғалтып алдым», – деді. Қайта барып іздеуге кеш. Бір кезде «особистер» жерлесімнің винтовкасының жоқ екенін көріп алға шығарды. Жай шығарған жоқ, Сталиннің №227 бұйрығын оқыды. Қаруын жоғалтқан солдат Отанның сатқыны ретінде атылуға тиіс екен. Біздің көзімізше Смағұлға өз көрін өзіне қаздырды. Есіл азаматты атуға қабірдің шетіне қойған кезде ол маған қарап айғай салды: «Мырзахмет бақұл бол! Елге мені жау оғынан өлді де, екі құлыныма көз қырынды сала жүр», – деп бола бергені сол еді, ерекше бөлім қызметкері келіп, Смағұлды пистолетпен желкесінен атып, сұлатып салды. Жазықсыз адамның қаты­гездікпен өлтірілгенін көріп тұрған қасымдағы жауынгерлер төмен қарады. Көбіміз шыдай алмай жылап жібердік».

Әубәкір Жақыпов атай мереке күндері «Қызыл Жұлдыз» орденін тағып жүретін. Бірде ақсақалмен оңаша отырған кезде: «Мына марапатты не үшін алдыңыз”, – деп сұрағаным бар.Әубәкір шал мінезі ақ көңіл, ренжуді білмейтін ашық мінезді адам болатын. Ол кісі отырып майданда орденге байланысты бастан өткен әңгімесін бастады. Соғыс басталғанда ол кісінің жасы елуге таяп қалған екен. 1942 жылы өзінің балаларындай жас жігіттермен бірге майданға алынады. Сталинград шайқасына тап болады. Жасының егделігіне байланысты госпитальға санитарлық жұмысқа жіберіледі. Күндіз жаралы солдаттарға көмек көрсетеді, су тасиды, от жағады, түнде қарауылда күзетте тұрады. Атамыз титықтап, әбден азап көреді. Сөйтіп жүргенде бір күні штабтан командир келіп, бүкіл ротаны сапқа тұрғызады. Ол жау тылына барып, «тіл» әкелуге барлаушылар керек екендігін айтады. Оған дейін бірнеше барлау тобы аттанып, қайта оралмаған. «Маған еріктілер қажет. Кім барам десе бір адым алға шықсын», – дейді. Сапта үнсіз тыныштық орнайды. Еш адам алға шыға қоймайды. Енді офицер елді үгіттей бастайды. Әлден уақытта бір ұзын бойлы орыс жігіті: «Мен барамын», – деді. Осы кезде мен де алға шықтым. Офицер қуанып, алдыма келді. Бірақ шал екенімді көріп, басын шайқады: «Жоқ болмайды, сен мосқалсың. Маған жас жігіт керек», – деді. Мен болмай, соңынан қалмай қойдым, госпитальға қайтып барғым келмеді. Товарищ лейтенат: «Меня возьми», – деп соңынан қалмадым. Ол «жоқ» деумен болды. Бір кезде ұзын орыс: «давай возьмем, пуля в лоб получить, успокоится», деді. Сонымен, мені барлауға алды. Содан біздерді майдан шебінде саперлар күтіп алып сымдарды қиып шығарып салды. Жау бетіне өткеннен кейін үш шақырымдай жерде қарайған үйлерге тап болдық. Түн ортасы ауған шақ. Ара-тұра немістердің ракеталары жарқ етіп атылады. Сондай бір шақта жылтыраған от көрінді. Жақындап келіп қарасам, шылым шегіп күзетте жүрген неміс қарауылы екен. Осы кезде ұзын орыс : «Давай, вперед вали его!», – деді. Оңтайлы сәтте ілгері барып, сарайдың артына тығылып қарасам, неміс өте ірі екен. Ол теріс айналып жүре бергенде жүгіріп барып, арт жағынан құшақтап алдым да жамбасқа салып, жерге бір-ақ соқтым. Немістің қорыққаннан дыбысы шықпай қалды. Кеудесіне мініп алып, тамағынан қыстым. Сол кезде жолдасым жүгіріп жетіп, немістің аузына шүберек тығып, екі қолын артына қайырып байлады. Екеулеп немісті сүйрелеп жүгіріп келеміз. Әбден қара тер болдық. Майдан шебіне жеткен кезде артымыздан оқ атыла бастады. Мен тосқауылда оқ атып қалып қойдым да, жолдасым немісті көтере шептен өтіп үлгерді. Бір кезде біздің жақтан немістерге қарай оқ жауа бастады. Осыны пай­даланып, мен де өзіміздің окопқа жеттім. «Міне, мынау ор­ден немістен «тіл» әкелгенім үшін берілген марапат еді», – деп Әубәкір шал көкшіл көзі күлімдеп, бір масаттанып қалатын. Әрине бұл мақтауға да, мақтануға да тұ­ра­тын ерлік болатын. Құрбы кем­пірлер: «Біздің арыстай азаматтарымыз опат болғанда, мына Әубәкір тірі келіп, өзінен отыз жас келіншек алып құтырды ғой», – деп әзілдесетін.

Менің әкемнің құрдасы Ысқақ Исмаилов деген кісі соғыста мерген болған екен. 1942 жылы майданда тоғыз немістің көзін жойып, оныншы қылып жаудың үйретілген итін атқан. Ол минамен танкты жаратын ит болып шығыпты. Осы үшін соғыс қызып тұрған шақта Ысқақты он күнге елге демалысқа жіберіпті. «Маған орден алғаннан да, туған ауылыма келіп, туған-туысқанды бір көр­генім үлкен сыйлық болды», – деп айтып отыратын.

Есләм Әубәкіров ағай соғысқа 1942 жылы алынып, 1950 жылы армиядан босап келген екен. Ол кісінің «Қызыл Жұлдыз» және «Даңқ» ордендері бар еді. Сол майдангер айтып отыратын: «Гим­нас­теркасын қақ айырып, уралап атакаға жүгіргендерді, немістің алтын сағатына қызығып, бірін-бірі атып өлтіргендерді, араққа тойып алып, солдаттарды балағаттап ұрған командирлерді көп көрдім», – деп. Бірде қатты жауын жауып тұрғанда батальон командирі жаттығу өткізіп, лай батпақтың үстімен шинелімізбен еңбектетіп қой­ғызып, бағынбағандарды атып тастаймын деп қорқытып еді. Кейін шабуыл кезінде сол коман­дирді өзіміздің солдаттар атып өлтіргенін көрдім», – дейтін.

Әкемнің немере інісі Қуандық Шәжім­баев белгілі кинорежиссер Аяған Шәжімбаевтің әкесі еді. Майданда болып, артиллерияда қызмет атқарған. «Екінші эшалонда жау позициясына алыс қашыққа ататын зеңбіректерден оқ жаудырады екен. Екі жақтан бірін-бірі атқылап, қай жақ жедел қи­мыл­­даса, солар жеңіске жететін. Бір­неше рет жау снарядтарының жа­рылысынан аман қалдық. Қа­сым­дағы талай жолдастарымнан айрылдым, бірақ құдай сақтап, со­ғыстан аман келдім. Сол себепті ал­ғаш туған ұлымның есімін Құ­дайберген қойдым. Америкалық қару-жарақтармен де соғыстық, тіпті олардың консервілерінен де жиі тамақтанатынбыз».

Өз әкем Науан Мәженов, өзімен тете өскен құрдастары Арыстанбаб, Қасен, Көкім, Құрманғали деген жігіттермен бірге1939 жы­лы армия қатарына алынған. Кө­кім қаза тауып, Құрманғали тұт­қынға түсті. Әкем соғыста атақ­ты Мәскеу,Сталинград, Курск май­дандарда болып, байланыс қызметінде жүрген. Окопта, кейде блиндажда телефон байланысын қадағалап отырады екен. Атыс кезінде байланыс үзілсе, жүгіріп барып жалғайтын болған. Алдыңғы шепте бақылаушы болып, жаудың танк, зеңбірек, пулемет ұяларын артиллеристерге хабарлап отырған. Майданда әкем төрт рет жараланыпты. Соғысты Берлинде жеңіспен аяқтап, 1946 жылы елге аман оралыпты. «Даңқ», «Қызыл жұлдыз» секілді көптеген әскери марапаттары бар болатын. Денсаулығы нашарлап, 1968 жылы қайтыс болды. Ал әкейдің құрдасы Құрманғали Жәменов 1942 жылы майданда немістермен болған ұрыста тұтқынға түседі. Одан аман шығып, елге оралады. 1948 жылы жазықсыз айыпталып, неміс тұтқынында болғаны үшін 25 жылға сотталады. Сол кеткеннен қайтып оралмайды. Ең өкініштісі, неміс лагерінде азап көріп, аман шыққан адам еліне келгенде опасыз деп айыпталып, жазықсыз құрбан болуы еш ақылға сыймайды. Артында қалған Айбол деген ұлы ер жетіп азамат болды. Осының бәрі: «Не үшін?», «Кім үшін?» деген сұрақты туындатады.

Әкемнің немере ағасы Зейнолла Әділ­беков атты үлкен кісі болды. Момын, жуас адам болатын. Ол кісінің ашуланып, не ренжіп, не біреуге ғайбат сөз айтқанын, көрген де, естіген де емеспіз. Сол ақсақал Сталинградтан Чехословакияға дейін барған. «Соғыста ылғи жаяу жүрдім, жан жолдасым винтовка болды. Орысша білмеймін, әйтеуір ішімнен ата баба аруақтарына сыйынып, іштей аятымды оқып отыратынмын. Соның арқасы болар, аман қалдым», – дейтін. Сол қолынан жараланып, елге оралыпты. Ауылға келгеннен кейін шешесі әмеңгерлік заңы бойынша майданда қаза болған ағасының әйеліне қосыпты. Атамыз сол жеңгесімен өте тату, бақытты өмір сүрді.

Тағы бір ерекше тағдыр иесі Жәмбетәлі Шыңжанов туралы айтайын. Ол ағай 1941 жылы Еңбек орта мектебін алтын медальға бітіреді. Ізінше армияға алынып, әскери училищеге жіберіледі. Кіші лейтенант шенінде шайқасқа кірген ол подполковник шенінде соғысты аяқтайды. Кеудесі толған орден, медаль. Бір күні Берлинде тұрған олардың бөлімін Қиыр Шығыстағы жапон армиясын талқандауға жібе­реді. Ондағы шайқас бітіп, полк командирінің орынбасары қызметін абыроймен атқарып жатады. Өзі көркем, өзі ақылды жігіт­ке әскери госпитальдың бастығы, өзімен бірге штабта жұмыс істейтін орыс әйелінің назары ауып, екеуі көңіл қосады. Соғыс бітіп, енді бейбіт өмірді бастау керек деп олар болашаққа жоспар құра бастайды. Осы арада екеуінің арасында үлкен дау туады. Дәрігер әйел Жәмбетәліні әкесі үлкен қызмет істейтін Мәскеуге баруға үгіттейді. Ал, біздің ағай жалғыз шешесі қалған Қазақстанға баруды жөн санайды. Жәмбетәлінің туған еліне назары ауғандығына әбден көзі жеткен әлгі госпиталь бастығы дәрігер әйел сүйіктісіне у беріп өлтіреді. Сөйтіп, ағамыз соғыс құрбаны емес, махаббат құрбанына айналады. Қандай орны толмас өкініш!

Әрине, барлық ауылдас май­дан­герлердің жүріп өткен соғыс жолын, ерлік істерін, сан қилы тағдырларын бір мақала көлеміне сыйғызу мүмкін емес. Есімдері ұмыт болған боздақтар, ұрпақтары қалмаған адамдар қаншама. Біздің 40 шаңырақтан тұратын кішкене ғана Қаратал ауылында 27 жігіт майдан даласында мерт болып, сүйектері Еуропаның даласында қалды. 40 үйлі ауыл үшін бұл аз ба, көп пе, өздеріңіз шамалай беріңіз. Тек менің ауылым емес, барлық қазақ ауылының басындағы жағдай осындай. Мысалы, Мәдениет деген көрші ауыл менің бала кезімде 25 үйден тұратын елді мекен еді. Ондағы соғыс құрбандары 37 адам, ал Тауағаш ауылында 67 адам, сондай-ақ Сарман, Бірлік, Аманкелді ауылдарында да осы шамалас. Осылардың барлығы жеңіс үшін болды ғой. Жеңіс килограмдап немесе метрлеп өлшейтін зат емес. Ол халықтың жадындағы рухани құндылық. Айтайын дегенім, қазақ халқы Ұлы Отан со­ғы­сында орасан зор құрбандыққа та­п болғандығы айдан анық. Қаза бол­ған боздақтардың барлығы да жас жігіттер еді. Қанша бала жетім қалды, қанша әйел бағы жанбай жесір атанды, қанша жігіт шаңырақ қызығын көрмей опат болды.

Енді бірер сөз Жеңіс күнін той­лау жөнінде. 1980 жылдың көктемі. Демалыс болғандықтан туған ауылым Қараталға бардым. Көшеде жұрттың бәрі көңілді, ауа райы да шуағын төгіп тұр. Көшеде келе жатсам, дүкен алдында құлап жатқан бір қарияға көзім түсті. Жақындап барып қарасам, кеудесінде ордені жарқыраған Әубәкір шал, мас екен… Көңілім құлазып сала берді. Ол кісіні орнынан тұрғызып, үйіне апардым. Шал мені көріп: «Ә, Науанның баласы, қарағым, рахмет», – деп жатыр. Қария жол бойы жағдайын айтып, ақтала бастады: «Бүгін жеңіс күні болған соң, біздерді ардагер ретінде совхоз орталығы Көбешке апарды. Директор, парторог, сельсовет рабочком тағы басқалары тост айтып, өздері келіп соғыстырып, алып қой дегесін ауыз тиіп едім. Одан кейін ауылдың жастары сыйлады. Көңілдерін жықпадым, содан осылай болдым».

Бір кезде Әубәкір шал үйіне жеткенде жылап қоя берді: «Науан өзі ерте өлсе де бақытты ғой, артында сен сияқты ұлы бар. Ал менің кімім бар? Ұрпақсыз қал­дым. Жалғыз ұл арақтан өлді, жалғыз қыз баладан қайтты. Енді мен кімге керекпін?! Ішпегенде қайтейін, ішім толған күйік қой», – деп көпке дейін өксігін баса алмады. Мен де шамам келгенше жұбатып жатырмын. Не айтайын? Кеңес заманында Жеңіс күнін тойлаудың сыйқы осындай болатын. Өресі төмен жергілікті басшылар қаусаған соғыс ардагеріне зорлап арақ ішкізгенді өзінше бір құрмет ретінде көретіндер болды ғой. Ол заман да кетпеске кетті. Менің ойымша, бұрынғы кезде Ұлы Отан соғысы құрбандарына арнап кеңестік заманда салынған ескерткіштердің көпшілігінің тозығы жеткен, әбден ескірген. Ол кезде әйтеуір бір ескеткіш қа­жет деген оймен көпшілігі шы­нын айту керек, жоқтан бар етіп жасалынған ескерткіштер-тін. Материалдық жағынан болсын, көркемдік мәдени жағынан болсын әбден тозығы жеткен. Жыл өткен сайын ескіріп барады. Кеңес үкіметі құлап келмеске кеткелі де ширек ғасырдай уақыт өтті. Бір сөзбен айтқанда ертеде тұрғызылған ескерткіштердің көпшілігі – тозығы жетіп қаусап тұрған белгілер. Соғыс тауқыметін көрмей өскен қазіргі жас ұрпақ өсіп жетілді. Көпшілігі аталарының кім болғанын білмейді, кейбірінің тіпті соғыс туралы хабары жоқ. Оған көптеген себептер бар болар, бірақ ата-бабалар аруағы алдындағы перзенттік парызымызды ұмытуға бола ма? Айтайын дегенім, ауылдағы, барлық қазақ ауылдарындағы мемориалдық ескерткіштерді жаңалау қажет. Ескерткіш тақтада соғыста қаза тап­қан боздақтармен қатар, бар­лық Ұлы Отан соғысына қа­тыс­­қан жауынгерлердің, тыл арда­гер­лерінің есімдері қатар жазылып тұруы қажет. Тек сонда ғана та­рихи санамыз тазарып, өткенді ұмыт­паймыз деп санаймын. «Өлі разы болмай, тірі болмайды» деген аталы сөз және бар емес пе?

Боранбай Мәженов,

№38 мектеп-лицей мұғалімі, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі

Астана

Пікір жазу

Сіздің электрондық пошта мекен-жайыңыз жарияланбайды. *

*